Елдікті? мерейтойы – е?селі рухымызды к?рсетеді


Елдіктің мерейтойы – еңселі рухымызды көрсетеді
Самбулатова Гүлшат Шүкірқызы,
06.02.1976 ж
«Қостанай қаласы әкімдігінің физика-математикалық лицейі» ММ
Ұялы тел: 87757472668
16573530734000 gulshat_sambolatova@mail.ru
Биыл елімізде Қазақ хандығының 550 жылдығы тойланбақ. Бұл жөнінде былтыр Астанада өткен жиында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтқан еді. Қазақ зиялылары мен БАҚ өкілдері мемлекет басшысының аталмыш бастамасын бірден қолдап әкетті. Қазақ хандығының құрылуы туралы жиырма сериялы фильм түсіріледі деген жаңалық та көпшілігімізді қуантып тастағаны шындық. Өз кезегінде қоғамдағы пікірлерге назар салып көрейік.
Алдымен, Елбасының сөзінен бастайық: «Керей мен Жәнібек 1465 жылы алғашқы хандықты құрды, қазақтың мемлекеттілігінің тарихы сол кезден бастау алады. Бәлкім ол бүгінгі шекарасындағы, бүкіл әлемге осынша танымал әрі беделді, осы ұғымның қазіргі мағынасындағыдай мемлекет болмаған да шығар. Бірақ бұлай деп сол кезеңдегі басқа да барлық мемлекеттер туралы да айтуға болады. Ең маңыздысы, сол кезде оған негіз қаланды, біз – бабаларымыздың ұлы істерін жалғастырушылармыз».
Президент әрқайсымызға үлкен жауапкершілік жүктеп отыр. Осынау байтақ даланың иесі екенімізді тағы бір сезініп, рухымызға серпіліс жасайтын кез келді. Кейбір әріптестеріміз «Қазақ мемлекеттігінің тарихын сонау Сақ дәуірінен, Алтын орда, Ақ орда, тіпті Түркі қағанаты кезеңінен бастаған абзал. Қазақ хандығы тым берідегі тарих» дегенді айтып жүр. Олардың ойын ешкім жоққа шығармайды. Әрине, тарих қойнауындағы әрбір жылнаманы назардан тыс қалдырмаған дұрыс. Алайда, «Қазақ» деген ресми атты иеленгеніміз 550 жыл бұрын құрылған хандық кезеңі емес пе. Сондықтан бұл тарихи датаны атаусыз қалдырсақ, елдігімізге сын болар еді. Тарих пәнінің мұғалімі Аслан Шекеров республика көлемінде аталып өтілгелі отырған тойдың жас ұрпаққа берер тәрбиелік мәнін баяндайды: «Оқушылар өз халқының шежіресін, аумалы-төкпелі замандарда бірліктің арқасында қандай ел болғанымызды, хандық жүйенің құрылу себебін біліп өсуі тиіс. Қазақ хандығы ХV-XIX ғасырларда қанатын кеңге жайған мемлекет болды. Хандық неге құрылды? Қазақ жерінде ХІV-XV орын алған әлеуметтік-экономикалық, этникалық, саяси үдерістер осы қадамға алып келді. Керей мен Жәнібек құрған мемлекет бірте-бірте «Қазақ хандығы» атанды. Біз келер жылы ауқымды іс-шаралар арқылы жастарымызға ұлы бабаларымыздың асқақ арманы – тәуелсіздік, ел мен жерді қорғау екенін терең ұғындырамыз. «Әй, біздің осындай хандарымыз болған екен ғой, еліміз тәуелсіз болу үшін қандай қиын кезеңдерді бастан өткерген» деп айтып жүрсе дейміз».
Идеологтардың да пікірлері осыған саяды. «Қазақстан деген мемлекет оп-оңай тұрғыза салған үй емес немесе кеше ғана өмірге келген ел емес, оның да тамыры тереңде екенін әлем білуі керек. Ұлттық рухты асқақтату қажет. Дүние жүзіндегі қазіргі жағдай рухы мықты елдің ғана ұлттық даму жолы ұзара түсетіндігін айқындады», – деген сыңайдағы сөздерді естіп жатырмыз. Шынында, бізді сайқымазақ Бораттың фильмсымағы арқылы танитындар көп. Шетелге барған спортшылар мен өнер иелері сондай ыңғайсыз жағдайға тап келгенін ақпарат құралдарына берген сұхбаттарында сирек айтқан жоқ. Жерлестерімізге «негізі бізде «анадай бар, мынадай бар» деп терлеп түсіндіруге тура келді. Бүгінге дейін зиялы қауым өкілдері идеологияның ақсап тұрғанын жиі «жыр» ететін. Енді ұтар тұсымызды айтып-жазудан да кеш қалмасы анық. Рас, күн сайын куәміз.
Саясаттанушы Айдос Сарым өзінің әлеуметтік желідегі парақшасына мынадай ұсыныс қалдырыпты: «Менің білетінім, АҚШ-та тарих сабақтарында балалар осы елді билеген президенттердің өмірін қатты зерттейді. Біріншісі, екіншісі, жиырма сегізіншісі, қырық үшіншісі дейсіз бе, бәрін біледі. Әр президенттің аты-жөні, ел басқарған кезеңі, тарихта қалдырған ізі, атқарған негізгі шаруасы туралы көп оқыған. Тіпті, кез келген баладан «жиырма жетінші президент кім?» десең, тақылдап айтып береді. Арнайы мемлекет, әрбір штат деңгейіндегі шығармалар конкурсы, викториналар ұйымдастырылады. Біздер Қазақ хандығының 550 жылдығын атап өтпекшіміз. Қандай шара өтетінін білеміз. Бірақ қоғамға, оқушыға берер нақты пайдасы қандай? Мысалы, дәл қазір «Қазақтың тоғызыншы ханы кім болды?» деп сұрасам мықты тарихшыларымыз есеңгіреп, «гугл» ағайды түртпектеп кетеді. Қай ханның не істегенін, тарихтағы ізін айтпай-ақ қояйын. Осыған орай, бір кішігірім дидактикалық құралдар, конкурстар, тақырыптық сабақтар тәрізді дүниелер қажет-ау. Оқытып алған соң, осындай телеконкурс, аудандық, облыстық тарихи конкурстар ұйымдастырса деген ой».
Ақын Талғат Ешенұлы бұл датаның атауын кейбір басылымдардың бұрмалап алды деп, ult.kz cайты арқылы өз уәжін білдірді: «Айтары жоқ, Президенттің «Қазақ хандығының 550 жылдығын мерекелеу туралы» уәлі сөзі бәріміздің көңілімізден шықты. Бірақ, осы маңызды мәселені талқылау кезінде, өзіміз де аңғармай, кереғар ой, пікір қайшылықтарын жіберіп алып жатырмыз. Ақпарат құралдарында, әлеуметтік желіде барлығымыз жабылып, мұны «Қазақ мемлекетіне – 550 жыл» деп жарнамалай бастадық. Анығында, «Қазақ мемлекетіне – 550 жыл» емес, «Қазақ хандығына – 550 жыл» болса керек. Әрине, қазіргі жағдайда Қазақ хандығының 550 жылдығын мағыналы, маңызды іс-әрекетпен атап өтіп алсақ та – үлкен олжа. Бірақ, халқымыз үшін де, келешек жас ұрпақ үшін де, ішкі-сыртқы дос-дұшпан үшін де бұл тойдың «аты-жөнін, мән-мағынасын» жіліктеп, анықтап, ашып берген дұрыс. Ал, қазақтың жеріндегі өркениеттердің, мемлекеттердің, ұлт-ұлыстардың тарихы, осы бір жазира даладай, мыңдаған жылдардың өне бойына созылып жатыр. Ол өркениеттер мен мемлекеттердің мерейтойын да сәт-сәтімен атап өтерміз. Сондықтан, сақ болайық. Олай болмаса, мемлекеттігіміздің тарихын «бес-ақ ғасырға сыйғызып жіберіп», тағы да тағдырдың тәлкегіне, тарихтың тұзағына өзіміз барып түсеріміз кәдік».
Қай қазақтың пікірін тыңдасақ та, мерейлі мерекелі жылды абыройлы өткізуді, рухымызды көтерер кез екенін айтып ағытылады. Қалай десек те, ұлттығымызды көрсетер шақ шынымен де. Сондай-ақ бұл қадам отандастарымыздың санасына мемлекетшілдік идеяны қалыптастыруға септігін тигізері сөзсіз. Шолуымызды белгілі саяси сарапшы, ғалым Ерлан Қариннің «Егемен Қазақстан» газетіне басылған мақаласындағы толғамды пікірлерімен түйіндесем деп отырмын. Бұл – осыған дейін жазылған ұсыныс-пікірлердің де жиынтық түйіні, нысанасына дәл тиген сөздер.
«Елбасы қалың бұқараның көкейінде жүрген ойды дөп басып айтып қана қоймай, жаңа бастаманың төңірегінде бүкіл елді, халықты тағы бір жұмылдыра түсті. Әсіресе, Мемлекет басшысының айтқан сөздеріне жастар тарапынан ықылас сезімдері ерекше болғанын айта кеткен жөн. Жастардың Елбасы сөздерінен жігерленгендері соншалық, Президенттің мәлімдемесі ақпарат құралдарында жарияланысымен, интернетте, әлеуметтік желілерде өз әсерлерімен шынайы бөлісіп, Мемлекет басшысының сөздерін цитаталарға бөліп, біріне бірі таратып жатты. Осының өзі халықты біріктіріп, бір жұдырықтай жұмылдыратын нағыз шынайы ұлттық идея – мемлекеттілік екенін растайды. Әрине, кейбір сарапшылар мен бақылаушылар Президенттің бұл мәлімдемесінің астарынан басқа бір мағына іздегені де жасырын емес. Біріншіден, біраз жұрт мәлімдемені, әсіресе, өзге елдердің де ХV ғасырда қазіргі заманғы стандарттарға сәйкес мемлекеттің бүгінгідей болмағандығы жөніндегі сөздерді Президенттің ресейлік саясаткерлерге берген жауабы шығар деп ұғынып жатқанға ұқсайды. Екіншіден, Елбасының Тәуелсіздік азаматтар үшін ең басты киелі де қасиетті ұғым болу қажеттігі жөніндегі сөзі еліміздің алдында қашанда түрлі қатерлер бар екендігін аңғартқысы келген шығар дейді. Алайда, шын мәнісінде, Қазақстан басшысының мемлекеттіліктің тарихына қатысты ой-толғамдарының, тарихи сананы жаңғыртуға арналған бастамаларының тамыры одан да тереңде жатыр. Ең бастысы, Президент Қазақ хандығының 550 жылдығын тойлау бастамасы «Мәңгілік Ел» идеясының ұлттық идеялогияға айналуы қажет екендігін тағы бір аңғартады».