«?азиз Байтасов атында?ы ?оз?алыс жас инспекторларыны? ХVІ Республикалы? слеті»
«Ғазиз Байтасов атындағы Қозғалыс жас инспекторларының ХVІ Республикалық слеті»
Нұрмақанова Әнель Железин ауданы Т.П.Праслов атындағы Прииртышск ЖОББМ 7-сынып оқушысы. Әнель жазғы демалысын ауданның, облыстың намысын ту етіп «Ғазиз Байтасов атындағы Қозғалыс жас инспекторларының ХVІ Республикалық слетіне» қатысып қайтқан болатын. Бүгін мен Әнельмен осы жайында сұхбаттасқым келіп отыр. Келешекте барлық оқушылар осылай жазғы демалысын пайдалы іске жаратсын деген ниетпен!
Әнель, біз білеміз сен жазғы демалысыңды биылғы жылы ерекеше өткіздің. Сол туралы айтып берсең бізге. Жазғы демалысың қалай басталды?
Иә, Айгерім Қалиқанқызы, мен үшін ерекше жазғы демалыс болғаны рас. Соңғы қоңыраудан соң мен де өзімнің жазғы демалысымды жоспарлап жүргенмін. Ата-анаммен Астана қаласына барамын, Павлодардың көрікті жерлеріне ағаммен қыдырамын деп. Бірақ 30 мамырда анама соғылған қоңырау, менің жоспарымды түбегейлі өзгертті. Біздің жетекшіміз, Утегенова Зәуреш Қайроллақызы «Ғазиз Байтасов атындағы Қозғалыс жас инспекторларының ХVІ Республикалық слеті» туралы сөз қозғады. Сол сайысқа Павлодар облысының намысын қорғауға қалай қарайсың дегенде, қуаныштан төбем көкке бір елі жетпеді. Облыс атынан «Бағдаршам» тобы құралып, сол топқа Железин ауданының намысын қорғауға мені таңдағанына шын жүректен қуандым.
Сен жазғы демалысыңның қанша уақытын слетке арнадың? Сол уақыт аралығында не істедіңдер?
Біз 3 маусым - 27 тамыз аралығында жарысқа дайындалып, қатыстық. Таңертеңгі тоғыздан бастап, күндіз үш-төртке дейін жұмыс жасап жүрдік. Ең алдымен біз Павлодар облысында оқушылар сарайында саптық дайындық өткіздік, Жартыай қоғамында медициналық көмек бойынша сабақтар өткіздік, автомектептерде жол ережелері туралы дәрістер алдық, қалалық мәдениет үйінде би сабақтарынан дәрістер алдық. Сол уақытта бізбен әр түрлі жетекшілер жұмыс жасады.
Біз білеміз сендер топпен Алматы қаласында болып қайттындар, сол туралы не айтасың? Жарыстың өту барысы қалай болды?
Иә, 16-26 тамыз аралығында «Бағдаршам» тобы жетекшіміз Зәуреш Қайроллақызымен Алматы қаласында болып қайттық. Өте әсерлі сайыс болды. Біз Алматы қаласында «Тау Тұран» лагерінде болдық. Лагерь өте әсем жерде орналасқан. Айналасы жасыл желек, таулы орын. Таза ауа, салқын самал. Ол лагерде Қазақстанның 14 облысынан өз облысының намысын қорғауға әр түрлі оқушылар келді. Сонымен қатар бізге шетелден де сайысқа қатысушылар болды. Ол Қырғызстан мен Ресей елінен келген оқушылар болды. Біз он күннің ішінде конкурсқа қатыстық, әр түрлі экскурсиялар жасадық. Ең қызықтысы Ұлттық музейге бірінші рет барғаным болды. Мен «Алтын адамды» көрдім, сонымен қатар ұлттық құндылықтармен, ежелгі заттармен танысып, көзіммен көрдім. Әрине, Алматының ең көрікті жері «Мега» ойын-сауық орталығында да болдық.
Ал енді ең қызықтысы Әнель айта қойшы, сендер нешінші орын алдыңдар, қандай жетістікке жеттіңдер?
Біз Республикалық сайыста Шығыс Қазақстан облысына жол беріп, екінші орынға аяқ тіредік. Біз үшін бұл табысты жеңіс болды. Слеттің жабылу салтанатында бізге ІІ дәрежелі дипломмен қатар топтың әр мүшесіне ноутбук сыйға тартылды. Бұл сайыстың ең жақсы жері мен өзіме көптеген жаңа достар таптым. Енді менде Қазақстанның әр түпкірінде дос бар.
Әнель ең алдымен мен сені, сенің тобыңды жеңістеріңмен құттықтаймын. Келесі жылы тағы да осы «Ғазиз Байтасов атындағы Қозғалыс жас инспекторларының Республикалық слеті» болады дейді, сені шақырса барасың ба? Жазғы демалысыңды осылай өткеру ұнай ма?
Әрине қуана-қуана барамын. Мен үшін мектептің, ауданның, облыстың намысын республикада қорғау бойыма күш-қуат берді. Патриоттық сезімім ерекше еселене түсті, шетелмен сайысқа түсу еліңнің намысын қорғау – бұл ерекше сезім екен. Мемлекеттік ту түстес арнайы формамем жүргеніміз, топтағы мүшелердің қазақша сөйлегені мерейіңді өсіреді екен. «Ғазиз Байтасов атындағы Қозғалыс жас инспекторларының ХVІ Республикалық слеті» менің естен кетпес демалысымның куәсі болды.
Сұхбат жүргізген
Т.П.Праслов атындағы
Прииртышск ЖОББМ
қазақ тілі пәні мұғалімі Әліпаева А.
суретте «Бағдаршам» тобы
(алдыңғы қатарда бірінші отырған Әнель)