8-наурыз мерекесіне арнал?ан сыныптан тыс іс шара ?зірлемесі
Ражанова Айнур Конысбаевна,
Қостанай облысы
Меңдіқара ауданы
«Меңдіқара ауданы әкімдігі білім бөлімінің
Ғаббас Жұмабаев атындағы Боровской орта мектебі» ММ
8- наурыз мерекесіне орай ұйымдастырылатын тәрбиелік шараның әзірлемесі
5-сынып
Тақырыбы: «Ана – ән, бала – оның қайырмасы»
Мақсаты: 8 наурыз - Халықаралық әйелдер күні мерекесінің салтанатын сезіндіру. Анаға деген махаббаттарын арттыру. Қыз баланы құрметтеуге, сыйлауға үйрету. Әсемдікке, эстетикалық талғамын арттыруға баулу.
Көрнекілік: «Аналар галереясы», слайд-шоуТүрі: сыныптан тыс шара
Өтілу барысы:
І. Ұйымдастыру кезеңі.
Сынып жетекшінің кіріспе сөзі.
Жоғары қырда ананың бағасы бек, Алдына басын иген данасы кеп. Далада өсіріпті қызды ардақтап, Болашақ рулы елдің анасы деп.
Қазақ халқының талантты ақын қызы Фариза Оңғарсынова жырлағандай, мына өмірде адамзат баласы бас иетін құдіретті күш иесі бар. Ол – ана! Батырды да, ақынды да, дананы да, абызды да дүниеге әкеліп, әлемнің жарығын сыйлаған осы бір мәрт жандардың төл мерекесі көктемнің еншісінде. Ендеше, бүгінгі кештің арнайы себепкерлері – ақ самайлы әжелер, абзал аналар, ұлағатты ұстаздар және біздің сыныптың қыздары,
мерекелеріңіз құтты болсын!
«Ана»деген сөздің қуаты дарияға тең. Ол сарқылмайды, ұмытылмайды, ескірмейді. Бала - ананың асыл арманы, алтын кені. Ендеше сол балаларыңыздың дайындаған шағын мерекелік сый тартуын қабыл алыңыздар. «Ана- ән, бала – оның қайырмасы» атты сынып сағатын ашық деп жариялаймын.
ІІ. Негізгі бөлім.
/Музыка әуенімен сыныпқа қолдарында гүлдері бар оқушылар кіріп, гүлдерін аналарына тарту етеді. Ортаға келіп ана туралы шумақтарын тарту етеді./
1 – оқушы:Бүгінгі көктем күнінде, Барлық адам қуанар, Аналарды мейраммен Құттықтайды балалар.
2 – оқушы:Сенен өскен балалар, Батырлар мен даналар. Құттықтаймыз мейраммен, Құрметті, жан аналар!
3-оқушы: Ана дейміз бәріміз де аңқылдап. Ана дейді жас сәби де жарқылдап. Ана деген – бәйтерегі өмірдің Ана деген – алтын қазық, алтын бақ.
4-оқушы: Ана деген асыл жандар болаттай, Ана деген мөлдір жандар бұлақтай. О, адамдар қадірлей біл ананы, Жат қылыққа ақыл ойды тонатпай.
5-оқушы: Ана десем шешек ашып жанары, Өмірімнің бастау алар жанары. Ана деген тіршілікке пана боп, Әрбір үйде жұлдыз болып жанады.
6-оқушы: Ана деген ақылшың, Анаң барда батырсың. Қасыңда кім болса да , Тек анаңа жақынсың.
7-оқушы: Ақыл құйған санама, Күннен артық, расында. Күн алыста, ал анам, Ылғи менің қасымда.
8-оқушы: Шалқып, тасып әніміз Жадырасын жанымыз, Ана, сені құттықтап, Әндетеміз бәріміз.
Хор: «Аяулы анашым»
Сынып жетекші: Әйел-Ана, Әйел-Өмір, Әйел-тіршілік өзегі. Алтын құрсағынан адамзаттың алабы жаратылған асыл ананың жүрегі үлкен, жүзі мейірімді, қолы қайырымды. Көңіл шуағына мейірім төгілген аяулы жанның өмірден алар несібе жемісі-алтын босағасы мен сүйкімді перзенті болар. «Анаңды Меккеге үш рет арқалап апарсаң да қарызыңнан құтыла алмайсың» деген ұлы ғұламалардың сөзі бар. Шынымен солай. Адамзат жүріп өткен небір ауыр жол, алмағайып заманнан ұрпағын аман-есен бүгінгі күнге жеткізген әйел-ана құдіретін жырмен өрнектеп, әнмен әлпештеп, сөзбен айтып тауысу мүмкін емес. Келесі кезекте ақын жырына құлақ түрелік.
М.Мақатаев «Анашым» оқитын: Фарида
Сынып жетекші: Әже - отбасының ғана емес, әулеттің де ұйытқысы, ағайынның бірлігін, татулығын сақтайтын сыйлы анасы, кейінгі жастардың тәрбиешісі әрі ақылгөйі. Ұлы адамдардың өзі осы әжелерден үлгі алған. Абайдың өзі кішкентай кезінен әжесі Зеренің ертегілерін тыңдап өскен. Шоқан да әжесінің өнеге сөздерінен нәр алып өскен болатын. Олай болса бүгінгі күні әжелерімізді ерекше құттықтап қоялық.
Көрініс:
Немересі: Әже деймін, әже, Сұрақ қойғым келеді сізге. Мен түсінбейтін бір жәйт бар. Түсіндірші соны бізге. Бірінші сұрағым сізге: Дүниеде не қымбат?Әжесі: Адам қымбат, қалқам.Немересі: Адамға не қымбат?Әжесі: Бала қымбат, қалқам.Немересі: Балаға не қымбат?Әжесі: Ана қымбат, қалқам.Немересі: Иә, десеңші әже! Түсінбеппін осы жайды. Тағы бір сұрағым бар сізге, Қатты мен жұмсақ жайлы.Әжесі: Сұрай ғой, қалқам.Не сұрасаң да жауап берейін.Немересі: Әже дүниеде не тәтті?Әжесі: Ананың сүті тәтті.Немересі: Дүниеде не қатты?Әжесі: Атаның жүрегі қатты. Қарағым, сауал қойдың көп маған. Бір ақыл айтайын саған Тату болса –ағайын жақын, Ақылшы болса-апайың жақын. Бауырмал болса-інің жақын, Алдыңа тартқан адал асың, Қимас жақын қарыңдасын.Немересі: Түсіндім, әже. «Дүниеде не қымбат екенін?» енді мен айтайын: Алтын ұяң - Отан қымбат, Құт берекең - атаң қымбат. Аймалайтын - анаң қымбат. Мейірімді - әжең қымбат. Асқар тауың - әкең қымбат. Бәрінен де ұят пенен ар қымбат!
9-оқушы: Әже деген көп шығар, Әжемдейі жоқ шығар. Мейірімді бұл кісі Қандай ғажап күлкісі. «Айналайын» дегені Жанға рақат береді. Көңіліңді табады Әнді қалай салады. Ертекке ол сенеді- Күнде айтып береді. Ертек қандай көп еді Таусылмай-ақ келеді.10-оқушы:Таусылмайды өлеңі Күнде айтып береді. Барған сайын қонаққа Кәмпит алып келеді. Әжем мені өйткені Өте жақсы көреді. Аналарды сүйеміз Ақылын ойға түйеміз. Әжені де ардақтап Әдеппен бас иеміз.
«Анашым, қартаймашы» ор: Жансая Назарбаева
Сынып жетекші: «Қыз өссе –елдің көркі» дейді дана халқымыз. Қашаннан қыз баланы құрметтеп, төрден лайықты орнын берген. Біздің сыныптың ұлдары қыздарға арнап құттықтауларын тарту етеді. Қабыл алығңыздар.
Тимур: Үндемейтін нәзік жан Дамирамыз
Тәртіпті де ибалы өзі нағыз
Мерекемен құттықтаймыз өзіңді
Есіміңді біз әркез ән қыламыз.
Альдияр: Аққу құстай қанат қағып самғаған, Адал жолмен арам іске бармаған. Адамдықты жаны сүйген қашаннан,
Дарина да қатарынан қалмаған.
Нұрасыл: Білімді оқу озаты сыныптағы, Талай қиын істерді құрықтады.
Ақботаның алдында талай іс тұр, Болашақта жандырар үміт отты.
Даниял: Ақ бантигін шашынан тастамайтын
Ерекше қыз ешкімге ұқсамайтын
Жансаядай бір қыз бар ортамызда
Әдепсіз болуды әсте жақтамайтын.
Рахат: Сыныптың намысын қорғап жүрер
Сабағының жайын да ойлап жүрер
Аружан сыныбымның мақтанышы
Еңбегін сыныптастар бәрі білер
Әлішер: Ерке қыз Арунамыз тағы да бар
Сыпайы, әдепті де досына адал
Көңілді боп жүреді әрқашанда
Сабақ айтса жанары жалын атар
Нұрасыл:Сақтап өскен қазақтың ата салтын
Дауысы бар ән айтса ашық-жарқын
Айшолпандай қызымыз бар ортада
Жан бар ма оныменен таласатын
Альдияр:Қолына қалам берсең көсіледі
Шешендей от ауызды есіледі
Шығарманы жазудың хас шебері
Наурызгүлді балалар деп біледі.
Даниял:Қыздарға тән әдептілік сақтайды
Босқа қарап үйінде тек жатпайды
Кітап досы Фариданың қашанда
Мәнерлеп оқып, көркемсөзді жаттайды.
Тимур: Өзі алғыр, тиянақты, жауапты
Кілең «5» ке оқиды өзі сабақты
Кітап, дәптер, күнделігі тап-таза
Біздің Мерей ең үлгілі, талапты
Ұлдардың орындауында: «Қыздар-ай» әні
Сынып жетекші: Тіршілікке нәр берген ана сүті қандай құдіретті. Әлемдегі жақсылық көзі, адамдық қасиет, ақ тілек мейірбандықтың бәрі ана деген сөзбен астасып жатыр. Сіздердің балаларыңыз өздеріңіз туралы ойларын қағаз бетіне де түсірген болатын. Ең үздік деп танылған эссені назарларыңызға ұсынамыз.
Эссе «ана, сіз ерекше жаратылыссыз!» Жұмыс авторы: Серікбай Наурызгүл
Флэшмоб ор. Қыздардың би тобы
ІІІ. Қорытынды бөлім.
Сынып жетекші: Ана- баланың ең бірінші ұстазы. Баланың оң-солын тануына бағыт беріп, дұрыс жолға сілтейді. Бүгінгі мереке қарсаңында бала тәрбиесінде мектеппен тығыз байланыс жасап жүретін, тәрбиелі, үлгілі бала тәрбиелеп жүргені үшін аналарды марапаттап қояйық.
«Ең үздік қамқоршы» аталымымен аналарды марапаттау рәсімі.
Хор: «Әрқашан күн сөнбесін»
Сынып жетекші: Ардақты, аналар.Осымен мерекелік шарамыз аяқталды. «Ана мен баланың айырмасы, ана-ән, бала – оның қайырмасы» деп кешімізді тәмамдаймыз. Тағы да мерекелеріңіз құтты болсын!