Саба? жоспары Биотикалы? оптимум. Организмдерді? тіршілік ортасына бейімделуі (9 сынып)
Сабақтың тақырыбы: Биотикалық оптимум. Организмдердің тіршілік ортасына бейімделуі
Сабақтың мақсаты:
а) білімділік: Экологиялық факторлар туралы жалпы мағлұмат бере отырып, білімдерін тереңдету.
б) дамытушылық: оқушылардың ақыл – ой таным қызығушылығын арттыру, өз ойларын ашық айта білуге жеке топта, жұпта жұмыс істей білуге дағдыландыру;
в) тәрбиелік: оқушылардың бойына адамзатқа қажетті құндылық қасиеттерді қалыптастыру, адамгершілікке, имандылыққа сабырлы да ізденімпаз болуға тәрбиелеу.
Сабақтың типі: жаңа білімді меңгерту.
Сабақтың түрі: дәстүрлі
Сабақтың көрнекілігі: слайд, оқулық
Сабақтың барысы:
І. Ұйымдастыру бөлімі. Амандасу. Сабаққа әзірлеу. Түгелдеу.
ІІ.Үй тапсырмасын сұрау (сұрақтар қою арқылы сұрау)
1. Экология ғылымы нені зерттейді?
2. Экологиялық факторлар дегеніміз не?
3. Абиотикалық факторлардың рөлі қандай?
4. Биотикалық факторларға не жатады?
ІІІ.Жаңа сабақ
Кез келген организм үшін өзіне тән қолайлы тіршілік ету аймағы болады. Оны оптимум заңы деп атайды.
Кез келген организмнің өніп-өсуіне, көбеюіне, ұрпақтарына жалғастыруына қолайлы табиғи-тарихи қалыптасқан ортаны тіршілік ортасы дейміз. Қазіргі кезде Жер шарында негізгі төрт тіршілік ортасы бар.
1. Су тіршілік ортасы. Гидросфера ғаламшарымыздың ең үлкен көлемін алып жатыр. Су – жер шарының барлық көлемінің 71 пайызын қамтиды. Судың негізгі қорын, 98 пайызын мұхиттар мен теңіздер құрайды. Қалған 2 пайызын мәңгі мұздықтар, өзендер мен көлдердің үлесіне тиеді. Суда жануарлардың 150000, өсімдіктердің 10000 астам түрі тіршілік етеді. Су тіршілік ортасы организмдер үшін қолайлы орта болғанымен, өзіне тән ерекшеліктері болады. Оған судың тұтқырлығы, тұз концентрациясы, қысым, оттек мөлшері, су қабатының қозғалыстары мен ағыстары, айналымдар, қорек қоры, судың ащы немесе тұщылығы жатады.
Судағы барлық организмдерге тән қасиет – жүзу. Дегенмен көптеген балдырлар, кейбір организмдер бекініп тіршілік етуге бейімделген. Жүзуге немесе баяу қозғалуға байланысты гидробионттарда құрлық организмдерінде болмайтын ерекше морфологиялық өскіншелер, жүзу немесе ескек аяқтары мен жүзбеқанаттары, су жұқтырмайтын заттар т. б. қасиеттер пайда болған. Мысалы, тау өзендерінде тіршілік ететін балықтардың денесі жұмыр әрі ықшамды, ағысқа қарсы жүзуге бейімді болса, жазық жердегі көлдердегі балықтар, керісінше, ірі әрі жалпақ болып келеді. Ал мұхиттардың әр түрлі тереңдіктеріндегі организмдердің морфологиялық құрылысы, дене пішіні мен қозғалуы мүлдем басқаша болады.
2. Құрлық - ауа тіршілік ортасы. Құрлық - ауа – организмдер үшін күрделі өзгерістерге үздіксіз жүріп жататын, табиғаты сан қилы орта. Мұнда атмосфераның газдық құрамы, ылғалдылық, тығыздық, қысым факторлар жиынтығы литосфера қабатымен байланысып жатады. Жануарлар мен өсімдіктер құрлық - ауа кеңістігінде тіршілік етуге бейімделіп, оны толықтыра түседі. Тіршілік ортасына тән көптеген ерекшеліктерді ( жарықтың мол түсуі, температура ауытқуының күшті байқалуы, ауа райының маусым мен тәулік бойынша өзгеруі) байқауға болады. Сулы ортамен салыстырғанда құрлық - ауа ортадағы тіршілік маусымға, тәулік мерзіміне және географиялық орнына байланысты ауа температурасының шұғыл ауытқуында өтеді. Оттекпен тыныс алу мүшелері жетіле түсті. Жануарлар мен құстардың ұшуға бейім жаңа түрлері пайда болды.
3. Топырақ тіршілік ортасы. Жер бетінде топырақ түзілу процесі – ұзаққа созылған биогеохимиялық айналымның жемісі. Топырақтың түзілуімен байланысты жер бетін жасыл өсімдіктер әлемі басады. Одан соң топырақтың микро – және макрофаунасы қалыптасады. Өсімдіктер мен жануарлар және өлі табиғат арасындағы қоректік қарым - қатынастар топырақ түзілу процесін, оның физикалық, химиялық және механикалық құрылымын жақсарта түсті.
Мысалы, топырақтың жоғары бөлігінде өсімдіктерге қажетті азот, калий, кальций, фосфор және т. б. химиялық элементтер жинақталады. Ал топырақ ылғалы оттекті, еріген тұздар мен минералды заттарды сіңіріп, сілтілік немесе қышқылдық ортан қалыптастырады. Топырақтың құнарлы қабатын түзудегі микроорганизмдердің, өсімдік пен жануарлар өкілдерінің рөлін ерекше атаған жөн. Микроорганизмдер әр түрлі өсімдіктер мен жануарлардың қалдықтарымен заттармен байытады. Олардың ішінде топырақта көп кездесетіні - микрофлора өкілдері - саңырауқұлақтар, актиномицеттер мен бактериялар. Ал топырақ микрофаунасының өкілдері – амеба, талшықтылар мен кірпікшелі қарапайымдылар жыртқыш немесе паразит ретінде зат және энергия алмасуды жүзеге асырады.
4.Организмдердің өзі тіршілік ортасы. Өсімдіктер, жануарлар мен микроорганизмдердің көптеген өкілдері екінші бір организм есебінен тіршілік етеді. Мұндай организмдерді паразиттер деп атайды. Барлық паразиттерді эктопаразиттер (қорек үшін уақытша бір организм денесінің сыртында кездесетіндер) және эндопаразиттер (екінші бір организмнің ішкі мүшелерінде кездесетіндер) деп жіктеледі. Эктопаразиттерге – кәдімгі қан сорғыш масалар, соналар, кене, бүрге, сүліктер т. б., ал эндопаразиттерге – аскаридалар, қарапайымдылар, бактериялар, құрттар т. б. жатады. Паразиттер бір организмнің денесінде үнемі бола бермейді. Олар көбінесе қоректену немесе көбею үшін – уақытша, кейде ұзақ уақыт тіршілік етеді. Ол үшін орта қолайлы болуы тиіс. Организм екінші бір организм денесінде тіршілік етуі үшін ұзақ жылдар бойы бейімделеді. Соның нәтижесінде ондай кейбір паразиттердің бұрынғы жақсы жетілген ішкі және сыртқы мүшелерінің қызметі жойылып кетеді.
ІV. Жаңа сабақты бекіту. Тест тапсырмасы.
1. Кез келген организмнің өніп - өсіп, көбеюіне, ұрпақтарын жалғастыруына қолайлы табиғи - тарихи қалыптасқан ортаны:
А) Сулы орта в) тіршілік ортасы с) Құрлық орта
2. Морфологиялық өскіншелер, ескек аяқтары бар жануарлар қайда тіршілік етеді?
А) құрлық - ауа тіршілік орта
в) су тіршілік ортасы
с) топырақ тіршілік ортасы
3. Өкілдері екінші бір организм есебінен тіршілік етеді:
А) микрофлоралар
в) амебалар
с) паразиттер
4. Қорек үшін уақытша бір организм денесінің сыртында кездесетіндер:
А) эндопаразиттер
в) эктопаразиттер
с) паразиттер
5. Жер бетін жасыл өсімдіктер әлемі басу үшін не түзіледі?
А) топырақ
в) су
с) ауа
6. Су - Жер шарының барлық көлемін қанша пайызын қамтиды?
А) 71
в) 85
с) 90
V. Үйге тапсырма: жаңа тақырыпты оқу, түсінік айту
VI. Бағалау.