Саба? жоспары ?мбетей жырау 9 сынып
Көркем әдебиет стилі - проза, поэзия, драматургия салаларында жазылған көркем шығармалардың стилі (тілі). Көркем әдебиет стиліне тән бірнеше ерекшеліктер бар. Солардың бірі - тіл байлығы. Көркем шығармаларда қолданылмайтын сөздер мен сөз тіркестері, фразеологизмдер аз. Кез келген шығарма тек қана авторлық баяндаудан ғана емес, кейіпкер тілінен де туады. Ал кейіпкерлер әр жастағы, әр мамандықтағы, әр дәрежедегі білімді адамдар болып келетіндігі белгілі. Сондықтан да көркем шығармада кәсіби сөздер де, жергілікті тіл ерекшеліктері де, жаргондық сөздер де ұшырасып отырады. Көркем әдебиет стилінің екінші ерекшілігі - оның көп стильді болып келетіндігі. Мұның мәнісі қай жанрда жазылған шығарма болса да, онда тіл арқылы қарым-қатынас құралдарының барлық түрінің қолданылуында, яғни ауызекі сөйлеу тіліне қоса, публицистикалық, ғылым, ресми стильдердің элементтері осы стильде әр түрлі ыңғайда ұшырасып отырады. Көркем әдебиет стилінің тағы бір ерекшілігі бұл стильде орындалатын еңбектердің басты міндеті эстетикалық тәрбие беретіндігімен тығыз байланысты болып келеді. Екінші сөзбен айтқанда, көркем шығармада сөздің эстетикалық қуаты, сөздің бейнелілігі алғашқы орынды алады. Сондықтан да троптардың және фигуралардың барлық түрлері басқа стильдерге қарағанда Көркем әдебиет стилінде барынша мол жұмсалады.
Мәтіннің көркемдік қасиетін анықта
— Қарағым, біздің хал-жағдайымыздың шет-жағасын көріп-біліп отырсың ғой, — деп, тағдырдың барлық суығына, зардабына, азабына шыдаған, шыныққан, қайратты, сабырлы пішінмен күрсініп алды. — Біз жетім-жесір қалған бейшарамыз. Барлық дүниенің тауқыметін арқалап қалған жас балам — анау. Мен болсам — сарнаған тілімнен басқа түгім қалмаған, қайратым қайтқан, бір аяғым көрде, бір аяғым жерде тұрған қураған бір кемпірмін. Екі көзін алып, құдайым мүгедек қылып койған келінім — анау. Өзіне күтуші керек қылып отырған ол — бір сорлы. (М. Әуезов)
Мәтіннің көркемдік қасиетін анықта
Бұрын шынар ағаштың өзі де басқа ағаштар сияқты қисық-қыңыр болатын. Гүлдері де көз тартпайтын. Жапырақтары жансыз, гүлдері бояусыз еді. Ол күнге ұмтылды, жапырақтарын жаңбырға тосты. Суықтан, желден ықтамады. Бойындағы көнбістік керенаулық, бейжайлық құрттарын күн күйдірді, жаңбыр жуды, жел ұшырып әкетті. Қазір Седратил Мұнтаһа бақшасында бұдан көркем бір ағаш жоқ. Гүлдері қандай! Қызыл жұлдыздай жарқырап, жайнап, меруерттей тізіліп биік шыңдардың ұшар басына дейін құлпырып тұрады. Хауа қыздың тыныштық тауып, демалар жері де осы шынардың түбі. Шынар ағашқа Хауа қыз шешесіне келгендей қуанып келеді.
Таңдана қарайды. Жас қыз осы шынар ағаштай болып өсер еді, әттең, мұның тамырлары да жоқ, жапырақтары да жоқ. Қалай жаралды, солай қала барды.
(Ғ. Мүсірепов)
Мәтіннің көркемдік қасиетін анықта
Май жұлдызы, таң қысқа, ай жарық, дүние тып-тыныш, жел жоқ, ауа жақсы, жаңа қонған жұрт, көкорай шалғын, жапырақ гүлдерінің иісі аңқып, біздің жастарды көріп тұрған жалғыз Алла, екінші — аспандағы Ай мен Жұлдыз еді. Жан — жануар күндізден шаршаған секілді тынығып, жылқы жусап, қара мал күйсеп, анда-санда қой үріккенде ұйқысы сақ төбеттің маңқылдап үргені, кемпір-шалдың айтақтаған дауысы ғана естілуші еді.
(М.Дулатов)
Күні: 15.12.16 Пәні: қазақ әдебиеті Сыныбы: 9 «А»
Мұғалім: Танатарова Ж.Т.
Сабақтың тақырыбы:Үмбетей жыраудың «Бөгенбай өлімін Абылай ханға естірту»
Мақсаты:
1.Білімділік: Оқушылар Үмбетей жыраудың «Бөгенбай өлімін Абылай ханға естірту» жырымен таныса отыра, толғаудың тақырыбы мен идеясын, көркемдігін ашу, толғау туралы түсініктерін кеңейту.
2.Дамытушылық: Оқушылардың ойлау, есте сақтау қабілеті мен еркін сөйлеу қабілеті мен шығармашылығын арту.
3.Тәрбиелік: Топтағы ынтымақтастыққа тәрбиелей отыра, сыни тұрғыда ойлай отырып әділ баға беруге, ортақ бір тұжырымға келуге дағдыландыру.
Оқу нәтижелері:
1.Үмбетей жырау туралы өз ойларын жеткізе алады
2. Тақырыптарын ашып, түйінді ойын айтады.
3. Үмбетей жыраудың жырына пікір айтады.
Түйінді идеялар:
Оқушылардың сыни тұрғысынан ойлауын дамыта отырып Үмбетей жыраудың сөздерін түсініп, ойға түйе білу.
Сабақтың дәйексөзі
Егер есіңе сақтау үшін үйренсең, ұмытасың
Ал егер түсіну үшін оқысаң, есіңе сақтайсың.
Кезең
Мұғалімнің орындайтын іс - әрекеті
Оқушылардың орындайтын іс - әрекеті
Оқыту әдісі
Бағалау
І Ұйымдастыру
Кезекші сыныптың ахуалын баяндайды.
Шаттық шеңберін құру /Тәуелсіздіктің 25 жылдығына бір-біріне тілек айту/
Топқа бөлу
Мұғалім қорытынды сөз айтып сабаққа назар аударады.
Бағалау парақшалары таратылады.
Топтан бір спикер әрбір оқушыны бағалап отырады.
ІІ. Қызығушылықтарын ояту Болжам кестесі толтырылады
Әр топтан 2 оқушы тапсырманы жұп болып орындап береді. Диалогтық оқыту(жұп түрінде)
1.Жыраулар поэзиясы қай ғасырларды қамтиды? 15-18ғ.
2.Жырау деген кім? Өз жанынан шығарып айтатын және эпикалық дастандар мен толғауларды орындайтын халық поэзиясының өкілі.
1.Жыршы деген кім? Ауыз әд-ң дәстүрін сақтаушы, батырлық, тарихи, ғашықтық жырларды айтып таратушы.
2.Өз толғауларында өзі туралы жазған жырау кім? Доспамбет
1.Желмаясына мініп, Жерұйық іздеген өз заманының асқан ақылгөйі кім? Асанқайғы
2. «Күлдір-күлдір кісінетіп» толғауының авторы кім? Ақтамберді
1.Азау қаласында туған жырау кім? Доспамбет
2. Қазақ жырауларын ата Асанқайғы, Доспамбет, Ақтамберді, Үмбетей,Шалкиіз
Үй тапсырмасын сұрау/өздері дайындап келген сұрақтарын бір-біріне қояды/
ІІІ. Жаңа сабақ Тақырыбы мен мақсатын айту
Слайд арқылы Үмбетей жырау туралы мәлімет беру
Мұғалім тақырыпты меңгерту мақсатында «ДЖИГСО» әдісін пайдаланады.
Яғни, оқушылар 4 шағын топқа бөлінеді:
1.Іс кесушілер- оқиғаны баяндайды
2.Ой тапқыштар- толғаудағы идеяны табады, идеяларды бүгінгі күнмен байланыстыру
3.Дәнекерлер- нақты деректер табады
4.Сөз тапқыштар- көркемдегіш сөздерді табады
Оқушылар жеке-жеке мәтін мазмұнын оқып, танысады, содан соң жұпта, топта бірлесіп талқылап жұмыс жасап, әр оқушы жоспарлы түрде жазуы керек, бөлінген оқушылар әр топқа барып, түсіндіреді, талқылайды, сұраққа жауап бере отырып, зерттеушілікпен айналысады.
Джиксо әдісі, Диалогтық оқыту әдісі
ІҮ. Жаңа сабақты бекіту
Мұғалім жаңа тақырып бойынша топтарға тапсырма береді. Мұғалім тапсырманы орындау шартымен таныстырады.
Топтар берілген тапсырма бойынша алған білімдерін бекітеді
«Балық қаңқасы»
1.«Қаңқаның басында» мәтінде қарастырылатын проблема белгіленеді
2.Жоғарғы «қосымша бұтақтарына» проблеманың себебі белгіленеді,төменгі «сүйекшелерінде» оқу барысында себепті нақтылайтын дәйектер жазылады.
3.Балықтың «құйрығында» қорытынды жазылады
Ү. Бекіту сұрақтары:
- Үмбетей жырау нешінші жылдар аралығында өмір сүрді?
- Алғашқы ұстазы кім?
- Үмбетей қай батырға арнап толғау жазды?
- «Бәкеге», «Жауқашарға» өлеңдерінде не туралы жазған?
Үйге тапсырма.
1. Интервью сұрақтарын әзірлеу «Толғаудағы Абылай хан бейнесі». (сыныптастарынан интервью алу)
2. «Бөгенбай өлімін Абылай ханға естірту» толғауынан үзінді жаттау.
Бағалау
Мұғалім оқушылардан өзін-өзі бағалауды сұрайды.
Құрметті оқушылар, әрқашан да тәрбиеліден-тәлім, ғалымнан-ғибрат, өнерліден-өнеге алуға ұмытылыңдар.
Қорытынды
Стикер таратылып беріледі.
Стикерге өз пікірін жазады, тақтаға жапсырады.
Үмбетей Жырау. Бөгенбай қазасын Абылай ханға естірту
Әкесі Тілеу қаһармандық жырларды, ескі аңыздарды, билердің шешендік сөздері мен нақылдарын жақсы білетін шежіреші, сонымен қатар халықтың музыка мұрасына да жетік дәулескер қобызшы, ел ішінде абыз атанған адам екен. Үмбетейдің өмірдегі, өнердегі мектебі – өз әкесі және сол іспеттес көненің көздері арқылы алған дәріс болады. Ақындық қабілеті ерте байқалған ол ауылдастарының, кейде, тіпті, ағайын-туғандарының теріс істерін әшкерелеген өткір тілді өлеңдердің авторы ғана емес, ескі эпикалық жырлардың білгірі ретінде де танылады. Уақыт оза келе философиялық-дидактикалық толғауларға ден қояды. Сонымен қатар сырт жаулармен күресте аты шыққан батырларды мадақтау да жырау өнернамасындағы өзекті тақырыптардың біріне айналады. Және осы реттегі жырлары оған үлкен даңқ әкеледі.Қазіргі Ақмола облысының Ерейментау ауданында қайтыс болған.
Бөгенбай қазасын Абылай ханға естірту
Ей, Абылай, Абылай,
Абылай ханым, бұл қалай?
Бұл қалайдан сескеніп,
Сөзімді қойма тындамай.
Талай істер басыңнан
Өтіп еді-ау жасыңнан,
Қиын, қызық әрбір жай.
Жас күнінде, Абылай,
Үргеніштен мұнда кеп,
Сарыарқаны жерім деп,
Қалың қазақ елім деп,
Келмеп пе едің жаяулай?!
Төле биді тапқанда,
Күндіз түйе баққанда,
Жалғызбын деп шошымай,
Еш малшыға қосылмай,
Қара жерге отырмай,
Күпінді салып астыңа,
Жең жастанып басыңа,
Қол-аяғың төрт жақта,
Жатушы едің сол шақта,
Ұмыттың ба соны, Абылай!
Жиырма жасың толғанда,
Қалмақпен соғыс болғанда,
Алғашқы бақты тапқанда,
Шарыштың басын қаққанда,
Қанжығаңа бас байлап,
Жау қашты деп айғайлап,
Абылайлап шапқанда...
Ұмыттың ба соны, Абылай!
Сол ерлікпен хан болдың,
Әлем асқан жан болдың,
Барша әлемге даң болдың,
Ұмыттың ба соны, Абылай!
Қалдан ханның әскері
Іздеп сені әрі-бері,
Қапыда ұстап алғанда,
Алып барып Тәшкенде
Көр зыңданға салғанда,
Елің қараң қалғанда,
Тоқсан жақсы үш жүзден
Сені сұрай барғанда,
Өлтірем деп Қалдан хан
Орайына Шарыштың,
Сөзіне қарсы сөз айтып,
Жауаптастың, қарыстың.
Қапияда тұтылдың,
Қалмаққа бітеу жұтылдың,
Шешендік жолын тұтындың,
Үш ауыз сөзбен құтылдың,
Ұмыттың ба соны, Абылай!
Аруағыңа болысқан,
Әділ билік қылысқан,
Қашпаған қандай ұрыстан
Керейде батыр Жәнібек,
Қаз дауысты Қазыбек,
Қу дауысты Құттыбай,
Қаракерей Қабанбай,
Қанжығалы Бөгенбай –
Абылай, сенің тұсыңда
Сол бесеуі болыпты-ай!
Кейі батыр, кейі би,
Тәңірім берген сондай сый,
Ұмыттың ба соны, Абылай!
Батыры ханға сай болды,
Елің жайпақ бай болды,
Қыс қыстауы тау болды,
Жаз жайлауы көл болды,
Салқын сары бел болды,
Елге лайық ер болды,
Сарыарқа деп таңданып,
Өзге жұрт аңсар жай болды,
Ұмыттың ба соны, Абылай!
Айтқан сөзің ем еді,
Жолынды теріс демеді,
Қай бақытың кем еді,
Ел қорғаны көп еді,
Қалып па ең батыр таба алмай?
Жауыңның қанын ағызған,
Аузынан балды тамызған,
Би мен батыр аз болып,
Тасырқап па едің шаба алмай!?
Анау бір жылы аттанған
Әскерді қырғыз қырғанда,
Басынан оба қылғанда,
Ол хабарды ел біліп,
Көп батырмен сен жүріп,
Көзіңнің жасын көл қылып,
Кысылған әскербасының
Қасына барып тұрғанда,
Ақбоз атты шалғанда,
Мойныңа кісе салғанда,
Баба түкті Шашты Әзиз,
Содан бата алғанда,
Тілеуің қабыл болғанын,
Басыңа Қыдыр қонғанын,
Ұмыттың ба соны, Абылай!
Ұлы сәске болғанда
Жасаған жақсы жол беріп,
Жол бергенде мол беріп,
Ойламаған бақ беріп,
Қырғызды Тәңірім қақ бөліп,
Садырбала бітем деп,
Әтеке соғыс күтем деп,
Бірі көнбей біріне,
Садыр кетті бөлініп,
Соғысудан түңіліп,
Әтеке сынды жырықтың
Қабырғасы сөгіліп,
Шапқанда батыр төгіліп:
Қаракерей Қабанбай,
Қанжығалы Бөгенбай,
Сары, Баян мен Сағынбай
Қырмап па еді жауыңды,
Қуантпап па еді қауымды,
Ұмыттың ба соны, Абылай!
Дүние кезек, Абылай!
Қаласың әлі-ақ сен былай!
Артыңдағы балаңа
Табылар батыр тағы да-ай!
Сондай ерлер көп тусын
Деп тілей бер, а Құдай!
Орта жүзде қатын көп,
Туатын кейін батыр көп,
Сол мұқатар жауды деп,
Елестер көзге сағымдай.
Ей, Абылай, Абылай,
Сөзімді тында тағы да-ай!
Өзіңнен біраз жасы үлкен,
Дөмпеш таудай басы үлкен,
Жасыңда болған сырласың,
Үлкен де болса құрдасың,
Сексеннен аса бергенде,
Қайрылмас қаза келгенде,
Батырың өлді – Бөгенбай!
Иманын айтып өлерде,
Иекке жаны келгенде,
Сәлем айтты үш қайта,
Кеттім деп сізді көре алмай.
Батырды қолдан өткіздім,
Сәлемін міне жеткіздім.
Жыламай тында, Абылай!
Жараға жақсы қасқарар,
Ойбайлап жаман бас салар.
Көріспей айтты демеңіз,
Осы еді біздің келген жай.
Көзіңнің жасын тыя көр,
Жақсылық бата қыла көр.
Тағы да талай бақ берсін,
Балаңа алтын тақ берсін,
Бөгенбайдай жас берсін,
Өлшеусіз мал мен бас берсін!
Бөгенбай сынды батырдың
Береке берсін артына-ай,
Сабыр берсін халқына-ай.
Жасаған ие жар болып,
Бейіште нұры шалқығай!
1.Жыраулар поэзиясы қай ғасырларды қамтиды?
2.Жырау деген кім? Өз жанынан шығарып айтатын және эпикалық дастандар мен толғауларды орындайтын халық поэзиясының өкілі.
1.Жыршы деген кім? Ауыз әдебиетінің дәстүрін сақтаушы, батырлық, тарихи, ғашықтық жырларды айтып таратушы.
2.Өз толғауларында өзі туралы жазған жырау кім?
1.Желмаясына мініп, Жерұйық іздеген өз заманының асқан ақылгөйі кім?
2. «Күлдір-күлдір кісінетіп» толғауының авторы кім?
1.Азау қаласында туған жырау кім?
2. Қазақ жырауларын ата
1.Іс кесушілер- оқиғаны баяндайды
2.Ой тапқыштар- толғаудағы идеяны табады, идеяларды бүгінгі
күнмен байланыстыру
3.Дәнекерлер- нақты деректер табады
4.Сөз тапқыштар- көркемдегіш сөздерді табады