Сценарий на тему 1-мамыр Ынтыма?тасты? ж?не бірлік к?ні
Бекітемін
Директордың тәрбие
жөніндегі орынбасары
__________________Ш.Жалелов
«____»__________2014ж
Құрманғазы аграрлы-техникалық колледжінің №7 топ студенттері арасында өткізілетін «Ынтымағы жарасқан туған өлкем – Қазақстан!» атты 1 мамыр Қазақстан халықтарының бірлігі күніне арналған тәрбие сағатының сценариясы.
Мақсаты: Халықтар арасындағы достықты нығайту, осы мақсатта студенттердің достық қарым-қатынастарын қалыптастыруды жалғастыру, Қазақстанның өркендеуіне достық арқылы өз үлестерін қосуға баулу.
Көрнекілігі: 1. Достық тақырыбына арналған топтардың арасында қабырға
газеттері.
2. Ұлттар достығын бейнелейтін суреттер.
3. Шара өтетін жерлерге кептерлер, күннің, гүлдің, шарлардың
көмегімен безендіру.
4. Видео слаидты пайдалану керек.
Қаперге беріледі: Залға балаларды отырғызғанда бірден үш топқа отырғызады.
Әнұран
Жүргізуші: Бірінші мамыр!
Достықтың ұлы мейрамы
Тоғысар сенде жандардың ізгі ойлары
Татулық пенен бірлікке ынтымақ, адамзат,
Өзіңді сәнмен қошемет етіп тойлайды!
(1 мамырға арналған видео-көрініс)
Қайырлы күн қымбатты ұстаздар, студенттер, бүгінгі шараға қатысушылар! 1 мамыр Қазақстан халықтарының бірлігі күніне арналған «Ынтымағы жарасқан туған өлкем – Қазақстан!» - атты тәрбие сағатына қош келдіңіздер! Қазақстан Республикасын мекен еткен 130 дан астам ұлт өкілі күні бүгінге дейін ынтымақтастыққа, бір үйдің баласындай тату-тәтті жарасымды тіршілік кешіп келеді. Жүзі басқа болғаны мен жүрегі бір, тілі басқа болғаны мен тілегі бір, мақсат-мүддесі ортақ, бірлігі мықты, достығы берік ұлттар қазақ елінің салт-дәстүріне, ұлттық құндылықтарына құрметпен қарайды, сондай-ақ қазақ халқының қарапайымдылығы, қонақжайлылығы, бауырмалдылығы үшін ерекше бағалайды, бастысы өздері қоныс тепкен Қазақстан жерінің барлық ұланымен ауыз бірлікте, туыс болуды көздейді. Бүгінгі шараның да мақсаты халықтар арасындағы достықты нығайту, осы мақсатта студенттердің достық қарым-қатынастарын қалыптастыруды жалғастыру, Қазақстанның өркендеуіне достық арқылы өз үлестерін қосуға баулу.
Жүргізуші: Қазақстан бүгінде ұлттар мен ұлыстар мекендеген достық пен туысқандықтың, ынтымақ пен ырыстың ордасына айналды. Елбасы Н.Ә.Назарбаев халықтар достығы бірлік пен татулық орныққан елдің жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан болуы керектігін ұлы міндет етіп қойды. Қазақстан халықтары осынау ұлы көштің басында қол ұстасып бірге жүрмек. «Қазақта бірлік болмай, тірлік болмас» - деген ұлағатты ұғым бар. Ендеше елімізде бейбіт өмір сүріп жатқан ұлттар мен ұлыстар өкілдерінің татулығы артып, Қазақ елінің нығайып, өркендеуіне өз үлестерін қосты. Оған айғақ міне бүгінгі біздің шарамызға қатысқан қонағымызбен таныстырайын.
Колледжіміздің ардагер ұстазы Золотовская Людмила Александровна.
Жүргізуші: Тілі басқа тілегі бір біргеміз,
Өздеріңмен жүздесеміз күнде біз.
Мақсат ортақ, бейбітшілік ұран боп
Татулықтан бұзылмасын іргеміз.
Мырзабеков Шерханның орындауында монолог.
«Бір кісі бармақтай құсты ұстап алып торға қамап қояды. Тұтқын құс күні-түні дамыл көрмей «Отан, Отан, Отан ...» деп шырылдай береді. Құстың иесі: «Мұнің да Отаны болғаныма, ал Отаны болса қайда екен?» құсты ұшырып жіберейін де, ұшқан жағына қарап, ғажайып елге апаратын жолды біліп алайын деп» деп ойлайды. Сөйтіп торды ашып, құсты босатып жібереді. Құс ұшып шығып бар болғаны 10 қадам жердегі тастақты тақырдың арасында өскен жалғыз түп тікенге барып қонады. Сөйтсе, әлгі бұтада ұясы бар екен «Демек құстың Отаны – ұя салған жері болды ғой» деп ойлайды жаңағы адам. Шынында да адам түгілі құстарда ұя салып, мекендеген жеріне бауыр басып кетеді екен! Міне, тыңдарман қауым сөзімнің соңын мына бір өлең жолымен қорытындылаймын.
Туған жердей жат елдің болмайтыны ақиқат
Оған көңіл толмайтыны ақиқат.
Алтын торда алтын құс өсірсең де, бұлбұл құс
Өскен бағы болмаса, қонбайтыны ақиқат!
Жүргізуші: Жүздерімізге шуақ, бойымызға қуат әкелген 1-мамыр Қазақстан Халықтарының ынтымағы мен бірлігі күні құтты болсын! Бүгінгі шараға қатысып отқан қонағымыз Людмила Александровнаға өз өміріңіз жөнінде яғни Қазақстанға қалай келдіңіз осы жөнінде баяндап берсеңіз.
(Сөйлеп болғаннан кейін)
Жүргізуші: Күте тұғын асыға әр күнін біз,
Арналатын ең тәтті ән жырымыз
Мерекелі мерейлі айдың басы
Құтты болсын Бірінші Мамырымыз!
Қазақстан Республикасының Президентінің жолдауы еліміз үшін де, әрбір тұрғын үшін де асыға күтер оқиғаға айналды. Жолдаудың әр жолында көңіліңді көтеретін жылы шуақ, елдің ертеңгі көрінісін көз алдыңа келтіретін нұрлы қуат бар. Жаңа Қазақстанның көркейіп нұрлануына бірлесе үлес қосайық, ағайын.
Жүргізуші: Қазір республикамыздың мектептері 9 тілде: қазақ, орыс, өзбек, ұйғыр, тәжік, украин, татар, неміс және ағылшын тілдерінде білім береді. 15 тіл ана тіл ретінде оқылады. 22 ұлттық-мәдени бірлестіктердің жексенбілік мектебі бар.
Жүргізуші: Ынтымақ, бірлік, достық, татулық
Бабалардан қалған дәстүр айтулы
Түгелденіп төртеуіміз төрде тұр
Тәуелсіздік туы мәңгі тұғырлы
Би«Неміс биі»
Жүргізуші: Назданып бүгін өмір нұрлы күні,
Қыр беттің қызғалдаққа тұнды гүлі.
Мамыр боп, айбары асып асқақтайды,
Еңбек, Бақыт, Береке, Бірлік күні.
Міне, осыған сәйкес «Тапқыр достар» ойынын ұйымдастырмақшымыз. Студенттер 3 топқа бөлінеді. Ол ойынның шарты ортадан 3 студент шығады. Жүргізуші ынтымақ, бірлік, достық жөнінде мақал-мәтелдердің басы айтылады, жалғасын жаңағы 3 студенттер айтады, осылай ұпай санымен есептеліп жеңімпаз анықталады.
Ырыс алды – (ынтымақ)
Бірлік болмай – (тірлік болмас)
(Ынтымақтың түбі) – игілік
Бірлік, ынтымақ - (байлық, бақ)
Тірлік, тірлік түбі - (бірлік)
(Татулықта) табыс мол
Біршілік болмай (Тіршілік болмайды)
Дос басыңа қарайды (Дұшпан аяғыңа қарайды)
Дос сыртыңнан мақтар, дұшпан (көзіңе мақтар)
Ағаш тамырымен мықты, Адам (дос –жарымен мықты)
Дос-егіз, (дұшпан-сегіз)
Досыңды мақтағаның - (өзіңді жақтағаның)
Досы жоқ адам- (Тұзы жоқ тағам)
Досы көпті жау алмайды, (Ақылы көпті дау алмайды)
Теңге тиыннан, (Ынтымақ – ұйымнан).
Жүргізуші: Қаһарман, қас батырға дабылы сай,
Арманға жетелейтін ағыны бай.
Мен сені қуанышпен қарсы аламын,
Ажарың ақ – шуақты мамырым - ай.
Студент жатқа айтуы керек. Өлең. Қатимоллаев Әділет
Мен оның түнін сүйем, күнін сүйем,
Ағынды өзен, асқар тау, гүлін сүйем,
Мен оның қасиетті тілін сүйем,
Мен оның құдіретті үнін сүйем.
Бар жәндігін сүйемін қыбырлаған,
Бәрі маған «Отан!» - деп сыбырлаған
Жаным менің кеудемді жарып шық та,
Бозторғайы бол да оның шырылдаған.
Жүргізуші: Бұл күні қырқаларға гүл тұнады,
Бар әлем бір-ақ сәтте құлпырады.
Әлемге дос құшағын жая келген,
Армысың, бар халқымның ынтымағы!
Флешмоб «Достық биі»
Жүргізуші: Әйнегі күн, шатыры аспан,
Кең дала, төсі толқыған ән.
Көлдері көкке күмістер шашқан,
Қазақстан-Республикам менің!
Жүргізуші: Ынтымағы жарасқан береке күн,
Білдіреді болашақ ел ертеңін.
Татулық пен достығың арта берсін,
Құтты болсын бүгінгі мереке күн.
Күні кеше ғана Елбасы жолдауынан қуат алып жігерленген жұртшылық бірлік пен тірлік, бейбітшілік, достық салтанат құрғанда дана бақыт пен шаттық, ынтымақтастық орнаған да ғана болашағымыз баянды болатынына кәміл сенеді. Бүгінгі қатысып отырған қонағымызға топ атынан шағын сый-сияпатымызды қабыл алыңыз.
Жүргізуші: Қазақ жері достықтың гүлстаны
Дархан өлкем мерейлі ырыс бағы
Күрестерде еңбекте, мерекеде
Мұнда сан ұлт қолдасып ту ұстады.
Ән «Атамекен» - №7 топ студенттері
Жүргізуші: Ұлыстарымыз тамыр болған ежелден,
Кімдер қашсын қазақтайын ер елден
Достығымыз ғасырларға жарасқан
Туған елім, шарықтай бер кемелден!
«Ынтымағы жарасқан туған өлкем – Қазақстан» - атты 1 мамыр Қазақстан халықтарының бірлігі күніне арналған тәрбие сағаты осымен аяқталды.
Дайындаған: З.Куаншалиева