За?ды білу-заман талабы(Ашы? саба?)


Тақырыбы: Заңды білу – заман талабы.
Сабақтың мақсаты:
Білімділік: оқушыларға адам құқықтары мен бостандықтары жайлы баптардан түсінік қалыптастыру, құқықтық білімдерін толықтыру;
Дамытушылық: оқушылардың саяси саналығы мен таным белсенділігін арттыру, заңдарды талдай отырып, өз беттерімен салыстыра білуге, өмірде қолдана білуге, ойлау қабілетін дамыту;
Тәрбиелік: адамгершілік, ізгі қасиеттер мен ар – ождан бостандығына, адалдық пен мейірімділікке баулу арқылы құқықтық тәрбие беру.
Сабақтың әдісі: Жарыс сабақ.
Сабақтың көрнекілігі: Интерактивті тақта, Қазақстан Республикасының Конституциясы, «Бала құқығы»конвенциясы, заңдар жинағы, слайд.
Қанатты сөздер:
«Ата заң әркімнің бойтұмары болып, оның әрбір қағидасы мүлтіксіз орындалғанда ғана ортақ мақсатқа қол жеткіземіз». Н. Назарбаев. «Бала бол, басқа бол – бәріне заң біреу - ақ»
«Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ». Ж. Баласағұн.
Сабақтың кезеңдері:
I. Таныстыру.
II. «Кім көп біледі?»
III. Тәртіп орнат.
IV. «Сыр сандық» ойыны.
V. Заң сөздігі.
VІ. Сөз жұмбақ.
VІІ. «Менің құқығым және міндетім».
VІІІ. Тығырықтан шығар жол қайсы?
IX. Қорытынды.
I. Мұғалімнің кіріспе сөзі:
Заң дегеніміз, құқықта - кең мағынада: мемлекет белгілеген құқықтық актілер, жалпыға бірдей міндетті ережелер. Заңдар Конституциялық және Қарапайым заңдар болып бөлінеді.
Әлемде 1979 жылы Халықаралық балалар жиынын өткізу кезінде «Балалар құқығы туралы халықаралық конвенцияны» дайындау жөнінде топ құрылды. 1989 жылы 20 қарашада конвенцияны БҰҰ бірауыздан қабылдады. Конвенция - әлем балаларының құқығын қорғау туралы және оларға тәрбие беру жөніндегі 2 бөлім 54 баптан тұратын маңызды құжат. Онда: «Қатысушы мемлекеттер әрбір баланың өсіп – жетілуі қажетті тұрмыс дәрежесін қамтамасыз етеді және оның құқығын мойындайды» делінген.
Біз тәуелсіз, егеменді елміз. Өзімізге тән елтаңба, әнұран, туымыз бар. Соның маңыздыларының бірі – 1995 жылдың 30 тамызында Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы қабылданған. Конституция 98 бапты біріктіріп 9 бөлімнен тұрады. Адамның құқықтары, бостандықтары мен міндеттері осы бөлімдерде жазылған. Бүгінде Қазақстан Республикасында демократияға бағытталған құқықтық мемлекет құру идеясы жүзеге асырылып, ондағы әрбір азаматтар өз құқықтарын жете біліп, соған сай сана – сезімдерін қалыптастыруда.
Азаматтың міндеті – заң талаптарын бұзбау, екінші жағынан, өзіне жүктелген міндетін орындау. Өйткені заң дегеніміз - өмірдің нәрі. Заңның мықтылығы – атында емес, адалдығы мен әділдігінде. Заңның ең басты мақсаттарының бірі – қоғамдағы алуан мінезді адамдарды салауатты өмір салтына тәрбиелеу.
Кішкене тарихи шегініс жасайық. XV ғасырдың орта шенінде қазақ мемлекетінің негізі қаланды. Жәнібектің баласы Қасым ханның тұсында қазақ хандығы күшті мемлекетке айналды. Тарихта тұңғыш рет құқықтық ғұрыптар мен нормалар жүйеге келтірілді. Халық оны «Қасым ханның қасқа жолы» деп атады. Ол бес бөлімнен құралды. Қасым ханнан кейін қазақ қоғамының құқықтық жүйесін дамытуға айтарлықтай үлес қосқан Есім хан болды. Ол әскери міндетті атқару ережелерін күшейтті, әскери тәртібін бұзушыларға қолданылатын жазаны күшейтті. Сондықтан оларға халық «Есім ханның ескі жолы» деген ат берді. Қазақтың құқық жүйесіне үшінші және соңғы рет елеулі өзгерістер енгізген Тәуке хан болды. Бұл құқық нормалары жазба түрде сақталып, жүздеген жылдардан кейін де мінсіз күйде қағазға түсіру мүмкін болған. Бұл кодексті «Тәуке ханның жеті жарғысы» деп атаған.
Сондай - ақ, қазақ даласында Сот қызметін билер атқарған. Қазақ билері арасында бір заманда өмір сүрген және өздерінің ерекше қасиеттері мен көзге түсіп, тарих беттерінде қалған Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би. Міне, балалар өздерің байқап отырғандай құқық дегеніміз – заң рұқсат ететін адам табиғатына, жаратылысына сай әрекеттер жасау мүмкіндігі екен.
Мемлекетіміздің Ата заңының 1 – бабының 1 – тармағында «ҚР өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» деген қастерлі сөздерді кіргізген. Әрине, біз құқықтық мемлекет болған соң, әрбір адам өз құқықтарын жете біліп, жалпы заң білімі саласынан мағлұмат алғаны дұрыс. Заңды аттамай тура жолмен жүріп, еліне адал қызмет еткен азамат қана мұратына жетеді. Сондықтан заңды білу – заман талабы. Ал, құрметті қонақтар және оқушылар! Бүгінгі «Заңды білу – заман талабы» тақырыбындағы құқықтық жарыс сабағымызды бастаймыз.
Жарыс сабақтың барысы:
Бүгінгі сабағымызды оқушылардың құқықтық білімдерін бақылау мақсатында, жергілікті сот органының өкілі Құттыбаев Керемет мырза жүргізеді.
Жарыс сабаққа екі топ қатысады. Бірінші топ «Құқық», екінші топ «Азамат» деп аталады. Әділқазылар алқасы сайланады.
1. Таныстыру. (Әр топ 12 оқушыдан өз топтарын құрады. Әр топ өз атымен,өз ұранымен таныстырады, жоғарғы 5 ұпай)
Музыка ойналып, оқушылар орнынан тұрады.
«Құқық» тобының ұраны: «Құқықтық тәрбие - өзекті мәселе».
«Азамат» тобының ұраны: «Азамат атанған адам - өзі туған мемлекетінің міндеті мен құқығына ие».
ІІ. «Кім көп біледі?» тікелей сұрақтар. (Әр топқа 10 сұрақтан беріледі, әр жауап 1 ұпаймен бағаланады).
Құқық тобының сұрақтары.
1. Қоғам деген не? (Саналы адамдардың бір мүддені, бір мақсатты орындау үшін саналы түрде бірігуі)
2. Құқық деген не? (Мемлекет шығарған немесе бекіткен тәртіп ережелерінің жиынтығы)
3. Қазақстан азаматы болуды қалай түсінесіз? (Мемлекетте тұрақты түрде тұратын азамат заң бойынша Қазақстан мемлекетінің азаматы бола алады)
4. құқықтық мәдениет деген не? (Қоғамдағы әрекет етуші заң негіздерін білу оған құрметпен қарау, содан үлгі алу, бұл құқықтық сана және құқықтық мінез - құлық)
5. Декларация деген не? (Декларация – хабарлау. Мемлекеттік саясаттың, правоның, халықаралық қарым – қатынастың принциптерін саналы түрде салтанатты түрде жариялайтын документ)
6. Құқықтық норма дегеніміз не? (Қоғамдық қатынастарды реттеуде қолданатын әлеуметтік ережелердің бірі. Құқықтық нормаларға неғұрлым әдептік нормалар арқау болса, соғұрлым заңдардың әділеттік, адамгершілік мәні жоғары болады)
7. Адам құқықтарының жалпыға ортақ «Декларациясы» қашан қабылданды және қабылдану себебі? (Адам құқықтарын заң күшімен қорғау қажеттілігінен туған «Адам құқықтарының жалпыға ортақ Декларациясын» 1948 жылы 10 желтоқсанда БҰҰ - ның Бас Ассамблеясы қабылдады. Ол 30 баптан тұрады. Бұл Декларация барлық халықтар үшін орындалуға тиісті міндет ретінде жарияланды)
8. Қандай құқықтық жүйені білесіңдер?
1) Конституциялық
2) Әкімшілік
3) Азаматтық
4) Еңбек
9. Тәртіп деген не? (Әртүрлі әлеуметтік әдет - ғұрып, дәстүр және әдептік нормаларының әсерінен орнатылады)
10. Құқықтық мәдениеттің екінші түрі – құқықтық мінез - құлық деген не? (Ол қоғамдағы әлеуметтік қатынастарың құқықтық тәртіпке сәйкес болуын қамтамасыз ету, құқық нормаларын сақтау)
Азамат тобының сұрақтары:
1. ҚР Конституциясы қанша бөлімнен және қанша баптан тұрады? (9 бөлім, 98 бап)
2. ҚР – да билікті иемденіп кетуге кімнің құқығы бар? (Ешкімнің құқығы жоқ)
3. ҚР – да ресми түрде қолданатын тіл (Орыс тілі)
4. ҚР «Баланың құқықтары туралы» заң қай жылы күшіне енді? (2002 ж. 8 тамыз)
5. «Сот тәуелсіздігі» дегенді қалай түсінесің? Ол кімге бағынады? (Ол тек заңға бағынады)
6. ҚР әкімшілік құрлымы жағынан қандай мемлекет? (Унитарлы мемлекет)
7. ҚР қазіргі Конституциясы қай елдің Конституциясына ұқсас? (Францияның)
8. Азаматтық туралы шешімді кім қабылдайды? (ҚР Президенті)
9. Дүниежүзіндегі тұңғыш Конституция қай елде пайда болды? (АҚШ – та 1787 жылы)
10.Республика заңдары қай кезде күшіне енеді? (Президент қол қойғанан кейін.)
ІІІ. Тәртіп орнат. (топтар кезектесіп жауап береді, әр жауап 1 ұпаймен бағаланады).
1. Құқық А- Еліміздің негізгі заңы
2. Конституция Б- Мемлекет басшысы
3. Мемлекет В- Негізгі саяси қоғамдық ұйым
4. Азамат Г- Тәуелсіздік
5. Құқық бұзушылық Д- Азаматтық куәландыратын құжат
6. Президент Е- Заң шығарушы орган
7. Парламент Ж- Заң жүйесін бұзу
8. Егемендік З- Құқығы бар ел тұрғыны
9. Төлқұжат К- Қоғамға қауіпті іс – әрекет
10. Қылмыс Л- Заңдар жүйесі
IV. «Сыр сандық» ойыны. (әр топ сыр сандықтағы сұрақтарға жауап береді)
30 40 50
30 40 50
30 40 50
1 – қатар: 30
1. Азаматтық куәландыратын құжат (Куәлік, төлқұжат)
1 – қатар: 40
2. Жасөспірім қылмыстық жауапқа қанша жастан бастап тартылады? (16 жастан, өте ауыр қылмыс істеген жағдайда 14 жастан)
3 – қатар: 50
3. Әрбір азаматтың Отан алдындағы қасиетті парызы және міндеті не? (Отан қорғау, әскери борышты өтеу)
2 – қатар: 30
4. Республикада заң қай кезден бастап күшіне енеді? (Президент қол қойғаннан кейін)
2 – қатар: 40
5. Соттар үкім шығарғанда кімге бағынады? (Заңға)
2 – қатар: 50
6. Қазақ халқының сот жүйесін кімдер басқарған? (Билер)
3 – қатар: 30
7. Әрбір адамның құқықтары мен бостандықтары қай орган арқылы қорғалады? (Сот)
3 – қатар: 40
8. Ата заң не үшін қызмет етеді? (Әр адам құқығын қорғауға)
3 – қатар: 50
9. ҚР қабылдаған қандай заңдарды білесің (Еңбек заңы, нормативтік – құқықтық акт, бала құқығы туралы заң. т.б)
V. Заң сөздігі. (Термин сөздерге жауап беру, әр сұрақ 5 ұпаймен бағаланады .)
Құқық тобының сұрақтары.
1. Демократия - (халық билігі)
2. Кодекс - (талдап түсіндірілген заңдар жинағы)
3. Референдум - (жалпыхалықтық дауыс беру)
4. Азаматтық - (адам мен мемлекет арасындағы өзара
құқықтар мен міндеттерді білдіретін құқықтық
байланыс)
5. Әкімшілік жаза - (әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін
қолданылатын жауапкершілік шарасы)
Азамат тобының сұрақтары:
1. Заңнама - (мемлекетте нақты түрде қолданылып отырған
нормативтік – құқықттық актілердің жиынтығы)
2. Жаза - (қылмыстық құқықта қылмыс жасауда кінәлі
деп танылған адамға, сот үкімі арқылы тағайындалатын мемлекеттік мәжбүрлеу шарасы)
3. Декларация - (тараптар мақұлдаған жалпы ұстанымдар мен
мақсаттарды қалыптастыратын салтанатты акт)
4. Міндет - (адамдар бұлжытпай орындауға тиісті тәртіп
пен қарым-қатынасқа қойылатын талап)
5. Мораль - (адамның іс-әрекетін қайырымдылық пен зұлымдық,
әділдік пен әділетсіздік және т.б. тұрғысынан реттеп
отыратын нормалар мен ұстанымдар жүйесі)
VІ. Сөз жұмбақ. (Топтар «Құқық» және «Азамат» сөздеріне
құрастырылған сөз жұмбақты шешеді, жоғарғы ұпай 5 ұпай)
«Құқық» тобы: «Құқық» сөзін шешу.
1. Басқа бір адамның ожданы мен қадіріне тіл тигізу, масқаралау не деп аталады? (Қорлау)
2. Біреудің меншігіндегі мүлкін жасырын жолмен алу не деп аталады? (Ұрлық)
3. Заң жүзінде танылған, қоғамға қауіпті іс – әрекет не деп аталады? (Қылмыс)
4. Адам құқығы қай кезден пайда болады? (Туылғаннан)
5. Конституция сөзінің аудармасы (Құрылым)
«Азамат» тобы: «Азамат» сөзін шешу.
1. Адам құқығын қорғайтын заңдарды кімдер шығарады? (Парламент)
2. Ең жоғарғы құқықтық күші бар нормативтік құжат (Заң)
3. Әрбір адам басқа адамдармен тең және еркін. Адамдарға өмірдегі ең қымбат нәрсе не? (Бостандық)
4. Заң бойынша Қазақстан мемлекеттің бір мүшесі (Азамат)
5. Жасалған қылмысы үшін қылмыскердің жазаға тартылуы не деп аталады? (Жазалау)
6. Біреудің меншігін ашықтан – ашық алып кету не деп аталады? (Тонау)
VII. «Менің құқығым және міндетім» ( топтар Қазақстан Республикасының азаматтарының міндеттері мен құқықтарына тоқталады, әр жауап 1 ұпаймен бағаланады)
«Құқық» тобы
Қазақстан Республикасының азаматтарының міндеттері:
1. Заңдарға бағыну;
2. Басқа азаматтардың құқықтарын, бас бостандықтарын, арын құрметтеу;
3. Мемлекет рәміздерін құрметтеу;
4. Қаржы, салықты төлеу;
5. Тарихи және мәдени байлықтарды сақтау;
6. Табиғатты және табиғи байлықтарын қорғау;
7. Ата – аналардың балаларына қамқорлық етуі, алдындағы міндеттерін орындау;
8. Орта мектеп білімін алу;
9. Қазақстан Республикасын қорғау.
«Азамат» тобы
Қазақстан Республикасының азаматтарының құқықтары:
1. Бала өмірге келе салысымен тіркеуге алынады және өзіне есім мен азаматтық алуға құқылы;
2. Әрбір бала өз отбасында, ата-анасымен бірге өмір сүруге құқылы;
3. Отбасында әкесі мен анасы өз алдына дербес өмір сүрумен, баланы ата-анасымен ажыратуға ешкім құқықты емес;
4. Бала мектепте кінәлі болғанда да оны ешкімнің ұрып жазалауға, кемсітіп қорлауға құқығы жоқ;
5. Бала тынығуға және мәдени демалуға құқылы;
6. Әрбір баланың ой-пікір, ар-ождан және дін еркіндігіне құқығы бар;
7. Бала өзі қалаған спорт түрімен шұғылдануға құқылы;
8. Бала денсаулығын сақтауға, емделуге құқылы;
9. Бала өз ойын еркін айтуға құқылы.
VІІІ. Тығырықтан шығар жол қайсы? (Ситуациялық жағдайды шешу, жоғарғы ұпай 5 ұпай)
Жамбыл облысы, Тараз қаласы, Талас ауданы, Үшарал ауылындағы 13- қаңтардағы жаға ұстатарлық оқиғаға байланысты пікірлерін айту. Интерактивті тақтадан бейне көрініс.
1. Жан түршігерлік сұмдық оқиғаға кім кінәлі?
2. Осы жағдайда жауапкершілікке кімді тартуға болады?
ІХ. Бейне көрініс. Өмір сүру құқығынан айырылған нәрестенің жан айқайы.
X. Қорытынды. Бүгін біздің еліміз – бүкіл әлем қауымдастығы мойындап отырған Тәуелсіз, егемен мемлекет. Әр мемлекеттің өз заңы болады. Елбасы Н. Ә. Назарбаев «Ата заң әркімнің бойтұмары болып, оның әрбір қағидасы мүлтіксіз орындалғанда ғана ортақ мақсатқа жетеміз» десе, Бауыржан Момышұлы «Азамат» жолы – ар жолы» деп айтқанындай ешкімнің ала жібін аттамай, өзгенің құқығын бұзбай, жақсыны көріп тыңдап, жаманды көріп бойынды аулақ ұстап, Тәуелсіз елдің арқа сүйер айбынды, салмақты, сабырлы, өз құқығын білетін елін, жерін қорғайтын азамат болып өсіңдер.
Ән: Менің елім. Орындайды: Жапсаров. А.
Екі топтың білімдері бағаланып, марапатталады.