Numbers та?ырыбына ашы? саба?
Сабақтың мақсаты:
а) Білімділік: Оқушыларға ХҮІ – ХҮІІ ғасырлардағы қазақтың материалдық және рухани
мәдениетінің дамуы туралы түсінік беру.
ә) Тәрбиелік: Бүгінгі мәдени жетістіктеріміздің бастау бұлағы – мәдениет ескерткіштерін
қадірлеп, қастерлеуге, мәдениеттілікке, адамгершілікке, имандылыққа тәрбиелеу.
б) Дамытушылық: Рухани және материалдық мәдениеттің даму барысын бүгінгі мәдени
жетістіктермен ұштастыра отырып өз бетінше қорытынды жасауға
дағдыландыру.
Сабықтың түрі: тәрбие сағатыСабақтың әдісі: Сұрақ – жауап, баяндау, топпен жұмыс, дискуссиялық өрнек
Сабақтың көрнекілігі: Интерактивті тақта, карта, суреттер, асықтар, конверттер, сандықша
Пәнаралық байланыс: География, әдебиет, дінтану, математика
Сабақтың барысы:
І. Ұйымдастыру кезеңі: Сәлемдесу, сынып оқушыларын түгелдеу, оқушылардың назарын
сабаққа аудару.
ІІ. Үй тапсырмасын сұрау: Сынып оқушылары үш топқа бөлінеді:
І топ – «Хандар»
ІІ топ – «Билер»
ІІІ топ – «Батырлар»
Үй тапсырмасы «Алтын қақпа» ойыны арқылы сұралады. Сұрақтар конвертке салынады. Әр конвертте үш сұрақтан болады.
1. Тас қақпаның сұрақтары:
1. Жоңғарлар кімдер?
2. Сібір атауының шығуы туралы не айтасың?
3. Сібір хандығының құлауы нәтижесінде Қазақ хандығында қандай өзгерістер болды?
2. Күміс қақпаның сұрақтары:
1. Жоңғар шапқыншылығының басты себебі неде?
2. Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама оқиғасы қай жылдары болды?
3. Аңырақай шайқасының маңызы неде?
3. Алтын қақпаның сұрақтары:
1. Көшім тұсында Сібір хандығының күш қуатының арту себебі неде?
2. Ресейдің Сібір хандығын жаулап алудағы мақсаты не еді?
3. Сібірді жаулап алу саясаты қалай жүзеге асырылды?
4. Алтын сандық сұрақтары:
1.Сен қалмақ та, біз қазақ,
Қарпысқалы келгенбіз.
Сен темір де, біз көмір,
Еріткелі келгенбіз.
Екі еліктің лағын
Теліткелі келгенбіз.
Танымайтын жат елге
Танытқалы келгенбіз.
Танысуға келмесең,
Шабысқалы келгенбіз.
Сен қабылан да, біз арыстан,
Алысқалы келгенбіз.
Жаңа үйреткен жас тұлпар,
Жарысқалы келгенбіз
Тұтқыр сары желімбіз,
Жабысқалы келгенбіз.
Берсең, жөндеп бітімді айт.
Бермесең, дірілдемей жөніңді айт.
Не тұрысатын жеріңді айт! – Бұл кімнің кімге айтқан сөзі?
Жауап: Қазыбек бидің қалмақ ханы Қоңтайшыға айтқаны.
2. Бұл ауыр оқиға қазақ тарихында «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» деп аталды. Мұның былай аталуы: жаудан қашып жаяу шұбырған қалың қауым әрі болдырып, әрі ашаршылықтан бұралып, Алқакөл жағасына келіп сұлап жатқанда, көп ішінен бір ақсақал адам шығып: «Адам баласы өмірде көрген жақсылық пен жамандықтың бәрін ұмытпауы керек, біз осы көрген күнімізді не деп атасақ болар?» деп сұрапты. Сонда тағы бір қария тұрып: мұның аты «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» болсын депті. Мұңын мәнісі не?
Жауап: Атамекен, мал- мүлкінен айырылып, жаяу – жалпы, аш-жалаңаш босқан ел шұбыра - шұбыра табаны ағарып, азып – тозды деген сөз екен.
3. Жоңғар шапқыншылығынан босып, ел үдере көшкенде ол үйін жықпай, жұртта қалыпты-мыс.
Қалмақтың әскербасы бұған таңданып, көшпеген себебін сұрағанда, ол:
- Биыл шаңырағыма бір қарлығаш ұя салып еді, бұл бүкіл дүниежүзін топан су басқанда Нұқ пайғамбардың кемесін суға батудан сақтап қалған, жыланға адам баласының жем болу қаупі туғанда, содан қорғаған құс еді. Мен өз болашағымды қорғап қалған құстың ұясын бұзып, балапандарын қырып кете алмадым, -дейді.
Мұны естіген қалмақ қонтайшысы «бұл кісі әулие» екен деп, оның өзіне де, маңайындағы еліне де тимепті – міс. Бұл кісі кім? Бұл кісіні өз атымен атамай әлі күнге дейін қандай атпен қадірлейді?
Жауап: Төле би «Қарлығаш әулие», «Қарлығаш би»
ІІІ. Жаңа сабақ:
Жаңа сабақтың жоспары:
1. Мәдениетке жалпы сипаттама
2. Рухани мәдениет туындылары.
3. Материалдық мәдениет қазыналары.
ХҮІ – ХҮІІ ғғ қазақ халқының мәдениеті – қазақ жерінде өмір сүріп, қазақ ұлтын құраған рулар мен тайпалардың материалдық мәдениеті мен рухани мәдениетінің заңды жалғасы. Ол жаңа заманға сай дамып отырды. Қазақ халқының мәдениеті - өзіндік сипаты бар дәстүрлі мәдениет. Қазақ халқының өзіне тән материалдық және рухани мәдениеті де дамып, жетіліп отырды.
Қазақ халқының қалыптасуына байланысты, қазақ халқына тән материалдық және рухани мәдениеттің сипатты белгілері орнықты. Бұл қалыптасқан мәдениет қазақ халқының өз ата – бабаларының мәдени қазыналарын қамтыған мәдениет болды. Қазақ халқының мифтік аңыздары, аспан әлемі жөніндегі түсініктері, байырғы қазақ күнтізбесі, бай әдеби мұралар, көркемөнердің сан алуан түрлері, шежірелік шығармалар, халық емшілігі және материалдық мәдениет мұралары т.б. ұрпақтан – ұрпаққа жалғасып келе жатқан көне мәдениет куәліктері екені анық. Халық бұқарасы материалдық мәдениет, рухани мәдениет жетістіктерінің жасаушылары болды.
ХҮІ – ХҮІІ ғасырларда қазақ халқы мәдениетінің өркендеп, дамуына феодалдық соғыстар кедергі болды. Әсіресе ХҮІ – ХҮІ ғғ Жоңғар шапқыншылығы қазақ халқының мәдениетіне ауыр зардабын тигізді.
Қазақ халқының ауыз әдебиеті ХҮІ – ХҮІІ ғғ кеңінен өркендеді. Халық арасында көп тараған батырлық эпостар: «Қобыланды», «Ер Тарған», «Қамбар», «Алпамыс», «Ер Қосай» т.б. ХҮІ – ХҮІІ ғғ өмір сүрген жыраулар: Доспамбет, Марғасқа, Жиембет, Шалкиіз, Ақтамберді, Бұхар, Үмбетей.
ХҮІ – ХҮІІ ғғ – қазақтар ресми түрде ислам дінін ұстанды. Исламды таратушылар – Түркістан, Бұхара, Астарханның дінбасылары.
Тұрғын үй түрлері: киіз үй және шымнан, балшықтан, тастан салынған жылы үй. Жазғы үй түрлері: киіз үй және арба үстіне тігілген жылжымалы үй – күйме.
Қысқы киімдері: күпі, шидем, ішік, тон, шалбар, жарғақ шалбар, тымақ.
Ұлттық тағам түрлері: ет, сүт, май, қымыз, шұбат, айран, қатық, құрт, ірімшік, жент.
ІҮ. Сергіту сәті. «Кім жүйрік?» математикалық ойын.
Математикалық есептерді шешіп тарихи датаны тауып, сол жылға қатысты тарихи оқиғаны атау керек.
1. 728 х 2 + 0 = 1456 (Қазақ хандығы құрылған жыл)
2. 415 х 4 + 50 = 1710 (Қарақорымда жоңғарларға қарсы үш жүздің бас қосқан жыл)
3. 560 + 1200 – 108 = 1652 (Салқам Жәңгір хан қайтыс болған жыл)
4. (8425 / 5) – 5 = 1680 (Тәуке ханның таққа отырған жылы)
5. 483 + 164 + 996 = 1643 ( Орбұлақ шайқасы болған жыл)
6. (1901 + 110) - (1568 – 143) = 300 (2011 – 1711 яғни Абылай ханның биыл 300 жасқа келген жылы)
Ү. Бекіту жұмысы. «Ханталапай» ойыны (сұрақтарға жауап).
Үш топтан үш оқушы шығып асықты шиіреді. Кімнің асығы алшы түссе сұрақ сол топтың мүшелеріне қойылады. Егер ол топ жауап бере алмаса, келесі топ мүшелері жауап береді. Ойын ары қарай жалғаса береді. Дұрыс жауап берген топқа әр жауабы үшін бір асықтан беріліп отырады. Асықты көп жинаған топ жеңіске жетеді.
1. Қазақ халқының ХҮІ-ХҮІІ ғасырлардағы мәдениетінің даму ерекшелігі қандай?
2. Рухани мәдениет дегеніміз не? Оған мәдениеттің қай салалары жатады?
3. Қазақ ауыз әдебиетінің бай мұрасы ұрпақтан – ұрпаққа қалай жетті?
4. Жазба әдебиет мұрасынан қандай еңбектерді атай аласыңдар?
5. Халықтың күнтізбесінің ерекшелігі неде? «Жұлдызды әуе картасы» дегенді қалай түсінесің?
6. Қазақтар арасында ислам дінін кімдер таратты?
7. Материалдық мәдениет дегеніміз не?
8. Киіз үйдің жабдықтарын атаңдар.
9. Қазақтың ұлттық тағамдарын атаңдар.
ҮІ. «Дискуссиялық өрнек»
1. «Хандар» тобына:
Р/с
Мазмұны
КелісемінКеліспеймін
1
Хан халықтың бейбіт тұрмысын, тыныштығын қамтамасыз етуге міндетті
+
2
Ханның уәзірі болған жоқ
+
3
Хан Шыңғыс ұрпағынан болуға тиіс+
4
Хандық билік мұрагерлік жолмен берілген жоқ
+
2. «Билер» тобына:
Р/с
Мазмұны
КелісемінКеліспеймін
1
Би- әділ, шешен, ақыл – кеңес бере алатын адам
+
2
Бүкіл қауым бидің билігін орындауға міндетті емес
+
3
Би – бірнеше рудан құралған Арысты басқарады
+
4
Би- жазалау құқығына ие болған жоқ
+
3. «Батырлар» тобына
Р/с
Мазмұны
КелісемінКеліспеймін
1
Батырлар – халық жасағын басқарды
+
2
Батырлар арасында ханға берген антын бұзғандар жоқ
+
3
Батырлар – феодалдар тобына жатты
+
4
Батырлар хан алдында жауапты емес
+
ҮІІ. Қорытындылау
Қазіргі таңда оқушылардың бойына ата-баба дәстүрі мен ел-халқының тарихын қастерлеуге, ал ең бастысы, отансүйгіштікті нығайту үшін ұлтының рухани-мәдени құндылықтарын сіңіру қажет.
«Салынған жол, тұрғызылған ғимарат, тіпті ең озық ғылыми жаңалық саналатын жаңа технологияның өзі жыл сайын тозады, ескіреді. Ал бабаларымыз айтқандай, ешқашан азбайтын, тозбайтын, керісінше уақыт өткен сайын сан қырынан жарқырап, ұрпақ санасына шұғыла шашатын мәңгі өлмейтін құдіретті күштің аты – ғылым мен мәдениет. Ендеше сол ата – бабаларымыздың тарихи - мәдени мұрасын бірлесіп түлетейік» -деді еліміздің Президенті Н. Назарбаев өз сөзінде. Бүгінде мұндай тоқтамға, яғни өз тамыры мен өткеніне, ана тіліне, ата дініне, діліне әлемнің біраз мемлекеті бет бұра бастады. Оның жолын әркім өзінше танып, өзінше бағамдауда. Солардың қатарында әлемдік қауымдастықтың назарына ілігіп, бірқатар беделді халықаралық ұйымдарға мүше болып үлгерген Қазақстан орта мерзімді мемлекеттік 2004-2006, 2007-2009 жылдарға арналған «Мәдени мұра» бағдарламасын қабылдаған тұңғыш ел.
Әрбір мемлекеттің өркениеттілігін оның мәдени мұраға деген көзқарасына қарай танып-бағамдауға болады. Өз еліңнің мәдени мұрасына ұқыпты қарау мен басқа мәдениеттің құнды элементтерін қабылдау – адамзат өркениеті дамуының сара жолы.
ҮІІІ. Оқушыларды бағалау
ІХ. Үйге тапсырма: §46 –ны оқып келу
«Мен өз мәдениетімді мақтан тұтамын» тақырыбында шағын әңгіме жазып келу.