Методическая статья ?з мектебімді ?згеріс енгізу


Өз мектебімде өзгеріс енгізу үшін маған не істеу керек?
Алдымен өзіңді-өзің үйрет,сонда ғана басқаларды үйрете аласың В.Гете.

Қазақстан Республикасы «Білім туралы» Заңының 8-бабында «Білім беру жүйесінің басты міндеттерінің бірі – оқытудың жаңа технологияларын енгізу, білім беруді ақпараттандыру, халықаралық, ғаламдық коммуникациялық желілерге шығу» деп атап көрсеткен
Еліміздің болашағы бүгінгі күні өзіміз тәрбиелеп отырған жас ұрпақ десек, оларды мынау жаhандану,өркениеттің қарыштап дамып жатқан уақытында заман көшінен қалып қойматын,өзге елдермен тереземізді теңейтін білімді, жан-жақты дамыған тұлға қалыптастыру.Осындай биік талапты білім ордасы –мектепке,ал Ы.Алтынсарин айтқанындай мектептің жүрегі- мұғалімнің міндетіне келіп тіреліп отыр.Бүгінгі мұғалімнің басты міндеті-өз ұлтының тарихын,мәдениетін,тілін,дәстүрлерін құрметтейтін,және оны жалпы азаматтық деңгейдегі рухани құндылықтарға ұштастыра алатын тұлға тәрбиелеу.Мемлекетімізде ұлттық идеология әлсіреген,алдымен экономиканы бірінші орынға қоймай,сол экономиканы көтеретін білімді ,өз мүддесінен елінің мүддесін жоғары орынға қоятын патриоттарды тәрбиелеуіміз керек.Білім беруде өзгенің озық тәжірибелерін көшіріп ала салмай өз еліміздің менталитетіне сай келетіндей саралап,талдап барып енгізуіміз кажет.
Білім беру жүйесі дегеніміз— сабақтастығы бар білім беру бағдарламалары мен әр түрлі деңгей мен бағыттағы мемлекеттік білім беру стандарттары жүйесінің, оларды әртүрлі ұйымдастыру құқықтық формадағы, білім беру мекемелерінде іске асырушы тармақтардың, сонымен бірге білім беруді басқару органдары жүйесінің жиынтығы болып табылады. Орыс педагогі К.Д.Ушинский айтқандай, қазіргі заман талабына сай, әр мұғалім, өз білімін жетілдіріп, ескі бірсарынды сабақтардан гөрі, жаңа талапқа сай инновациялық технологияларды өз сабақтарында күнделікті пайдаланса, сабақ тартымды да, тиімді болары сөзсіз. Бұл жөнінде: «Болашақта өркениетті дамыған елдердің қатарына ену үшін заман талабына сай білім қажет. Қазақстанды дамыған 50 елдің қатарына жеткізетін, терезесін тең ететін – білім». Сондықтан, қазіргі даму кезеңі білім беру жүйесінің алдында оқыту үрдісінің технологияландыру мәселесін қойып отыр. Оқытудың әртүрлі технологиялары сарапталып, жаңашыл педагогтардың іс – тәжірибесі зерттеліп, мектеп өміріне енуде.
XXI ғасыр мектебі жедел өзгеріп жатқан заманға бейімделуге мүмкіндік беретін түбегейлі өзгерістер енгізуді, өз кәсіби шығармашылығымызды шыңдауды талап етеді. Ойы жүйрік, ақылы жетік, бәсекеге қабілетті, өзгерістерге бейім жеке тұлғаны тек қана жаңа тұрпатты педагог қалыптастырады.
-38103351530Директормен сұхбат
Директормен сұхбат
-381087503000Мұғалімдерден,оқушылардан,ата-аналардан алынған сауалнама бойынша мектептің қазіргі жағдайы туралы жинақтаған деректерімнің қорытындысын саралау үшін мектеп директорымен әңгімелестім 1-сурет.
Анықталған мәселелер бойынша орындалатын іс-әрекеттерді мектептің даму жоспарына толықтыру ретінде енгізу жолдарын қарастырдым.
Біздің мектебімізде жұмыс біршама жақсы жолға қойылған,дегенмен мұғалімдердің кәсіби деңгейін көтеру,оқушыларға сапалы білім беру жолдарын жетілдіру,атап айтқанда топтық,жұптық жұмыстарды сабақтарымызға тиімді енгізу,ата-аналар мен сынып жетекшілерінің, мұғалімдердің арасындағы қарым-қатынасты нығайта отырып дамытып, дұрыс жолға қою керек.Сондай-ақ мектептің әлеуетін көтеру үшін тәрбие жұмысына,психологтың,әлеуметтік педагогтың да жұмыстарына тереңірек көңіл қою қажеттігі туындайды.Мектептегі ғылыми жұмыстармен айналысатын оқу ісінің меңгерушісі оқушылар мен ұстаздардың зерттеушілік жұмыстарын жандандыру керек. Инновациялық білімді дамыту дегеніміздің өзі- өзгеріс енгізу, жаңа педагогикалық идеялар мен жаңалықтарды өмірге әкелу емес пе? Бұрынғы оқушы тек тыңдаушы, орындаушы болса, ал қазіргі оқушы – өздігінен білім іздейтін жеке тұлға екендігіне ерекше мән беруіміз керек.
Қазіргі кезде мектептің рейтингісі көбіне тек ҰБТ- арқылы өлшенетіндіктен бар күшті соған дайындалуға жұмсап,соның нәтижесіне басымдық береді. Өмірде бала үшін аса қажеті болмайтын фактілермен, формулалармен оқушылардың миын қатырады. Балалар өздері жаттаған схемалардың,есептің мән-мағынасын түсінбейді.Олардың ойында тек емтиханды дұрыс тапсыру үшін аталған схемаларды қайтсе де жаттау. Түптеп келгенде мұндай білімнің қысқа уақыт ішінде ұмытылып жататынын ерекше атап кеткен жөн. Нәтижесінде мектеп қабырғасынан білімді азаматтар емес, формулаларды жаттап алған, мағынасын түсінбейтін жаттандылар шығады. Сондықтан мен қазіргі кезде сабақ беру жүйесін заманауи әдіспен жүргізу керек дей отырып,  мына төмендегі пікірімді ұсынар едім:
Біріншіден,мектепте ұстаздар біріге ,ынтымақтаса жұмыс істеп,зерттеушілік қызметті дамыта отырып өз білім беру ордасын зерттеуші мектепке айналды рулары қажет.Ол үшін мұғалімдер сұрақ қойып, ал оқушылар тек сол сұраққа жауап беруге ақпарат іздеп, интернет беттерінен реферат көшіріп қана қоймай, өздерінің ой-қорытындыларын көрсететіндей болулары керек. Яғни, үйреншікті үй тапсырмаларын беруден бөлек, оқушылар қысқа зерттеу жұмыстарын жасаулары, нақтырақ айтқанда, ақпарат көздерімен жеке жұмыс істеп, ақпарат жинап, оны талдап, жинаған материалына өз бағасын бере алатындай болулары керек, сондай-ақ, зерттеу жұмысының қорытындысын жасап және мұғалімдермен бірге байланыста әрекет жасаулары қажет. Нәтижесінде мектеп осындай әдіс-тәсілдер арқылы оқушыларды өздігінен ойлауға,ой қорытып түйіндеуге үйретеді.
Екіншіден,қазіргі оқушылар әдеби кітаптарды көп оқи бермейді,. сондықтан да өз ойларын тілмен еркін жеткізе алмайды. Сол себепті оларды мектеп бағдарламасымен шектеліп қалмас үшін әдеби кітап оқуға үйрету керек. Танымдық,тәрбиелік мәні бар кітаптарды сабақтан бос уақытта оқуды тапсырып сосын оны сынып сағаттарында талқыласа, басқа да оқыған кітаптары үшін оқушыны құрбыларының ортасында мадақтап, көтермелесе оқушылардың бойында өте бір керемет қасиет-кітапқа деген қызығушылық туар еді деп ойлаймын.Сондай-ақ қазіргі қоғамның талаптарының бірі ретінде презентациялар жасап, жиі көпшілік алдында сөз сөйлеулері қажет. Сонымен қатар презентациялар PowerPoint программасымен шектеліп қана қоймай, аудитория алдына шығып қандайда бір проекті толықтай қорғап дағдылануы қажет. Бұл оқушылардың коммуникативті болуларын және өздеріне сенімділіктерін арттыруға үлкен үлес қосады және болашақтағы кәсіптеріне де көп көмегі тиері сөзсіз. Тағы бір айтарым ұстаздардың кәсіби деңгейін көтеру мақсатында « мұғалім мұғаліммнен үйренеді» ұстанымына көбірек ден қою қажет.Олар бір-бірінің сабағына еніп,жетістіктері мен кемшіліктерін талдап,өз тәжірибелеріне әріптесінің іс-тәжірибесіндегі озық жағын алып отыру керек.Әр бес жылда бір рет білім жетілдіру курстарына бару арқылы мәселені шешуге болмайды деп ойлаймын ,себебі бес жыл бұрынғы жетілдірген білімі қазіргі күні ескіріп ,қолданыстан шығып қалуы да мүмкін.Сондықтан білім жетілдіру курстарына барып келген әріптестерінен үйрену үшін семинарлар өткізіліп ,сабақтарына еніп,пікір алмасып отырулары қажет.Бұл жұмыстарда кездесетін кедергілер : әкімшілік тарапынан мұғалімдердің бір-бірінің сабақтарына кіруге мүмкін болатындай сабақ кестелерін құру, білім жетілдіру семинарларын өткізу үшін белгілі бір уақытты белгілемеуі.Жыл басынан осындай жұмыстарды жоспарласа мұғалімдер де уақытын тиімді пайдаланған болар еді.Бір бірлестіктегі ұстаздар біріге отырып сабақ жоспарларын тиімді құруды талқыласа,өткізген сабақтарын видеоға түсіріп,оны қайта көру барысында кемшіліктерін анықтап ,жоспарларын жетілдіріп отырса сабақтарының да сапасы артып және оқушылар үшін де сабақ қызықты өтер еді.
Ал оқушыларға тоқталатын болсам ,олардың талап –тілектерін орындау үшін тағы да мұғалімдерге оралып олардың балаға білім беру барысында іс-әрекеттерін жетілдіру қажет деп айтар едім. Білім берудегі қазіргі жаңа талаптарды деңгейлік бағдарлама бойынша білім жетілдірген ұстаздардың игерген жаңа әдіс –тәсілдерін мектептің өзге мұғалімдеріне коучинг,тәлімгерлік жолдар арқылы тәжірибесіне енгізу арқылы шешуге болады деп ойлар едім.Мұғалімдер балаларға материалды дайын күйінде емес,өздерінің білім алудағы белсенділіктерін арттыру мақсатында топтық жұмыстарды көбірек пайдаланса,өздеріне ойландырып ,түйінді өздеріне шешкізуге әкелетіндей жағдайға жеткізуі керек.Оқушылардың пәнге деген қызығушылығын арттыру мақсатында үйірмелер, конференциялар,пікірталас, дебат сабақтарын жиі өткізіп тұру тиіс.Үлгірімі төмен оқушылармен педагог-психологтар үлгірмеу себептерін анықтау үшін зерттеу жүргізу керек.Қазіргі жаңа оқыту технологиясының негізгі мақсатының бірі – оқушыны өз бетінше ізденуге үйрету, олардың танымдық және шығармашылық икемділігін дамыту.Оқу үрдісінде оқыту жүйесінің бір ерекшеліктері «жаман» деп бөлмей, барлық баланың дамуы үшін қолайлы жағдай туғызуды мақсат тұтуы. Нашар оқушының өз шамасы келгенше, қабілеті жеткен жерге дейін еңбек етуі ойластырылған. Оған мұғалім тарапынан көрсетілген сабырлылық, шыдамдылық осы оқушыдан үміт болады-ау деген сенім болуы керек. Яғни мұғалім мен оқушы арасындағы қарым-қатынас ынтымақтастыққа, сыйластыққа, өз ойын қорықпай, сеніммен айта алатындай ахуал туғызу. Қазір қоғамымыз әлеуметтік-рухани дағдарысты басынан кешіріп отыр. Қазақстан 1989 жылы БҰҰ қабылдаған «Бала құқығы туралы конвенцияны» мақұлдады. Конвенция мазмұны негізгі төрт талапты алға мақсат етіп қояды: 1. баланың өмір сүру құқығы,2. баланы қорғау, 3.дамуына жағдай жасау,4. қоғамдық өмірге белсене араласу құқын құрметтеу. Негізгі басымдық баланы қайсы бір себептері болмасын кемсітпеу. Конвенция әлеуметтік қорғалмаған балалар тобына, жетімдерге, мүгедектерге, құқық бұзушыларға ерекше көңіл бөледі.Міне осы жұмысты мектеп психологы ,тәрбие ісінің меңгерушілері,мектеп тәлімгерлері, сынып жетекшілері,әлеуметтік педагогтар ,пән мұғалімдері бірігіп жүргізу керек.Тәрбие ісімен айналысатын меңгерушілер ,мектеп тәлімгерлері, сынып жетекшілері оқушылардың сабақтан тыс өмірімен мүмкіндігінше көбірек таныс болу керек .Баланың бос кезін тиімді ұйымдастыру,көшеде бос жүруге жол бермес үшін, сабақтан тыс іс-шаралар мен ұйымдасқан түрдегі жұмыстарды атқару қажет. Мысалы еңбек ,соғыс ардагерлеріне ,мүмкіншілігі шектеулі адамдарға көмек көрсету тек атаулы мерекелер кезінде ғана емес, үнемі,жоспарлы түрде жүргізіп тұратын болса , балалардың бойында еңбек сүйгіштік,адамгершілік, адамдарға деген қайырымдылық, жанашырлық сияқты тағы толып жатқан жақсы қасиеттерді сіңіріп өсуіне тәрбиелеуге болар еді.Біздің қазіргі ақсап жатқан тұсымыз да осы.
Сонымен қатар мектеп жұмысының жақсы жолға қойылуы үшін мектептегі әлеуметтік педагогтың да жұмысының зор үлесі бар. Әлеуметтік педагогика– ортаның, қоғамның, тәрбиеге, әлеуметтенуге әсер ету факторын зерттейтін педагогиканың бір саласы. Оның мақсаты –оқушыларға әлеуметтік көмек ұйымдастыру, баланы қоғамда тек өзгелерден көмек күтуші емес, өзіне-өзі сенімді ,проблеманы шешу үшін өздігінен жол табуына бейімдеуге, рухани жан дүниесін танып білуге,өзін қоғамның белді бір мүшесі ретінде қатарға қосу жұмыстарын ұйымдастыру болып табылады.Біздің мектепте әлеуметтік жағынан аз қорғалған балаларға , жақындарының қамқорлығындағы яғни тұл және жартылай жетімдерге,көп балалы отбасыдан шыққан оқушыларға әлеуметтік көмек көрсетіледі. Оларды оқулықпен, бір мезгіл ыстық тамақпен қамтамасыз ете отырып,төменгі сыныптың оқушыларына жаппай күніне бір мезгіл 200 грамм сүт береді.Бұл осы кезде қарқынды өсіп келе жатқан жеткіншектің сүттің құрамындағы кальцийдің әсерімен сүйектерінің дұрыс қалыптасуына, ойлау қабілетінің жақсаруына оң әсерін тигізетіні анық.»Мектепке барар жол» бағдарламасы бойынша жылда мектепке даярлық ретінде қаладағы кәсіпкерлермен келісе отырып әлеуметтік көмек қажет ететін балаларды оқу құралдарымен, мектеп киімдерімен қамтамасыз етіп отырады.Дегенмен бұл көмек балалардың жыл бойындағы қажеттіліктерін өтей алмайды емес пе? Сондықтан осы мәселенің тұрақты шешімін табу мақсатында басқа да жолдарды қарастыру керек.Мысалы мен жағдайлары тым төмен оқушыларды тұрақты жақсы табыстары бар кәсіпкерлермен келісіп, жыл бойы тұрақты қамқорлыққа алу жөнінен тіл табысуға тырысар едім.Сондай-ақ жоғарғы сыныпта оқитындарына бала құқығын қорғайтын заңнамаға сәйкес 4 сағаттық еңбек күнімен қамтамасыз етіп,табыс тауып өзін қамтамасыз етуге мүмкіндік беру.Бұл оның болашақта адал еңбекпен тапқан табыстың құндылығын түсінуіне себеп болады ,өмірлік тәжірибе жинақтауына септігін тигізеді деп ойлаймын.Себебі өмірден жастайынан көп қиыншылық көрген балалар, тағдырына наразылық білдіріп , ақысын айналадағылардан алу мақсатында теріс жолға түсіп кететіндері де табылады.
    Отбасы. Бала. Мектеп. Бұлар бір-бірінен ажырағысыз үш ұғым. Отбасы бар жерде бала бар,бала бар жерде мектеп бар.Жүсіп Баласағұн бабамыз:
« Жас кезінде білім берсең қалай да –
Өсе келе қолы жетер талайға.
Қатал ұста, бос жүрмесін сандалып,
Тәртіп болса, өсер бала сомдалып.»-деп айтқан екен.
Отбасы – адам баласының алтын діңгегі. Өйткені адам ең алғаш шыр етіп дүниеге келген сәтінен бастап, осында ер жетіп, отбасының тәрбиесін алады. Сондықтан да отбасы – адамзаттың аса қажетті, әрі қасиетті өмірлік алтын мектебі.Отбасының адамзат ұрпағына деген ықпалы мен әсер күшін өмірдегі басқа еш нәрсенің күшімен салыстыруға болмайтындай. Өйткені ата-ананың балаға деген тәрбиесінің орнын еш нәрсе толтыра алар емес.»Ел болам десең, бесігіңді түзе» – деген нақыл сөз отбасы тәрбиесінің маңызын айқындатып тұр емес пе? Отбасы мүшелерінің жас шамасы әр түрлі болса да, олардың арасында бір-бірімен рухани жақындығы, мақсат ынтымақтастығы бар.Атақты қазақ ақыны Қасым Аманжолов өзінің жарына арнаған бір өлеңінде: Отбасы – шағын мемлекет,
Мен – президент, сен – премьер - деген екен. Шынында, отбасы – ол да бір шағын мемлекет. Әр мемлекеттің өзіне тән өндірісі мен өнім бөлісі, сыртқы және ішкі саясаты, кіріс-шығыс бюджеті, қастерлеп ұстанатын рәміздері, т.б. болатыны сияқты, әр отбасы болмыс-тіршілігінің де соған ұқсас жақтары бар, оның жаратылысы да басшылық пен қосшылықты қажет етеді. Сондықтан отбасының құрылымына зор маңыз беріліп, мәнін қорғаған, отбасының ар-намысын сақтауға, сырын шашпауға, мүшелерін бір-біріне қатысты адалдыққа тәрбиелеген. «Отан-отбасынан басталады» деген сөздің мәнісі де осында.Сондықтан ата-ананың да мектеп өміріндегі маңызы зор. Қазіргі кезде ата-ананың баланың алдындағы беделі біршама төмендеп кеткен.Көпшілігі:" тамағы тоқ,көйлегі көк, жағдайын жасап қойдым ,маған не дейді"-деп баласына жасаған қамқорлығын міндет етіп,оның жан- дүниесіне үңілуді білмейді.Балаға материалдық қажеттіліктен де рухани қажеттіліктің тапшылығының қатты кері әсері бар екендігіне көңіл бөле бермейді. Бала өзіне деген немқұрайлылықты сезінген соң ,тәртіпке бағынуды да өзіне міндет деп санамайды, бұның соңы тәртіп бұзушылыққа әкелетіндігі белгілі.Ата-аналармен жүргізілетін жұмыстарда кездесетін кедергілер: ата-аналар жұмыстан босай алмадым немесе менің баламның тәртібі, сабағы жақсы не үшін баруым керек деп мектептің,сынып жетекшілерінің шақырған жиналыстарына келуге құлықсыз.Біздің мақсат: ата-ананың тек қана баласының сабағы мен тәртібіне қатысты болмауы керек, олардың мектеп өміріне белсене араласып,мектептің жақсы жетістіктерге жетуіне әсер ететіндей деңгейге жеткізу. Ең болмағанда баласының тәрбиесінде,сабақтарында қалай жетістікке жеткендігімен басқа ата-аналарға үлгі болып,өз тәжірибесімен бөліскеннің өзі үлкен көмек болар еді деп ойлаймын. Білім беруде ең озық деңгейдегі ел-Финляндияда ата-аналарға белгілі бір мерзімін белгілеп, алдын ала сұрақтар жазылған шақыру қағаздар жіберіледі.Сол сұрақтар деңгейінде ата-аналар бір-бірімен пікірлесіп ,ой бөліседі.
Қорыта келгенде мен мектебімнің жеткен жетістіктеріне сүйене отырып,болашақта мектептің даму жоспарына мынадай өзгерістер енгізер едім деп ой тұжырымдадым:1.Мұғалімдердің кәсіби шеберлігін дамыту мақсатында мектеп ішінде пән бірлестіктерінен және өзге мектептермен педагогикалық қауымдастық желісін құруды жоспарладым.Қауымдастықтан менің алатыным:
1. А.)ұстаздар желі ішінде білім жетілдіруде өзара қолдау табатындығы,педагогтардың бір-бірінің алдында өзара жауапкершілік сезімінің тәрбиеленуі;
Ә.)педагогикалық мәселелердегі икемділік пен еркіндік,табысты еңбек еткен мұғалімдерге педагогикалық дербестік және сонымен қатар педагогикалық еркіндікті қамтамасыз етуі;
Б.) инновацияны енгізуге көмектесу,бұнда жүйе арқылы педагогтардың қызметіне,оқушылар,ата-аналар мен жұртшылықты мектеп жұмысына қатысты инновацияларға демеушілік жасайды,ол жасаған жаңалықтарының енгізу нәтижелерін бақылайды.Содан соң сәтті шыққан инновацияларды жуйенің барлық мектептеріне тарату механизмдерін жасайды.
2.Оқушылардың талап –тілектерін ескере отырып, оқушының нені оқу керектігін және қалай оқуы керектігіне көңіл бөлу. Бұл мақсатты жүзеге асыруда мұғалімдер сабақтан соң оқушылардан үнемі кері байланыс алып отырулары тиіс. Оларға сабақтарда өзара пікір алысуға,ынтымақтастықта жұмыс жасауларына жағдай туғызу керек.Жанындағы өзі қатарлы балалардың арасында ойын айтып,өзгелердің пікірін тыңдап ,ой қорытуға және оны еркін айтатындай жағдайға жеткізу.
3)Мектеп пен ата-ананың арасындағы жұмысты жандандыру.Баланың тәртібіне ата-ананың толықтай жауап беруі .Отбасындағы тәрбиені өзіміздің ұлттық құндылықтарымызды негізге ала отырып тәрбиелеуді қолға алу керектігін ұсынар едім.
Сондай-ақ жоғарыда көрсетілген жұмыстарға мектеп психологы мен әлеуметтік педагогтардың да зерттеулерін тиімді түрде назарға алу керек.