?ДЕБИЕТ САБА?ЫНДА О?УШЫЛАРДЫ СЫН Т?Р?ЫСЫНАН ОЙЛАУ?А ?ЙРЕТУ
lefttopҚызылорда қаласы
№101 орта мектебінің
қазақ тілі мен әдебиет пән мұғалімі
Сейтмұратова Айнагүл Жұмабекқызы
Әдебиет сабағында оқушыларды сын тұрғысынан ойлауға үйрету
Үшінші деңгей бағдарламасының модульдерінің ішінен «Сын тұрғысынан ойлауға үйрету» модулінің маңыздылығы ерекше деп ойлаймын. Себебі, жаңа тұрпаттағы мұғалім өз оқушыларының бойына сыни ойлау қабілеттерін сіңіруге ұмтылады. Сыни ойлаудың қазіргі заман талаптарын орындауға мүмкіндік беретін және оқып үйренгенді терең түсінетін ойлау деп білеміз. Сонымен қатар, әдебиет саласын оқытуда оқушылардың жоғары ойлау қабілеттерін дамытуда орны айрықша деп білемін. Өйткені, әңгіменің, өлеңнің, повестер мен басқа мазмұнды меңгеру талдау, жинақтау, ой қорыту аспектілерімен тікелей байланысты. Әдебиет пәнін оқытуда оқушылардың кез келген мәтін мазмұнын түсіну үшін, оның мағына тереңдігін ұғыну үшін де осы модульдің ықпалына жүгінуге болады. Сондықтан да мен тізбектелген сабақтар топтамасына осы модуль идеяларын қалай және неліктен енгізгенім жайлы тәжірибеммен бөліскім келді.
Сын тұрғысынан ойлау бағдарламада екі мағынада, яғни мұғалім мен оқушының ойлауын дамыту тұрғысынан қарастырылған. Осыған орай, мен өз тәжірибемде сыни ойлау дағдыларын дамытуды екі жақты қарастырғаным дұрыс деп ойладым. Сабақтар топтамасына модуль идеяларын енгізу үшін көп ойландым, тапсырмалар мен сұрақтарға саралау жүргізіп, оқыту мен оқу үдерісінде жаңа тапсырмалар мен жаңартылған әдістерді енгіздім.
Тізбектелген сабақтар топтамасына сыни ойлау идеяларын енгізу үшін мен Александердің білім берудің бес үлгісін және балалардың сыни ойлауын дамытудағы бес ерекшеліктерді таңдап алдым. Менің кәсіби білімімді тереңдетуге, көзқарастарымның жаңаруына бірден бір себеп болған тұжырым деп айта аламын. Әуеліде түсінбестік болғаны рас. Мысалы, бірінші үлгісі механикалық есте сақтау болғандықтан, ол қалайша сыни ойлау бола алады деген ой мазалады. Бірақ, осы идеяның маңызына жету басым болғандықтан, мен оны тереңірек зерделеу қажет деп таптым. Осылайша мен барлық бес үлгіні талдаудан өткіздім және тренерлерден қосымша кеңес алдым. Сөйтіп, осы үлгілердің өзара байланысын және талқылау мен диалог сатыларына көтерілген кезде ғана сыни ойлау жүретіндігін түсіндім. Алғашқы үш сатысы оған дайындықтың негізін құрау үшін өте маңызды екендігін түсіндім. Сондықтан да мен осы сатылар бойынша сыни ойлауды өзімнің төрт сабағыма енгізгім келді. Осы идеяны өте қарапайым және тиімді деп шештім.
Мектептегі тәжірибе кезінде 6-сынып қазақ әдебиеті бойынша өткізілген сабақтар топтамасына қалай енгізілді? Қандай мақсаттар көзделді?
Алғашқы сабақ Сүйінбай Аронұлының «Жақсы мен жаманның айырмасы» өлеңі бойынша өткізілді. Бұл сабақта мен Александердің механикалық есте сақтау мен декламация түрлерін жаңа әдіс-тәсілдер көмегімен сынамалауды ойластырдым. Ақпараттарды жаттау және бұрын өткендерін еске түсіру үшін сұрақтар пайдалану тәсілін қолдандым. Өйткені, осы сабақ тақырыбы мен мазмұны бұрынғы білімдердің базасына жүгінуге өте пайдалы. Жақсы деген немене, жаман деген немене? Қандай өлеңдерде немесе әңгімелерде осы сауалдар кездесті? Жақсы-жаман бағамын қандай жағдайларда қолдануға болады? Бір жақсы мен бір жаман әдісіне қандай мысал келтіресіңдер?, т.с.с. сауалдар қойылды.
Осы сұрақтарға жауап беру үшін оқушыларға диалогтік жұптық әңгіме ұсынылды. Бірінші сабақтан бастап оларға топ ішінде диалог орнату немесе әңгімелесудің өзі қиынға соғады деген оймен мен жұптық жұмысты таңдадым. Мен үшін оқушылардың өзара пікірлесуге қаншалықты ынта-ықылас білдіре алатындығы, әрекетттерінің батылдығы, әлеуметтік қатынас жасауы маңызды болды. Екі жұпты бақылағым келді, бірақ көбінесе бір жұпты ғана бақылай алдым. Оқушылар өзараәңгімелесуге қызығатынын байқадым, олар еркіндікті және әңгімелескенді ұнататындығын байқадым. Барлық оқушылар өзара әңгімелесті, ойларын ортаға салды. Менің ойымша, осы тапсырма сәтті болды деп ойлаймын. Өйткені, оқушылар өте белсенділікпен талқылауға кірісті. Таңдап алған үлгім декламация болса да, оқушыларға бір-бірімен білім алмасуға мүмкіндік берді.
Сабақтың негізгі идеясы ашылу үшін:
Әр уақытта адамдар бір-біріне жақсылық жасау керек. Не үшін? Неге Жақсылықты үнемі жасап тұруымыз маңызыды? «Үлкенге құрмет, кішіге ізет» сөзінің мағынасын қалай түсінеміз? деген сұрақтар қойылды, ой-түрткі жасалды. Бейнекөрсетілімнен үзінді көрсетіліп, талқылау ортасы құрылды. Бұл жұмыстың сыныптағы әңгімелесудің маңыздылығын арттыруға ықпалы көрінді және бірінші модуль идеясымен байланыс құрылды.
Оқушылардың жұмысы
Эссе Бақылауылар парағы Кері байланыс
Балалардың сыни тұрғыдан ойлау қабілеттерінен табуды қажет ететін негізгі ерекшеліктерінің ішінен ұтымдылық: ең жақсы түсініктемені табуға ұмтылу; үзілді-кесілді жауаптарды іздеудің орнына сұрақ қою; дәлелдерді талап етіп, кез келген дәлелді есепке алып отыру; эмоцияға емес, себепке негізделу(бірақ төменде айтылатын өзіндік сана-сезім қатысты эмоция да болуы ықтимал)
Сыңаржақтылықтың болмауы: барлық қорытындыларды бағалау; болжамды көзқарастар мен мүмкіндіктердің барлығын қарастыру; баламалы интерпретацияларға ашық болуға ұмтылу[1.50].
Сонымен қатар, сыни ойлаудың сілтемеде көрсетілген ерекшеліктерін дамыту үшін осы сабақта жеке жұмысқа эссе берілді. «Жақсыдан үйрен, жаманнан жирен» тақырыбындағы жазбаша жұмыс оқушылардың ойлау қабылетін, пайымдау дағдыларын одан әрі кеңейтуге негіз бола алды. Осы сабақта өзімнің сыни ойлау дағдыларын даму өзгерістеріне бастау алғандай болды. Мен алғашқы әдістемелерді сынамалап, өз мүмкіндіктерімнің ілгерілеуіне барынша жұмыс жасадым.
Екінші сабақ Абай Құнанбаевтың «Шоқпардай кекілі бар қамыс құлақ» өлеңі бойынша өткізілді. Бұл сабақта сыни ойлауды дамыту үшін нұсқаулық үлгісін қолданғым келді. Оқушылардың сыни ойлау деңгейлерін өткен сабақтағы дағдыларымен байланыстыру жолдарын қарастырдым. Декламациямен ұштастыра отырып, олардың пайымдау, ойларын, сұрақтарға байланысты өз көзқарастарын білдіруге жетелеу жолдарын нұсқаулықтың көмегімен жасау керектігін ойластырдым. Осы тұста мен қалай оқыту керектігін үйрету модулімен ұштастыра отырып, бүгінгі және кешегі өткен тақырыптар аясында нұсқаулық бола алатын кестені ойлап шығардым.
Оқушы жұмысы. Кешенді талдау кестесі
Оқушылар кестені жұптарда бірігіп толтырды. Осы жұмыстың күрделілігін ескере отырып, мен жұпқа бердім. Топ ішінде түсінуден гөрі, пікірталастар немесе әрекетсіздік орын алып қалар деген оймен осындай шешім қабылдадым. Оқушылардың жұмыс барысындағы әрекеттерін көре отырып, өз шешімімнің дұрыс болғанына көзім жетті. Осы тапсырма шынымен де балалар үшін өте қызықты болды. Оларға екі сабақта өткендерін қайталауға, өзара кеңесуге, шешім қабылдауға, ойларын дәлелдеуге мүмкіндік бере алды.
Мен өз әдістемемде орын алған сыни ойлауды дамыту үшін қолданылған кестенің оқушылар үшін өте тиімді болғанын көре алдым. Оқушылардың нәтижесі үшін де және өз әдістемемдегі жаңалық үшін де қуандым. Өзімнің дұрыс жолда келе жатқаныма көзім жетті. Оқушылардың ойлауды, мәселені зерделеуді, талдауды, айырмашылықтары мен ұқсастықтарына ой жүгіртуді үйренуі үшін тапсырмалар мен стратегиялардың маңыздылығы жайлы айтылған тұжырымдардың мәнісін өз әдістемемнің көмегімен түсіндім деуге де болады.
Сонымен қатар, осы сабақта метафора, литота, гипербола, эпитет сөздерінің анықтамасына байланысты сәйкестендіру кестесін толтырды. Бұл жұмыстың да оқушылардың оқып-үйренуіне тигізетін маңызы жоғары деп ойлаймын. Өлеңдегі теңеулер бойынша алған түсініктерін әрі қарай жетілдіруге, әдебиетті оқу сапасына әкелетін қадам деп білемін.
Екінші сабақта оқушылардың сыни ойлау дағдыларымен қоса, өз ойлауымда да айтарлықтай өзгеріс болды деп айта аламын. Қойылған сұрақтар, пайымдауға жетелеу, қорытындылау, өз мүмкіндіктерін анықтау тапсырмалары оқушылардың өз әрекеттерін бақылауға негіз бола алды.
Үшінші сабақ А.Құнанбаевтың «Әсемпаз болма әрнеге» өлеңі бойынша өткізілді. Бұл сабағымда мен оқушылардың оқып үйренулері үшін бірнеше модуль тұрғысынан тапсырмалар мен стратегияларды ұштастыра қарастырдым. Сыни ойлауды дамыту үшін бұл жолы Александер үлгісімен талқылауға кезек берілді. Сабақ барысында бірнеше мәселелер бойынша талқылаулар ұйымдастыру жоспарланды.
Бірінші кезекте өлеңді мәнерлеп оқудан кейін негізгі идеясы жайлы талқылауларға мән берілді. Оқушылардың бастапқы білімдерін кейінгі жаңа білімдермен ұштастыру үшін 1, 2 тезистерді басшылыққа алдым. Оқушылардың өз дәлелдерін, жорамалдары мен мүмкіндіктерін бақылау алуға итермеледім. Тақырып бойынша балаларда пайымдау дағдыларының дамуына мән бергім келді, себебі өлеңнің негізгі идеясы қазіргі таңда оқушылардың көзқарастарының қалыптасуына зор ықпал ете алады деп ойладым.
Екінші талқылау жұмысы топтық негізде өлеңнің шумақтарының мағыналық құрылымын анықтауға берілді. Топ ішінде талқылау қызу жүрді. Үшінші сабақ болғандықтан оқушылардың өзара әңгімелесулерге, бірін-бірі тыңдауға, жауаптарын саралауға үйрене бастағаны көрініп тұрды. Олар шумақтың құрылымын талқылау кезінде өмірдегі орынды табу, тазалыққа құмарту, теріс қылықтан сақтану сияқты ой-қорытындыларын ортаға салды. Мен осы жұмыстан сыни ойлаудың тағы да басқа ерекшеліктерін енгізу мүмкіндігіне ие болғанымды түсіндім.
Тәртіп: тиянақты, нақты және жан-жақты болу(барлық дәлелдерді есепке алып, барлық көзқарастарға көңіл бөлу).
Өзіндік сана-сезім: өзіміздің эмоциямыз бен көзқарасымыздың, сеніміміз бен болжамдарымыздың субъективті екенін сезіну[1.50].
А деңгей В деңгей С деңгей
«Егер мен ақын болсам» эссе Өлеңді қалай аяқтар едің? Сөзмаржаннан әңгіме жазу
Сөзмаржанан әңгіме жазу жұмысында оқушынның сынилығы оқулықтан тыс сөйлемдерді құрастыруда болады. Мысалы, оқушыға «әсемпаз», «шапқат», «езбе» сөздердері ұсынылды, ол «менің досым өте сәнқой», «ол көрсе қызарлықпен көрген нәрсесін алғысы келе береді», «әуесқой адамдарда рахым шапағат болмай ма» сөйлемдерді құрастырды. Жазылған сөйлемдер туралы мен оқушыға сұрақтар қойдым:
М: неге ұсынылған сөздерге осындай сөйлемдерді құрастырдың? Сүйенген ақпараттарың болда ма? Немесе өз ойың ба? Ойың болса неге олай ойлайсың?
О: Біріншіден бұл сөздерді біз күнделікті өмірде көп қолдана бермейміз, екіншіден сөздер таза әдебиет пәнінде ғана қолданылатыны белгілі, сондықтан несін жасырам соңғы сөйлемде мен оқулықтағы Абай атамыздың өлеңінен алдым.
М: ол да жақсы, бірақ мен саған неге осы сөздерден сөйлем құрап берші деп отырмын, қалай ойлайсың?
О: мүмкін өлеңнін мағынасын түсінсін деп шығар...
М: ия, бірақ саған айтар бір өтінішім бар, егер Абай атаң қазіргі заманда осы өлеңді жазсса қандай сөздермен жазар еді.
Бұл сұрақ оқушыға ауыр болып кетеді екен деп мен қатты қобалжуда болдым, бірақ оқушы мен ойламаған жауапты айтты.
О.: Апай, мен айтсам ренжіп қалмайсыз ба? Қазіргі заман балдардың әңгімесі жартылай және орыс, ағылшын сөздерден тұрады ғой, қазақ тілінде қазақ балаға сөйлеу қиын, әсіресе мен үшін. Мысалы, «сәнқойды», «красавчик», «крутой», «прикались» деген сөздермен ауыстырып бізге өнегеге қалдырып кеткен ұлы ақынымыздың сөздері жоғалып бара жатыр ғой.
Бұл диалог мені ойландырды. Бастапқы кезде оқушы осындай әңгіме айтқан кезде мен оған ұрсып, неге сен өз тіліңді құрметтемейсің, сен қазақсың ғой, неге бұлай ойласын деп ренжіңкіреп сөйледім. Содан соң үйде сабақтың рефлексиясын жазып отырғанымда осы оқушы екеуміздің арамызда нағыз Сыни ойлар айтылғанын түсіндім.
Диалогтік оқыту ұжымдық(мұғалім мен бала бірігіп тапсырманы орындайды) және өзара білім алмасуға жағдай туғызатын (мұғалім мен балалар бір-бірін тыңдап, идеялармен бөліседі және балама көзқарастарды қарастырады) және қолдаушы(балалар қате жауап бергені үшін қорықпай, өз идеяларын еркін жеткізіп, бір-біріне өзара түсіністікке жетулеріне көмектеседі) болып табылады.[1.49]
Алдағы уақытта оқушыларға өлең мазмұны бойынша пайымдаулар жасаудың маңыздылығын ескердім, диалогтік оқуға дайындық ретінде өлеңнің негізгі идеясы мен ақынның ойы туралы әңгімелесу үшін «сиқырлы айна» стратегиясы ұсынылды. Бұл жұмыс ұжымдық үлгіде, ішкі және сыртқы шеңбер бойында жүрді және талқылаудың нағыз өзегіне айналды.
Төртінші сабақ А.Құнанбаевтың «Құлақтан кіріп, бойды алар...» өлеңі бойынша өткізілді. Тізбектелген сабақтар топтамасының соңғы сабағы болғандықтан мен сыни ойлаудың барлық бес үлгісін бірге қарастырудың жолдарын іздеп, диалогтің орын алғанын қаладым. Бұл оңай емес, бірақ топтық жұмыстардың көмегімен жүзеге асады деп күттім. Төрт топқа талқылау мен диалог жүру үшін түрлі тапсырмаларды ұсындым.
1-топ. «Құлақтан кіріп, бойды алар».
2-топ. «Әсемпаз болма әрнеге».
3-топ. «Шоқпардай кекілі бар қамыс құлақ».
4-топ. «Ғылым таппай мақтанба».
Тұжырымдамалық карта
Осы топтарда оқушылар берілген тапсырмалар бойынша өлеңдердің маңыздылығына тиісті талдаулар мен қорытындылаулар негізінде тұжырымдамалық карта жасау тапсырылды. Осы тапсырманы орындауға тұжырымдамалық картаны өте сәтті таңдадым деп ойлаймын. Қолданылған стратегия оқушылардың ойлау дағдыларын дамытуға, ойларын негіздеуге, тапсырманың мәнін тереңірек зерделеуге, тиісті қорытындылар жасауға көмектесті. Осындай үлгіде тарауды немесе тақырыптарды қорытындылау өз нәтижесін бере алады деп ойлаймын. Себебі, оқушылар тапсырманы орындау кезінде қайталау жүргізеді, оқылым, жазылым, айтылым және тыңдалым дағдыларын кешенді дамытуға мүмкіндік алады.
Осы сабақтарда оқушылардың сыни ойлауы неден көрінді?
Оқушылар өздерінің және құрбыларының әрекеттерін бақылауды, кез-келген мәселені талдауды, сұрақ қоюды және өз ойларын пайымдауды үйрене бастады. Оқулықтан тыс мәселелер бойынша өздерінің ойларын, суретке қарап отырып нақты, шынайы теңеулерді келтіруінен, Абайдың өлеңнің құрылымына қарай талдауларынан, мазмұндық талдауларды жасай алу қабілеттерінен көрінді деп айта аламын.
Сын тұрғысынан ойлау «ойлау туралы ойлану» сипатталған. Ол маңызды мәселелерді талқылау және тәжірибені ой елегінен өткізуді қамтиды[1.46]
Егер мен ақын болсам? Сыныптағы барлық оқушылар осы тақырыпта эссе жазып шықты, бұл жұмысты тексергенімде түрлі ойлар айтылғанын көрдім, оның ішінде оқулықтан көшірілген сөздер, өзімнің сабақта тақырып бойынша айтқан сөздерімді де қолданған оқушылар болды. Айта кететін жағдай, эссе жазылып жатқан кезде мүлдем өз ойларын жеткізе алмай отырған оқушылар да болды. Мені қиналдыратыны, ол оқушылардың саны да көп және менен, немесе өзінің сыныптастарынан көмек сұрамай менен құтылу үшін солардан көшіріп алғандарда болды. Ол менің осы жасаған жұмыстағы үлкен қиыншылығым деп айтсам болады. Бірақ бес саусақ бірдей емес, эссені өз дәрежесінде және терең ойлы, сыни тұрғыдан жаңа пікірі бар жұмыстарда болды. Осы жұмыстың біреуін талдайын.
А есімді оқушынның жұмысынан үзінді талдауы:
«Егер мен Абай атамыздай болсам халықтың сүйспеншілігіне, ықыласына бөлінер едім. Абайдай дана ойшыл ақылды, әр адамның жүрегінен орын таба алар едім. Бірақ Абайдай болу мүмкін емес те шығар» - бұл үзіндіде оқушы біріншіден Абайдың кім екенін және қазақ халқында ол кісінің орны бөлек екенін түсінгенін көрсетті. Сөз саптауындағы ахуалдар. кейбір сөздерінің қайталанып кетуі ол болашақта түзетуге келетіні белгілі. Оқушы талдай алатынын көрсетіп отыр. Өйткені ақын болу мүмкін емес екенін мойындау, өзіндік пікірі бар оқушыны білдіріеді. Ал, эссенің соңында оқушы Сыни ойы айқындалды ол «Егер де мен ақын болсам балалар әдебиетіне көп көңіл бөлер едім. Келешегіміздің тәрбиелі, әдепті де, ибалы ата-салтын сақтайтын ұлттық болмысымызды жерге қарайтпайтын ұрпақ болып өсуі үшін осы бағытта еңбектенер едім».
Төрт сабағымда да оқушылардан алған рефлексиялық сұрақтарыма жауаптарда оқушынның Сыни ойлануына апарғанын көрдім:
Сыни ойландыру үшін төмендегідей қиындықтар кездесті:
Оқушынның қысқа, оқулық пен шектеліп ойды айтуы;
Сұрақтан сұрақты тұғыза алмай жатқаны;
Бір-бірінің ойларына ой қоса алмай жатқаны;
Талдауы, Не үшін, Неліктен деген бағытта жұмыс жасай алмай отырғаны;
Өмір мен байланыстыру қажетілігінің түсінбей жатқаны.
Пайдаланған әдебиеттер
1.Мұғалімге арналған нұсқаулық. «Назарбаев Зияткерлік мектептері», ДББҰ, Педагогикалық шеберлік орталығы. 2015
2.Г.Д. Рыскелдиева, С.Ч.Тұрсынғалиева «Қазақ әдебиеті» 6 сынып.Қазақ әдебиеті мұғалім кітабы Г.Д Рыскелдиева. С.Ч Тұрсынғалиев.