Доклад: О?ушыларды? ?здігінен білім алуын ?олдау, ынталандыру ба?ыттары
Темірбек Жүргенов атындағы № 123 мектеп-лицей
Баяндама
Тақырыбы: Оқушылардың өздігінен білім алуын қолдау, ынталандыру бағыттары
Орындаған: Риза Ибрагимова Омарғалиқызы
қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі
2016 оқу жылы.
Оқушылардың өздігінен білім алуын қолдау,ынталандыру бағыттары
Қазіргі таңда білім беру жүйесінде болып жатқан жаңалықтар мен өзгерістер мұғалімдерге білімі мен жігерін осы бағытқа бейімдеу, тәжірибелі ұстаздардың өмірлік тәжірибесін қайта қарап, оны жаңа бағытқа алып шығу қажеттілігін туындатып отыр. «Ұстаз қызметінің мақсаты – баланы бақытқа жеткізудің жолын табуға көмектесу», - деп ұлы шығыс ғалымы әл-Фараби айтқандай, әрбір мұғалімнің міндеті - оқушыларға заман талабына сай адамгершілік, интеллектуалдық дамуының жоғары деңгейі мен білімінің сапасын арттыра отырып оқытудың таңдамалы әдістеріне көшу арқылы тұлғалық қасииетін қалыптастыру болып табылады.
Мектеп, ұстаз, шәкірт бір- бірінен ажырамайтын ұғымдар. «Қыран балапанына талмас қанат, ұстаз шәкіртіне талмас талап сыйлайды» деген тамаша сөз бар. Ұстаз шәкіртін төмен тартпай, жоғары да тартпай ол өзі қиналмай еркін жоғары самғайтын білім жолын көрсетіп тұруы керек. Сонда ғана ертең өзінің мектепте алған білімін өмірде қолдана алатын шығармашыл тұлға болып қалыптасады. Ол үшін әр баланы жас кезінен еркін ойлауға, алдына қойған істі жоспарлап, оны соңына дейін жеткізуге, кедергілерге қарсы тұра білуге дағдыландыру, оларға сенім арта отырып, өздігінен білім алуына мүмкіндік беру, үнемі қолдау көрсету, бағалау, марапаттау оларды алға ұмтылуға ынталандырады. Ол үшін бала қиялына еркіндік беру, жан-жағында болып жатқан жағдайларға байланысты өз пікірі болуын назарда ұстау, бірлескен оқу әрекетте бір-бірінен үйрене отырып, танымдық қабілеттерін шыңдау, әлеуметтік өзара әрекеттесетін жұмыс түрлерін ұсыну мен қатар эмоциялық жағынан психологиялық жағымды орта қалыптастыру, бір сөзбен айтқанда, оқушылардың өздігінен білім алуына қолайлы жағдай тудыру өз нәтижесін бере алады.
Қазіргі уақытта оқушылардың білім деңгейін көтеру әрбір жеке тұлғаның өзін-өзі дамытуына бағытталған. Оқу үдерісіне толыққанды қатысу үшін оқушылар қалай оқу керектігін үйрену керек. Бейресми түрде, қалай оқу керектігін үйренуді өз бетімен білім алуын ойластыра отырып, мұндай ойлаудың нәтижелерін оқу үдерісінде саналы түрде қолдану. Бұл үдерісте мұғалім оқушыға: білім міндеті қоятын талаптарды түсінуге; жеке ойлау үдерістерін және олардың жұмыс қағидаттарын зерттеуге, міндеттерді орындау стратегияларын әзірлеуге және ойластыруға; нақты міндет үшін сәйкес келетін стратегияларды таңдауға көмектеседі. Мұғалімдер өзінің сабақ беруі ғана емес, оқушылардың оқу ептілігін дамытуымен қатар оларға қолдау көрсетіп отыруы тиіс. Оқытудың әлеуметтік – мәдени теориясын дамыту барысында Л.Выгодский оқушының өз бетімен қол жеткізе алмайтын оқу деңгейін ересек немесе «маңызды» адамның көмегімен қамтамасыз етуі туралы айтты. Қолдау көрсететін ересек адам «рефлексивті агент» ретінде жұмыс істей отырып оқушының әрекетіне жауап береді және оның оқуының дамуын қамтамасыз етеді. Мұғалімнің оқушы жетістігіне реакциясы да қолдау ретінде қарастырылады. Оқудың дамуы барысында оқушыға жол көрсету біртіндеп азая бастайды. Оқу тәуелсіз сипат алып, өздігінен реттелетін болады делінген ( МАН).
Оқушылардың өздігінен білім алуын екі жақты қарастыруға болады. Ол сабақ үстінде және сабақтан тыс уақытта. Қайсыбір жағдайда да мұғалім - нұсқаушы, бағыттаушы. Қазақ тілі, әдебиет сабақтары - оқушының шығармашылық қабілеттерін ашуға мүмкіндік беретін пәндер. Сабақта, яғни, әдебиет сабағында жазушылардың шығармаларын өткен уақытта, жазушының өмірбаяны орта буындағы сыныптарда қысқаша беріледі де, шығармасын талдауға көшіп кетеміз. Бұдан оқушының жадында осы жазушының өмірі, шығармалары туралы түсінігі сақталып қалды деу артық. Оны күнделікті тәжірибеде де көріп жүрміз. Бастауыш сыныптан 5-сыныпқа келген баладан төменгі сыныпта осы жазушының қандай шығармасын өткенін сұрасаң, балалар естеріне түсіре алмай қиналып қалады. Бала өтілген материалды есінде сақтап қалу үшін не істеу керек? Осы тұрғыдан ойланатын болсақ, сабақты жаңа әдіс-тәсілдерді қолдана отырып өткізу, оқушының білім сапасын арттыруға, өздігінен жұмыс істеу мүмкіндіктерін молайтуға көмектеседі. Үнемі жаңа сабақта өзінің бұрынғы алған білімін, ұғымдар мен түсініктерін жаңа ақпаратпен толықтырып отыру баланың өткенін есіне салып, жаңасын қабылдауға мүмкіндік береді. Сондықтан қарастырылып отырған мәселе туралы оқушы «не біледі, не білді, не білгісі келеді», яғни ББҮ әдісін сабақта қолдану өте тиімді. Сабақта сыныптан тыс қосымша жазушының өмір жолы, шығармалары туралы іздену жұмыстары алдын ала беріліп, шығармаларын өз бетінше оқуға бағыттайтын болсақ, оқушының танымдық қабілеті артып, сөздік қоры да молаяды. Тарихи шығармаларды оқу арқылы қазақ тілінен тарихи сөздер, тұрақты тіркестер, диалекті сөздер, мақал- мәтелдер мағынасын түсінеді. 11-сыныпта ҰБТ-ға дайындық тестерінде сөз мағыналарын ашуда оқушылар қиналады. Оқыған шығармаларынан аннотация жасап, қысқаша мазмұнын,кейіпкерлерін, сондай-ақ өзінің пікірін жазып, отыруды дағдыға айналдырса, түсінбеген сөздерін жазып, мұғалімнен сұрап, немесе түсіндірме сөздікпен жұмыс жасауға дағдыланса,өздігінен оқу, іздену арқылы біршама жетістікке жететін болады.
Бүгінгі күні балалардың көркем әдебиет оқуға қызығушылығы өте төмен. Қазіргі бала көркем әдебиетке қызықпайды. Себебі ақпарат көп. Теледидардан бастап, ұялы телефон, интернет, вконтакте, whatsapp т.б. Көркем әдебиет оқудан гөрі бала осы нәрселерге қызығады. Әрине, бүгінгі заман - ақпараттық техналогия заманы. Одан қалыс қалуға болмайды. Дегенмен өзіміздің ұлттық құндылықтарымызды ұлықтайтын, көз майын тауысып ұрпағына асыл мұра етіп қалдырған асылдарымыздың шығармаларын балаларымызға оқытуды өзіміздің парызымыз санамасақ, ертеңгі ұрпағымыздан не күтеміз? Жасыратыны жоқ, бүгінгі күні гуманитар бағытынан гөрі жаратылыстану – математикалық бағытқа көп көңіл бөлініп отыр. Жоғары сыныптарда аптасына (10-11) қазақ тілі бір сағат, әдебиет екі сағат қана берілген. Ең қорқыныштысы, шығармаға берілетін сағат саны бір сағатқа қысқарып кеткен. Бұрын сыныптан тыс оқуға оқушы кімнің қандай шығармасын оқиды, оның аты аталып, түсі түстеліп берілетін. Қазір сыныптан тыс оқу бір сағат делінеді де, кімнің қандай шығармасын оқиды, мүлдем көрсетілмеген. Бұл әркім нені оқытқысы келсе, соны оқытып жүр деген сөз емес пе? Менің ойымша, көркем әдебиет оқытуды бастауыш сыныптан бастаған дұрыс. Бала 5-сыныпқа дейін келгенде, соған дейін дағдыланып қалған нәрсесінен арыла алмайды. Бастауыштың балаларына кітап оқуға ұсыныс жасасаң, сол кітапты тауып оқуға ыждағаттылық танытады. Олардың осы уақыт ішінде кез келген нәрсеге қызығушылығы басым болады. Олар түбінде өзіміздің алдымызға келеді, сондықтан бастауыш сынып мұғалімдерімен байланыса отырып, олардың көркем әдебиет оқуға ынтасын арттырып, қызығушылығын оятатын болсақ, орта буында одан әрі дамытсақ, бұл қиындықты жеңуге болады. Жоғарыда айтып кеткендей, өз тәжірибемде оқушыларды 5-сыныптан бастап әдеби кітап оқуға бағыттаймын. Бірінші бала ұғымына жеңіл, мазмұны қысқа, тәрбиелік мәні бар Ы.Алтынсариннің әңгімелерін оқуды ұсынып, қазақтың төрт батырының толық мазмұнымен танысуға, шешендік сөздерді, Абай Құнанбаев өлеңдері мен бір-екі қара сөздерін, Ш.Құдайбердіұлы, М. Өтемісұлы, М. Мақатаев, М. Жұмабаевтың т.б. өлеңдерімен танысу, бір-екі өлеңін жаттау, Ғ. Мүсіреповтің ана тақырыбындағы жазған шығармаларын. тб. оқуға кеңес беріп, баланы қызықтыратындай кейбір шығармаларды сыныпта талқылап, қызықты жеріне келгенде әрі қарай не болады, оны өздері оқып алуға кеңес беремін. Сыныптар жоғарылаған сайын көлемді хикаят, романдарда оқуға Ғ.Мүсіреповтің «Ұлпан», Б.Момышұлының «Ұшқан ұя», М.Дулатовтың «Бақытсыз Жамал», С.Торайғыровтың «Қамар сұлу», С.Көбевтің «Қалың мал», Б.Майлиннің «Шұғаның белгісі» М.Әуезовтің «Қорғансыздың күні» мен «Абай жолы» романын т.б. шығармаларды жүйелеп оқуға, мәнерлеп оқу техникасын жетілдіруге, кеңес беріп отырамын. Қазақ тілінде тілдік (вербалды), тілсіз (бейвербалды) қатынас оның сөйлеу мәдениетінде қаншалықты қажеттілігі оқытылады. Оқушы оқиды, жаттайды, оқығанын, жаттағанын қажетті жағдайда қолданады және оны басқа адамдардың жүрегіне жеткізе алады, бұның бәрі бала бойында қалыптасса, оның тіл байлығы дамиды, жүйелі көркем сөйлей алады, сөз мағынасын түсінеді, көркем тіл өрнегін шығармашылық жұмыстарда эссе, шығарма, өлең хат т.б. жұмыстарды жазуда қолдана алады және өзіндік стилі қалыптасады. Сабақ үстінде оқушының өзін дамытуы - ол үздіксіз жүріп отыратын үдеріс. Бүгінгі таңда оқытудың жаңа әдіс-тәсілдерін сабақта қолдану арқылы бала сабақ үстінде өз бетінше жұмыс жасауға бейімделіп ғана қоймай, оқушылардың сабаққа ынтасы артып, қызығушылық танытуы, ортақ шешім іздеулері топтағы жақсы оқитын оқушылардың бойынан көшбасшылық қасиеттердің көрініс табуы мен қатар сабаққа ынтасы төмен оқушылардың сабаққа қызығушылығының артуы байқалады. Балаларға сабақта топпен жұмыс жасау өте қызықты. Топпен өткізілген сабақтарда оқушылардың берген рефлексиясын тыңдасақ, олар сабақтың қызықты өткенін айтады. Олар топта өздерін еркін сезінеді, сабақққа ынтасы төмен оқушының өзі топтағы басқа балалармен әрекеттесіп, олардың көмегіне сүйеніп болса да сабаққа араласып отырады. Осыған қарап, мұғалімнің міндеті өзінің жеке тәжірибесін түсіну және жетілдірумен қатар, өзіндік рефлексивтік зерттеу үдерісіне қызығушылықпен тартылуы, ұмтылуы деп айта аламын. Осыған орай, мектептегі үш бесінші сыныптықтардың ішінен оқу үлгірімі төмендеу оқушылары көбірек 5 «Ә» сыныпқа іс-әрекеттегі зерттеу жүргізген болатынбыз. Зерттеу тақырыбы: «Бірлескен оқу-әрекеттері арқылы оқушылардың көшбасшылық қабілеттерін арттыру». Осы сыныпқа негізгі пәндерден сабақ беретін төрт мұғалім бірлесе отырып бірінші сауалнама алдық. Сауалнамада оқушылардың қандай пәндерге қызығатыны, бос уақытын қалай өткізетіні, қандай пәндерден өзіне көмек керек екені, оған жолдастарының көмегі керек пе, сабақта топпен жұмыс жасау ұнай ма, өз ойыңды батыл айта аласың ба, сен жолдастарыңның көмегін қажетсінесің бе? деген сұрақтар төңірегінде оқушылар өзіне қандай пәндерден көмек керек екенін, өздеріне топпен жұмыс жасау ұнайтынын, жолдастарының көмегіне сүйенетінін,ойын батыл айта алуда кейбір оқушылар қиналатынын, бос уақытында кітап оқитыны, теледидар көретіні, үйірмеге баратынын, т.б. ашық айтқан. Алғашқы сабақтарымызда сабақта жолдастарының көмегін қажетсінетін оқушыларды өз қалауларымен отыруына жағдай жасауға тырыстық. Күнделікті сабақтарды өткен уақытта үлгірімі төмен оқушылардың көшбасы оқушылардың тасасында қалып қойып жатқанын байқасақ, кейбір оқуға ынтасы бар, тәп-тәуір балалардың мінезінің ұяңдығынан топта араласа алмай жатқаны, кейбіреулері тез әрекеттесіп, өзі пікір қосып, постер қорғауға шығып ойын айтуға ұмтылғанын байқадық. Зерттеу сабақтарында оқушылардың алдыңғы сабақтарда берген кері байланыстарындағы қажеттіліктері сабақ жоспарын құруда ескеріліп отырды. Соңында осы сыныпта әдебиет сабағынан Қ. Жұмаділовтің «Сайгүліктер» повесінен алынған үзінді «Қозыкүрең» шығармасы (екінші сағаты) бойынша ашық зерттеу сабағымды өткіздім. «Сабақ сын тұрғысынан ойлау» стратегиясының «Кубизм» әдісімен құрылды. Іс-әрекетті зерттеудегі мақсатымыз оқушылардың ынтымақтастық атмосферасын арттыру болғандықтан, сабақ барысында топпен бірігіп орындайтын тапсырмаларды көбірек алуға тырыстым. Себебі оқушылар тапсырманы бірігіп орындаса, олар бір-біріне көмектесу арқылы қарым-қатынастары нығая түсетін болады.
Оқушыларды сабақ мақсатымен таныстырып, топқа бөлу, сыныпқа жағымды атмосфера қалыптастыру үшін сабақта сәттілік тілеу, үй тапсырмасын сұрау кезінде балаларды ойлантатын бірнеше ашық сұрақтар беру, «Кілттік сөздер» әдісі арқылы тірек сөздер бере отырып шығарма мазмұнына шолу жасап, жаңа сабақта кубик жақтарына жазылған «Суреттеңіз», «Салыстырыңыз», «Байланыстырыңыз», «Талдаңыз», «Қолданыңыз», «Дәлелдеңіз» тапсырмалары бойынша топтар жоба қорғау, ұқсас шығармаларды салыстыру (Қозыкүрең мен Құлагерді салыстырды)шығарманының композициялық құрылымын талдауда қима қағазға жазылған композициялық құрылымының реттілігін тауып орналастыру, шығарма тіліне талдау жасау, шығармашылық жұмыс орындауда «РАФТ» әдісімен кейіпкерге хат жазу, шығарманың ұнаған жерін сахналау жұмыстарын орындау барысында оқушылардың танымдық белсенділігі жоғарылағаны, бір-біріне қолдау көрсету арқылы сабаққа ынтасы төмен оқушылалардың белсенділігінің артқаны, алғашқы сабақтағыдай емес, олардың жауап беруге ұмтылғанын көріп қуандық. Бұл жұмыстарды орындауда, оқушы сабақ үстінде, әлеуметтік ортада бір-біріне идеялар ұсына отырып, бір-бірінен үйрену арқылы өзін -өзі дамыта алды. Әрбір жұмыстан кейін топтар бірін-бірі бағалап отырды. Ал, өзім әрбір топтың жетістігіне «Жарайсыңдар», «Тамаша» деген сөздермен қолдау көрсетуге тырысып отырдым. Бұл оқушылардың өздеріне сенімділігін тудырды, ынталарының артуына көмектесті. Сабақ соңында алынған оқушылар рефлексиясынан байқағаным, оларға сабақта не ұнады дегенде олар сахналық қойылым, кейіпкерге хат жазу ұнағанын басым көпшілік оқушылар айтып жатты. Бір сөзбен айтқанда, осы зерттеуге алынған сыныптағы бірлескен іс-әрекет арқылы сабаққа ынтасы төмен оқушылардың бойындағы өзгерістер байқалуы болды. Ал көшбасшы оқушылар өз тобын алға алып шығу үшін күресе отырып, өз білгенін тобындағы басқа балаларға үйретуі, өз топтарының намысы үшін бір-біріне көмектесе отырып, мұғалімнің қайта бағыттауымен жетістікке жетуге болатынын түсінді.
Қорыта айтқанда, оқыту үдерісінің нәтижелі болуы бірлескен іс-әрекет арқылы жаңа технология әдістерін қолдана отырып сабақты қызықты өткізу, сабақта, сабақтан тыс уақытта оқушылардың өздігінен білім алуына жағдай жасау, бағыт-бағдар беру жағдайында қолайлы орта қалыптастыруда, табысты болмақ.