?ош бол, ??тты ?ліппем! 1 класс
Ақтөбе қаласы №39 қазақ орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі
Буранбаева Айгүл Алдабергенқызы
«Қош бол,құтты Әліппем!»
Ертеңгілікке ата-аналар,мұғалімдер қатысады.Тақтаға «Қош бол,құтты Әліппем!» деген ертеңгіліктің тақырыбы ілінеді.Интерактивті тақтадан слайттар көрсетіледі.
Кештің барысы:
Жүргізушілер:-Бар білімнің бастауы,
-Бар ғылымның бастауы,
-Жас балаға нұр шашқан
-Қандай кітап тіл ашқан?
Бәрі :-Әліппе!
Мұғалім: -Құрметті ата-аналар ,ұстаздар,оқушылар ! Бүгін сіздер 1сынып оқушыларының ағашқы рет қолдарына ұстап әріп таныған оқулығы «Әліппемен» қоштасуға арналған ертеңгілігіне келіп отырсыздар. «Хош келіпсіздер!» -дей отырып мерекені бастайық.
Ән: «Әліппе»
1.Сырлы әріптер сыр түйіп,
Сабырмен маған қарайды.
Сырларын білсем бас иіп,
Керегіме жарайды.
2.Қолыма тұңғыш қалам ап,
А әрпін алғаш жазғанмын
Біліп ап А-ны саралап
Б-сына көзді салғанмын.
3.Осылай барлық әріпті
Есіме түйіп алғанмын
Нұрлы әріппен жарықты
Жүрегіме жаққанмын
4. «Әліппе» деген –алтын жол
Апарар сені алысқа
Жеңіл емес ,ауыр жол ,
Тырысып бақ намысқа!
5.Бар кітапқа бас болған,
«Әліппеден»- басталған.
«Әліппе» -ғылым ағасы,
Даналардың данасы.
Мұғалім: -Балалар,енді ортаға менің де, сендердің де достарың «Әліппені» шақырайық
Бәрі :-Әліппе,келіңіз бізбен бірге болыңыз!
Әліппе:-Армысыңдар жас достар!
Армысыңдар ата-аналар!
Болашаққа жо бастар
Әліппең келді ортаға
Мұғалім: -Құрметті ,Әліппе!Бүгін сенің құрметіңе мереке ұйымдастырдық,соны қабыл ал!
Әліппе:- Дұрыс-ақ!Екі тоқсан артта қалды . Шәкірттерімнің алған білімдерін сынап көретін де уақыт жетті.Кәне,ықылас қоя тыңдаңдар.Мен жекелеген сөздерді айтамын.Ал сендер оны қолдарыңдағы әріптермен құрастырыңдар.(АНА,ОТАН,МЕКТЕП) Дұрыс,балалар,бұл тек жазып ,оқып қана қоятын емес ,әрқашан құрмет тұтатын да сөздерің.
1-жүргізуші:-Біз екі тоқсан бойы көп еңбек еттік.42 әріпті түгел жаттап алдық.Оқуды,санауды,жазуды үйрендік.
2-жүргізуші:- «Әліппемен» қоштасу тек біздің мектепте емес,бүгін Отанымыздың біз сияқты мыңдаған балалары «Әліппе» кітабын бітіргендерін мерекелеуде.
1.Оқуды көп ойладық
Қызығына тоймадық.
Әріптерді үйреніп
Сауат аштық , тойладық
2.Барлықәріп бағалы
Айттық әділ бағаны.
Әріпсіз сөз болмайды
Буын онсыз толмайды
Адам барлық әріпті
Ардақтайды қодайды
3.Әрбір әріп нұрланып
Бізге сырын ашады
Әр әріпте бір жарық
Шұғыласын шашады
1. Алфавиттің А тұрады басында,
2. Әрқашанда Ә тұрады қасында
3. Байқадың ба,
Б тұрады үшінші,
Ал осының
Сыры неде түсінші?
А деген ол-
Аналар ғой ардақты,
Ә деген ол-
Әкелер ғой салмақты.
Б деген ол-
Балалар ғой әдемі ...
Біздің елде үшеуі де кәделі.
Алшақ кетпей,
Сондықтан да расында
Тұрады олар
Алфавиттің басында
1-жүргізуші:-Ән: «Домбыраның күмбірі»
1-жүргізуші:- Кімдер біздің класты
Өнерсіз деп ойлайды
Тобымыз бар дарынды
Сықақ айтып,қоймайды
2-жүргізуші:- Мектеп өмірінен алынған сықақтар.
1-оқушы: Баға
Оқымап ем, «бір» алдым,
Кейіп қалды мұғалім.
Әкеп едім «екілік»
Мамам шықты жекіріп.
«Үш» алғанда байқадым,
Папам басын шайқады...
«Бес!»-деп едім,бүгін кеп,
Қалды бәрі күлімдеп!
Диктант
Кеше біздер класта
Диктант жаздық отырып.
Көшірдім мен Күләштан
Бір парақты толтырып
Үзілісте мен іште
Асыр салып ойнадым
Құрығанда бір «үшке»
Жаздым –ау деп ойладым
Сөйтсем, мойны ұп-ұзын,
«Бір» алыппын,құрысын
Дәптер беті қып-қызыл,
Ұялғандай мен үшін.
Бес алдым
-Кәне ,-деді папасы,-
Сабағыңнан не алдың?
Күнделікті көрсетіп,
-Міне ,-деді,-«бес»алдым.
-Мынау тұрған «үш» делік,
Ал мынауың «екілік»
«Бес алдым» деп бүгін сен,
Неге айтасың өтірік?!
-Ой,папатай, есепті
Білмеуіңді қарашы!
«Үшті» қосса «екіге»
«Бес» болмай ма,санашы!
1-жүргізуші:-Жалығуды білмейміз
Жабығуды білмейміз
Жауқазындай көз тартып,
Жайран қағып билейміз
2-жүргізуші:-Өзбек биі
Мұғалім: -Ата-аналар ,ұстаздар балаларыңыз тек әліппені ғана игеріп қойған жоқ «математика» деген пәнмен де танысып,сандар сырына көңіл бөлді.
Санамақты айтып шығу(10 оқушы кезекпен айтады)
Мұғалім: -Балалар тіпті ағылшын тіінде де сауаттанды.
(2 оқушы ағышын тілінде тақпақтарын айтады)
1-жүргізуші:- Ақыл,білім –жастарда,
Сөз беремін жастарға
Әншілердің -өреннің ,
Тыңдайық бір өлеңін.
2-жүргізуші:- Ән: «Болайықшы осындай»
2-жүргізуші:- Біз өнерсіз баламыз ба?
Көрсін аға-апалар,
Көрсін папа-мамалар
Ырза босын аталар
1-жүргізуші:- Келесі «Ұйқыашар» атты күдіргі қойылымды тамашалаңыздар
Кейіпкер: Түртіп қалдым Майқанды,
Майқан маған қарады.
-Әй, сен осы қай пәнді
Сүйесің?-деп сұрадым.
Майқан:-Білгендерге пән- мәннің
Барлығы да тәуір-ау!-
Кейіпкер: -Ал менің
Сүйер «пәнім»- қоңырау!
(сырттан қоңырау дауысы естіледі,Кейіпкер уралап сыртқа шығып кетеді)
1-жүргізуші:- Сендер аз уақыттың ішінде көп нәрсені үйреніпсіңдер.Осының бәрін үйреткен кім?
Бәрі:-Мектеп !
-Мұғалім!
-Әліппе!
-Ата-ана!
1.Ең алғаш алғанымда «Әліппені»,
Қызығып қарай бердім әріптерді
Мен үшін жұмбақ боып қалар ма еді,
Ұстазым оның кілтін алып берді.
2-жүргізуші:- Ән: «Мұғалім ол біздің»
Мұғалім:-Рахмет,балалар.
Жеміске құты тола ма,
Бір-бірлеп теріп алмасаң?
Әп-сәтте шыға қоя ма,
Еккен дәнің ойласаң?
Білім де сондай,қарағым,
Біртіндеп сіңер ойыңа,
Ұғып ал:білім боларын
Шам-шырағың жолыңда
Көлге айналған бұлақтың
Қайнар көзін көріп пе ең?
Том-том қалың кітаптың
Басы болар «Әліппең»...-
деп ақын Мұзафар Әлімбаев ағаларың жырлағандай,бұл білімнің бастамасы ғана
2-жүргізуші:- Біз «Әліппені» бітірдік қой.
Мұғалім:-Иә,бітірдіңдер,қазір біз Әліппемен қоштасып ,жаңа досымызбен танысамыз.
Әліппе:-Дұрыс,балалар,сендер мені оқып тауыстыңдар,әріптерді жақсы меңгердіңдер.Енді сендерге ары қарай білім беретін мына «Ана тілі» болады,танысыңдар.
Ана тілі:-Сәлеметсіздер ме,балалар!
Бәрі:-Сәлеметсіз бе, Ана тілі!
Ана тілі:-Туған елдің тілімін
Ақылы мен таңымын
Түсіндірер бәріңе
Ана тілі пәнімін
Әліппе:-Міне,сендерді де таныстырдым,енді сабақтарыңды жақсы оқыңдар. Мен кетейін.
«Әліппем», менің «Әліппем»,
Сені қолға алып мен,
Есігін аштым мектептің
Ертеңгі сәуле жарықпен
2 . Қош бол, құтты «Әліппем» !
Көп нәрсені үйреттің
Таныстырып әріппен ,
Тақылдатып сөйлеттің
3 .Сөйледі олар тіл бітіп,
Небір қызық сырларды.
Тыңдай бердім мен жұтып,
Тіл біткен тақпақ,жырларды.
4. Арта берді кітапқа
Бойымдағы қуатым
Бірге жүрген қасымда
Кітап болды сыңарым
5. Ашыла берді алдымнан
Кең дүние есігі
Соғылған сомдап алтыннан
«Әліппе» - білім бесігі!
Бәрі :-Әліппе,досқа рақмет!
Әліппе:-Сендерге де рақмет.Ал,қош болыңдар!
Ана тілі:-Балалар енді мені оқитын боласыңдар.Мен сендерге көп қызықты әңгімелер айтып беремін.Сауатты жазуға үйретемін.Ынта қойып оқысаңдар ,көп нәрсеге үйренесіңдер.
Бәрі :-Оқимыз,Ана тілі,оқимыз!
2-жүргізуші:- Ән: «Балдырғандар маршы»
1-жүргізуші:- Құттықтау сөз мектеп директорына беріледі.
Құттықтау сөз мектеп директорының орынбасарына беріледі.
2-жүргізуші:-Жүре берсем қасыңда,
Айбат анам ,ай анам
Ботам деген даусыңнан
Мен мәз боп оянам
1-жүргізуші:-Кір түсірмей жағама
Шашымды да тарайсың
Мектебіме барарда
Мейірлене қарайсың
Келесі құттықтау сөз ата-аналарға беріледі.
2-жүргізуші:- Ән: «Ана»
1-жүргізуші:-Байсалды мінезіңмен бір қалыпты
Менің де көкейіме із қалыпты
Ұстаттың қағаз,қалам қолыма өзің,
Ерінбей үйретіп ең әр әріпті
2-жүргізуші:-Қоссаңдар,бірді екіге үш болады,-
Деуші едің,-білімменен күш толады
Алғыр бол,әдепті бол,ұстамды бол,
Ақылмен іс істесең,іс болады
Келесі құттықтау сөз ұстазымызға беріледі.
Мұғалім:-Қандай ғажап әрбір дыбыс,
Құраған сөз маржанын
Оны ұқтыру үкен жұмыс
Ояту сәби арманын
Әріптерді сендер бүгін,
Біліп,ойға тоқисың
Түсінбеуші ең мүлде бұрын
Қазір жазып,оқисың.
Аяқталды енді ,әліппе
Басқа пәндер ,күтеді алдан
Кітабыңды сен ,дәріпте
Ең алғашқы білім алған,-дей отырып,
-Сүйікті шәкірттерім! Сендерді бар ғылымның беташары-әліппені аяқтауларыңмен құттықтаймын!Әліппені аяқтау-білім сарайына есік ашу деген сөз.Әрі қарай басқа кітаптар оқисыңдар,білімдеріңді молайтасыңдар.Жақсы оқитын болсаңдар ата-аналарың қуанады,біз де қуанамыз.Сондықтан да сендерге жақсы оқыңдар,ата-аналарыңды тек жақсы бағамен қуанта беріңдер,дендерің сау болсын дегім келеді.Ал ата-аналар сендерді де балаңыздың әліппені аяқтауымен құттықтаймын.Осы мейрамға орай дайындаған сыйлығымызды табыс етуге рұқсат етіңіздер.
2-жүргізуші:- Ән: «Отан»
-Осымен «Әліппемен қоштасу» ертеңгілігіміз аяқтады.
Оқушыларға,ата-аналарға,мұғалімдерге рақмет!
1-жүргізуші:-Қадамдарыңа гүл бітсін!
1-жүргізуші:-Алдарыңнанан жыр күтсін!
Бірге: Сау болыңыздар!