English Dictation In Pictures
Республикалық «Өрлеу» («Вести непрерывного образования») журналына
Шетел тілін бастауышта оқыту: проблемадан - перспективаға
(Қарағанды қаласындағы №77 жалпы орта білімдік мектеп-балабақша кешенінің ағылшын тілі мұғалімі, жоғары санатты ұстаз МЫРЗАМҰРАТОВА Гүлнәр Көшекқызының тәжірибесінен)
Мақаламызда 1-4 сыныптағы English Dictation In Pictures тақырыбын қарастырудағы мақсатымыз - біріншіден, оқушының жасына және психологиялық ерекшеліктеріне сәйкес ағылшын тілін бастауыш сыныптарда оқытудың барынша тиімді жолдары мен әдіс-тәсілдері туралы әңгімелеу, екіншіден – баланың жасы мен қабілетіне сәйкесетін тапсырма-жаттығулар түрін ұсыну және білім сапасына қол жеткізу үшін жас мұғалімдерге әр сабақта позитивті-жаймашуақ ауан туғызуды үйрету.
***
Айтыңызшы, ұстаз, шетел тілін зерделетудің бастауыш мектептен енгізілгені үш тілдің арасында қалған баланың «басын қатырып» жібермес пе екен?
Отандық психологтардың пікірінше және Еурокеңес жанындағы халықаралық семинардың (Грац қаласы, 1998) ұсыныстарына сәйкес, шетел тілін балаға бастауыш мектеп шағынан, бес-алты жасынан бастап ерте оқыту тіл үйренбек үшін барынша қолайлы мезет саналады. Қазір біздің елімізде де шетел тілін зерделету бастауыш мектептен бастап енгізілді: оқу бірінші сыныптан, 6 жастан оқытылады. Осы тұста көптеген мүғалімдер, тіпті әжептәуір тәжірибесі барлардың өзі қиындық сезінуді, неге десеңіз, олар бұған дейін мұндай жастағы балалармен жұмыс істеп көрмеген ғой. Мұғалім тап болған бірінші мәселе: оқу мен жазуды өзінің ана тілінде жете үйрене қоймаған балаға ағылшын тілін қалай үйрету керек? Оның үстіне, балалар шетел тілімен қоса бірден тағы екі тілді: қазақша мен орысшаны үйрене бастауы тиіс. Сіз айтқандай, баланың басы қатып, сабаққа ынтасы азаймас үшін қалай оқытқан жөн?
Ең алдымен, оқытудың бастапқы кезеңінде олардың жас ерекшеліктерін және сол жасқа тән іс-әрекеттік бейімдерін ескеру орасан маңызды. Психологтар сөзімен айтқанда, «бұл кезеңде баланың қабілет-бейімін, талап-талғамын ескеру оның өзіндік психикалық процестер мен психологиялық ерекшеліктеріндегі басты өзгерістерді қажетті арнаға қарай дамытуға ықпалдасады».
Мектепке дейінгі жаста бала үшін өзін қоршаған әлемді ойын қарекеті үстінде тануы жетекші қасиет болса, алтыға толғанда оның орнын біртіндеп басқа әуестік басады: ойын қарекетін оқуға әуестік алмастырады. Десек те ойын баласының әлі де болса ойынға бет бұра беретінін есте ұстау керек. Бір жағынан, баланың оқуға-білуге, өзінің мектебіне деген белсенді қызығушылығы байқалады, екінші жағынан алғанда ойнауға деген қажеттік сақталады. Балалардың 9-10 жасқа дейін ойынға әуестігі қалмайтыны белгілі.
Іс-әрекеттің негізгі көрінісі сол әрекет арқылы оянып-дамитын мотивтер болып табылады. Осынау мотивация кезеңінде балаларды шетел тіліне баулуды ұйымдастыру сәтті боларын ескеріңіз!
Алтыжасарлар мен жетіжасарлардың оқуға деген ынта-әрекетін дамыту ойындық мотив қанағаттандырылған кезде қалыптасады демексіз ғой?
Жөн айтасыз. Егер баланың ойындық талабы қанағаттандырылмайтын болса, олардың тұлғалық дамуына айтарлықтай нұқсан келеді, сабақта жәй ғана отырғанымен, оқуға деген ынта баяулайды. Осы тұста енді баланың когнитивтік процестері деп аталатын психикалық үдерістерді талдауға келейік, өйткені бұл дегеніңіз оның қоршаған ортаны қабылдап, танып-білуін, ойлауын, жадын, назарын, түйсігі мен елестету қабілетін қамтамасыз етеді.
Назар салудың, есте сақтаудың және түйсініп қабылдаудың негізгі көрінісі – еріксіздік. Мәселен, материалды ұғындыру кезінде алтыжасарлықтар мен жетіжасарлықтардың назарын анық-айқын көріністер шапшаң тартады, яғни сабағымыз барынша көрнекті болса ғана бала эмоциясына әсер етеді. Алайда бала назарының тұрақсыздығын ескермесе тағы болмайды: олардың назары тек бірнеше минутке ғана тұрақтауы ықтимал. Балалар мұғалімнің ұзын-сонар түсіндірмесін (2-3 минуттан артық) қабылдап отыра алмайды, сондықтан да кез-келген тақырыпты әңгіме түрінде құрған дұрыс. Әсіресе алтыжасарлықтар жетіжасарлықтарға қарағанда қимылсыз ұзақ отыра алмайды, олар «қимылсыздықтан» шаршайды. Алтыжасар баланың жұмыс қабілеті сабақтың 10 минуты өтісімен-ақ саябырсиды. Мұны аңғарған мұғалімнің балалармен қимыл-қозғалысқа құрылған ойын өткізгені (музыкалы болса тіпті жақсы), сөйтіп «жұмыс түрін» ауыстыра қойғаны дұрыс.
Оқушы ықыласын бәсеңдетпеу үшін жұмыстың бір түрін екінші түрімен мақсатты тапсырамалар орындату арқылы алмастыра қою керек деңіз?
Иә, оқушылардың нені есте сақтауы керектігін аңғарта отырсаңыз болғаны тек, неге десеңіз алтыжасарлықтардың мнемикалық әрекеті (есте ұстау қабілеті) әлі жетіліп болмаған ғой. Оларда ырықсыз аңғару, яғни эмоциялық әрес етумен қызықтыру арқылы есте ұстау жағы басым. Сондықтан да материалды балалардың бірі-бірімен еліге қарым-қатынасқа түсу процесінде игерткен жақсы. Ойыншықтар мен кескіндеме-картиналарды мол пайдалану баланың бейнелі, ассоциациялы жадын дамытуға ықпал жасайды, ал мақсатты тапсырманы өзара әңгіме ұйымдастыру (ойлатып-сөйлету) арқылы орындатамыз.
Алтыжасарлардың елестету қабілетінің мейлінше ұшқырлығын сабақ үстінде шығармагерлікпен пайдаланған ұстаз ұтады. Яғни ойлау қабілетін дамыту - көрнекі әрекетті көрнекі бейнелеуге ұластыру деген сөз. Алтыжасарлықтардың осы ерекшелігін ескере келе, мәселен, түрлі-түсті текшелерді (кубиктерді) сөздік үлгілердің құрылымымен таныстыру кезінде пайдалану, ал ойыншықтар мен картиналарды балалар осыған дейін меңгерген тілдік (лексикалық және грамматикалық) қарым-қатынасты пысықтатып, іс жүзінде қолдана білуді ұйымдастыру кезінде пайдалану ұсынылады. Ойыншықтарды бірте-бірте картина-кескіндермен алмастыра білсеңіз, ойынның оқуға ұласуына қол жеткізгеніңіз.
Үлкендермен араласқан кезде балалар өзін-өзі тани бастайды, өз тұлғасының қаншалықты құндылығын білуге ұмтылады. Мұғалім балалармен қарым-қатынас ұйымдастырған кезінде, өзінің жалпы оқушылар тобына қарата айтылған ескертуін әркімнің өзіне арнап айтылған деп қабылдамайтынын естен шығармау керек. Яғни алтыжасар оқушы мұғалімнің күллі оқушыға айтып тұрған сөзін әр оқушыға қарата айтылған деп түсіне алмайды. Бұл жастағы бала мұғалім өзіне жекелеп (есімін атап) айтылған сөзге ғана мән береді.
Сонымен қатар оқушы бойында өз жадын өзі басқара білу қабілетін дамыту парыз, яғни олардың назарын нендей нәрсені есте сақтау керектігіне айрықша аудару қажет. Демек, балалар әріптің жазылуын, оқу ережесін, ережеге қайшы келетін жәйттерді, т.б. айрықша жадында ұстауы шарт.
Ой тереңіне салып есте сақтатудың бір амалы – материалды мәндес топтастыру, мәселен: сөздерді оқу ережелерінің ұқсастығы бойынша, тақырыптық ұқсастығы бойынша, грамматикалық мәні бойынша, қолдануы және түрленуі бойынша ұқсас құрылымдар, т.с.с. ұқсастықтары бойынша жаттату жөн.
Тіл үйренуде (ана тілін болсын, шетел тілін болсын) баланың танымдық дамуында көзбен қабылдау үлкен рөл атқарады емес пе?
Әрине, кішкентай оқушының азғалық жетілуінің физиологиялық ерекшелігін ескерудің маңызы бар. Жеткіншек жастағы оқушының миы мен танымдық қызметінің қалыптасуы туралы соңғы мәліметтер мектеп тәртібіне бейімделу кезеңінің оның физикалық, интеллектуалдық және эмоциялық мүмкіндіктері үшін орасан сынақ екендігін ғылыми түрде дәлелдеген. Ал арнайы нейрофизиологиялық және психофизиологиялық кешенді зерттеулер 7-8 жасар балалардың ми қыртысындағы уәзипалық (функционалдық) қырлардың жетілмеуі оның қалыптаспауына және көзбен көргені мен кеңістік қабылдауына сенсомоторлы тұрғыда үйлеспейтінін атап көрсетеді. Біріншіден, бұл жаста көзбен қабылдаудың жетіліп үлгермейтіндігі орталық ми жүйесінің қызметімен байланысты. Айталық, баланың геометриялық фигураларды есте сақтауы және оларды жазбай тануы ересектікіндей болады, ал әріптерді айыру жағы қиындау болады.
Мектепке түскен бала ана тілінде қарым-қатынасқа түсудің жаңа үлгілерін меңгере бастайды да, жазу және оқу үстінде – ауызша жатық сөйлеуін жетілдіре түседі. Оқу мен жазуды қалыптастыруда сөйлеу процесін жетілдірумен қатар нәзік моторикалы көру-кеңістікті бағдарлауын қамтамасыз ететін ми механизмдерін дамыту деңгейі айтарлықтай мәнге ие болады. Әріптерді тану механизмінің қалыптаспауы жылдам оқу дағдысын критерилеп бағалау кезінде тым абай болуды қалайды. Филологтар айтқандай, тіпті мұндай критерий барлық оқушыға бірдей қойылмауы тиіс. Ана тілінде оқу мен жазуды меңгеру кезінде балада байқалатын қиындықтар, жоғарыда айтқанымыздай, бұл функциялық механизмдердің жетілмеу факторын есепке алмағандықтан болуы ықтимал.
Балабақша табы кете қоймаған балалардың үлкендер тарапынан мақтап-көтермелеуді қалайтыны ескеріле ме?
Әлбетте! Кішкентай оқушылар үшін айрықша маңызды фактордың бірі де – жетістікке жеткендікті ескеру ғой, Оқытуды, сондай-ақ білім бағалауды ұйымдастырғанда оқушылардың табысқа жету жағын мадақтап отыру маңызды. Тіпті сәл жетістіктің өзі балаларды қанаттандырып, пәнге деген қызығушылықты молайтады. Мұғалім белсенділігі төмен балаға оң нәтижесімен көзге түсуіне мүмкіндік беретін тапсырма ұсынуы керек; сәл ғана алға басқандықтың өзін мақтап қойған дұрыс, мәселен: «Жігітсің, сен бұрынғыдан гөрі жылдам оқитын болдың», «әйбат әңгімелеп шықтың, жетістігіңе қуаныштымын» секілді көтермелеу тиімді. Бала шіркін мұғалім қойған бағаны сезімтал қабылдайды. Айталық, 7-9 жасар баланың өзі алтыжасарлықтар секілді, қандай да бір жеке тапсырмаға қойылған бағаны жалпы бағадан жоғары көреді. «Сен дұрыс орындамапсың» дегенді ол «сен жамансың» деп түсінеді – мұғалім өзін жақтырмайды екен деп ұғынады.
Жұмыс нәтижесі дұрыс болып шықпағанның өзінде, оқушыны келешекке жігерлендіріп қою дұрыс деңіз?
Білім бағалауда іс-әрекет компоненттерінің бәрі ескерілуі керек. Осынау жас-ерекшелігін ескере келе, Ш. А. Амонашвили (1984) жасаған мазмұндап бағалау жүйесін пайдалануды ұсынамыз, ал оныңыз төрт компонеттен тұрады:
1) балаға тұлға ретінде қарап, тілектес қарым-қатынас құру;
2) оқушының берілген тапсырманы орындауға бағыттаған күш-жігерін (тіпті сол күш-жігер оң нәтиже әпермесе де) атап көрсету;
3) оқушының алдында тұрған қиындықтарға және оның жіберген қателеріне нақты талдау жасау;
4) баланың жетістігін одан да гөрі жақсарта алатындығына жол сілтеу.
Бұл тәсіліміз оқушы үшін өзін-өзі бақылау құралы болып табылуы мүмкін: оқушы мұғалімнің бағалау критериін білуі керек, осы критерилерге бағдарланудың арқасында ол өзін-өзі бағалауға ұмтылады, «Үздік баға алу үшін, міне, қалай әңгімелеу (оқу, жазу) керек!» деген көзқарасы қалыптасады.
Бірінші сыныпта баға қойылмайды, сондықтан біздің мұғалімдер дүкендерде сатылатын стикер-смайликтерді, яки түрлі мультфильмдер мен комикс кейіптерін қолданады (егер оқушының жұмысы жақсы болса, мұғалім ашық бояулы стикер жапсырады, бұл оларға ұнағандықтан, олар көбірек стикер жинауға ұмтылады). Кейін сол стикерлерін санатып, дәптерде ұқыпты орындаған жұмысы үшін баланы ынталандыу мақсатымен жинаған бес стикеріне сәйкес жорналға «5» қоя алады. 6-10 жасар балалардың психологиялық ерекшеліктерін есепке алу және жетістігін одан әрі дамыту бастауыш мектепгегі оқу процесінің табыстылығында маңызды фактор болып табылады.
Баланың шет тіліндегі сөзді түсінуі құлағымен мұқият тыңдай білуі арқылы мүмкін болады емес пе?
Сөздің ауызша дұрыс дыбысталып жеткізілуін дамыту жалпы алғанда бастауыш мектептің маңызды мақсаты болып табылады, неге десеңіз бұл ағылшын тілінде оқу мен жазуға табиғи түрде көшу үшін қажетті коммуникативтік база алғышарттарын даярлайды. Мұның өзі шетел тілін мектепте ерте үйретуді әуелгіде сөздің ауызша дыбысталуына құлақ үйретіп, дәл сондай ауызша дұрыс дыбыстап айту принциптерін жүзеге асырумен бастаудың не себепті қажеттігіне көз жеткізеді.
Оқу процесіндегі аудио (аудирование) дегеніміз оқытудың көрнекі құралы әрі мақсаты болып табылады. Аудио тілдің үндік-дыбыстық жағын меңгеруге, оның фонемдік құрамын және интонациясын: ырғағын, екпінін, әуезділігін ұғынуға мүмкіндік береді. Аудио сондай-ақ балалардың өзара қарым-қатынасында лексикалық және грамматикалық тәсілдерді меңгеру құралы болып табылады. Білім беру құралы ретінде аудио: балалардың құлақпен естуі арқылы оқыту мәтіндерінің негізгі мазмұнын және ұқсас адаптациялы мәтіндер мазмұнын көрнекілікке сүйене отырып түсіне алуын дамытады. Адио механизмдерін қалыптастыруға бағытталған арнайы жаттығуларды қолдану сөзді есту бойынша түсінуге мүмкіндік береді. Мұндай жаттығуларды оқытудың бірінші-екінші жылында қолдану ұсынылады. Жаттығулардың негізгі мазмұны фонематикалық естуді дамытуға құрылған: түрлі дифференциялы (ұзақ және қысқа, тісаралық және ысқырықты т.с.с.) дыбыстарды айыруға, мәселен,
дифференциалды [i – i:] дауысты дыбысын айыруға:
«Дональд Дак маған өзінің сағаты біресе алға кететінін, біресе артта қалатынын айтты: [tik – ti:k].
- Дональдтың сағаты қалай алға кетеді? [tik – tik – tik]
- қалай артта қалады? [ti:k – ti:k –ti:k]
Егер қысқа [i] дыбысын естісеңдер, алақандарыңды бір рет, егер ұзақ дыбыс естісеңдер екі рет соғыңдар: [i:]: [ ti:k – tik – tik – mi:t – milk], etc.
сөздердің фонетикалық талдауына:
«[t] дыбысы бар сөзді естігенде, алақандарыңды соғып қалыңдар: sandwich,
orange, TV set, juice, tomatoes, etc.»;
«Винни-Пух мектепке жиналуда. Айтыңдаршы, осында қандай мектеп жабдықтарындағы дыбыстар жасырынып тұр?».
Winnie-the-Pooh: [р].
Children: pencil, pen, pencil - case
Winnie-the-Pooh: [s].
Children: school, pencil, pencil-case
Жедел есте сақтауды дамытуға көмектесетін жаттығулар дегеніміз сөйлемдер, сөзтіркестер, шағын мәтіндер, оның ішінде ұйқасты, қысқаша тақпақтар болып табылады. Оқушылар бұл кезде әуелі мұқият тыңдап алып, сонысын қайталап айтып қабілет танытуы керек.
Ендігі бір жаттығулар мұғалім бастап берген сөйлемдерді балалардың өздері аяқтап шығуын көздейді.
Мысалы: What do animals like?
Teacher: Cats like....
P1: Fish.
P2: Milk, etc.
Teacher: Dogs like....
P3: Meat, etc
Негізгі тапсырма ағылшын тілінде оқудың техникалық дағдыларын қалыптастыруға құрылған: оқушылар алфавит әріптерін меңгеруі, дыбыстық-әріптік сәйкестіктерді меңгеруі, сөздерді, фразаларды және мәтіндерді олардың мәндік топтарға дұрыс бөле отырып ұғынуы тиіс.
Туған тілі орыс немесе қазақ тілі болып табылатын оқушылар үшін ағылшын тілінде оқуды меңгеру алфавиттер арасындағы айырмашылықтарға, ағылшын тілінің графикалық және орфографиялық ерекшеліктеріне байланысты қиындық туындатса, нендей тәсіл тиімді?
Ақиқатын айтқанда, Британия баспаларының бастуыш мектепке арналған оқулықтары сіз айтқан қиындықтарды, әрине, ескермейді (олар грек, неміс, француздан шыққан абстракты оқушыға бағдарланған ғой), сондықтан олдардағы оқу жүйесі біздің қазақстандық оқушыларымыздың көзқарасы үшін онша тиімді емес.
Бұл мәселені білім берудің алғашқы жылында шешудің түрлі жағдаяттармен анықталған бірнеше жолы бар. Бірінші жол – бүтін бір сөзді оқыту тәсілімен үйрету, мұндайда ағылшын тілін үйретудің минимальды бірлігі - сөз болып табылады, сол сөзіңіз оқыту техникасын меңгеруге мүмкіндік береді – сөздің графикалық бейнесін дыбыстау – оқу ережесі бойынша (мәселен, game) оның мағынасының ара-қатынасын аңғару, яғни оқыған сөзді түсіну. Яғни оқушылар әріп танудан соң бірден оны дыбыстау жолын, сөздің графикалық үлгісінен соң оның дыбысталу үлгісін өтеді: олар әріппен танысқан соң оқыту ережесіне сәйкес әрпі мен дыбысы ерекшелеу белгісімен көрсетілген жеке сөздерді оқи бастайды.
Екінші жол практикада өзінің тиімділігін көрсеткендіктен, көпшілік ұстаздардың қолдауына ие болған. Яғни бұл дегеніңіз дыбыстан әріпке көшу, сөздің дыбыстық үлгісінен графикалық үлгісіне өту жолы, ұғынықты айтқанда, дыбысты жазумен бейнелеу жолы. Бұл жолдарды білім берудің шартты мүмкіндіктеріне байланысты таңдау керектігін атап көрсетеміз: бір мектеп үшін жарамды жол екіншісіне жарамауы ықтимал. «Дыбыстан әріпке көшу» жолы мектепке келгенше ауызша сөйлеудің элементарлық дағдысын (ауызша кіріспе курстарды) өткен балаларды оқытқан кезде өте тиімді екендігін көптеген ұстаздар қуаттайды.
Арнайы атап айтарымыз, тілдік қызметтің барлық түрін – аудионы (тыңдауды), сөйлеуді, оқуды және жазуды - бір мезетте бастау жолы табысты бола қоймайды. Өйткені балалардың ағылшын сөздерін тыңдап, сөйлеп, түсіне алуы үшін кем дегенде бір тоқсан, тіпті жарты жыл уақыт керек болады.
Көбіне-көп жеміс беріп жүрген және көпшілік қолданатын «дыбыстан - әріпке» технологиясына тоқталайық. Бұл технологияның негізіне балалардың оқу дағдысының техникасын қалыптастыру алынған:
оқушының жас ерекшелігін ескеру;
ана тілін үйренудегі жетістігін ескеру;
баланың ана тіліне арқа сүйеуі;
оқу техникасын баланың өз ерік-күшімен меңгеруі;
баланы қарым-қатынастық қабілетін дамытуға (екінші біреумен білген сөздерін қолдана отырып тілдесуге) бағыттау.
Бұл «дыбыстан - әріпке» жолын белгілі психолингвист Е. Негневицкая бастауыш мектеп үшін түзіп шығарған. Бұл курс бойынша оқыту техникасы баланың алфавитті және оқу ережесін игеруі үшін транскрипцияны көзбен көріп меңгеруі қарастырылады, бұл дегеніңіз ағылшын тілінде оқи білу машығын айтарлықтай жеңілдетеді. Оқушылардың көпшілігі ережеге сүйенбестен, біркелкі оқылатын сөздерді жеңіл меңгереді.
Негізінде, кез-келген кісінің жеке тәжірибесі тілді ауызша сөйлеу түрінде шапшаң дамытуға болатындығын аңғартпай ма?
Жанды пікір! Кез-келген ұлттың баласы да ана тілінде оқып-жазуды ауызша сөйлеу дағдысы қалыптасқаннан соң бастайды, демек оқып үйрену ауызекі сөйлеу кезеңінен таныс тілдік материалды графикалық үлгіде тану үрдісіне ұласады екен.
Сонымен, «дыбыстан - әріпке» жолы кішкентай оқушыларымыздың жанына жақын әрі ұғынықты, яғни өз күшімен түйсініп оқуын (мұғаліммен, диктормен бірге имитациялы қайталап оқумен шектелмеуін) қамтамасыз етеді.
Мұндай жолдың тиімділігінің негізгі шарты ауызша сөйлеудің қажетті коммуникативті кіндігін қалыптастыратын – келешекте тілдік белгілер мен оқылым кезіндегі мәндерді жақсы меңгеруі үшін база түзетін ауызша кіріспе курс (1-2 тоқсандар) болып табылады.
Ана тілін үйрену шарттарына етене жақын тәсілмен оқу мен жазуға біртіндеп өтудің алғышарттары осындай.
Балаларды транскрипцияның ағылшындық белгілерімен таныстырмас бұрын, мұғалім оларға ана тіліндегі дыбыстар мен әріптердің арасындағы айырмашылықтарды, сондай-ақ ұзақ және қысқа дыбыс ұғымдарын мысалдар арқылы еске түсіруді ұсынады. Бұл жастағы балалар үшін тілдегі басымдық оның дыбыстық үлгісі болып табылады, яғни мұғалім:
Балалар, сөз неден жасалады?
Шоколадтан ба?
Ағаштан ба?
Қағаздан ба? – деп сұрағанда, олар «сөз дыбыстан жасалады» деп жауап береді.
«Дұрыс, - дейді мұғалім, - дыбыстар арнайы үйшіктерде тұрады» (сөйтеді де дыбыстарды атай тұрып, транскрипциясын тақтаға жазады немесе карточкада көрсетеді). Транскрипциялық белгілермен таныстыру реті (әр сабаққа 4 белгіден) балаларға ауызша кіріспе курстан таныс сөздерді жасау мүмкіндігімен анықталады. Сөйтіп балаларға транскрипцияны көрнекілік арқылы алфавит пен оқу ережесімен қатар меңгерту басталады.
Транскрипцияны қолдану балаларға дауысты дыбыстарды түрлентіп оқу кезінде, сондай-ақ оқудың негізгі ережелеріне бағынбайтын сөздерді оқуға көмектеседі. Практика көрсеткендей, оқушылар транскрипциялық белгілерді есте жақсы ұстайды, жоғарғы сыныптарда да бөгде мәтіндерді оқыған кезде транскрипцияны сәтімен қолданады, келешекте ҰБТ-ның фонетикалық тапсырмаларын орындау кезінде де аса қиындыққа ұрынбайды. Сондай-ақ бұл дегеніңіз сөздікпен жұмыс жасау үшін негіз қалайды.
Транскрипцияға баулыған кезде мұғалімдер мына жаттығуларды қолданады:
1. Транскрипция белгілерін оқып шығу. Оқулықпен жұмыс жасау мүмкіндігін кеңейту үшін дыбыстар жол-жолымен және нөмірімен реттелген, сондай-ақ бағандармен берілген. Сондықтан да бұл тапсырманы орындауға байланысты жаттығулар былайша берілген: «Екінші жолды оқыңыз» немесе «Бірінші жолды оқыңыз».
2. Транскрипцияда жазылған сөздерді оқып шығып, оның мағынасын айту. Бұл тапсырманы орындау үлестірме материалдар қолданғанда қызықты болмақ: балаларға жазылған сөзге сәйкес кескіндеме-картина таратылады. Сөздерді бәрі де оқып шығады, ал сөзге сәйкесетін картинасы бар бала бәріне сонысын көрсетеді.
Басқаша вариант: бір топ оқушы (5-6 бала) картинкалар жапсырылған тақтаға шығады. Балалар сөздерді дауыстап оқиды, ал тақта алдында тұрғандар сәйкес суреттерді табуы керек. Бірінші болып тапқан бала орнына жайғасады.
3. Транскрипцияланған сөздерді өзбетінше оқу және оларды тиісті суреттерге бекіту («Суреттерді сөздермен сәйкестендір»). Бұл тапсырманы қатармен, жұптармен, т.с.с. ұйымдастыруға болады. Мұндайда балалардың бір-біріне көмек беруіне кедергі жасамаған жөн.
4. Транскрипциядағы сөздерді өзбетінше оқу және түрлі тапсырмалар орындау: «Нүктелермен белгіленген транскрипциялық сөздерді қоршап шық», «Суреттердің астына сөз тауып жаз», «Өзің ұнататын жыл мезгілдері бейнеленген суретке сөз тауып жаз», «Транскрипциялы сөздерді оқып шық және жануарларды сәйкес түспен бояп шық», т.с.с.
Балаларға оқу техникасын меңгерту процесін түйсіктік үдеріс ретінде ғана емес, коммуникативті бағдарлану үшін де мынадай тапсырмалар ұсынылады: «Мына жазылғандар ішінен өзіңе ұнайтын тағамды таптың ба?» Мұғалім балаларға мына сөздер жазылған қатырмаларды көрсетеді:
[`ais kri:m], [keik], [mi:t] т.с.с. және парталас отырған балаларға бір-бірден таратады.
Парталас балалар жазылғандарды оқиды да, бұл тағамдардың ішінде өздері ұнататын тағамдар бар ма, жоқ па, сол туралы бір-біріне айтуға тырысады.
P1: I like meat. – P2: I don’t like meat. / I hate meat.
P1: I like milk. – P2: I like milk too
Балалар транскрипцияны үйреніп болған соң, алфавит үйрену басталады, әріптер көрсетіледі, балаларға әртіннен таныс транскрипциялар арқылы оларды оқудың ережесі түсіндіріледі. Мұғалім ана тіліндегі білімдеріне сүйене отырып (дауыссыз-дауысты, үнді-ұяң), балалармен бірге ағылшын әріптерінің құпиясын ашады. Мұндайда балалар үйренген немесе ауызша меңгерген сөздерді ғана оқиды.
***
Сөз соңында шегелеп айтарым: сабақ кезінде оқушылардан үйретілетін тілде ғана сөйлесу керектігін талап ету (оқушы небары біренеше сөз ғана білетін кезден бастау) өте-мөте қажетті! Сабақта рым-қатынас қол басындай қуыршақтармен сахнада ойнау арқылы немесе ойындар мен жаттығулар арқылы жиі жасалуы керек. Оқушыларды белсендіру үшін шағын әндер мен ұйқастарды кең қолданған жақсы, өйткені бұл жастағы балалар тілдің әндей әуезін өте тез қабылдап, мимикалық акцентті қапысыз үйренгіш келеді ал әндер мен тақпақтар есте сақтау процесін жылдамдатады.
Сұхбатты ұйымдастырып, баспаға даярлаған:
Назипа АСҚАР,
ҚЖО мүшесі HYPERLINK "http://vsesdal.com/aukfiles/i0/i43/cat4340/02_nikitenko_3qqexp6d422l.pdf" \l "page=11" \o "Страница 11"
Материалға ұстаз Г. К. Мырзамұратованың фотосуреті (екі сурет) қоса берілген. HYPERLINK "http://vsesdal.com/aukfiles/i0/i43/cat4340/02_nikitenko_3qqexp6d422l.pdf" \l "page=12" \o "Страница 12"
HYPERLINK "http://vsesdal.com/aukfiles/i0/i43/cat4340/02_nikitenko_3qqexp6d422l.pdf" \l "page=13" \o "Страница 13"
HYPERLINK "http://vsesdal.com/aukfiles/i0/i43/cat4340/02_nikitenko_3qqexp6d422l.pdf" \l "page=14" \o "Страница 14"
HYPERLINK "http://vsesdal.com/aukfiles/i0/i43/cat4340/02_nikitenko_3qqexp6d422l.pdf" \l "page=15" \o "Страница 15"
HYPERLINK "http://vsesdal.com/aukfiles/i0/i43/cat4340/02_nikitenko_3qqexp6d422l.pdf" \l "page=16" \o "Страница 16"
HYPERLINK "http://vsesdal.com/aukfiles/i0/i43/cat4340/02_nikitenko_3qqexp6d422l.pdf" \l "page=17" \o "Страница 17"
HYPERLINK "http://vsesdal.com/aukfiles/i0/i43/cat4340/02_nikitenko_3qqexp6d422l.pdf" \l "page=18" \o "Страница 18"
HYPERLINK "http://vsesdal.com/aukfiles/i0/i43/cat4340/02_nikitenko_3qqexp6d422l.pdf" \l "page=19" \o "Страница 19"