Конспект прогулки на тему: «К?ліктерді ба?ылау»


«Көліктерді бақылау»
Мақсаты:
Білімділік:балаларды көлік түрлерімен таныстыру, олардың қарапайым құрылысы және қажеттілігі жайлы ақпарат беру, жолда жүру ережелерін үйрету.
Дамытушылық:балаларды көліктерді топтай білуге, олардың адам өміріндегі маңызы жайлы түсініктерін дамыту. Айналадағы қоршаған ортаға зейін қоя білу дағдысын қалыптастыру.
Тәрбиелік:көшеде тәртіп ережелерін сақтауға, мұқият болуға тәрбиелеу.
Әдіс – тәсілдер:көрсету, түсіндіру, сұрақ – жауап, мақтау, мадақтау.
Керекті құралдар: мысық пен тышқанның бетперделері, машина рульдері, бағдаршамның үш түсіне сай дөңгелектер.
Бақылау барысы:
Тәрбиеші:Балалар қазір жылдың қай мезгілі? Көктем мезгілінде ауа – райы қандай болады? Сендерге көктем мезгілі несімен ұнайды?Көктем өзінің жайма – шуақ күндерімен бізді қуантады екен.Балалар мен сендерге жұмбақ жасырамын, сендер мені мұқият тыңдап, жұмбақтың жауабын айтып беріңдер.Кеудесінде жаны жоқ,Тамырында қаны жоқ,Май жейді, су ішеді.Ол не?
Балалар: Машина.- Дұрыс, машина туралы екен. Олай болса балалар, бүгінгі серуенімізде біз көліктерді бақылаймыз. Міне, балалар, жолда әр түрлі көліктер өтіп жатыр. Көліктердің адамға пайдасы өте көп. Қазіргі кезде көліктерсіз адамдарды елестетуге болмайды, барлық адамда көлік бар. Біздің ата – аналарымыз бізді көлікпен бақшаға әкеледі, өздері көлікпен жұмысқа барады. Тіпті көлігі жоқ адамдар да қоғамдық көліктермен жүреді. Көліктер бізді алыс жерлерге тез жеткізеді. Көліктер арнайы көліктер, жүк көліктері және жолаушылар көлігі болып бөлінеді. Арнайы көліктерге жедел жәрдем көлігі, өрт сөндірушілер көлігі және құтқарушылар көліктері жатады. Арнайы көліктер адамдарға көмек көрсету үшін қолданылады. Мысалы, жедел жәрдем көлігін біз не үшін шақырамыз?-Дұрыс, біз қатты ауырған кезде жедел жәрдем көлігін шақырамыз. Ал өрт сөндірушілер көлігін біз өрт шыққан кезде шақырамыз. Сондықтан бұл көліктер арнайы көліктер деп аталады.Жүк көліктеріне кран, Камаз, жүк көліктері жатады. Олармен біз көшкен кезде заттарымызды тасимыз. Қазіргі кезде жүк көліктерін құрылыстарда пайдаланады. Міне қараңыздаршы, көліктер тас, топырақ, ағаш тасып жатыр. Олардың барлығы да үйлер салуға құрылыс материалдарын тасуда.-Көліктердің тағы бір түрі жолаушылар көлігі. Жолаушылар көлігіне автобустар, газельдер, жеңіл машиналар жатады. Жолаушылар көлігімен біз бір жерден екінші жерге жету үшін мінеміз. Қазіргі кезде біз қалаға газельдермен барамыз. Осы көліктерді жүргізетін адамдарды жүргізуші деп атайды. Қане балалар, «жүргізуші» деп айтайықшы. Қазіргі кезде көліктер өте көп. Сондықтан да біз жол тәртібін сақтауымыз керек. Жолдан өткен кезде біз арнайы ақ – қара жолақпен, жолаушылар өткелінен өтуіміз керек. Бағдаршам жоқ жерлерден өткен кезде алдымен сол жағымызға қарап, жолдың ортасына келген кезде оң жағымызға қарап жолдан өтуіміз керек. Жолдың бойында доппен ойнауға болмайды. Көлік жүретін жолдан жалғыз өтуге болмайды. Балалар біз жол ережесін сақтаймыз ба?
(Балаларға сұрақтар қойып, жол бойындағы көліктерге бақылау жасау)
Еңбек: Балалармен алаңдағы қоқыстарды жинау.
Мақсаты:еңбекке баулу.
Жеке жұмыс:Назгүл, Алихан және Аружанды жәй және жылдам жүгіруге жаттықтыру.
Қимылды ойын№1: «Мысық пен тышқан»
Мақсаты:балаларды жылдамдыққа, шапшаңдыққа үйрету.
Шарты: балалар шеңбер құрып тұрады, санамақ арқылы балалардың арасынан мысық пен тышқанды белгілейміз. Мысық тышқанды қуып жетіп, ұстап алуы керек.
Қимылды ойын № 2: «Бағдаршам»
Мақсаты: балалардың ой – өрісін, зейінін дамыту, жол ережесін сақтауға үйрету.
Ойынның шарты: 2 – 3 баланы жүргізуші етіп белгілейміз, олардың қолдарына руль береміз. Қалған балалар жаяу жүргіншілер, тәрбиеші бағдаршамның үш түсін кезектестіріп көрсетеді. Балалар бағдаршам түстеріне қарай әрекет етеді. Қызыл түсті көрсеткенде машиналар жүреді, жаяу жүргіншілер тұрады, сары түсті көрсеткенде жаяу жүргіншілер жүруге дайындалады. Жасыл түсті көрсеткенде жаяу жүргіншілер жүреді, машиналар тоқтайды.
Мақтау, мадақтау.
Еркін ойындар ойнату.