Халы?ты? салт-д?ст?рлер негізінде б?лдіршіндерге т?рбие беру жолдары


Баяндама: Халықтық салт-дәстүрлер негізінде бүлдіршіндерге тәрбие беру жолдарыЕліміздің болашағы - жас ұрпақты тәрбиелеуде бірінші бесік - отбасы,  ата-ана тәрбиесі болса, екінші бесік-білім білім беру мекемесі. Сондықтан да қазіргі заманға сай халқымыздың ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан салт дәстүрі мен әдет-ғұрыптарын қымбат қазына ретінде бағалап, балабақшадағы тәрбие жұмысын кеңінен ұйымдастыра білуіміз керек. Адам баласы дүниеге келгеннен бастап, үнемі салт-дәстүр аясында өседі. Бала тәрбиесінде халыктың, тұрмыстық салт-дәстүрлердің туу себептерін, даму ерекшеліктерін ашып көрсетудің тәрбиелік мәні зор. Мектепке дейінгі мекемелердегі балалардың жасерекшеліктеріне сай ата-баба дәстүрі мен халықтың педагогикасын басшылыққа алып, тәрбие жұмысын ғылыми негізде ұйымдастырып, ұтымды жүргізе білуіміз қажет.  
Балабақшадағы тәрбие – барлық тәрбиенің бастамасы. Тәрбиеші балаларды адам мәдениетінің әлеміне, күрделі және алуан түрлі қарым-қатынастардың әлеміне ертетін үлкендердің бірі. Қазіргі кезде ата-ананың сұраныс деңгейі биік. Өскелең жас ұрпақты рухани-адамгершілік қасиеттерге тәрбиелеу мәселесі қазіргі заманымызда өзекті болып отыр. Балалардың білім беруде, адамгершіліктің ең құнды қасиеттерін бойына сіңіріп тәрбиелеуде, білім мекемелерінен, ұстаздардан, ата-аналардан шығармашылықты талап етеді. Баланы жан-жақты, дені сау, үйлесімді болып өсуіне ата-анасы қаржысын аямай ден қояды. Кішкентай жастан музыка, би, шет тілдер, спорттық үйірмелерге қатыстырады. Оның барлығы, әрине заман талаптарына сай, бірақ ең бастысы рухани адамгершілік тәрбие - тәрбиенің бастамасы екендігін ешқашан ұмытпағанымыз дұрыс.                                                                                                             
Жас ұрпаққа тәлім-тәрбие беруде өз халқымыздың педагогикалық аса бай мұраларын ұрпаққа беруде алатын орны ереше. Бала бақшадан бастап халқымыздың тарихын, мәдениетін, салт-дәстүрін, ұлттық тәрбие ерекшеліктерін терең білуге, құрметтеуге үйрету – міндеттіміз. Халқымыздың атадан балаға қалдырған халықтық педагогикасында, ғасырлар бойы жинақталған бай тәжірибесінде бала, ұрпақ, жастар арасындағы тәрбие мақсаттары жатыр. Мыңжылдық тарихы бар қазақ халқы өз ұрпағын өмірде, отбасында, тұрмыс-тіршілікте батырлық пен батылдыққа, әділдік пен адамдыққа, махаббат пен ізгілікке, инабаттылық пен имандылыққа үздіксіз тәрбиелеп отырған. Бұрын ата-әже тәрбиесіне көп көңіл бөлініп, баланы отбасы ғана емес, бүкіл ауыл болып тәрбиелеген.
«Үлкеннің алдын кеспе, бос шелекпен өтпе» деп баланы үлкендерді сыйлауға, жол беруге тәрбиелеген. Еңбекке, төзімділікке, ептілікке, шеберлікке, шыншылдыққа, ар-ұят, әдеп, үлкенді сыйлау секілді қасиеттерді үй ішілік карым-қатынастарда, тұрмыста ұрпақ зердесіне сіңіре білген бабаларымыз. «Сіз – деген сыпайылық, біз – деген көмек», «сыйға – сый, сыраға – бал», «Жаным десе жан семірер» деген мақал-мәтелдер арқылы игілікті істерге бастаған. Халық педагогикасының имандылыққа, адалдыққа, шыншылдыққа тәрбиелейтінін өмірдің өзі көрсетіп отыр. Сондықтан балаларды кіндік қан тамған жерінің қасиетті тарихы мен мәдениеті және тілін, салт-дәстүрі, әдет-ғұрып ерекшеліктерімен таныстыра отырып, рухани жоғары деңгейде тәрбиелеу ұлы мақсаттардың бірі болмақ. Бұл үшін мектепке дейінгі балаларға халықтық педагогика арқылы білім берудің маңызы ерекше. Қай заманда болсын есті де еңбексүйгіш, қайырымды ұрпақ тәрбиелеу парыз саналған. Әр халық өзінің тарихын жалғасыратын жас ұрпағын адалдыққа, әділдікке үндеп отырған. Бұл ретте ғасырлар бойы сұрыпталып, әр түрлі сыннан өткен салт-дәстүрлерімізді педагогикалық әдіс-тәсіл ретінде пайдаланамыз. Мысалы, санамақ, жаңылтпаш, ертегілер арқылы білім бере отырып балабақшадағы балалардың тілін, ойын дамытамыз. Халық педагогикасы үнемі даму үстінде. Жаңылтпаштардың жаңа түрлері тек тіл ширатып қана қоймай, дүние танытады. Тіл дамыту, көркем әдебиет сабақтарында балалардың сөздік қорын молайтады, тәрбиелейді. Солардың бірі:
Былдыр –  былдыр бүлдіршін,
Бұл бір білгір бүлдіршін,
Білгір бұл бір бүлдіршін,
Білгірлігін білдірсін, – деген жаңылтпаштан танымдық, тәлімдік мақсаттар толық көрінеді. Жаңылтпаштарды қайталай отырып, сөздік қорын дамытсақ, жұмбақ шешу арқылы ой-өрісін дамытамыз. Халықтың жиі қолданатын тәрбие құралдары мақал-мәтелдер, тыйым сөздерді тіл байлығын молайту, байланыстыра сөйлеуге дағдыландыру мақсатында қолданамыз. Мысалы, Наурыз айы, түске дейін мүйіз, түстен кейін киіз. Сәуір болса, күн күркірер, күн күркіресе көк дүркірер. Сәуір болмай, жауын болмас, жауын болмай, тәуір болмас. Міне халық даналығынан туған осындай мақал-мәтелдер бала танымына, қоршаған ортаны уақыт арқылы сезінуіне игі ықпал жасайды деп есептеймін. Математика сабақтарында санамақ, логикалық есептерді шешу арқылы балалар шапшаңдыққа , шығармашылыққа тәрбиеленеді. Баланың сабаққа ынтасын ұлттық ойын арқылы арттырып, қызығушылығын тудыру өз нәтижесін береді, Сабақта ұлттық «Моншақ тізбек», «Көкпар», «Бәйге», «Орамал тастамақ», «Қоржын» т.б. ойындарды қолдана отырып ұлттық тәрбиенің негізін балабақшаның балаларының бойына сіңіру тиімді болады деп есептеймін.
Қазақ ауыз әдебиетіндегі, әсіресе, балалар фольклорын дамытушы негізгі бір сала – балалар ойыны. Ойын – балалар өмірінің нәрі, яғни оның рухани жетілуі мен табиғи өсуінің қажетті алғы шарты және халықтың салтын үйренуде, табиғат құбылысын тануда олардың көру, есту, сезу қабілеттерін, зейінділік пен тапқырлықтарын дамытады. «Адам өркениетке бейім болуы үшін балалық шақты бастан кешуі міндетті, егер ойын мен қызыққа толы балалық шақ болмаса, ол мәңгілік жабайы болып қалған болар еді» деп К.Чуковский бала денесінің дамуы мен ой-дүниесінің өркен жаюы ойынға тікелей тәуелді екендігін атап көрсеткен. Қазақ халқының жылдар бойы атадан балаға жалғасып, қалыптасқан ұлттық дәстүрі, әдет-ғұрпы, тәрбие мектебі бар. Баршамызға белгілі, ойын арқылы баланың дене құрылысы жетіліп, өзі жасаған қимылына сенімі артады. Баланың бойында ойлау, тапқырлық, ұйымдастырушылық, шыдамдылық, белсенділік қасиеттер қалыптасады. Ойын дегеніміз – жаттығу, ол арқылы бала өмірге әзірленеді. Ойын – мектеп жасына дейінгі балалардың негізгі іс-әрекеті. Сұлтанмахмұт Торайғыров «Балалықтың қанына ойын азық» деп бекер айтпаған. Өйткені, ойын үстінде баланың бір затқа бейімділігі, мүмкіндігі және қызығуы анық байқалады. Ойын мазмұны мен түріне қарай: мазмұнды-бейнелі, қимыл-қозғалыс, дидактикалық, құрылыс, кейіптендіру ойындары болып бөлінеді. Мазмұнды-бейнелі ойында балалар ойын мазмұнын түсінікті етіп жеткізуге тырысады, оған қажетті құрал-жабдықтарды табуға талпынады, оларды дайындау үшін еңбектенеді, ал еңбек ұжымдық іс-әрекетке біріктіреді және шығармашылық іс-әрекетке бағдарлайды, балалардың өзара қарым-қатынасын реттеп, олардың бойында адамгершілік сапаларды қалыптастырады. Бала алған рөлдеріне сай кейіпкердің киімін киіп, қимылын, дауыс ырғағын мәнерлі жеткізуге тырысады, көркемдік сабақтардан (ән-саз, бейнелеу өнері сабақтары) алған білімдерін пайдаланады, қуыршақты ұйықтату үшін бесік жырын айтып әлдилейді, бейнелеу өнері сабақтарында жасаған ыдыс, үй жиһаздарын, қағаздан құрастырған заттарды ойын құралы ретінде пайдаланады. 
Баланы сергек сезімді, еңбексүйгіш азамат етіп тәрбиелеу ісін, оның жас ерекшелігін ескере отырып жүргізген жөн. «Ұлыңа бес жасқа дейін патшаңдай қара, он бес жасқа дейін қосшыңдай сана, он бестен асқан соң, досыңдай бағала», – деген халық баланы беске дейін еркін тәрбиелеудің, он беске дейін көмекшің деп қарауы, он бестен асқан соң, ақылшың деп санауды меңзейді.
Ал, бұл ғьлыми педагогикадағы баламен еркін сөйлесу, тең азамат санау, ашық сырласудың тәрбиелік мәнін қоштайтын ашық пікірлесу. Халық педагогикасында тәрбиелеу ісін баланың жас ерекшелігіне сай жүргізумен бірге, жеке бас ерекшелігін ескере отырып жүргізу қажет, барлық адамның мінез-қүлқы, қабілеті бірдей емес. Олай болса, бала мінезін жете түсініп, өзгешелігін еске ала білу керек. Баланың тәрбиесі туған өскен ортаға, ата-анаға, үлкендерге, олардың үлгісіне байланысты.
Қорыта келгенде адам баласы дүниеге келгеннен бастап тәрбиелеуді талап етеді. «Жас бала – жаңа өркен жайған жасыл ағаш тәрізді» – дейді қазақ халық. Жерге отырғызған жас көшетте өркен жайған жасыл ағаш болып, тамыры тереңдеп, жапырағы жайқалып саялы ағаш болып үлкейгенше мәпелеп күтіп, үзбей тәрбиелеуді керек етеді. Адам да сол тәрізді. Олай болса, ұстамды, көргенді, парасатты, түп-түзу, жып-жинақы, әсем бейнелі адамға қараудың өзі тым жарасымды. Жастарымыздың үлгілі, ішкі-сыртқы адамгершілік, эстетикалық саналары биік дәрежеде болуына барлығымыздың да ат салыса қатысуымыз қажет. Орыс жазушысы А.П.Чеховтың мынандай тамаша сөзі бар: «Адам бойындағының бәрі де, бет әлпеті де, жан дүниесі де, ақыл ойы да, киім-кешегі де әдемі болуы керек». Сол үшін де өмірдің жарқын сипатын, сұлу сымбатын, қасиетін үнемі басшылыққа ала отырып, халықтық педагогикамыздың бай мұраларын ұрпақ тәрбиесіне пайдалануымыз өте қажет.