?рт?рлі тапсырмаларды орындату ар?ылы тіл ?йренушілерді? с?здік ?орын молайту
Дауға салса алмастай қиған, сезімге салса
қырандай қалқыған, ойға салса қорғасындай
балқыған, өмірдің кез - келген орайында әрі
қару, әрі қалқан болған, әрі байырғы, әрі мәңгі
жас, отты да, ойнақы Ана тілінен артық қазақ
үшін, бұ дүниеде қымбат не бар екен?! Ғасырлар
бойы қазақтың ұлт ретіндегі мәдени тұлғасына ең
негізгі ұйытқы болған – оның ғажайып тілі.
Еуропаның мейлінше, бай мәдениеттерінің бірі
ретінде қазақ тілі мен мәдениетін сапалы түрде
игеруге дайын болудың да мәні зор.
Нұрсұлтан Назарбаев
Әртүрлі тапсырмаларды орындату арқылы тіл үйренушілердің сөздік қорын молайту
Тілден сабақ беретін оқытушының негізгі мақсаты тыңдаушылардың тілін дамыту. Бұл өмірдің талабынан, тұрмыстық қажеттіліктен туындайды. Қоғамдық мәдениет өскен сайын өмірдің сан-саласында қолданылатын тілдің мәдениетінде көтеріңкі сөйлейтін, немесе жазатын адамдардың ойы әрі айқын, әрі жатық, әрі мәнерлі етіп құруын талап етеді. Ол үшін тыңдаушылардың тілін ауызша да, жазбаша да дамытуды алғашқы кезден бастап қолға алу керек.
«Қазақстандықтардың өзіміз өмір сүріп, елімізді жақсылықтарға бастап бара жатқан туған жерге атауын берген мемлекеттік қазақ тілін құрметпен және лайықты оқып-үйреніп жүр. Қазіргі заманғы қазақстандық үшін үш тілді білу – әркімнің дербес табыстылығының міндетті шарты.» -деп елбасымыз Н.Назарбаевтың жолдауында айтқан болатын. Мемлекеттік тілді білу әр қазақстандықтың борышы.
Қазіргі таңда қазақ тілін қызметкерлер меңгеріп, тілге деген ерекше көңіл аударуда. Мектеп, жоғары оқу орны, мемлекеттік мекемеде болсын мемлекеттік тілді үйрену үшін барлық жағдай жасалуда.Сондықтан тіл және әдістеме саласында еңбек етіп жүрген оқытушылар да тыңдаушылардың тілге деген қызығушылықтарын арттыруда.
Сабақ беру барысында мемлекеттік тілді үйренушілердің талабы оқулықта берген материалды игеру емес, одан әрі тілді терең үйрену қабілеттерін білдіруде, күнделікті тұрмыста ауызекі сөйлеу мәнері.
Әр оқытушы алдына келіп отырған тыңдаушысының меңгеретін материалын алдын ала іріктеп, саралап, тіл үйренушінің қызығушылығын, тілге деген құлшынысын арттыруды мақсат етіп, тақырыпқа қатысты немесе түгелдей модульді пысықтауға арналған жағдаяттық тапсырмалар әзірлеп отырады. Ол үшін оқытушы өз тыңдаушыларымен тілдесім, оқылым, тыңдалымға арналған тапсырмаларды жүйелі меңгертіп, көру (бейнесюжеттер) арқылы өткен материалдар бойынша сұхбат құрып, олардың көрген-білгені жөнінде сұрап отырады. Ал тіл үйренушінің сөйлеу тілі бай болған жағдайда сол көргенін немесе тыңдаған материалының мазмұнын рет-ретімен ашуға («Мәтіннің басы немен басталды? Немен аяқталды? Ондағы басты идея?» т.б.) көңіл бөледі. Бастысы – мәтіннің мазмұнын ашуға тырысу және оны шынайы өмірмен байланыстыру немесе салыстырмалы түрде көрсету. Бұл жерде тыңдаушыға алдында жатқан оқу құралындағы материалдар күнделікті өмірмен байланысты екенін түсіндіру қажет. Осы ретте тыңдаушының жасына, атқаратын қызмет түріне немесе басқа да ерекшеліктеріне қарамастан, курс бағдарламасына сәйкес өткізілетін жағдаяттық тапсырмалар (тренинг ретінде) үлкен қызығушылықпен қабылданып, жақсы нәтижеге қол жеткізуге өз септігін тигізетіні сөзсіз.
Мысал ретінде А1 (қарапайым) деңгейінде оқып жүрген тыңдаушы өзін таныстыруға арналған лексикалық минимумды меңгереді, көршісімен таныса алады, өзі туралы айтады және жазуға жаттығады. Осы тақырыпты пысықтауға арналған мынадай жағдаяттық тапсырма беруге болады. Жағдаяттық тапсырма «Танысу» деп аталады. Мұнда тыңдаушылар өздерін мақтап, жақсы қасиеттерін айтуы тиіс.
Тақтадан тапсырманың эмблемасы көрсетіледі. Ойынның шарты: әр тыңдаушы өзінің есімімен ұйқас сөзді қолдана отырып, өзін жақсы жағынан көрсетуі қажет. Мақсаты: тыңдаушыны тек жаттанды сөздермен сөйлетіп қана қоймай, ізденуін қажет ету. Мысалы: Серік өзін «Мен — салмақтымын, сабырлымын» деп таныстыруына болады. Әрине, бұл жерде тыңдаушының, жалпы топтың қазақ тілін білу деңгейі, белсенділігі ескеріледі.
Мұндай жағдаяттық ойындарды А2, В1 деңгейлерінде оқып жүрген тыңдаушылармен өткізуге болады. Сондай ойындардың бірі «Дүкенде» деп аталады. Ойынның барысы: мереке күні дүкенге бару. Мысал ретінде гүл сататын дүкен алынған. Ер адамға (жігітке) тапсырма – халықаралық әйелдер күні гүл сататын дүкенге барып, жұбайына (анасына, қарындасына, әріптесіне, жеңгесіне, т.б.) арнап гүлшоғын сатып алуы керек. Дүкенде гүл көп, өкінішке орай, оған кезекте тұрған адамдар (әсіресе ер адамдар) да көп. Ал біздің қатысушымыз асығып тұр. Оған сол кезекте тұрған адамдармен сөйлесіп, аз уақыт ішінде гүлшоғын сатып алу қажет. Ол үшін әрқайсысынан кешірім сұрау, себебін түсіндіру, т.б. әрекеттер жасауы тиіс. Ойынның шарты: сатып алушы басқалармен тек сыпайы, әдепті сөйлесуі керек. Мақсаты: тыңдаушылардың күнделікті өмірде тек қазақ тілінде таза сөйлеу дағдысын қалыптастыру. Осындай ойын түрлері ауызекі сөйлеу тілін жетілдіруге, қазақтың әдептілігін сақтауға негізделген.
Келесі «Үй» деп аталатын тапсырмада тыңдаушыларға әртүрлі үйлердің суреттері таратылады. Әр үйді сипаттайтын сөздер тиісті суреттің астына емес, басқа үйдің астына жазылады. Жағдаят: алдыңыздағы үйдің суретіне қараңыз, оны сипаттаңыз. Ойынның шарты: тыңдаушылар бір-бірін мұқият тыңдайды. Қателескен адамды түзетулері керек. Мақсаты: тыңдаушының қазақ тіліндегі сөйлемдерді тыңдап түсіну қабілетін анықтау, сөздердің орын тәртібін түсіну, сөздердің (синонимдік, антонимдік, т.б. қатарды) мағынасын ажырата білуін тексеру.
1-мәтін. Суреттегі кірпіштен салынған жер үй көп қабатты емес. Үйдің жан-жағы (айналасы) шарбақпен қоршалған. Сол жағы мен артында биік ағаштар өсіп тұр. Үйдің алдындағы жас тал екі терезені жауып тұр. Үйдің алдына тас жол төселген. Оң жақтағы гүлдердің түстері әртүрлі, әдемі.
2-мәтін.Екі қабатты үйдің жан-жағында (айналасында) биік ағаштар мен әдемі гүлдер өсіп тұр. Үй ағаштан салынған. Үйдің алдында өсіп тұрған гүлдердің жанында ойыншық машина тұр.
3-мәтін. Екі қабатты үйлердің арасына бір қабатты үй салынған. Әр үйдік алдында бір-бір биік ағаш өсіп тұр. Сол жақтағы үйдің баспалдағы (сатысы) биік екен. Бергі үйдің алдында тұрған жеңіл машинаның әйнектері (терезелері) ашық. Ішінде иесі отыр.
Миға шабуыл!
Сын есім тақырыбын қайталауға арналған тапсырмалар.
1.Оңынан да, солынан да бірдей оқылатын сын есімді табыңыз (қызық).
2. Құрамында 3 рет “а” әрпі кездесетін сын есімді табыңыз (аласа).
3. Бір буыннан ғана құралған қандай сын есімдер бар? (ақ, қу)
4.Сөз ішінде қосарлы дауыссыз дыбысы бар сын есімдерді табыңыз (тәтті, қатты).
Қорытындылай келе, тыңдаушының өзі сөйлемді дұрыс құрап үйренуі, ойын толық жеткізе білуі – оқытушы алдында тұрған үлкен міндет. Өйткені жеке сөздердің басын қосып, оларды орынды әрі дұрыс қолдану (әсіресе өзге ұлт өкілдері үшін) көп еңбекті талап етеді. Себебі, қазақ тіліндегі сөйлемдердегі сөздердің орын тәртібі, сөздердің тек жалғау арқылы берілуі, синоним мен омонимдік қатар, салыстырмалы түрде, қиын қабылданады. Осы ретте қолданылатын жағдаяттық тапсырмаларды тиімді пайдаланудың нәтижесінде бірнеше сөздік үлгілерді үйретуге болады. Мысал ретінде бір сұраққа бірнеше жауап үлгілерін қолдана отырып тыңдаушының сөйлеу тілін дамытуға болады.