«?озы К?рпеш-Баян с?лу» жырын талдау


Баян Мурынбаева,
№187 М.Шоқай атындағы қазақ орта мектебінің мұғалімі,
Қызылорда қаласы
«Қозы Көрпеш-Баян сұлу» жыры
«Қозы Көрпеш-Баян сұлу» жыры «Қобыланды батыр» мен «Алпамыс батыр» жырларынан құрылысы жағынан болсын,сюжеттік байланысы мен мазмұны жағы-нан болсын өзгешелігі бірден белгілі.
Бұл жырда сыртқы жаулардан қорғану,ел-жұртын аман сақтау жағдай жоқ.
Жеке бастың қам-қарекеті мен жастық шақтың арман,мақсаты,бірін-бірі аңсап күткен қыз бен жігіттің мөлдір де таза,жүрек әмірінен туған махаббатын жырлана-ды.
Жырдың оқиғасы қызықты да нанымды етіп суреттеледі.Батырлар жырында 7-8 буынды жыр үлгісіндегі өлеңдермен қатар қара сөздер де беріліп отырса, «Қозы Көрпеш-Баян сұлу»жырында он бір буынды қара өлең молынан қолданылады.
Тармақ үш бунаққа негізделіп,соңғы бунақ төрт буыннан құралады.Қазақтың қара өлеңнің бұл өлшемі-жырдың ұзын ырғағында толығынан сақталып отырады.
Жырдың өлең жолдарында оқиғаны нақты жағдайға қарай беру үшін кейде
7-8 буынды өлең өлшемін пайдаланады.
Мысалы,Тазшаның сөзі:
Ханым көрсең жыларсың,
Сәрсекеннің дертіне.
Сабырдан басқа айла жоқ,
Іштей жанған дертіңе...
Немесе Қозы Көрпештің монологын беруде пайдаланылады.

Мұндайлыққа салды ием,
Мен сықылды жалғызды.
Бір қыз үшін дертті боп,
Иттің де қойын жайғызды.
«Қобыланды батыр» жырында он бір буынды қара өлең өлшемі кездеспесе,
«Алпамыс батыр» жырында Алпамыс батырдың Гүлбаршынмен жар-жар айтысып болып, өзін танытатын жерінде ғана кездеседі.
Мысалы,Алпамыс:
Бір құдай куә болсын сырымызға,
Қосылар күн бар ма екен жарымызға.
Сақтапсыз жеті жылдай орнымызды,
Ризамыз сізге берген малымызға.
Батырлар жырына қарағанда махаббат жырларының бірі-«Қозы Көрпеш-Баян сұлу» жырының өлең өлшемінде де өзіндік айырмашылығы барлығын байқай-мыз.
Жырдың оқиғасынан Балталы деген жерге келген тоқсан малы көзіне көрін-бейтін Қарабай мен Сарыбайдың аң аулап жүріп кездескенін,Қарабайдың алдынан буаз марал қашып,Аққайыңды қаңтарып ертең түсте атпақшы болып жата бергенін,
Сарыбайға сексен үшке келгенше сүйері жоқ,ит айдаған Қарабай екенін айтып,жет-
піс бестегі Сарыбаймен қияметтік дос болуға уәде бергенін білеміз.
Бірінен ұл,бірінен қыз туатын заман болса,қалыңсыз берісуге келіседі. Кешегі буаз маралды атып бер деп Қарабай Сарыбайға қолқа салады.Сарыбай буаз маралды аяп атпайтынын айтады.Қарабай араға достық пен уәдені тартып,
Сарыбайға аттырып алып,құлап жатқан Сарыбай досына қарамай буаз маралдың ішін жарып,екі лағын алып,бауыздап,үйге апарып сілікпелеп жеймін деп,сақал-мұрты қан болып Сарыбайға қайтып келеді.
Сарыбай қызымды балама бересің бе деп сұраса,Қарабай беретін болып сен-діреді.Сарыбай қаза табады.Қарабай маралды лағымен теңдеп алып,Сарыбайдың өлігін далаға тастап,еліне өлеңдетіп жөнеледі.
Жолда Сарыбайдың әйелі ұл туып,соған Сарыбайдан сүйінші сұрауға сол елдің адамы кездесіп,Қарабайдан жөн сұрайды.Қарабай жөнін айтпай теріс сілтеп жібереді.
Қарабайдың әйелі қыз туады.Жол үстінде сақау әйел сүйінші сұраса,бұзау тіс сегіз өрме қамшымен басын жарып,шапан сұрап алмақ болған әйел әзер қашып құтылады.
Қарабай салт барып Сарыбайдың туған ұлы Қозыны барып көрсе, «Мені жұтар жалмауыз туған екен» деп Бақа айғырына мініп,аулына келіп,тоқсан нарға артқан сабаны жарып,қымызды жерге ағызып жібереді.Сарыбайға бата оқуға да адамгершілігі жетпейді.
Сарыбайдың әйелі Сарыбайдың далада өлгенін біліп,өзі бас болып,адам жібе-ріп алдырады. Он бір кісінің ішіндегі тазша қолындағы хатқа мөр басатын қызыл алтын жүзігінен танып,Сарыбайдың әйеліне естіртеді.
Жырда Сарыбай бай,ел,халық басқарған кісі ретінде суреттеледі.Әйелін ха-ным деп дәріптеп отырады.
«Жұрт иесі ханыма жора қылып,
Үйелменіңмен өртенгір,тазша бала!»
десе,
«Хат берген даулы жерге мөр басатын,
Қолында қызыл алтын жүзігі бар,»-
деп тазша сөзімен де дәлелдейді.
Сарыбай образы жырдың басталуында да Қарабай образына қарама-қарсы алынып, «Оған да артық дәулет тәңірім берді,Қазақтан Сарыбай да артық еді,»-деп жақсы жағынан бағалайды.
Уәдеге берік,адамгершілігі жоғары екенін Қарабайдың көңілін қимай сөзін жерге тастай алмай,буаз маралды атып, өмірін жойғанын баян етеді.
Қарабай образы жырдың басымен аяғына дейін дүниеқоңыз,сөзі мен ісінің тұрлауы жоқ,адам бойындағы қасиетсіздіктің бәрін бір басына жинаған жағымсыз,
келеңсіз кейіпкер ретінде беріледі.
Қарабайдың сыртқы кескіні мен ішкі дүниесі қатар суретеліп,бірін-бірі толықтырып,тыңдаушы мен оқырмандардың жиіркенішті ызасын туғызып,үзіліссіз жырдың өн бойында дамып отырады.
Сарыбайға ас беріп,жерленгеннен кейін,Сарыбайдың ханымы Танаш деген кісіні бас құда етіп,қасына он бір кісі қосып,Қарабайға құдалыққа жібереді.
«Қыртысын сүймегенге шөл артықпын,
Өзім деген кісіге тас бұлақпын.
Уағдаға қылап қылман не қыласың,
Күл болса,ондай антты берер ақпын»,-
деп «сақал-мұртына қан қатқан» Қарабай Сарыбайға көзі тірісінде уәде берсе,енді:
«Былшылдама,сөзіңе тіпті ермеймін,
Ұмыт болған сөзді мен жөн көрмеймін.
Сен он екің аузыңды жап,үйіңе қайт,
Жетім ұлға құда боп қыз бермеймін.
Мына сөзге мен тұрмын қайран қалып,
Қалың малын қойып ем қашан алып?»-
деп берген алтыннан айнып,теріс айналып,келген кісілерді тегіс басын жарып,
үйінен айдап салады.
Мұнан әрі әйелінің айтқанын істемей,Балталымен қоныстас болмаймын деп,
Ай,Таңсық екі қызына үйді тоқсан нарға арттырып,Баянды алдына алып,тоқсан мың жылқысымен жер ауа көшкені баяндалады.
«Қайран балам,кімдерге күң боларсың!
Қайран малым,кімдерге жем боларсың!
Обалдарың әкеңді жібермесін,
Үш сорлым қандай жерде кем боларсың?!-
деген Баянның анасының айтқан зары келер күннің күңгірт жақтарынан,әсіресе,үш қыздың болашақ тағдырынан хабар бергендей болады.
Ай мен Таңсық ел-жұртпен,жер мен су,тау мен таспен қоштасады. Екі қыздың қоштасуы-зарлай арнауға жатады.Онда тұтас табиғат көріністері молынан қамтылып берілген.
Балталы,Бағаналы ел,аман бол!
Бақасы,балдырғанды көл,аман бол!
Кірім жуып,кіндігім кескен жерім,
Ойнап күліп,ер жеткен жер,аман бол!
Жібектей шалғыныңа қонып өскен,
Сегіз сай тау біткенді сала,аман бол!
Үйеңкі,қайың,терең,тал,аман бол!
Халайық қалған елдің шалы,аман бол!
Қарабай қайын атаң сенен қашты,
Жөргекте Қозы Көрпеш бала,аман бол!
Ұзын өлке,жота мен төбе,аман бол!
Изенді,мық жусанды,бетегелі,
Ақ көде малға шүйгін шөп,аман бол!
Жасы кіші аға мен іні,аман бол!
Іребдел өңшең мырза жаға,аман бол!
Қайын атаң Қарабай сенен қашты.
Жөргекте Қозы Көрпеш ,тағы аман бол!
Қозы Көрпеш күйеу боп,біз қайын боп,
Иілісіп тұратын күн болар ма?
Балталы,Бағаналы халық,аман бол!
Жөргекте Қозы Көрпеш жалқы, аман бол!
Жеңеше келін-кепшік,құрбы-құрдас,
Халайық,бізді ойлаған жалпы,аман бол!..
Ай,Таңсықтың зары арқылы Баян мен Қозының болашағына мегзеу,оларға ті-лектестік пен аяушылық жатса, Қарабайға аңырап ауған ел мен халықтың,
жазықсыз жапа шеккен жастардың қарғыс,наласы көрінеді.
Балталы,Бағаналыда қалып бара жатқан ел-жұрттан,жөргекте жатқан Қозы
Көрпештен болашақта қайта табыстырады,табысамыз деп үміт етеді.
Ауған Қарабай Семейге,Ертіске,Алатау,Іле,Құлжаға,Шыршық пен Сырға сырғып көше бергені,онан әрі Сарыарқаны сағынып,Бетпақ даласына барып әрі өте алмай Шуға қарай беті ауып көшкені баяндалады.
Жырдың жағымсыз кейіпкерлерінің бірі Қодарды осы тұста кездестіреміз.
Қарекең қырып-жойып Шуға барды,
Ақымаққа құдай берген мұнша малды.
Арқада қызы сұлу бай көшті деп,
Торғауыттан бедеумен Қодар салды.
Қодар ерекше алып болып суреттеледі.Ол өзін батырмын деп көтеріп көрсе-теді. Қарабайдың Бетбақтың шөліне қамалып қиналып тұрған ұрымтал тұсына кез келеді.
Қодар сөзі арқылы Ай,Таңсықтың асырап алған қызы екенін осы жерде тағы дәлелденеді.Бетпақтың шөлінен шөлдетпей тоқсан мыңды алып өтсе, туған қызы Баянды беретін болып Қарабай Қодарға уәде береді.
Ұнамаған адамға шөл арықпын,
Қулық қылған кісіге қас шұнақпын.
Қылан қып уағдамды не қылайын,
Серттен тайман,қызымды берер-ақпын...
Қарабайдың сөзі қашан да өзінің қажетін өтеуге кез келген уақытта дайын екендігін тағы дәлелдейді.Сарыбайға берген уәдесінде де осы сөзін қымсынбай,
қысылмай «қан-қан болған сақал-мұртын» сілкілеп айтқанын біз білеміз.
Қодардың астында алты құлаш бедеу байталы,он кез бойы бар,жауырыны-ның жалпағы үш жарым кез,ұзыны алты қарыс,сыңар жұдырығы қол ағаштай,өзі де дардай,сөзі дардай деп суреттеледі.
Әр жерден жүз кісілік құдық аршып,су шықпағанын меспен тасып толтырып,Бетпақтан Аягөзге Қарабайдың тоқсан мың жылқысын шөлдетпей шығарып жеткізеді.
Қодардың өзі дардай,сөзі дардай,әдебі жоқ,мінезі жоқ,сиқына қарамай,тым сұлу көркемдігі жұртқа аян тал шыбықтай бұралған Баян қызға үміт қылатын Қодарды келеке етіп мінездейді.
Қарабай ел асып,жер ауып жүргенне он үш жыл толып,қызы он төртке толғанын білеміз.
Бұралған тал шыбықтай ол Баян қыз,
Тым сұлу көркемдігі жұртқа аян қыз.
Қыпша бел,алма мойын,сұлу Баян,
Сипаты жаннан асқан ол бір серім!
Тал бойының міні жоқ,қолаң шашты,
Шашының ұындығы тізін басты.
Гүл төгілер аузынан меруерт тісі,
Ондай жан дүниеде жаралмас-ты ,-
деген Баян сұлу портретінен тұнған сұлулықтың жанды бейнесі көрінеді.Сұлу Баянның ойында жалғыз ғана Қозы бар.Қодарды көрсе,қара көзін қан басып,
маңына жолатпайды.
Қодардан басқа тоқсан байдың тоқсан сері баласы Баян сұлуға көрмей ғашық болғандар тағы бар.
Нұрқара бидің баласы Көсемсары,Қаратоқа баласы Бұланқара бар, тоқсан сері Қодармен күш сынасып жеңіліп,Қарабайдың құлы етіп малға салып қояды.
Жыр Қодар,тоқсан сері,Қарабайлардың бейнесін бір-біріне байланыстыра ашады.
Балталыдан Тайлақтың кіші інісі Айбас Көктаймен іздеп келеді.
Тал түсте өзенде жиде теріп ойнап жүрген үш қыздан жөн сұрайды.
Қодар:
Қодардың атасы-жел,анасы –жел
Кез келген сар далада,өзі ғайып.
Қодардан қорықпай қалай келгенін сұрайды.
Балталы,Бағаналы елден келгенін,Қозы Көрпешке атастырған келінім,Баян қызды іздеп келемін деп жөн айтады.
Ай,Таңсық,Баян үшеуі сәлемдемеге тон,жүзік және тоғыз сыйлық жібереді.
Көктайға мінген Айбас Қодарды ат үстінен жұлып алып жерге жаныштайды.
Айбастың астында жатып,батқан тізесіне шыдай алмай тоқсан құлын көмекке шақырады.
Олардың да сойылын тегіс тартып алып,Көктайға мініп аулына бет түзейді.
Айбастың артынан Бақа айғырға мініп қуған Қодарды ұрып жығып серейтіп кетеді.
Қыздарға келіп қоштасып тұрып:
Қорықпаңдар түк қылмайды мұндай жануар,
Сөзімді менің айтқан сіздер аңғар.
Әл-қуаты інімнің тым-ақ артық,
Сенсеңдер,менікіндей үш есе бар,-
деген Айбас батыр сөзінен Қозы Көрпештің күш-қайратын,тоқсан құл мен Қодарға бой бермейтін ердің бірі екенін танығандай боламыз.
Айбас батыр бейнесінен ел намысы мен ер намысын жоқтаған адал,адамгер-шілікке толы жаны таза батырдың бейнесін көргендей әсер аламыз.
Баян сұлу сияқты Қоз Көрпешке іштей ынтызар адал махаббат иесінің Айбас-қа айтқан сөзінен ғашықтық жалын атқан лебін сеземіз.
Сәлем де ініңізге іздеп келсін,
Келмесе,сорлы Баян дегені өлсін.
Көңілім кетті Қозыға,жаным мұнда,
Айтқанды тон,жүзігім белгі болсын.
Айбас батыр Қозы Көрпеш пен Баян сұлудың махаббатының дәнекері,адал қамқоршысы болып суреттеледі.
Жырдағы жер атаулары Айбастың аулына қайтар жолындағы берген сәлем-демелерді түсіріп алуына байланысты туды деген қызық пікір айтылады.
Қыздың берген белбеуі түсіп қалып,
«Қызыл белбеу», «Құбажон» қоя сапты,- дейді.
Немесе «Шұбар айғыр,Жорға», «Мейізек», «Абыралы,Жалаулы», «Қарқаралы», «Шідерті» деген жер атауларын Айбастың Баянның сәлемін Қозыға жеткізуге асы-ғып,жол жүргеніне байланыстырады.
Айбас батыр Қозы Көрпешке келіп,Баян сұлудың сәлемін айтып, жүзік,
бешпет,алтын тонын сәлемдемесі деп табыс етеді.
Аққу құстай жарқылдап оның мойны,
Өне бойдан сіркедей мін таппадым.
Көрмеген жаным екен,көңілім тойды,
Бармасаң осыны іздеп арман кетпес.
Мен көрдім тоқсан сері бірдей келіп,
Бәрі де Баян үшін басын жойды!
Айбастың Қозыға айтқан сөзінен де Баянның портретінің ерекше әсерлі суреттелгенін,Қозының Баянға деген махаббатының оянуына себеп болғанын көреміз.
Қозының Баянға деген сүйіспеншілігі ынтызар күйге ауысып,анасының тоқтау айтқан сөзі мен қарғысынан да тежеу таппайды.
Қозының тоқтамауына жаны таза,махаббат мөлдір жастың оянған асыл сүйіс-пеншілік сезіміне қоса,әдет-ғұрып,тұрмыс-салттағы айттырған жарынан айырылу ерге намыс,сүйегіне таңба болатын жағдай да әсер етеді.
Қозы Көрпештің анасын жырдың бас жағында ақылды,салмақты ел анасы болған қасиетінен танысақ,осы тұста алдын ойлап білетін,ақыл иесі екендігін тағы танимыз.
Түйеге сынбас тартқан теңдей болсын,
Суға аққан мұз бұзылып сеңдей болсын.
Атын атап,мәнісін айтқан қазақ,
Екі беті жаралы мендей болсын!
Көзіме туып менің күйік бопсың,
Мен түсімнен шошып ем,жалғызым-ау.
Әйтеуір тірі күнде маған жоқсың!
Құйрығың жоқ,жалың жоқ,жалғыз қалып,
Қайғыңды тартқызбаққа маған берген.
Бұл жалғанда көре алмай,жалғыз балам,
Қайғы ойлап бір сен үшін күнім өтер!
Артыңда иесіз қалды мың сан малың,
Отыз қатын алсаң да саған жетер.
Ана сөзінде Қозының басындағы жағдай болашағымен байланыстырылып айтылады.
Қозы Көрпеш анасынан рұқсат алып,Айбастың таңдап берген күрең бесті деген атын алдырып,Тайлақ бастаған ел-жұртымен қоштасып,Баян сұлуды іздеп жүріп кеткені әңгімеленеді.
Айбас батыр Қозыға серік болып ергісі келсе де,Қозы Көрпеш анам мен малыма бас-көз бол деп жалғыз аттанады.Айбас үш қызға сәлемдемеге үш жүзік береді.
Ұзақ жүріп Қозы Аягөзге келіп,тазшаның кейпіне түсіп келе жатып,қой жайып жүрген тазшаға кездеседі.
Тазшаға жүз елу қойды санап беріп,Ташкентке жібереді де,өзі Қарабайдың тазшасы болып қойын бағып қалады .
Қозы Көрпеш бейнесі Айбастың қыздарға айтқан сипатынан белгілі болса,
онан кейінгі оқиғалардан да жан-жақты қыр-сыры ашыла түседі.
Батырға тән мінезі,бірбеткей өжеттігі,қайратына сай ақылы,ісіне сай сөзі
бар екені көрінеді.
Қозы Көрпешке айтқан тазша сөзі Баян сұлудың портретін тағы береді.
Ай,Таңсық екі қызы дардай ғана,
Қыпша бел,алма мойын,сұлу Баян.
Сипаты сұлу Баян сондай ғана!
Көзбен көрмей,ауызбен айтып болмас,
Өзі теңдес адам жоқ оған жолдас.
Дидарын көрген адам өзі ұялар,
Жігітті ғашық қылмай ерікке қоймас!
Қор қызы кітаптағы ондай болмас.
Көргем жоқ оған орай бір жігітті,
Қолы жетпей жамандап адам оңбас!
Тоқсан бір Қодарменен сұр бойдақ бар,
Маңына алмақ түгіл бір бара алмас,-
дегенінен тамсанып,таңдай қаққан талайлардың Баян сұлуға деген шын сұлулығы-на қызыққан,тамашалаған көңіл күйін білгендей боламыз.
Сырттай иемденген Қодар бастаған топтың мазаққа ұшыраған келемежді халін көргендей әсер етеді.
Қозының портреті тазша сөзімен расталып,халықтың айтқан сөзі рас екен деп мақұлданады.
Қарабайдың қойын кештетіп ауылға әкелген Қозы Көрпеш Қарабайға ауыр сөз айтып және жұмбақ арқылы өзінің келгенін қыздарға білдіреді.Іс-қимылы арқылы да ерекшелігін білдіреді.
Ақ боз үйге сол жақ тізесін сипап тастап кіріп келуі,өкпе толы табақпен Қарабайдың басын жаруы,қой шетінде Күреңді мықтап байлап ұйықтауы Баянға Қозының келгендігін білдіреді.
Қозы Көрпеш бейнесі жырда жан-жақты терең ашылып беріледі.Қозы Көрпеш бейнесін берудегі қолданылған әдіс-тәсілдердің мол түрі- диалог.Кейіп-керлерді бір-бірімен сөйлестіру арқылы олардың іс-әрекетін,көзқарасын,пікірін,
мінезін анық көрсетіп отырады.Жырда мұнан әрі баяндауға көшіп,түсіндіріледі.
Қозы Көрпеш:
Қарабай ,менмін жарлы,сенсің малды,
Бір өкпеден басқа асың қайда қалды?
«Қашанғы зорлығыңа көнейін!» деп
Қақ басқа табақпенен салып қалды.
деген өлең тармақтарынан алғашқы үш тармағы Қозының сөзімен берілсе,соңғы тармақ әңгімелеуге құрылған.
Қарабай:
-Біреу жарлы,біреу бай,күндемелік!
Қылған ісін жаманның мін демелік!
Жарса-жарсын қабақты ,ойбай ,қатын,
Малды бақпай кетед,үндемелік,-
дейді.
Бұл арқылы Қозының Қарабайдай дүние қоңызды бір жағынан мазақ етіп қорласа,екінші жағынан күндегі қойшы таз емес Баян сұлуды іздеген Қозы Көрпештің келгенін білдіру үшін істегенін байқаймыз.
Қой шетінде Күреңді мықтап арқандап жатып қалған ұйқыдағы нұрының өзі мың қойды жарық қылды деп суреттейді.
Баян сұлуға жар болуға Қозы Көрпеш қана лайық.Екеуі бір-біріне ынтызар,
ғашық жандар.Жолдарында тұрған Қарабай,Қодар тектес қара жүрек,қасиетсіз қасі-рет иелері олардың кездесуіне кедергі жасайды.
Қозы монологы арқылы оның басындағы махаббат мұң-зарын толық баян-дайды. Қозының кім екені,не үшін ел-жұртынан іздеп келіп жүргені,Баяннан басқа махаббаты,сүйіспеншілік мұраты жоқтығы,асқақ жігіттің тәкаппар мұңды арманы барлық болмысымен жырланады.
Баян сұлудың да жалғыз арманы,тілеуі-сүйгені Қозы.
Жалғыз жатып Қозы үшін қылады зар,
Қас асыл,бойы жетті алтын кірпік.
Шақырып Қодар келсе,үйтіп-бүйтіп,
Қара көзін қан басып қарағанда,
Маңына жоламайды Қодар үркіп ...-
деген жырдағы әңгімелеуден Қодардың күлкілі күйкі тіршілігін білсек,Қозы Көрпешке деген ыстық ықыласын,сұлу Баянның жүрек қалауын білеміз.
Жырдың мұнан әрі дамуы да Баянның өз сөзімен дәлелденеді.
Аягөз,қарамаймын терегіңе,
Қыз Баян, үкі таққан желегіне.
Қодар мен тоқсан алып тұрған шақта,
Көбеген таз сендерге керегі не?-
деген Қозы Көрпеш сөзіне Баян сұлу былай жауап беріп,Қозы Көрпеш үшін Қодар арының садағасы екенін айтады.
-Қодар ма еді Баянның ғашық жары?
Жолдас болған иісінің болмас ары!
Алыстан тоят алып ұшып келген,
Қанекей,жібек баулы ақ сұңқары?
-Ендеше мен ақ сұңқар болайын!- деп,
Таз кепті жұлып алып бетін ашты.
Екеуі бірі-бірі таныған соң,
Қуанып,тұра сала құшақтасты.
Екі қыз бір жыласып,бір күледі,
Ай мен күндей екеуін толықсытып.
Бұраңдатып шеткі үйге ап жүреді.
Күндіз тазша,ол түнде Қозы болып,
Тым болмаса,бір жылдан көп тұрыпты.
Бұл арқылы Баян мен Қозы Көрпештің жасырын қосылып,сүйген жастардың бақытты өмір кешкенін көреміз.
Қодар тоқсан серімен жылқы бағып жүріп,Қозы Көрпешке кездесіп күш көр-сетеді,бірақ Қозы оны Бақа айғырдан аударып алып,лақтырып жібереді.
Қозы Көрпеш арам ойға бармай Қодарды босатып жібереді.Жаяу көшке ерген Қодарға Қарабайды қосып,екеуін жаяу айдайды.
Қарабай мен Қодарды мазақ етіп,өздерінің қасиетсіз қылықтарын алдарына тартады.
Қозы Көрпештің бейнесін беруде оның адал,ақылды екенін білдірумен бірге дұшпандарын көптің алдында күлкі етуге де шебер етіп көрсетеді.
Қодар Қарабайдан Қозыны жылқы бағуға сұратып алдырады.
Түйемойнақ,Жылытау,Қоймаңырақ деген жерлер мен Сауыр,Сойқал деген қысқы қоныстың болғанын баяндай келіп,Қодар мен Қозының мінезі мен іс-әреке-тін салыстыра береді.
Қодар Баянды сырттай иемденіп,маңына жолай алмаған дарақы мақтаншақ,
бос сөзділігімен көрсетіп,Қозының бейнесі оған қарама-қарсы қойылады.Қодарды Қозы сөзі арқылы ащы кекесін мен улы мазаққа ұшыратады.
Қодар басындағы бұл жағдайды:
Үш күн жатып жегенім жарты мойын,
Аштан өліп қаласың,тазша бала,-
деген Қодардың өз сөзімен өзіне мойындатады.
Елге жылқы айдап әкелгенде де Қодар өзін күйеумін деп шіренеді.Қозының қайраты мен ерлігін көріп күш сынаспақ болып,жеңіліс табады.
Суға атқан жерінен зорға шығып,садақ тартысқанда да он кетпеннің бесеуі-мен оғын азар өткізіп,күрескенде Қодарды астына жастанып,үстіне тоқсанын үйіп салып қаратын көрсетеді.
Қозы Көрпеш бейнесі жырда ақыл иесі,адамгершлік жақсы қасиеттерімен бірге,батырларға тән ерен қайрат иесі ретінде суреттеледі.
Жырда Қозы бойында батырларға тән тағы бір қасиет аңғалдық пен адалдық, ар-намыс-барлығы ерекше орын алады.
Сасан бидің жеті күндік асы кезінде тазша кепті тастап бірыңғай Қозы Көрпеш бейнесіне көшкен Қозыға екі қап ет теңдеп Қодардың келуін Қозы мен Баян мазақ етіп күлсе,бір қатынның жар-жары арқылы Қозы мен Баянның он үш күннен бері қосылып той тойлағанын баяндағанда іші күйген Қодар Қозыға қарсы соғысуға дәрмені жетпей,бармақ етін тісмен жұлып алады.
Сасан би алдында бейбіт елге күш көрсеткен Қодар Қарабайдан суын сұраса,Қарабай:
Сенің суың Бетпақта қалмап па еді,
Не қылайын бар-дағы ала берші!-
деп табан асты ант-сертінен тағы тая салады.
Қодар мен Қарабайдың жағымсыз бейнелерін келеңсіз іс-әрекетімен және пәтуасыз сөздері мен тұрақсыз мінездері арқылы тағы да терең ашып көрсетеді.
Сасан би бейнесі де сол дәуірдің тайғақ,табансыз,беделсіз биінің жағымсыз образын танытады.
Әккі де алаяқ Сасан би үстем таптың ескі салт-дәстүрін қолдаушы екі жүзді өкілі ретінде жырланады.
Қозыны тойға шақырып,қырық үш қатынды жібереді.Арақ беріп Қозыны өлтіріп,Баянды Қодарға қоспақшы болып шешім қабылдайды.
Қозыға Баянның айтқан ақылы мен ескертпе күдігі Қозының намысына тиіп:
-Баянжан,жақсы айтасың сөзің майда,
Ұрғашылық қыласың осындайда.
Болжаусыз жан,мезгілсіз таң атпайды,
Қырық мылтықтың аузына мені байла.
«Қозы қорқып келмеді топқа» деген.
Маған жақсы емес қой оны да ойла,-
деген сөзінен ар-намысын жібермейтін нағыз батырдың бейнесін көреміз.
Тойға келген Қозыға қастық жасаған Сасан би,Қодарлар арақ беріп,мас бол-ған кезде у қосып бергенін көрген Ай мен Таңсық төгіп жіберіп бетіне су сеуіп құт-қарып жібереді.
Қозының атын бір қыз дайын етті,
Күреңге ырғып мініп,Қозы кетті.
Ыра төмен аузынан у төгіліп,
Күреңнің жалы жидіп қолға кепті.
Алдынан сұлу Баян кез келеді:
-Айтпадым ба,тіпті осы ел сізге ел емес,
Бұл сізді өлтірем деп қылған кеңес.
Мені алып қайт ,қарағым, тура еліңе,
Енді саған жабылар,тыныштық бермес.
-Білемін сұлу Баян, маған елсің,
Сенімен қайғысыз жан ойнап-күлсін.
Қазан бұзар,үй тентек толып жатыр,
Қайратымды бар дұшпан,алыс білсін!-
деген диалогтар арқылы да Қозы батырлығы танылады.
Қуып келген Қодарды атып құлатып,ала байталының тасасына тығылып жан сақтаған қазан бұзар тентек екенін әшкерелейді.
Қодар ауылға әлек салып,тоқсан серімен соғысып,оларды тоздырып,Баянды алмақ болған әрекеті жырда баяндалады.
Қозыға кездескен Көсемсары екеуі бұлақ басында күн кешеді.Бір қыздан Баян тамақ таситын,қайтарында тезек тергіздіріп апартады.
Қодардың сөзін сөйлеп жүрген бір жау қатыны бұлардың әрекетін біліп қойып,Қодарға жеткізіп,Шоқ теректің түбінде ұйықтап жатқан қамсыз Қозыны садақпен атып өлтіріп,басын кесіп алады.
Жыр осылай қайғылы оқиғамен аяқталады.
Қара жүрек қарақшы Қодар екі жастың бақытына күл шашып,асыл да мөлдір махаббаттарын лайлап,армандарын үзеді.
«Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жыры кейінгі жазба әдебиетімізде де кеңінен жырланады.
Ғабит Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» атты драмалық шығармасының негізгі желісі болып,оқырмандар жүрегінен жылы орын алды.
Ұлы драматург Шекспирдің «Ромео-Джулетта» атты шығармасы сияқты қа-зақ халқының аяулы ұл-қыздарының асыл махаббатын адал арманын жырлаған әдебиетіміздегі алтын қазынамыздың біріне айналды.