Баяндама та?ырыбы М?мкіндігі шектеулі балаларды? ауызша с?йлеу тілін дамыту


Мүмкіндігі шектеулі балалардың ауызша сөйлеу тілін дамыту
Ауызша тіл дамытуда мәтінді талдаған кезде әңгімедегі оқиғаларды терең түсіндіру үшін, өзіңді сол оқиға кейіпкерінің орнына қойып түсіндіру керек.
Тіл сабақтарындағы көрнекі құрал ақыл-ойы кем оқушының сөйлем құрауына, дұрыс сөйлеуіне ерекше ықпал етеді. Дәстүрлі көрнекі құралдардан басқа тіл сабағында мимика (бет-әлпет құбылысы), дауыс ырғағы, мәнерлеп оқу сияқты тәсілдердің де рөлі зор. Соңғы тәсілдер ақыл-ойы кем балалардың сөйлеу мәнері мен дауыс ырғағына және сөз құрауына көп көмегін тигізеді.
Ақыл-есі кем балаларға өз бетінше сөйлем құру – сөйлеу қызметіндегі ең ауыр түрі.
Ауызша өз бетінше сөйлеуге үйрену арқылы бала ақыл-ойының дамуы кезінде көптеген жетістікке жетеді.
Ақыл – ойы дамымаған балалардың ауызша тілін қалыптастыру сұрақтарын қарастыруда өз үлестерін қосқан В.Г.Петровамен, Л.С.Вавина.
Олар ақыл-ойы дамымаған оқушылардың фонетикалық, лексикалық және грамматикалық ана тілінің тәсілдерін ерекшеліктерін ашқан, олардың диалогтық және монологтық тілінің ерекшеліктерін көрсеткен. Олардың зерттеулерінде ерекше орын алған «ақыл-ойы дамымаған оқушылардың тіл ерекшеліктері» қарастырылған.
Зерттеу нәтижелеріне сараптама жүргізіп, Петрова В.Г. арнайы оқыту бұл балалардың жетістіктерге жетуіне мүмкіндік береді, жүйелі ауызша тілді үйрену жолында, - деп белгілеген.
Луцкинаның Р.К. көп жұмыстары жүйелі, ауызша тілді бағыштап дамуына арналған. «Ең бастысы тіл мәселесін жетілдіруде, балаларға сурет арқылы түсіндіру» - дейді.
Л.В.Занков, М.Ф. Феофанов, М.Ф. Гнездилов сурет арқылы тілді дамытуды зерттеген. Бұл авторлар бір шешімге келіп, арнайы түзету мектебіндегі оқушылардың дамуына, жүруіне, қисынды, грамматикалық түзу, ауызша өз ойын айту, сөздерді мағынасына сәйкес қолдану, дұрыс сөйлем құрап шығармашылық елестетуіне мүмкіндік жасайды.
Ақыл – есі жетілмеген балалардың біразы сурет кейіпкерінің анық қимыл-қозғалыстарын толық қабылдамайды. Балалар бейнеленген тұлғаның бет – әлпет құбылысын түсінбейді, олардың ым-ишара қимыл қозғалысы ретінде қабылдайды.
Жоғарыда айтқандай ақыл-ойы кем балалардың түсінуі 1-2 деңгейде, ал қалыпты балалар үшін 3-4 деңгейлері тән екені анық көрініс береді. Ақыл –ойы кем балалар психикасының өзіндік кемістік дамуы суреттерді қабылдауды және түсінуді қиындатады. Бұл мектеп оқушылары үшін әр түрлі жазбаша жұмыстарды құрастыру, сурет бойынша тапсырманы орындау барысында қиындықтар кездеседі. Мұндай тапсырмалар ақыл-есі кем балалардан күрделі талдау-жинақтау жұмысын талап етеді. Оқушыларға бір қатар міндеттер қойылады: қажетті материалды іріктеп алу, оны жүйелеу, логикалық кезектілікпен іріктеп алу, оны жүйелеу, логикалық кезектілікпен орналастыру, қорытынды жасау. Мұндай міндеттерді орындау ақыл-есі кем балаларға қиын болады. Сондықтан, олардың шығармалары, мазмұны мен безендірілуі жағынан кемістіктермен сипатталады.
Ақыл–ойы дамымаған балалардың сөздік қоры шамалы болғандықтан адамдарға айтар тілектері қысқа болады, өзара адамдармен қарым-қатынаста дұрыс түсінік бере алмайды. Арнайы түзету мектептің оқушыларының көп жағдайда жарты пайызы 10-15 сөзбен шектелген.
Балаларға қосымша құрал ретінде (сурет, сұрақ, мұғалімнің сөзі) еске түсіруге көмектеседі. Өйткені, ол сөздер лексикалық қорында бар. Оқушылардың сылбыр сөздігі, белсенді сөздігінен екі есе асып түседі.
Ақыл – ойы дамымаған балалардың айтатын сөйлемдері көбіне құрылымы жағынан көп қателіктер жібереді (бұрмалап сөйлейді). Мысалы: (Ана келгенде біз тамақ).
Ақыл-ойы кем балалардың сөйлеу тілінің белсенділігінің ұзақ уақытқа дейін қалыптаспайтындығы, өзіне қарата айтылған сөзді толық түсінбейтіндігі қарым-қатынасында және тіл әрекетінің қызметінде қиындық туғызады.
Сондықтан тілді іс жүзінде меңгеру тәсілінің негізіндегі сөйлеу тілін жетілдіру мәселесі бастауыш кезеңнің міндеттерінің бірі болып есептеледі.
Балаларды ең алдымен жеңіл нұсқауларды түсінуге және орындауға үйрету қажет. Осындай жағдайда ересектің сөзі баланың мінез-құлқына жөн сілтеуші болып шығады, оның әрекеттерін жөнге салып отырады. Мұғалім сөйлеуге талабы бар ақыл-ойы кем оқушының сөйлеу тілі қызметін қалыптастыруға, сөйлеу тілі құрылысының дұрыстығын қамтамасыз етуге тиісті. Ең алдымен жасалған саяхаттың, зерттеп – бақылау барысының, өсімдіктерді баптап – күту жұмысының, үйді жинастырудың, бейнелі суреттердің қарап шығуы, диафильмдерді қараудың, т.б. негізінде әңгіме өткізеді. Сонымен диалогтық немесе сұрақ-жауап сөйлеу тілі, сұрай білу, түсіндіруді тыңдай білу, мұғалімнің нұсқауын, кеңесін орындай білуі қалыптасады.
Әңгімені өткізу кезінде мұғалім өзінің сөйлеу тіліне, оқушыларға қойылатын сұрақтарға қатысты бірқатар дәстүрлі талаптардың тәртібін сақтау қажет. Қалай дегенмен мұғалімнің сөйлеу тілі еліктеу үшін үлгі болады, сондықтан мұғалім дұрыс және асықпай сөйлеу керек, дауысы аса қатты немесе тым жай шықпауы керек.
Сұрақтардың қойылуына ұсынылатын жалпы дидактикалық талаптың тәртібін әсіресе ақыл-ойы кем балаларды оқытудың ең алғашқы кезіңнен бастап сақтау қажет:
Сұрақ сыныпта отырған балалардың бәріне бірдей қойылады. Балалардың назарын өзіне аудару үшін және қойылған сұрақты тыңдап, оны түсіну үшін мұның үлкен маңызы бар. Жауапты ойлануға уақыт керек.
Сұрақтар «бар» немесе «жоқ» деген сияқты бір буынды жауаптарды талап етпеу керек. Екі жауапты талап ететін сұрақтарды қоюға болмайды («Қандай жабайы және үй жануарларын білесіңдер?»). Келешекте де толық жауапты талап ететін осындай сөйлем түріндегі сұрақтар жиі-жиі қойылу қажет. Сөйтіп, сөйлеу тілінде әлі жүйелі сөзі жоқ болса да, оны қалыптастыру тәсіліне дайындаламыз. Сұраққа оқушы кем дегенде екі-үш сөздің тіркесуімен қысқа сөйлем түрінде жауап берсе, ол – үлкен жетістік. Мұғалім балалармен өткізілетін бұдан былайғы әңгімесінде оларды көріп біліп, байқағандарын нақтылы сұрақтарды қоя отырып анықтайды. Әңгіменің соңында міндетті түрде тағы да сұрақтардың жәрдемімен немесе сөз қағыстырып сөйлесу арқылы білген мағлұматтарын толық талдап қорытындылауға әрекет жасайды.
Сөйлеу тілінің көрнекі құралы ретінде балаларға арналған ертегілерді, жаңылтпаштарды, жұмбақтарды, мұғалімнің ауызша айтқанынан жаттап алу үшін төрт жолды қысқа өлеңдерді әңгіме сабақ өткізу үшін оқу кезеңінде кеңінен пайдаланылады. Балаларға ертегі мазмұны түсінікті болу үшін көркемдеп суреттер салуға немесе сахнаға шығарып ойнау жеңіл болады. Мұғалім көбіне әңгіме-ертегілерді оқымай өз сөзімен қызықты етіп жеткізу керек. Сол кезде балаларға түсіну жеңіл болады.
Балаларды қарым-қатынаста сөйлеуге үйрету, ойын дұрыс жеткізу бойынша сөйлеу тілімен істелетін жұмыстың нәтижесі олардың жалпы даму деңгейінің көтерілуіне мүмкіндік туғызады.
Сонымен бірге мұндай жұмыс сөйлеу тілі толық жетілмеген, сөзінде кемістіктері көп байқалатын балаларды анықтауға жәрдемін тигізеді.
Ақыл – ойы кем балалардың сөйлеу тілінің дамуының ерекшеліктері. Сөйлеу – тілдің тарихи қалыптасуының қарым-қатынас формасы. Адамның сөйлеу қабілеті ең жақсы ерекшеліктерінің бірі. Сөйлеу тілі арқылы адамның қарым-қатынас процессін құрайды.
Адам сөйлеу арқылы қарым-қатынас жасайды. Сөйлесу барысында көркемдік құралдарды пайдаланылады. Мысалы, салыстырып, әсерлеп, мақал-мәтелді пайдаланылып сөйлейді. Ауызша сөйлеген жазбашаға қарағанда оңайға түседі. Себебі, оқушы жазғанда тек өз ойын жеткізіп қана қоймайды. Оны дұрыс қатесіз тыныс белгісін сөйлеу интонациясына қарай үйренеді. Білім беру жүйесі мектептерде оқушының тілін дамыту, қазақ тілінің лексикалық, грамматикалық тұлғаларын меңгерту, оларды сөйлемде қолдану дағдыларын қалыптастыру. Қазақ тілінің орфографиялық нормасын оқытуды қалыптастыру, сөздерді бір-бірімен дұрыс байланыстырып, сөз тіркесін жасау арқылы оларды сөйлемдерде дұрыс орналастырып, сөйлем құрау, сөйлем арқылы өз ойын басқаға жеткізіп, басқаның сөзін түсінуде тіл дамыту ұғымына жатады. Адам ойын жазбаша және ауызша түрде жеткізеді. Сондықтан оқушының тілін дамыту екі бағытта жүргізіледі. Ауызша және жазбаша тілді оқутыда екі бағытта қатар байланыста болу керек. Бірақ қазақ тілін оқытудың ең алғашқы кезеңінде ауызша тіл дамыту басымырақ келеді
Материалды қабылдауы төмен болуына қарай оқушылар алған білім, біліп кішкене өзгертілген тапсырма болған кезде, оларға ол жаңа тапсырма боп көрінеді. Мұғалім жаңа материалды дұрыс таңдауы, түсіндіруі, оны оқушыларға меңгерту және өз бетінше іс тәжірибеде қолдана білуге үйрету үшін әр оқушының жеке басының мүмкіншілігін білу керек. Оқытуда ақыл-ойы кем дамыған балалардың өздерінің жеке дара психикалық-физикалық бұзылуларын ескермейінше нәтиже болмайды.
Әдебиеттер тізімі:
1. Выготский Л.С. «Балалардың психологиялық сұрақтары», М.Академия – 1999 ж.
2. Воронкова В.А. «Көмекші арнайы мектептегі балаларды тәрбиелеу және оқыту», Школа-пресс – 1994 ж.
3. Қ.Қ.Өмірбекова, К.Б.Бетаева «Ауызша сөйлеу тілін дамыту» әдістемесі – 2011 ж.
4. К.Бектаева, әдістемелік нұсқау, 2004 ж.
5. Р.А.Сүлейменова, Г.Ж.Есенжолова «Балалардыі сөйлеу тілін дамыту және сауаттылыққа үйрету», 2011 ж.