Жасай бер, ?аза?стан! шы?арма


ШҚО, Глубокое ауданы, Верх – Березовка кенті
«Верх – Березовка орта мектебі» КММ
Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі: Мырзаханова Сая ТорехановнаЖасай бер, Қазақстан!
Ғасырлар бойы зарыққан, аңсаған арман болған күн – азаттық! Бір кездері асқақтап, шалқақтап, паңданған – азаттық! Сені ата – бабаларымыз көк мұз жастанып, ақ қар жамылып, долы дауылға қасқайып, жауларын жасқап жүріп, бізге, келешекке, ізбасар ұрпаққа алып беруге талпынып өтті емес пе? Сенің жолыңда менің халқым не көрмеді десеңші! Ашаршылықты да, отаршылықты да, езгіні де, тепкіні де шақшадай басын шарадай қылып көрді емес пе? Біз үшін, қазақ елінің қамы үшін жарғақ құлақтары жастыққа тимей, ұлан байтақ ұлы даласын қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай, қызғыштай қорып өтті емес пе ата – бабаларымыз! Сол ата – бабаларымыздың арманы болған «азаттық» - «тәуелсіздік» болып, міне, біздің уысымызда тұрсың. Бұл күнге жеткен де бар, жетпеген де бар. Кеше ған қаз тұрып, тәй – тәй басқан баладай егемен ел едік, енді міне аяғымен нық тұрып, жан – жағын бағдарлай алатын, тәуелсіз ел болдық. Содан бері тұғыры биік тәуелсіздігімізге ширек ғасыр - 25 жыл. Қысқа мерзім ішінде Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың парасаттылығымен әлемге танымал болып, елу елдің қатарына қосылдық. Сан ғасырлық тарихы бар еліміздің өткен белесіне көз жүгіртсек: ата- бабаларымыз өз жерін, елін қар жамылып, мұз жастанып, ақ найзаның ұшымен жаудан қорғаған ұлан байтақ жерін келешек ұрпаққа аманат етіп қалдырды. Ат құлағында ойнап, елін – жерін жаудан қорғаған ерлеріміздің ерлік істері тарих беттерінде алтын әріппен қалды. Туған жерінің бір уыс топырағын қастерлеп, қолына қару алып, байтақ та дархан жерін жаудан қорғаған ерлеріміздің істері – зор мақтаныш!
Тұғыры биік тәуелсіздік – қазақ халқына бақ – береке әкелді. Даналығымен, батырлығымен, парасаттылығымен ел мұңын, халық сырын, тарих үнін түсіне білген, халықтың басын қосқан, халық мүддесі жолында, табандылығын да, тапқырлығын да таныта білген Елбасымыз – қазақ халқының күшін тасытты, мәртебесін көтерді, қазақ елін аса іргелі елге айналдырды.
«Барша халқымыздың ең басты құндылығы – Тәуелсіздік!...» – деп Елбасымыз айтқандай, ең басты да, негізгі құндылығымызды сақтау қазақстандықтардың, қазақ жастарының қолында екенін әр азамат ұмытпай жадында ұстауы керек. Татулығы пен ынтымағы жарасқан, ұлттық мәдениеті мен діні үйлесім тапқан елде өмір сүру мен үшін үлкен бақыт! Қазақтың асқақ беделінің нышаны - көк туымыз желбіреп, әнұранымыз – асқақтап, Тәуелсіз Қазақстанымыз тек биік шыңнан көрініп келеді. Бақытты өмір сүруімізге ұйытқы болып отырған мекеніміз – Қазақстанды көзіміздің қарашығындай сақтап, ардақтайық! «Сен де бір кірпіш дүниеге, тетігін тап та бар қалан...» - деп Абай атамыз айтқандай, болашақта мен де еліме, жеріме өзіндік үлес қосар азаматша болармын деген сенімдемін. Кеңпейілді, қонақжай халқы бар, әлемге танымал даңқы бар, парасатты басшысы бар осынау менің атамекен қонысымның сүрер ғұмыры ұзақ болғай! Елі үшін туып, елі үшін жанын беруге даяр азаматтарымыз көп бола бергей! Тәуелсіздігіміз мәңгілік болсын! Жасай бер, Қазақ елі! Жасай бер, Қазақстан!