Баяндама. А?ылшын тілін о?ытуда?ы коммуникативтік біліктілік
Баяндама.
Ағылшын тілін оқытудағы коммуникативтік біліктілік
Баяндамашы: Байсеитова Ж. М.
2014 жыл.
«Қазір біз ХХІ ғасырда өмір сүріп отырмыз. Жан-жақты білімді, дені сау ұрпақ тәрбиелеуді еш уақытта естен шығармауымыз керек»-дейді елбасы Н.Ә.Назарбаев өзінің «Қазақстан 2030» атты жолдауында.
Халықтың білімділігі – ел байлығының ең маңызды бөлігі. Қазіргі таңда дамыған елдерде жастарымыздың білім алуы озық мәдениет пен дүниетаным қалыптастырудың–бірден–бір жолы. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев ″Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан″ атты Қазақстан халқына жолдауында ″Тілдердің үш тұғырлығы″ мәдени жобасын кезеңдеп іске асыруды ұсынды. Қазақстан бүкіл әлемде халқы үш тілді пайдаланатын жоғары білімді ел ретінде танылуы тиіс. Бұл дегеніміз қазақ тілі – мемлекеттік тіл, орыс тілі – ұлт – аралық қатынас тілі және ағылшын тілі – жаhандық экономикаға ойдағыдай кірігу тілі екендігін атап айтты.
Қазіргі таңда дәстүрлі оқыту әдістемесінің заман талабына сай толық білім беруге, шетел тілін заман талабына сай меңгертуге сәйкес келмейтіні белгілі. Сондықтан жаңартылған әдістемелік жүйенің оқыту үрдісінде іске асыру үшін оны технологияландыру қажеттілігі туып отыр.
Еліміздегі білім беру саласында оқытудың жаңа түрлері, әдістері, жаңа бағыттағы технологиялар пайда болып, олар білім мазмұнын жаңартып жатыр. Шетел тілдерін оқыту әдістемесінде заман талабына сан қырлы бағыт - бағдар инновациялық, технологиялық білім беру жүйесі пайда болды. Бүгінгі заманғы әдістемелік әдебиеттерде «технология» (technology) деген ұғым «оқыту» деген ұғыммен қатар қолдананылады «технология» термині амалдар, тәсілдер жүйесі деген мағынаны білдіреді. Оқыту технологиясы дегеніміз - оқыту техникасы туралы ғылым, сондықтан, оқыту ғылми түрде жүзеге асырылуы керек, яғни мұғалім қалай оқыту керек екендігін білуі тиіс. Оқыту технологиясы қалай оқытуды, ғылыми тұжырымдамалармен байланыстырып, оқыту үдерісін тиімді ұйымдастыру жолдарын іздейді.
Тілдің қарым-қатынас қызметі өзара хабар алысатын саналы әрекет түрінде жүзеге асады. Тілдің әртүрлі деңгейіндегі тілдік бірліктердің ерекшеліктері, сөйлеудің коммуникативті түрлері, сөйлесімдер мен мәтіндердің коммуникативтілігіне негіз болып отыр.
Қазіргі кезде тілді коммуникативтік оқыту мәселесіне ерекше назар аударылуда. Ағылшын тілін оқытудың жаңа технологиясы тілдің коммуникативтік қызметін ескере отырып, оны коммуникативтік танымдық жағынан меңгертуді көздейді.
Оқыту әдістемесіндегі заман талабына сай әдістердің бірі коммуникативтік оқыту технологиясы. Осы мәселе жөнінде, яғни ағылшын тілін оқытудағы коммуникативті біліктілік деңгейді Германияның оқу бағдарламасын жасаған неміс ғалымдары Г.Нойнер, Г.Хунфельд былай түсіндіреді: коммуникация тіл және іс-қимыл, күлу, дауыс ырғағы сияқты әрекеттер арқылы болады. Ол алдын-ала жоспарланған, дайындалған болуы немесе жоспарланбаған болуы мүмкін.
Коммуникативтік оқыту технологиясы дегеніміз - пікір алысуға негізделген әдістеме. Ал, адамдар тілді сөйлем түрінде қолданғанда ғана бірін-бірі түсініп, ой алмаса демек, пікірлесе алады. Шетел тілін үйретудің бастапқы деңгейінен бастап оқушыларды жалаң сөздерге емес, белгілі бір дәрежеде ағылшын тілінде сөйлеуге, өз ойын басқаға жеткізе алатын, біреудің сөйлеген сөзін, жазғанын түсіне алатын дәрежеге жеткізу мақсатында, ағылшын тілін алғашқы сабақтан бастап сөйлем түрінде үйреткен дұрыс. Себебі, жеке атау тұлғалы сөздер де, грамматикалық формалар да өзара бір-бірімен байланысып, сөйлем құрамына енгенде ғана тұтас аяқталған тиянақты ойды білдіре алады.
Е.Пассов ұзақ жылдар бойы жүргізген ғылыми-зерттеу жұмысының нәтижесінде коммуникативтік оқытуда «ситуация» мен «ситуативтілікті» анықтап алу қажет екеніне көз жеткізген. «Ситуация»-дегеніміз, қарым-қатынас жасаушылардың, сөйлесушілердің санасында қалыптасқан өзара қарым-қатынасының жүйесі; ал «ситуативтілік - қарым-қатынастармен байланыс» деп қорытынды жасайды.
Коммуникативтіліктің қандай жағдайда пайдалы, тиімді болатынына мұғалімнің тигізер ықпалы зор және оқыту барысындағы білім сапасына да мұғалімнің үнемі көңіл бөліп отыруы аса маңызды. Сондықтан, ағылшын тілдерін оқытуда коммуникативтік оқыту әдісін қолдану –оқушылардың сөздерді грамматикалық тұрғыдан бір-бірімен дұрыс байланыстырып, еркін сөйлей білуіне мүмкіндік береді, бұл әдістемені жиі қолдану өз нәтижесін беріп жатыр. Ағылшын тілін оқытуда коммуникативті мақсатқа жетуде ауызекі сөйлеудің рөлі өте зор. Себебі, ауызша сөйлеу арқылы адамдар бір-бірін түсінеді, өз ойларын айтады, дәлелдейді, естіген, айтылған хабарға өз көңіл-күй қатынасын білдіреді. Сөйлеудің екі түрі бар. Олар: монолог түрінде және диалог түрінде сөйлеу. Диалог - екі немесе бірнеше адамның сұрақ-жауап ретінде сөйлесіп, тіл қатысуы. Диалогтық сөйлеу алдын ала жоспарланбайды, сөйлесу кезінде пайда болады. Оқушылар жалпы, арнаулы сұрақтарды қоя алуы, әр түрлі сұрақтарға жауап бере алуы, өтініш, бір нәрсемен келісетінін немесе келіспейтінін білдіре алуы керек. Оқушылардың сөйлеу қарқынын дамыту керек және әр оқушы сөйлегенде кем дегенде екі реплика айтуы керек. Диалогтық сөйлеуді дамытуда дискуссия түрінде өтетін сабақ, экскурсия түрінде өтетін сабақ, ойын түрінде өтетін сабақ, талқылау сабақтарының рөлі зор. Монологты сөйлеуді дамыту сабақтары-шет тіліне оқытудағы негізгі сабақтар болып есептеледі. Монолог түрінде сөйлеу нәтижелері сипатталады. Қазіргі кезеңде бұрынғы дәстүрлі болған қалыпты сабақ беру әдісін жаңа мазмұнда ұйымдастыру және жаңа технологияны пайдалана отырып түрлендіру - уақыт талабы. Өйткені бүгінгі қоғамдағы өзгерістермен бірге білім беру жүйесінде де, сабақтың тиімді жүргізілу барысына жаңа талаптар, жаңа әдістер әкелді. Бұл талаптың ең маңыздысы оқушының ағылшын тілінде сөйлеу қабілетін жетілдіру болып отыр.
Тіл үйрету үдерісіндегі ең белсенді заманауи әдістемелік тәсілдердің бірі-ақпаратты, инновациялық коммуникативті оқыту технологиясы. Осы технологияны тиімді қолдана білген ұстаз өз шәкірттеріне білім, тәрбие беруде табысқа жетеді, сол арқылы олардың бойында ойын өзгеге өз бетінше жеткізу қабілеті мен дағдысын қалыптастыруға, екеуара қарым – қатынас негізіндегі сөйлеу дағдысын қалыптастыруға ықпал ете алады.
Сондықтан да, коммуникативтік оқыту тілдік әрекетінің барлық түрінде тыңдауда да, сөйлеуде де, оқығанда да, жазғанда да қалыптасады, өйткені ол оның іске асуын қамтамасыз етеді. Коммуникативтік сөйлеу әрекетінің қай түрі болсада лексикалық-грамматикалық дайындық деңгейіне сүйенеді. Оқушының тиісті лексикалық қоры, сондай-ақ грамматикалық білімі болумен бірге, оны сөйлеу әрекетінде қолдана білуі керек. Сөйлеу әрекеттері, негізінен, белгілі бір мақсаттығы жағдаяттар, жүйелі модульдер, ауызекі жауаптасу, сұрақ-жауап жағдайларында жүзеге асады.
Коммуникативтік жаттығуларға келесі жаттығулар жатады, «ми шабуылы», ауызша сөйлеу (диалог, монолог), рөлдік ойын, интервью, жоба.
Тілдік жаттығуда тілдік тұлғаның сөздегі орнына нүкте қойылатын жаттығулар оқушыны тілдік тұлғалардың дыбыстық нұсқасын дұрыс таңдауға үйрету мақсатын көздейді. Ал, сөйлеу жаттығулары тілдік материалдарды керек кезінде, айтылатын ойға байланысты оқушыны орынды қолдана білуге үйретеді. Сөйлеу жаттығуларына: сұраққа дұрыс жауап беру; өзі сұрақ қоя білу; тілдік жаттығуларда меңгерген сөйлем үлгілерін сөйлеуде еркін қолдану; тақырып бойынша шығарма, мазмұндама жазу; сурет арқылы әңгімелеу; оқыған мәтіннің мазмұнын әңгімелету; мақал-мәтелдерді сөйлеуде дұрыс қолдануға жаттықтыру; тақпақ, өлең айтуға, ән салуға үйрету жатады.
Қорыта келгенде, коммуникативтік оқыту арқылы оқушылардың танымдық қабілеттері дамып, сөздік қоры молаяды, шетел тілінде сөйлеу шеберлігі артады, жағымды әрекеттер қалыптасады. Оқушыларға тың мәліметтер, әртүрлі әдіс–тәслдерді пайдалана отырып, қызықты тапсырмаларды беру арқылы оқу үрдісіндегі білік, дағдыны жетілдіруге бағытталады. Коммуникативтік оқыту технологиясын пайдаланып шетел тілін үйретуде оқушылар шығармашылық тапсырмаларды да зор ықыласпен орындайды. Коммуникативтік оқыту технологиясы бойынша берілетін шығармашылық тапсырмалар оқушыларды жауапкершілікке, тиянақтылыққа баулиды. Ағылшын тілінде үнемі сөйлеу оқушылардың тілді білмеймін деген ойдан арылтып, оқуға деген қызығушылығын арттырады. Оқушыларды оқып жатқан деңгейде сөйлету мұғалімнен орасан зор еңбекті талап етеді. Еліміздің еңсесі биіктеп дамыған елдермен халықаралық қатынастар күннен-күнге кең етек алып, шетел тілдерін білу қажеттігі, яғни шетел тілдерін оқыту заманауи білім беру жүйесінің негізгі элементіне айналды. Шетел тілдерін оқыту әдістемесінің озық үлгілерін пайдалану - әрбір мұғалімнің міндеті. Мұғалімдер де озық іс- тәжірибелерді пайдалануда өз шығармашылықтарын жетілдіреді. Демек, коммуникативті оқыту технологиясы оқыту процесінде маңызды рөлге ие.