10 сынып Стандартты интерфейстік объектілер. MsgBox, InputBox функциялары.
Пән: информатика
Сабақ реті: 10 сынып Күні____________
Сабақтың тақырыбы: Стандартты интерфейстік объектілер. MsgBox, InputBox функциялары.
Сабақтың мақсаты:
Білімділігі: Стандартты интерфейстік объектілер. MsgBox, InputBox функцияларын үйретіп, жаңа білім негіздерін игерту.
Дамытушылығы: Білімділікке, сауаттылыққа, ойлау ұшқырлығын дамыту
Тәрбиелігі: Икемділік қасиетімен шабытты болуға тәрбиелеу.
Сабақтың түрі: Аралас сабақ
Оқыту әдістері: сөздік, көрнекі, практикалық
Сабақтың көрнекілігі: интерактивті тақта, компьютерлер
Оқыту формалары: жеке, топтық және ұжымдық.
Сабақтың барысы:
I) Ұйымдастыру кезеңі (2 мин)
II) Үй тапсырмасын тексеру (8 мин)
ІІІ) Жаңа сабақ (10 мин)
IV) Практикалық жұмыс (20 мин)
V) Бекіту (3 мин)
VI)Үйге тапсырма беру, бағалау (2 мин)
Өткен материалды қайталау сұрақтары:
Picture компоненті не үшін қолданылады?
Picture Box объектісінің негізгі қасиеттері?
Timer объектісінің негізгі қасиеттері?
Жаңа сабақ
Visual Basic’те айнымалы мәнін жадқа енгізу үшін Бейсикте пайдаланылатын Input (енгізу) операторы жоқ. Оның орнына стандартты сұхбаттық терезесі және онда мән енгізілетін өрісі бар InputBox (енгізу қорабы) функциясы қолданылады. Программада функцияны мынадай түрде жазуға болады:
< Атау > = InputBox (< атау > [ , “ < мәтін > “ ] )
мұндағы < атау > - айнымалы идентификаторы (атауы), жолдық айнымалы;
< мәтін > - InputBox функциясы терезесінің тақырып қатарына жазылатын символдар тізбегі;
Квадрат жақшалар ([, ]) – олардың ішіне ешнәрсе енгізбеуге болатынын білдіру белгісі.
Нәтижені MsgBox функциясының стандартты шығару терезесінде не формада шығару мүмкін (message – мәліметтер қорабы).
Мәнді MsgBox терезесіне шығару функциясының жазылу түрі:
MsgBox ( < атау> ) [, , “ < мәтін > “ ]
Мұндағы үтірлер арасындағы бір символдық бос орынға түйме нөмірін жазуға не жазбай бос тастап кетуге болады.
Ескерту. InputBox, MsgBox функцияларын басқа түрде (қысқаша) жазу да мүмкін. Мысалы:
x= InputBox “ < мәтін > “ ; MsgBox “ < мәтін > “
Бұлардың біріншісі енгізу терезесін шығарып, мән енгізілетін өрістің жоғарғы жағында көрсетілген орынға мәтінді енгізіп қояды. Екіншісі де шығару терезесі ішіне мәтінді енгізеді.
Мысал. х=4,6 үшін у=3х+5 функциясының мәнін табу керек.
Есепті Load оқиғасын және InputBox, MsgBox функцияларын пайдаланатын шешу тәсілі:
Ортаны ашып, форманы екі рет шерту (F7 клавишін басуға да болады). Form_Load атаулы процедура моделі енгізілген код терезесі көрінеді.
Процедура денесін енгізу:
Private Sub Form_Load( )
Dim X As Single, Y As Single
x=InputBox (x, “x=”)
y=3*x+5 : MsgBox (y), , “y=”
End Sub
Бейсикте массивтер ғана DIM операторы арқылы сипатталатын. VB’те бір процедура ішінде пайдаланылатын барлық айнымалыларды DIM арқылы сипаттау мүмкін.
Іске қосу командасын беру. Ол үшін аспаптар панелінің Start (Бастау) түймесін шерту, Run-Start командасын беруге не F5 клавишін басуға болады. Х мәні сұралатын InputBox (енгізу) терезесі көрінеді (1.8-сурет). Терезенің тақырыбында көрінген “Х=” жазуы – мәтіндік символдар тізбегі.
Терезенің төменінде көрінген мән енгізу өрісіне Х мәнін (4,6) енгізіп, ОК түймесін шерту (не КҚ клавишін басуға да болады.)
1.8-сурет. Енгізу терезесі.
Ескерту. Шығару терезесіне нақты санды енгізген кезде IBM Бейсикте қойылатын нүкте орнына әдеттегідей үтір (,) таңбасын қою керек.
Программа денесіне MsgBox функциясы енгізілгендіктен, экранға нәтижелік мән енгізілген MsgBox (шығару) терезесі шығады. (1.9-сурет).
Терезенің ОК түймесін шерту. MsgBox терезесі жабылып, экранда форма көрінеді.
Программадан шығу үшін Run-End (Іске қосу-Соңы) командасын беру не аспаптар панелінің End (соңы) түймесін шерту. Visual Basic бастапқы режимге қайтып оралады.
Ескерту. Процедура денесіне x=InputBox(x) командасының орнына меншіктеу командасын (х=4.6) енгізу де мүмкін. Программаға нақты сан нүкте (.) арқылы бөлініп енгізілуі тиіс (х=4.6).
1.9-сурет. Шығару терезесі.
Шығару терезесін пайдаланбай, нәтижелік мәнді форма терезесіне шығаруға болады. Ол үшін:
форманы таңдап, Proporties терезесінде көрінген оның Autoredraw (Өңделмеген), Enabled (Қосылған) қасиеттерінің мәнін True (Ақиқат) ету;
процедура денесіне енгізілген MsgBox функциясын Print операторымен алмастыру керек, мысалы: Print “y=”; y.
InputBox функциясы арқылы енгізілген аргумент мәнін де формада көрсетуге болады. Ол үшін жоғарғы қасиеттерді орнатып, процедура ішінде InputBox-ты меншіктеу командасынан соң Print “x=”; x операторын енгізу жеткілікті.
Print операторы (әдісі) берілгендерді басып шығару үшін де пайдаланылады. Берілетін команда:
Printer. Print <мәтін>
Мұндағы Print – басып шығару операторы;
Printer – принтер объектісі;
<мәтін> - программалық кодқа енгізілген бір қатарлық мәтін.
Printer объектісінің басып шығару параметрлерін орнататын қасиеттер терезесі жоқ. Оның әр қасиеті программа мәтінінде орнатылуы тиіс. Мысалы: a1$, a2$ айнымалыларының мәндері болатын мәтіндерді 14 пиксельдік шрифпен басу командалары:
а1$= “Біз студенттерміз,”
а2$=”олар да студенттер.”
Printer.FontSize=14
Printer.Print a1$
Printer.Print a2$
Ескерту. 1. Printer объектісінің қасиеттері мен командалары VB’тің анықтама жүйесіне енгізілген (Print Object).
Шрифті программа арқылы орнатуға болады. FontSize командасын екі команда арқылы жазу да мүмкін (Font.Size).
File-Print командасы терезеге енгізілген программаны толық басып шығады. Ал Іске қосу (F5), одан әрі End командасы берілсе, тек мәтіндер басылып шығады.
Код терезесіне түрлі оқиғаларды өңдеуіш бірнеше процедураларды енгізу мүмкін.
Программада айнымалыларды кіші не бас әріппен енгізудің айырмашылығы жоқ. Оны редактордың өзі кіші әріпке алмастырады. View-Code командасы бойынша ашылған жаңа код терезесінде процедура моделі жазылмайды, процедура тақырыбын қолдан теріп алу керек.
Жаңа сабақты бекіту (әр оқушының тапсырмасын тексеріп, қосымша сұрақтар қоямын).
Үйге тапсырма
Стандартты интерфейстік объектілер. MsgBox, InputBox функциялары.
Сабақты қорытындылау
Жаңа материалды пысықтау, оқушылардың меңгерген білімдерін талдау, бағалау.
Бағалау.
Мұғалім: Сыдыкова Н.З. Оқу ісі меңгерушісі_______________