?АЗА? ТІЛІН ?АЛАЙ ТЕЗ ?ЙРЕНУГЕ БОЛАДЫ


ҚАЗАҚ ТІЛІН ҚАЛАЙ ТЕЗ ҮЙРЕНУГЕ БОЛАДЫ?
   Жасырып қайтеміз, біздің ана тіліміз заң жүзінде Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі мәртебесіне ие болғанымен, әлі күнге еңсесін тіктеп, қанатын кеңге жайып кете алған жоқ. Ана тіліміздің болашағына алаңдап, қайтсек жағдайды түзейміз деп бас қатырып, айғай сап алаңға шығып, биік мінберлерден жалынды ұрандар айтып жатқан азаматтарды да көріп жүрміз. Тілдің қолданыс аясын кеңейтуге өз әлінше үлес қосып, қазақ тілінде мектеп, колледж, университеттерге керек оқулықтар мен оқу құралдарын жазып, үнсіз игі істер тындырып жүрген зиялы азаматтар да бар. Қаншама жылдан бері қазақ баспасөзінде қалам ұстап жүрген менің де бұл мәселеге қабырғам қайысады.
    Своик деген саясаткерсымақтың: “… государственным языком в Казахстане является русский. В том числе, благодаря необратимо состоявшемуся русскоязычию казахских элит. Казахский же язык, исходя из тех же реалий, рано или поздно придется превращать во второй” деген сөздерін баспасөзден оқып талай қазақ намыстан жарыла жаздаған. Таяуда қазақтың лауазымды бір шенеунігі өзін қазақша сөйлету үшін миын ауыстырып салмаса болмайтынын мәлімдегені Своиктің сол сөзін тірілткендей болды.    Негізі тіл үйренуге мүлде қабылетсіз адам болмайды. Тіпті ақыл-есі шектеулі адамдардың өзі де әйтеуір бір тілде сөйлеп, оқып, жазып біледі ғой. Бұрын қазақ мектебін бітірген қыз-жігіттер оқу іздеп ауылдан қалаға келгесін, тез арада ортаға бейімделіп, қиналса да сабақты орыс тілінде оқып, тым жақсы маман боп шығып жататын. Бір орысы жоқ қазақ ауылдарынан шыққан ер балалар армияға барғасын, екі жылдың ішінде орыс тілін үйреніп қайтушы еді. Былайынша еңбекқор, пысық жандар болса да қазақ тілін үйренуге ерінетін, тіпті өздерінің жалқаулығын жасыру үшін: «Менің тіл үйренуге түк қабылетім жоқ, қанша оқысам да миымда тұрмайды» дейтіндер толып жатыр.    Қанша жылдан бері қазақ тілін үйрететін (тіпті тегін!) курстар ашылып, тілашар сөздіктер, түрлі оқу құралдары шығарылуда. Алайда, басқа ұлтты былай қойғанда, “шала қазақ” атанып жүрген қала қазақтарының да қазақшасы жақсарып кеткен жоқ. Оның себебі неде? Жағдайды қалай түзетуге болады?    Кезінде шетелге оқуға кетерде ағылшын тілін үйренуге талаптанып, тіл үйрену курстарына барғаным бар. Өзім бастан кешкен сол жағдаймен іштей салыстыра отырып, бірнеше ұсыныс жасағым келеді. Ең алдымен, тіл үйренуге ниеттенген адам сол тілдің өзіне не үшін керек екенін анықтап алуы керек. Жәй әйтеуір, қазақша білмейсің деп тиіскендердің ауызын жабу үшін үйренемін дейтіндерден түк шықпайды. Ең әуелі, адам алдына нақты мақсат қою керек. Мақсат қоймасаңыз, тіл үйренуге  талпынысыңыздан түк нәтиже болмайды. Мәселен шетел тілін үйренетіндер көбінесе, ағылшын, (неміс, т.б.) міндетті түрде білуді талап ететін, табысы жоғары ірі компанияларға қызметке орналасуды, немесе мәртебесі биік жоғары оқу орынына түсуді, болмаса шетелдік біреуге тұрмысқа шығуды, не шетелге саяхаттауды алдына мақсат етіп қояды. Ал енді біздің жағдайымызда, қазақ тілін үйренушілер, меніңше, мынадай мақсат қоюы мүмкін:• Атасынан, не бабасынан қалған әдеби мұра, көне қолжазбаларды жарыққа шығару үшін,• Қазақ халқының әдет-ғұрып, салт-дәстүрін зерттеу үшін.• Ата-анасының қазақша жазған еңбектерін, шығармаларын оқып, білу үшін, жарық көрмеген күнделіктері мен қолжазбаларын кітап қып шығару үшін.• Таза қазақтар тұратын ауылдық жерлерге барып, өз бизнесін ашу үшін.• Т.б. тек өзіңізге ғана қажет мақсаттар үшін.    Өз мақсатына қарай нық қадам басқан адам, тілді де қоса қабат үйрене бастайды. Әрі тілді ләззат ала, сүйсіне үйренбесе, бәрі құр әурешілік. Негізі адам тек тіл үйренуде ғана емес, кез-келген жұмысты істегенде сүйсініп, рахаттанып орындаса ғана ісі алға басады ғой.   «Оқу инемен құдық қазғандай» екені бәрімізге белгілі. Сондықтан маңдай теріңді төгіп, көз майыңды тауысып, байыпты түрде шұғылданбасаң, жан қинамай тіл үйрене салу деген - бос қиял. Қазір шетел тілдері заманауи технологиялардың көмегімен үйретілуде. Солар сияқты аудио, видео жазбаларды, онлайн сабақтар мен семинарларды қазақ тілін үйретуге қолданса, тамаша болар еді, мен сондықтан оны қос қолымды көтеріп, қолдаймын.    Қазір тіл үйрететін бағдарламалар көп. Таңғажайып нәрселер тек ертегілерде ғана болатынын ұмытып, көбінесе, «25-кадр» дегендерге, не ұйықтап жатқан кезде гипнозбен тіл үйретуге болады дегендерге иланатын адамдар да болады. Бірақ, ағылшын тілін бір айдың ішінде, немесе 2 аптаның ішінде мүлтіксіз үйретеміз деп уәде беретін жарнамаларға қалай сенбесем, қазақ тілін де заманауи технологиялардың көмегімен, қысқа мерзімде тез үйретуге болады дегенге өз басым сене алмаймын. Ондайлардың тездетіп табыс табудан басқаны ойламайтын жандары екені, тек көкейлерін ақша тескені көрер көзге көрініп тұрады. Осыған абай болған жөн.   Ойлап қарасақ, тіпті ана тілі туғаннан анасының әлдиімен құлағына сіңіп, таза қазақы ортада өскен жас нәрестенің өзі де ең кемі оншақты тілді жақсы меңгеріп шықпай ма?! (Бұл сөзді естіп зәреңіз ұшпай-ақ қойсын…) Өйткені балаларға қарағанда, сана-сезімі қалыптасқан ересектер алдына дұрыс мақсат қойса, қарқынды түрде тіл үйренуге қабылетті. Әрі кеткенде бір жыл үздіксіз үйренгенде, қазақ тілін өте керемет болмаса да, бір адамдай меңгеріп шығуға болады.    Ол үшін ең алдымен, алфавиттен, яғни ғ, қ, һ, ң, ө, ү, ұ, ә әріптерін дұрыс айтуды үйренуден бастау керек. Өйткені кез-келген тіл дыбыстардан тұрады, ал дыбыстар әріппен белгіленеді. Оларды дұрыс меңгермей, естіген сөзді сауатты жазу, сөздікті емін-еркін қолдану мүмкін емес. (Менің қазақ мектебінде оқыған балам кезінде дұрыс мән бермегендіктен, шаң дегенді шан, аң дегенді ан деп жазып, әлі күнге ң әріпін қай сөзге қолдану дұрыс екенін білмейді.)    Содан соң сол әріптерден тұратын сөздерді үйрене бастайды. Тіл үйренуге кірісерде міндетті түрде адам өзіне шектеулі уақыт қоюы керек. Мәселен, бәлен айда жаңадан мынша сөз үйренемін, күніне мынша сөз деген сияқты. Осы жоспарды сөзсіз қалтқысыз ұстауға тырысуы керек, және бұның кез-келген іске қатысы бар: егер бір істі уақытында істемесеңіз, оны ешқашан істемейсіз. Алайда сан қуалап, сапаны ұмытуға болмайды. Тек жай ғана сөз қорын жасаудың керегі шамалы, оның сапасы маңызды. Қазақша еркін сөйлей алмайтын адамның да өзінің азды-көпті сөз қоры болады. Оқып, сараптама жасап, жаңа сөздерді кітаптардан, интернеттен тауып, көңілге тоқып жүру керек. Оқулықтар мен оқытушылар кейде сізге керегі жоқ сөздерге басыңызды толтырып қоюы да мүмкін, сондықтан адам өзіне керек сөздерді іздестіріп жүруі керек!    Ал енді тіл үйренудің қарапайым, бірақ «өте құпия» технологиясын ашайын: жекелеген сөздерді жаттаудың еш мәні жоқ. Мән-мағынасыз жаттаған сөз ешқандай ақпарат бермейді, ал біздің жадымыз тек өзіне қызықты нәрсені ғана есте сақтап қалады. Мәселен, құрт деген сөзді алайық. Құрт деп ашыған сүттен жасалған тағамды айтамыз. Құрт деп алмаға түскен жәндікті айтамыз. Құрт деп, бірнәрсені көзге көрсетпе, әрі әкет деген мағынада айтамыз. Сондықтан сол сөздерді қысқа сөйлем күйінде есте сақтауға тырысу керек. Ол үшін кішкене балалар сияқты қысқа тақпақтар жаттап алған есте жақсы сақталады. («Аю отыр партада, екі қолы қалтада»... деген сияқты). Сонда аю, қол, қалта, отыр деген бірнеше сөз бірден есте қалады.    Сол сөздерді, ұнаған сөз тіркестерін күн сайын сөздік дәптерге нөмірлеп жазып, ара-тұра қайталап тұру өте пайдалы. Қолмен көшіріп жазудың өзі адамның жадын жақсартуға көп септігін тигізеді. Сол қолымен немесе бір парақ қағазбен қазақша сөздерді жауып қойып, орысша жазылғандарды оқып, қазақша мағынасын еске түсіріп отыру керек. Тура мектептегідей. Ал шетел тілін үйретушілер көбіне бір жағына орысша, бір жағына ағылшынша сөздер жазылған картон карточкалар қолдануға кеңес беретін. Меніңше, олар майысып, мыжылып әр жерде қалады, одан гөрі арнайы сөздік дәптер ашып қойған дұрыс. Көшеде көлік тығынына кез болғанда, уақыт жоғалтпай, сөздік дәптеріңді қарап отыру қолайлы емес пе?! Алғашқы нәтижелерге қол жеткізген соң, қазақ тілін үйрену әдетке айнала бастайды. Тек құр сөз үйренудің жеткіліксіз екенін кез-келген адам біледі. Сөйлем сөздерден тұрғанымен, сол сөйлемді қалай дұрыс құруға болатынын білу маңызды. Сондықтан грамматикаға жиірек үңіліп, мейлінше көбірек тыңдап, дауыстап оқу керек. Әрине пайдалы екенін бәрі білгенімен, оны солай істейтіндер аз. Шынымен де өзіңізді барынша ұзақ оқуға зорлау оңай емес, сондықтан өзіңізді-өзіңіз бірдеңемен «марапаттауды» ойлап тапқаныңыз жөн. Мәселен, менің бір құрбым «3 парақ мәтінді дауыстап оқысам ғана, жақсы көретін кәмпитімді жеуіме болады» деп, өзіне-өзі “сыйлық” жасауды әдетке айналдырған еді. Әрине, күлкілі. Бірақ, керек. (Бұл - оның емес, Павлов деген бір ғұламаның ойлап тапқан тәсілі.)   Қазақша  ойлап, қазақша  сөйлеу керек. Қалай дейсіз ғой? Өмірде жиі қайталанатын, қарапайым ойлардан бастау керек. Мәселен, «Что-то я проголодался – Бір түрлі қарным ашып тұрған сияқты», «На сегодня хватит – Бүгінге осы да жетер», «Чем пахнет – Ненің иісі аңқып тұрған?», т.б. Күні бойы өз ойыңызды қадағалап жүріңіз, әрі соларды қағазға түсіріңіз. Оларды орысшадан қазақшаға сөздіктің көмегімен аударып, интернеттен баламасын тауып, дәптерге жазып, есте сақтау керек. Ол сөздерді бірнеше рет дауыстап айтып жүру керек. Бірте-бірте қазақша ойлау әдетке айнала бастайды. Сол кезде сізбен сөйлесетін, ойыңызды тыңдайтын қазақ тілін үйренгісі келетін тағы біреу қасыңызда болса, тіпті жақсы болар еді.   DVD-ден қазақша фильмдер көрген де тіл үйренуге пайдалы. Бірақ кино көріп отырған кезде қасыңызға дәптер, қалам және сөздік қойып отырасыз. «Паузаға» басып қойып, сөздікті қопарып, қағазды аямай жаза берсеңіз, сөздік қорыңыз байи түседі. Құдайға шүкір, талантты жазушы Тұрысбек Сәукетаев басқаратын «Хабар» Агенттігінің дубляж бөліміндегі аудармашылар мықты. Олар аударған талай көркем фильмді көгілдір экраннан алдын-ала жазып алып, қайталап көруге болады. Дубляж жасаушы актерлердің дауыстары да естір құлаққа жағымды және анық. Сондықтан сөздердің қалай дыбысталуына ерекше мән берген жөн.   Қазақ тілін үйрену үшін МРЗ плеерлерді қолдану да пайдалы, бірақ құр сөздерді тыңдай беру мезі қылары сөзсіз, музыка тыңдауға не, көңілді бірдеңе тыңдауға көңіліңіз шабуы мүмкін. Сондықтан мен сіздерге бірнеше «құпияны» ашайын. Біріншіден, бастапқыда онша күрделі емес, қызықты да қысқа әңгімелер тауып алыңыз. Екіншіден, сіз егер қазақша аудио-кітап, немесе қандай да бір қазақша мәтін тыңдауға кіріспес бұрын, соның қағазға басылған нұсқасын тауып, алдымен соны оқып шығыңыз. Үшіншіден, соның орысша нұсқасы да қол астыңызда болғаны дұрыс. Бұндайды тек бастапқы кезде қолдануға болады. Өйткені адамның оқу, есту қабылеті жан-жаққа шашырап кетеді. Субтитрмен берілетін кинолар да солай болады. Кейбіреулер көркем фильмдердің астындағы субтитрлерді оқи отырып қазақ тілін үйренуге болады дейді, меніңше бұл қате ұғым. Кино көріп отырып, субтитрге үңілген адам, киноны дұрыстап көре алмайды да ғой. Төртіншіден, өзіңіз ұнататын сүйікті әндеріңіздің мәтінін тауып алып, оқыңыз. Негізі музыкасын тыңдап отырып, қазақ әндерін үйрену пайдалы да қызықты болады.    Қазақ тілін үйренемін деушілердің бәріне тіл үйренгіңіз келген екен, шыдамды болыңыз, сабырлы болыңыз, тез үйрене қоймадым деп күйгелектенбеңіз, Абай атамыз айтқандай, «Ақырын жүріп, анық бас, еңбегің кетпес далаға» дер едім. Тек ерінбеңіз. Иә, еріншектік қашанда бәріміздің қыр ізімізден қалмайтыны рас, ал біз әлсіз пендеміз. Бірақ еріншектікке ерік бермей басып тастай білуіміз керек.   Әрине, біздің бәріміз де жұмыс істейміз, шаршаймыз, бірақ кешкісін үйге келгесін, ең болмаса, жарты сағат қазақ тілін үйренуге уақыт табуға болады ғой. Негізі, көптеген ғалымдардың айтуынша, мидың тың кезінде, таңертеңгілік уақытта үйрену өте тиімді болатын көрінеді. Ал егер, алдына қойған мақсатына қалай да тез жеткісі келген адам, ешқандай сылтау, себеп іздемей, қазақ тілін үйренуге баса көңіл аударатыны сөзсіз.