Атамекен – алтын бесік


Пәні: Өзін - өзі тануСабақтың тақырыбы: Атамекен – алтын бесікМақсаты:
Оқушыларға Атамекеннің адамның өсіп – дамуындағы, өміріндегі рөлі туралы түсініктер беру.
Міндеттері:
- Атамекенді қадірлей білуге, Атамекенге қызмет ету, адам өмірінде Атамекеннің алатын орны туралы мағлұмат беру;
- Оқушылардың өз Атамекені, туған жері туралы мәліметтер мен тарихы туралы білімдерін кеңейту;
- Өз Атамекеніне, туған жеріне деген сүйіспеншілігін, мақтаныш сезімдерін арттыру.
Көрнекіліктер: интерактивті тақта (слайд, видео, «Атамекен» және «Өз елім» әні, «Кең жайлау» күйі)
Шаттық шеңберіМұғалім сөзі:
- Өзіңнің сүйікті оқушыларыңды «Өзін - өзі тану» сабағында көрген қандай ғанибет! Бүгінгі сабақта сіздердей талантты, білімге құштар шәкірттермен қауышқаныма өте қуаныштымын.
Ендеше, біздер бір - бірімізге күлімсіреп, сәлемдесіп, сабағымызды бастайық. Бәріміз орнымыздан тұрып, шаттық шеңберін құрайық! Сабағымызды бастамас бұрын Қ. Мырза Әлінің сөзіне жазылған Е. Хасанғалиевтің «Атамекен» әнін орындаймыз.
(Балалар орнынан тұрып, «Атамекен» әнін орындайды.)
АтамекенСөзі: Қ. Мырза ӘліӘні: Е. ХасанғаливЖасыл жайлау - түкті кілем, көк кілем.
Көк кілемде көп ойнаймын, көп күлем.
Маңдайымнан сипап өткен самалдыҚазағымның алақаны деп білем.
Қайырмасы:
Қайда жүрсең, атамекенКөкейіңде жатады екен.
Күннің өзі ұясынаҚимай оны батады екен.
Жасыл жайлау - түкті кілем, көк кілем.
Көк кілемде көп ойнаймын, көп күлем.
Күннің нұрын, айдың аппақ сәулесінҚазағымның махаббаты деп білем.
Қайырмасы:
Жасыл жайлау - түкті кілем, көк кілем.
Көк кілемде көп ойнаймын, көп күлем.
Асқар тауын аспаныммен астасқанҚазағымның мәртебесі деп білем.
ҚайырмасыМұғалім сөзі:
- Балалар, біз жаңа Атамекен туралы әнді орындадық я?! Сонымен бүгінгі біздің өтетін тақырыбымыз – Атамекен алтын бесік. Атажұрт, атамекен, туған жер – өте кең ұғым. Ол халқымыздың атам заманнан бері мекендеп, сусын ішіп, өмір сүріп, өсіп - өніп келе жатқан кең жазира жері. Бұларға жеке - жеке тоқталатын болсақ, атажұрт - этникалық ұжымның, яғни ру, тайпа, елдің байырғы ата - бабадан ұрпақтарына мирас болып қалған ежелден өсіп - өнген, өрбіген, ел болып қалыптасқан тарихи мекені. Ал, атамекен ұғымы бізге араб тілінен келген екен."Ата" - көне түркі дәуірлерінде әрі қолбасы, әрі елбасы болған кісілер есіміне жанама қосылатын атау болса, мекен сөзі араб тілінде «мәкан» - орын, жай деген мағынаны білдірген. Бұл дегеніміз - туған жер, өңір, өлке. Түркі қауымына ортақ «ата» сөзімен қосылып, әуелде «атақоныс» ұғымында қолданылған. Кейін келе мәні кеңейіп, «ата - бабалар ғұмыр кешкен, олардың өз ұрпақтарына мәңгілікке қалдырған иелігі, ең қымбат мұрасы» деген ұғымды білдіреді. Отан ұғымдарының баламасына айналған Атамекен еліміздің, мемлекеттілігіміздің негізі. Туған жер дегеніміз - әр адамның шыр етіп дүние есігін ашып, өмірге келген жері.
Әр адамзаттың бір ғана Отаны, яғни Атамекені болады. Алайда, қазіргі таңда кейбір адамдардың екі Отаны болады. Оған себеп, ғаламдану дәуіріне сәйкес басқа мемлекеттерде тұрып, сол елдің азаматтығын алып, өзінің екінші Отаны деп санайды.
Туған жер мен Атамекеннің айырмашылығына тоқталатын болсам: туған жер деп кіндік қаның тамған жерді айтамыз. Ал, атамекен – ата - бабамыздың білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен қорғап қалған қасиетті жері. Оның айдын шалқар көлдері мен мөлдір бастау қайнарлары, сарқырай аққан тасқынды өзендерінің, алып таулары мен жасыл желек жамыла сыңсыған орман - тоғайларының, кең - байтақ, ұлан - ғайыр даласының атаулары мың сан. Бұлардың бәрі – халық тарихы, қоғам өмірімен біте қайнасып, ғасырлардан ғасырларға ұласып, ұрпақтан ұрпаққа жетіп, кейінгі буындарға мирас болып отырған мәдени мұра, өшпес шежіре. Халықтың ұшқыр қиялы, саналы ой, данышпандық зердесі мен ұлттық мінез - құлық болмысының көрінісі. Сонымен атамекен - елдіктің, мемлекеттіліктің негізі.
- Балалар, енді «Әңгімелесейік, пікірлесейік» айдарына кезек берсек.
Әңгімелесу1) Атамекен, атақоныс, атажұрт несімен қымбат?
2) Атамекеннің адам үшін маңызы қандай?
3) Ел баласы атану үшін адамға қандай қасиеттер керек деп ойлайсыңдар?
4) Өз Атамекенін сүйе білу адам өміріне қалай әсер етеді?
5) Сенің қандай еңбегіңді елің мақтан еткенін қалайсың?
Оқу ақпараты(Оқушылармен «Оқу ақпараты» арқылы Атамекен, Атажұрт, Атақоныс, Туған жер құндылықтары туралы талқыланады.)
Атамекен - туған халқымның, ұлтыңның мекен еткен, ата бабаңның қоныс тепкен жері. Туған жер - әр адамның дүние есігін ашып, өмірге келген жері.
Адам өмірге келіп, ес жиып, етек жия бастаған сәттен өз болашағына, өткеніне ден қоя бастайды. Адамның болашағы да, өткені де Атамекенімен тығыз байланыста болады.
Мәтінмен жұмыс(Оқушыларға оқулықтағы «Отан сүйер ұлан бол» өсиетін оқытып, Атамекенге деген сүйіспеншілік сезімдерін ояту )Мұғалім сөзі:
- Балалар, біз Б. Момышұлын білеміз ғой?! Ол Отан үшін отқа түскен, қазақ халқының ұлы перзенті, қаһарман жауынгер, даңқты қолбасшы, Кеңес Одағының Батыры, әйгілі жазушы, XX ғасыр биігінде тұрған дара тұлға. Сіздерге Б. Момышұлының өсиеті беріліп отыр.
Отан сүйер ұлан бол!
Мен немере сүйіп отырған адаммын. Балаларды өте жақсы көремін. Сол балалардың, бүлдіршін балдырғандардың бақытты болашағы үшін сұрапыл соғыста ер азабын мейлінше көрген адаммын.
Менде адаммын жаралған сүйек, еттен,
Арым бар, намысым бар жер тербеткенҚазақтың қарапайым бір ұлымынЖанымды арым үшін құрбан еткен.
Балаларыма, немере, шөберелеріме айтар жалғыз тілегім: Елді сүйер ұлан болыңдар! Өз халқыңа лайықты азамат болып өсіңдер.
Б. МомышұлыШығармашылық жұмысОқушылардың Атамекенге деген сүйіспеншілік сезімдерін шығармашылық жолмен жеткізу тапсырылады. (Сурет салу арқылы)
Дәптермен жұмысК. Нығметованың «Менің ауылым» мәтінін негізге ала отырып, «Туған жер - тұғырың» тақырыбында өз туған жері туралы эссе жазу.
Жүректен – жүреккеМұғалім сөзі:
- Балалар, «Жүректен жүрекке» айдарына да келіппіз. Ендеше балалар жүрек жылуын алмасып, жақсы тілекпен бір - бірімізге шуақ нұрын шашайық!
Оқушылар бір - бірлеріне шын жүректен ақ ниетті тілектерін білдіреді. Және сабақты қорытындылау мақсатында Қадыр Мырза Әлінің «Өз елім» әнін орындаймыз.