«Т?жірибедегі рефлексия» білім беру ба?дарламасы бойынша мектепішілік курсыны? ал?аш?ы бес к?ніні? рефлексивті к?нделігі
«Тәжірибедегі рефлексия» білім беру бағдарламасы бойынша мектепішілік курсының алғашқы бес күнінің рефлексивті күнделігі
Бүгін, 21 қыркүйек 2016 жыл, мен үшін ең бір қуанышты күн. Себебі армандап жүрген, бірақ денсаулық келе ме, жасым да ұлғайып кетті деп уайымдап жүргенде, ойламаған жерден мектепішілік «Тәжірибедегі рефлексия» білім беру бағдарламасы бойынша мектепішілік курсына кімнің «алтын» қолы менің фамилиямды тізімге жазып жібергені? Қандай керемет мүмкіншілік, әсіресе мен үшін! Бірақ намысқа тырысып, ел жұрт сияқты өзгеруді біртіндеп қолға алып жүр едім. Енді маған жаңашылықты шын мәнінде дұрыс бағалауыма, қолдануыма, шын мәнісінде өзгеруіме «үлкеееееен» мүмкіншілік туып тұр. Әйтпесе мен өзімді толық қанды мұғалім ретінде сезіне алмай жүргендей болғанмын. Бірдеме жетіспейтін сияқты болып тұратын ба еді?
Бүгін оқудың бірінші күні өте сәтті болды. Мен топпен жұмыс жасауды жақсы көремін, балаларды жақсы көремін. Көп еңбектенемін, балалар үшін қолдан келгенді жасауға тырысамын, физикалық тұрғыдан да финанстық тұрғыдан да ештеңеден аянбаймын. Бірақ бүгін біздің тренер Тоқсангүл Ермекбаевнадан үйренгенім - балаларды мінсіз жақсы көру, «өөөөөте» көп еңбектену.
Бүгін бірінші күн болғандықтан «Шашу» тәсілімен топқа бөліндік. Ресурстарды қолға алған соң, «Айналмалы бекет» стратегиясымен екінші бір топқа түсіндірдік. Бұл стратегияның уақыты 10 минут екенін ескеру қажет екен. Біз топ болып тек бір ғана жазба жасап, «Түртіп алу» стратегиясын қолданбағанымыз өкінішті болды. Екінші топқа түсіндіруге кеткен топ мүшесі әлгі жазбамызды алып кетті де, біз қиналып қалдық. «Түртіп алу» стратегиясын күнделікті және әрдайым қолдану керек екен. Біздің топ бұл тапсырманы бірініші болып аяқтады. Болған кезде топ мүщелері бір бірімен алақанды түйістіру қажеттілігі де ұнады.
Жағымды атмосфераны орнату үшін екі стратегия қолданылды. Ол - «Құшақтасып амандасу» және «Тілектер жаңбыры». Бағалаудың «Екі жұлдыз, бір тілек» стратегиясын үйрендік.
Топтың атын «Болашақ» деп алып, ережесін құрдық. Бірінші пунктін мен ұсындым, өйткені мен кешіккенді ұнатпаймын. Тапсырманы уақытында орындау, белсенділік, жылдамдық, жауапкершілік, ұйымшылдық - кейінгі пункттер болса, телефонмен сөйлесуге және сұранып шығып кетуге болмайды, - деп соңында жарияланды.
«Мінсіз оқушы деген не?» тапсырмасын өте жақсы орындадық деп есептеймін. Берілгеннен 9-ын таңдадық: ықыласты, мақсатқа ұмтылатын, жақсы тәрбиеленген, құндылықтарды ұстанған, белсенді, көп оқитын, тәртіпті, шығармашыл, іске батыл.
«Мұғалім не үшін өзгеру керек?» тапсырмасын «Мозаика» әдісімен жасадық. Осы тапсырманың рефлексиясын «Нысана» ең бірінші не ұнады, не ұнамады дегенде бәрі ұнады, бірақ ата-ананың үнін есту қиындырақ болатын шығар деп, тұжырымдадым.
3-ші күн. 05.10.2016.
Оқудың 2-ші күнінде болмадым. Өйткені Талдықорған қаласында Мұғалімдер күнін атап өту мерекесінде болдым.
Сабақтың тақырыбы: «Мінсіз мұғалім туралы қалыптасқан ұстанымдарды зерттеу, оқушылардан көмек сұрау».
Алдымен иықпен, тіземен, аяқпен жақсылап амандасып алдық.
Топқа әр түсті квадрат, шеңбер және үшбұрыш геометриялық фигуралар арқылы бөліндік. Мен тепе-тең, не нәрсе болса да квадратты, яғни екі еселі болсын деп ырымдап, сары түс – тыныштықтың белгісі деп, сары түсті квадратты таңдадым. Тренеріміз бізді: «Өте еңбекқор, төзімді, өз жұмысын аяғына дейін жеткізетін жандар» деп айқындап берді.
Тапсырмаларды «Ойлан, бірік, бөліс» стратегиясымен жұмыс істей отырып орындадық.
1-ші тапсырма. Ресурстардан «Екі нәрсеге келісем, екі нәрсеге келіспеймін» деп төрт тұжырымдамаларды таңдап алдық.
Мен келісемін: 1) Әріптестеріңнің кәсіби оқуына қолдау көрсету мұғалім рөлінің маңызды бөлігі болып табылады. 2) Мұғалімдер кәсіби шеберліктер мен дағдыларды алу мен беруде шешуші рөл атқарады.
Мен келіспеймін: 1) Мұғалімдер мектепте қандай пәндер оқытылуға тиіс екендігі шешім қабылдауда шешуші рөл атқарады. 2) Өз жұмысын мектеп директоры белгілеген саясатқа барынша сәйкес етіп жүргізетін мұғалім - үздік мұғалім.
2-ші тапсырма. Үш сұраққа жауап беру.
1) Жақсы мұғалім қасиеттері қандай?
2) Мұғалім өз тәжірибесі туралы ойланғаны маңызды ма?
3) Сіздің ойыңызша мұғалім өз мектебіндегі тәжірибені өзгертудегі рөлі қандай?
Менің жауаптарым: 1) мейірімді, білімді, жауапкершілігі мол; 2) ойлануы тиіс: тәжірибе жеткілікті ме, жоқ па? 3) өте зор. Өзі өзгерсе, жанындағылар өзгереді, тіпті әлем де өзгереді.
3-ші тапсырма. Оқушыдан не аламыз?
Біздің топ Кембридждің Хомертон колледжінің оқытушылары Джинн Раддок пен Джулия Флаттердің «Оқушылардан кеңес алу пайдасы туралы дәлел және басқа мәселелер» мақаласымен танысып, басқа топ мүшелерімен бөлістік. Мақалада жастарға мектепте алған білімін өмірмен сәйкестендіру қиындығы туындап жататыны айтылған. Жастардан кеңес алу жеке тұлға және мектеп мүшесі ретінде құрметтейтінін сезінуге көмектеседі делінген.
Тренер Джон Хеттидің «Көзге көрінетін оқу» 9 алмаз тәсілімен таныстырып өтті: 1.Мектептің мақсаты мен саясаты. 2.Мақсат қою
3.Мұғалім мен оқушы қарым-қатынасы. 4.Үй тапсырмасы. 5.Білімді жетік меңгеру үшін оқыту. 6.Қабілеттері бойынша бөлу. 7.Құрдастарының оқытуы.
8.Күтілетін нәтиже. 9.Кері байланыс.
1976 жылы Д.Гласс метаталдау ұғымын кіргізген екен. «Әсер ету мөлшері» деген ұғым бар. «Харизма» ұғымына жақын-ау деймін.
Тренер рефлексияны екі рет жасады. Біріншісі «Борт журналы» стратегиясы бойынша жасалды. Мұғалімнің кәсіби шеберлігі деп: 1. Ойлану. 2. Түйіндеу. 3. Өзгеру. 4. Іздену. 5. Кері байланыста болу. 6. Әсер ету. 7. Біліктілікті арттыру,- деп жаздым. Екіншісі «Маған бүгін ..... маңызды». Маған бүгін 1) Оқушылардың оқуына әсер ететін факторлар; 2) Оқушылармен кеңесудің керектігі МАҢЫЗДЫ.
4-ші күн. 19.10.2016
Сабақ «Арқадағы комплимент» ахуалды жақсарту тренингімен басталды. Топқа «Әуенді тап» стратегиясымен бөліндік.
Сабақтың тақырыбы «Бұдан ары даму бағыттары мен басымдылықтарын анықтау үшін жеке тұлғаның құндылықтары мен көзқарастарын анықтау». Дипак Чопро екі жылдай математикадан сабақ берген кездері туралы мәтін ресурс түрінде таратылды. Тапсырма: осы мәтіннің ішіндегі құндылықтар, ұстаным, стратегиялық іс-әрекет туралы айтылған сөйлемдердің астын сызу.
Біздің топ құндылық ретінде «Ол (Дипак) кейбір оқушылардың математика сабақтарына қызықпайтындығына алаңдайтын» сөйлемін, Дипактың ұстанымы: «Осындай оқушылардың назарын аудару мақсатында оқытуды жақсарту тәсілдерін таппақ болды» деп анықтадық. Ал 1) «Оқушылардың пікірін сұрауды ұйғарды», 2) «әріптестеріне өзінің проблемасын түсіндірді және барынша тиімді 3 әдісті атауды өтінген сауалнама жүргізді», 4) «әрбір стратегияға жүйелі тәжірибе жасады», 5) «оқытудың ең жақсы 3 тәсілін атауды өтініп, әріптестерін тарта бастады» деген соөйлемдерді стратегиялық іс-әрекеттер ретінде тандап алдық.
Келесі тапсырма: сұрақтарға (7 сұрақ) жауап бере отырып, постер ретінде қорғау.
Екінші сұрақтан бастайын «Сіздің негізгі кәсіби құндылықтарыңыз қандай? Білім беруде нені маңызды деп санайсыз?» Жауап: 1) жетік білімді, 2) баланы жақсы көру.
Үшінші сұрақ «Дамыту бойынша жұмыс» түгелдей «Yes» деп жауап бердік.
Төртінші сұрақ «Мектептің даму басымдықтары» сұрағына «Бәр саланы дамыту керек» деп жауап беріп, терек ағашының түбіне суқұйғышпен суарылып жатқан суретті салып қорғадық.
Бесінші сұрақ «Кеңес алу» сұрағы бойынша баспалдақ салып: 1) тәжірибелі ұстаздардан, 2) деңгейлік курс өткен ұстаздардан, 3) оқушылардан кеңес керектігін көрсеттік.
Алтыншы сұрақ «Күшті жақтары. Өз жұмысыңды өзгерту үшін қандай жаңалықтар енгізер едіңіз?» Осы сұрақты кеңінен таратып жазуды ұйғардым. Осы гимназияның тарихын зерттеп, дәстүрлерін байыту – бір үлкен жаңалық болар деп ойлаймын. Мен тіл маманы болғандықтан оқушылардың өлеңдер, поэмалар, әңгімелер, повестер, романдар оқуын қалаймын. Әр елдің әдебиетінен бір-бір кітап таңдап алып, күніне 10-15 минут бөліп, гимназия оқушылары жаппай оқыса. Әр жылға жоспар құрылса. «Менің атым Қожа» повесін үш тілде оқыса тіпті жақсы. Әр сыныптың өз кітабы болса да болады. Бұл – бір. Аптаның бір күні бүкіл гимназия оқушылары, ұстаздары, техперсоналы үзілістерде тек қана қазақша, бір күні тек қана ағылшынша, бір күні тек қана орысша сөйлеп, қарапайым сөздер үлгісі ілініп тұрса. Бұл – екі. Сабақ кестесі, хабарландырулар, конкурс немесе кезекшіліктің т.с.с. қорытындылары электронды түрде болса. Бұл – үш. Оқушыларды портфолио жинақтауға баулу керек. Бұл - төрт. Оқушыларға не қызықты сол факультативті, сол үйірмені, сол элективті тандау керек. Сонда ғана нәтиже болады. Бұл – бес. Гимназияда еңбек күнін реттеу керек. Мысалы, дүйсенбі күні тек қана әртүрлі жиналыс, отырыстар, линейка ғана, басқа ештеңе өтпейді. Сейсенбі және сәрсенбі - тек қана факультатив, үйірме, элективті курс өтеді. Бейсенбі, жұма күндері - мектепішілік, мәдени іс-шаралар өтеді. Бейсенбі күні – тазалық күні жарияланса. оқушылар, ұстаздар, техперсонал бөлінген участогін тазаласа. Ал сенбі күні - спорттық секциялар, іс-шаралар өтеді. Бұл - алты. Гимназия оқушыларының құндылықтарын, ұстанымын анықтау мақсатында сауалнама өткізу керек. Сауалнаманың сұрақтарын мына түрде беруге болады: 1) оқу үдерісі жақсару үшін не құнды деп санайсың. 2) гимназия оқушысы ретінде сенің ұстанымын. Бұл - жеті. Оқушылар арасында, ұстаздар арасында да бәсекелестікті дамыту керек. Нәтижесіне қарап оқушыларды да, ұстаздарды да стимулдап отыру керек. «Аттестациядан өтуші еді» дегенді доғару керек. Бәсекелестікке шыдамаған оқушы да, ұстаз да бұл гимназияда жүре алмайтын болады. Бұл - сегіз. 5-8 сынып оқушылар арасында олимпиада, ғылыми жоба конкурстарына қатысушылар резервінің командасын құру керек. 9-11 сынып оқушылар арасында олимпиада, ғылыми жоба конкурстарына қатысушылар командасын құру керек, анда-санда олармен тренингтер жүргізіп тұру керек. Бұл - тоғыз. Әр ұстаз құндылықты, өз ұстанымын жақсылап анықтап алу керек. Сонда ол бәсекелестікке жарайды. Бұл - он.
Оқушылардың орыс тілін жақсы білуі мен белсенділік танытып отыруы - мен үшін үлкен құндылық. «Поэтическая пятиминутка», «Веселые переменки» стратегиялары - дәстүрге айналған. Оқушыларды қандай да болмасын жағдайда қолдап отыру, олармен дұрыс қарым-қатынаста болу - менің ұстанымым.
Қорытынды: мен бүгін өзіммен бірге құндылықтар мен ұстанымды аламын, себебі өзімнің және оқушының бойындағы құндылықтар мен ұстанымдар туралы ойлану қажет. Себебі ол өте маңызды.
5-күн. 26.10.16ж.
Тақырыбы: «Оқудағы кедергілер. Оқушыларды ынталандыру. Оқушылардың оқу туралы пікірлерін анықтау (кеңес алу)»
Топқа туылған мерзіміне байланысты бөліндік. Психологиялық жағдайды орнату «Сөйлемді аяқтау» арқылы жүргізілді.
Менің есептеуімше, мен уайымшыл адаммын.
Менің өмірімде ең маңыздысы бұл - жанұя мен туыстар.
Маған жаман, егер мен ауырып, сырқаттансам.
Маған жақсы, егер туыстарым жанымда болса.
Маған ересектердің зиялығы ұнайды.
Маған ересектердің дөрекілігі ұнамайды.
Мен бос уақытымда ватсапта отырамын, кино көремін.
Менің өмірімде ең қуанышты сәт – балаларымның үйде болғаны.
Менің өмірімдегі ең басты қателік заңгер болмағаным.
(Соңғы сөйлемге неге олай екенін түсіндіріп кеткім келеді. Өйткені менің бауырым жазасыз сотталып кетті. Егер мен заңгер болғанда ешқандай дәлелсіз, бірде-бір сараптама жасамай адамды соттауға жол бермес едім)
Келесі кезекте біз «Оқуға кедергі келтіретін мәселелер» тақырыбындағы слайдпен таныстық. Кедергілердің Эмоциялық, Әлеуметтік, Танымдық болып үшке бөлінетіні аталды. Қысқаша әрқайсына тоқталып өттік.
«Оқушылардың оқуына әсер ететін факторлар» кестесімен танысып, оң әсер ететін факторларды бас бармақты жоғары ұстап тұрған смайлик арқылы, ал кері әсер беретін факторларды бас бармақты төмен ұстап тұрған смайлик арқылы белгіліп, «Ойлана отырып, ойлану» стратегиясын қолдана отырып бөлістік.
Үй жұмысы
Оқушыны ынталандыру үшін не кеңес берер едіңіз?
(кемінде үш сынып оқушыларынан 7 минут ішінде кеңес алу)
9 «Б» сынып оқушылары: 1) оқушылардың көңіл-күйін көтеру үшін ойын ойнатар едім; 2) сабақты әртүрлі қызықты тәсілдер арқылы сұрар едім; 3) сабақты сүйсіне оқуы үшін қолдау сөздерін айтушы едім; 4) әр тапсырмаға уақыт бөліп қояр едім; 5) сабақ өту тактикасын ай сайын өзгертіп отырар едім; 6) балаларды топпен жұмыс істеуге үйретер едім; 7) үй жұмысын аптасына бір рет жинап алып тексерер едім; 8) шығармашылық жұмыстар берер едім; 9) оқушылардың барлығын сұрауға тырысар едім; 10) барлық кемшіліктерін айтушы едім; 11) сабақты схема арқылы түсіндірер едім; 12) мен балаларға қатал болар едім; 13) түсінушілікпен қарау керек балаларға;
11 «Б» сынып оқушылары: 1) «Шаттық шеңберімен» сабақ бастар едім; 2) тренинг ретінде өткізер едім; 3) видео көріп барып, өз ойынды эссе арқылы жазу; 4) барлық оқушының тақтаға шығып жауап беруін қалар едім; 5) әр оқушыны жеке отырғызушы едім; 6) әр оқушының білімін күн сайын тексеріп тұрушы едім.
7 «Б» сынып оқушылары: 1) үй жұмысын орындамағандарға «екі» деген баға қоймас едім; 2) бір жолға кешірер едім; 3) нүкте қояр едім, екінші күні орындамаса «екі» қоям; 4) физзарядкадан бастар едім сабақты; 5) сабак бітуге 5 минут қалғанда күнделіктерді жинап алып, түгел баға қоюшы едім; 6) біріншіден сабақ үстіндегі тәртіпті қатаң қадағалар едім.
6 «Б» сынып оқушылары: 1) мейірімді де, қатал да болмас едім; 2) бағаны міндетті түрде әділ қояр едім; 3) интерактивті тақтаны қолданар едім; 4) жақсы оқитындарды жарыстарға қосып, мектептің атағын шығарар едім.
Ескерту: жауаптар қайталанып келе береді. Мен іріктеп, қайталанған жауаптарды алмадым. Негізінен балалар мұғалімнің сабақ жүргізу әдісімен, бағалауымен келіседі. Ең қызықтысы: олар жақсы оқыса да, нашар оқыса да үй жұмысын орындамаған оқушыға «екі» қоюдан бас тартады.