?штілділік — жа?а заман талабы
-61595-13017500ҮШТІЛДІЛІК – ЖАҢА ЗАМАН СҰРАНЫСЫ
Сариева Гульайм Елбасыевна
Қ.Аманжолов атындағы жалпы орта мектебі, Шардара қ., ОҚО
«Бүгінгі күннің ең маңыздысы – білім ғана. Еліміздің ертеңі бүгінгі жас ұрпақтың қолында, ал жас ұрпақтың тағдыры ұстаздарының қолында».
Н.Назарбаев
Өз ойымды дәлелді түрде жеткізу үшін Елбасымыздың, көптеген лингвист ғалымдардың, қоғам қайраткерлерінің пікірлеріне, ғылыми зерттеулерге сүйене отырып, аталмыш тақырыпты жан-жақты зерттедім.
Үштілділік жөніндегі сөз Елбасымыздың “Тілдердің үштұғырлығы мәдени жобасын кезеңдеп жүзеге асыруды қолға алуды ұсынамын. Қазақстан бүкіл әлемге халқы үш тілді пайдаланатын мәдениетті ел ретінде танылуға тиіс. Бұлар - қазақ тілі - мемлекеттік тіл, орыс тілі - ұлтаралық қатынас тілі және ағылшын тілі - жаһандық экономикаға ойдағыдай кіру тілі” деген салиқалы үндеуінен бастау алған болатын. Сонымен қатар Нұрсұлтан Әбішұлы: “мектептерге ағылшын тілінен шетелдік оқытушыларды тарту қажет. Кез келген ортанқол мектептің балаларға ең жоғары деңгейде шет тілін оқып үйренуіне жағдай жасайтындай дәрежеге қол жеткізуіміз міндет” -деп етекше атап көрсеткен.
Біз үштілділікті тәуелсіз еліміз үшін стратегиялық мәні ерекше құбылыс деп бағалаймыз, сондықтан да бұл құбылысты төрттілділік пен бестілділіктен бөліп қараймыз, үштілділіктің кез келген сыңары ретінде кез келген шет тілін алуға болар еді, бірақ біз бұл жерде де қоғамның нақты сұранысы басым түскен қазақ, орыс, ағылшын тілдеріне ерекше мән берген жөн деп түсінеміз.
Бүгінгі таңда мемлекетімізде үштілділік мәселесін нақты іс түрінде жүзеге асыру керек пе? Әрине, керек. Еліміз бен жерімізге ие болатын жастар үш тілді де қатар меңгеруі тиіс. Бірақ бұл үш тілдің тұғыры бірдей деген сөз емес. Қазақстанда бір ғана тұғырлы тіл бар, ол мемлекеттік тіл – қазақ тілі. Тұғыр сөзі діңгек, қазық деген мағынада қолданылады. Бір шаңырақты көтеру үшін үш діңгек керек емес. Бір діңгекпен көтерген шаңырақтың жан-жағынан уықтар қадалып, оның беріктігін қамтамасыз етеді. Біздің алтын діңгегіміз, тұғырымыз – қазақ тілі, ал жан-жағынан өзге тілдер мемлекеттік тілді қолдап уық секілді қадалады. Бірақ кейбіріміз үштілділік үдерісі жөнінде басқаша көзқарас танытып жатамыз. Мұның себебі осы бір сөздің мағынасын түсінбеуден келіп шығады. Бірқатары осы бағытты ұстануға оң көзбен қарап, құптаса, енді бірі өз қарсылықтарын білдіруде.
Атап айтсақ, саясаттанушы Т.Әбдуәлидің: «Мемлекет басшысы жаһандану жөнінде мәселе көтергенде де өре түрегелдік. Жаһандану дегеніміз қарапайым сөзбен айтқанда жоғары деңгейге жеткен елдермен қарым-қатынасымызды нығайту. Соның бірі - тілдік коммуникация. Бұл үшін халықаралық қатынас тілі болып жүрген ағылшын тілін үйренуге жастарымызды жатпай-тұрмай баулуымыз керек. Оның қажеттілігін уақыт өткен сайын өткір сезініп келеміз» деген ойын оқытушы Т.Тәңірбергенқызы ары қарай жалғастырады: «Ағылшын тілін үйренгеннен біз мәңгүрттенбейміз. Ағылшын тілі қазақ тілін үйренуге ешқандай кедергі жасамайды. Тек соны түсіне білуіміз керек. Себебі, ағылшын тілі мемлекеттік тілмен бәсекелес емес».
Ия, расында да, ағылшын тілі қазақ жерінде өз үстемдігін жүргізе алмайды. Қазақстанда тек қазақ тілі ғана билік құра алады. Ағылшын тілі – қазақ жерінің жаңа әлемге ашар есігі. Үштілділікті үрейлі кейіпте елестететін кейбір ағаларымыз «мұны ең соңғы өлу деп те қорқатындығын» жасырмайды. Жоқ! Біз өзге тілдерден қорықпауымыз керек. Керісінше, сол тілдерді пайдалана отырып өзімізді өзгелерге таныта білуіміз қажет. Мәселен, М.Әуезовтың «Абай жолы» романы ағылшын тіліне аударылмаса Абайдай ғажап ақынымызбен қалай мақтанар едік?
«Басқаларды үйрете жүріп біз өзіміз үйренеміз» - Луций Анней Сенека айтқандай біз ағылшын тілінде сабақ өтуге қорықпауымыз керек.
Ағылшын тілін үйренгеннен біз мәңгүрттенбейміз. Ағылшын тілі - әлемдік бизнес тілі, мемлекеттік тіл – ұлт тілі. Мемлекеттік тілде сөйлеу - әрбір Қазақстан азаматының борышы. Ағылшын тілі қазақ тілін үйренуге ешқандай кедергі жасамайды. Тек соны түсіне білу керек.
Әлемдік ғаламдандырудың өткізгіші, ғаламдандыру тілі болып танылған ағылшын тілін білу - ағылшын тілді елдермен тиімді байланысқа түскен әлемдік деңгейде өз орнын ойып тұрып ала бастаған Қазақстан үшін қажеттілік. Қиындық туғызатыны - аталған үш тілді меңгерген мамандардың кездесе бермейтіні. Ендеше, аталған компоненттерден тұратын, яғни қазақ, ағылшын, орыс тілі қатысқан үштілділік сөйлермендерін дайындау кезек күттірмейтін мәселе. Мәселені түбегейлі шешу үшін Қазақстанның жоғары оқу орындарында ағылшын, қазақ тілінен маман болып шыққан қазақтілді қазақ және басқа ұлт өкілдерін үштілділікке ыңғайлап қайта дайындаудан өткізіп, оларға үштілділік маманы деген құжат табыс еткен жөн.
Әрине, әр көтерілген мәселенің оң және теріс жағы болады, әр тұлғаның өзіндік жеке пікірі болады, бірақ анау айтты, мынау айтты деген негізсіз, дәлелсіз күдіктен арылып, бой көтеріп отырған мәселенің маңыздылығының қаншалықты қажет дәрежеде екенін айқындап, нақты зерттеп алғанымыз жөн сияқты.
Білім және ғылым министрі лауазымына тағайындала сала шулы бастамалармен дауға қалған Ерлан Сағадиев tengrinews.kz сайтының интернет-конференциясына қатысып, өзекті тақырыптарды қамтыған бірқатар сұрақтарға жауап берді. Тілге қатыстысына тоқталып өтсем.
Қазақстанда үш тілде оқыту жүйесіне көшу туралы бұрыннан айтылуда. Алайда, ата-аналар мен кей смарапшылар мектептер оған әлі дайын емес деп отыр.
Бірінші үш тілділік көлемін түсініп алайық. Ешкім 1 қыркүйектен бастап мектептерде міндетті түрде үш тілді оқыту сыныптарын енгізгелі отырған жоқ. Бағдарламаға сай тек 10, 11-сыныптар ғана, 2019 жылдың қыркүйегінен бастап, тек төрт пәнді (физика, химия, биология, информатика) ағылшын тілінде оқитын болады.
Басқа сыныптарда бүгінгі базалық қағидалар сақталады. Әрине, тілдік жүктемелер артады, өйткені, балалар жоғары сыныпта үш тілде оқуға әзір болуы керек. Біз негізгі мектептерде де пәндерді үш тілде оқуға мүмкіндік береміз. Бірақ, бұл мектептердің әзірлігіне байланысты жүзеге асады. Мұғалімдерді жаппай дайындау биыл басталады.
Жалпы, осының барлығының мақсаты не?
Мақсатты Елбасы қойды – барынша дамыған 30 елдің қатарына ену керекпіз. Бұл – Израиль мен Эстонияның деңгейі. Яғни, біз жоғары технологиялы, жоғары білімді, халықаралық қызмет көрсету туралы айтып отырмыз.
Гарвард аспиранттары кезінде медициналық оқулықтарды әр тілде зерттеген, зерттеу нәтижесінде кей тілдердегі оқулықтарда адам ағзасы туралы білімнің 30 пайызы қамтылмағанын анықтаған.
Қазақстан мектептерінде оқитындар тілдік жүктемелердің астында қалып қоймай ма?
Барлығы ғылыми зерттеулерге негізделуі керек. Зерттеулер екі және үш тілде оқитын балалардың 7 жылдан соң миындағы нейрондық байланыстар санының бір тілділерге қарағанда әлденеше артық болатынын көрсеткен. Бұл қандай да бір қосымша оқытусыз болады. Бала туа сала жүктемесі көп ортаға тап болады да, жеті жылдан соң оның потенциалы бір тілді қатарластарына қарағанда арта түседі. Бала оны өзі байқамауы да мүмкін. Ми да соған сай автоматты түрде жаттығып отырады.
Осы ретте көп тілде оқытуға математиканың қолайлы екені де дәлелденіп отыр. Жалпы айтқанда, көп тілді балалар табысты болады.
Бала 12 жасқа дейін ана тілінде ғана оқуы керек деген түсінік бар ғой.
Бұл пікір зерттеуді қажет етеді. Бұны айтып жүргендер көбінесе Жапонияның тәжірибесіне сүйенеді. Бір қарағанда құлаққа да жақсы естіледі. Алайда, мұнда бірқатар жаңа проблемалар туындайды. Жапония – бірұлтты мемлекет. Ал, біз көпұлтты елміз. Балаларымыз туа сала көп тілді ортаға түседі. Бұл - бір.
Екіншіден, экономикалық әріптестік және даму ұйымының зерттеулері оқу сауаттылығы бойынша қазақ тілінде оқитын балалар орыс тілінде оқитын балалардан 1,5 жылға артта қалатынын көрсетіп отыр. Бұл ел ішіндегі көрсеткіш. Бір тілде оқытуды бекіту арқылы біз осындай артта қалуды бекітеміз. Бірінші қазақ тілінде оқыту сапасын Жапонияның деңгейіне жеткізіп алуымыз қажет. Біз осы мәселемен жүйелі түрде айналысқымыз келеді.
Үшіншіден, тұлғалық жоспар деген бар. Біз барлығымыз балаларымыз Гейтс, Цукерберг болғанын қалаймыз. Гейтс – IT-технология бойынша әлем чемпионы. Біз мәнерлеп сырғанаудан әлем чемпионы болу үшін 3 жастан бастап жаттығу керектігін білеміз. Ал, бір тілде оқытуды ұсынатындарға қатысты айтар болсақ, бізге 12 жасқа дейін бокспен айналысып, сосын мәнерлеп сырғанауға көшуді ұсынып отыр. Қазіргі жағдайда бұл қаншалықты ақылға қонымды. Оған жастар қалай қарайды?
Төртіншіден, бұл аргументтің негізін жастарға деген қорқыныш құрайды. «Қазіргі жастар байлықты жақсы көреді, теріс қылықтары бар, үлкенді сыйламайды, т.б.». бұны кезінде Сократ та айтқан. Одан бері қаншама ұрпақ өтті. Соның барлығы кейінгі ұрпақ туралы осылай айтып келді. Бәрі бекер. Біздің балаларымыз да патриот болады, олар да отанын сүйеді. Біздің міндетіміз – оларды әлемдегі ең сауатты адамдармен теңестіру.
Мектепте үш тілде білім беруді ілгерілету жөніндегі іс-шаралар: курстар, дөңгелек үстелдер, байқаулар, семинарлар өткізу жиі ұйымдастырылуы керек деп ойлаймын.
Уақытында «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» - деп Қадір ағамыз айтқандай, қазақ тілін білу-бұл өзің өмір сүріп отырған мемлекеттің халқын, тілін құрметтеу болып табылса, орыс ағылшын тілін білу арқылы заман көшіне ілесе аласың. Тіл үйрену ешуақытта артықтық етпейді. Қазақ атамның осы сөзінің жаны бар.
Тіл үйренуде есте сақтау қабілетінің жақсы жұмыс істеуі маңызды. Адам баласы 20 минут ішінде естіген ақпараттардың 30%-ын, ал жарты сағатта 50%-ын ұмытып қалады екен. Есте сақтау қабілетін жақсарту үшін қажетті жаттығулар: дене жаттығуын жасау, сөз жұмбақтар шешу, ойша санау, логикалық сұрақтарды шешу, өлеңдерді жаттау, шет тілдерін меңгеруі.
Мидың жақсы жұмыс істеуі үшін дұрыс тамақтану рационын құрудың да ролі зор. Адамның миы энергия аз құртатын болса да, энергетикалық тамақтарды көп қажет етеді. Көк шай, жүзім шырыны, жаңғақтар, мұхит балықтары, теңіз балдырлары, араның балы есте сақтау қабілетін арттырады. Сол себепті осы азық-түлікті пайдалану керек. Сонымен қатар басқа да құнарлы тамақтар мидың дұрыс жұмыс істеуіне әсер етеді.
Сөз соңын ұлт көшбасшысы, Нұрсұлтан Әбішұлының сөзімен аяқтағым келеді. «Мен 2050 жылғы қазақстандықтар – үш тілде сөйлейтін білімді, еркін адамдардың қоғамы екеніне толық сенімдімін. Олар – әлемнің азаматтары. Олар саяхаттап жүреді. Олар жаңа білім меңгеруге құштар. Олар - еңбексүйгіш. Олар - өз елінің патриоттары.» Дана халқымыз «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» - деген. Алдымызғы қойылған жаңа белес – «Қазақстан-2050» Стратегиясында көрсетілген мақсаттар, бәріміздің бірлесіп атқаратын жұмыстарымыз нәтижесінде толығымен орындалады деген сенімдемін.