Эссе. XXI ?асыр — білім мен ?ылымны? ?асыры


Қостанай облысы,
Жангелдин ауданы,
Торғай селосы,
Ш.Уалиханов атындағы Торғай орта мектебі,
Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі
Зарыпбай Динара Ғалымбекқызы

Эссе
XXI ғасыр - ғылым мен білімнің ғасыры
Білім мен тәрбие әрқашан күн тәртібіндегі басты өзекті мәселе болып келгендігі баршамызға белгілі. Қазір заман өзгерді,талап өзгерді. Бүгінгі бала-ертеңгі ел болашағы. Ондай болса,білім деңгейімен шығармашылық қабілеті жоғары шәкірттерді тәрбиелеу ұстаздардың басты міндеттері екендігін ұмытпауымыз қажет. Елбасы Н.Назарбаев «Қазақстан ХХІ ғасырда дамыған елдермен теңестіріп, өркениетті әлемнен мәртебелі орын алуына ықпал етер бірден-бір құдірет-білім, білімді ұрпақ»,-деп ХХІ ғасырды ғылым мен білімнің ғасыры атады.
Біздің басты міндеттеріміздің бірі қазақстандық отансүйгіштікті , адамның құқықтары мен бостандықтарын құрмет ететін азамат тәрбиелеу. Өйткені Қазақстан құқықтық мемлекет құруға кірісті. Мұндай іс-шараның басты принциптерінің бірі-құқықтық білім берудің сапасын арттыру.
Білім мен құқықтық сананың қалыптасуы-қазіргі адамға да, қоғамға да қажет. Өйткені Қазақстан құқықтық мемлекет құруға кіріскен уақытта, біздің қоғамымызға жан-жақты білімді, халықтың мүддесін қорғай алатын, егеменді елімізге өз үлестерін қосатын нағыз отансүйгіш, ұлтжанды азаматтар қажет. Мұндай азаматты мектеп, дәлірек айтсақ, ұстаз тәрбиелейді. Өйткені: «Ұстазы жақсының-ұстамы жақсы»-деп дана халқымыз бекер айтпаған. Әлемдік деңгейде кең қанат жайып келе жатқан ғаламдану үрдісінде әр халықтың өзіндік бет - бейнесін сақтап қалуы мен ұлттық ерекшеліктерді қазіргі өркениет талаптарына сай жетілдіру мәселесі зор маңызға ие болып отыр. Халықтың рухани құндылықтары ақпараттар ағынымен, жан- жақтан еніп жатқан жат түсініктер тасқынында жоғалып кетпеуі үшін жас ұрпақтың білімінің берік, білігінің бекем болуы тиіс. Әрине, ол жалпы білім беретін білім мекемелеріндегі оқу - тәрбие жүйесінің қалай ұйымдастырылуына тікелей тәуелді.
Білім мазмұнында оқушының өзіндік ойлау қабілеттерін, жеке көзқарастарын дамытуға тірек болар негізгі өзекті тауып, барлық ұғым – түсініктерді соған сәйкестендіре жүйелеу қандай маңызды болса, сабақта, сабақтан тыс ұйымдастырылатын оқу процесінде баланың білімді өздігінен меңгеруіне, өзіне деген сенімділігін арттыруға, қажетті іскерліктерді қалыптастыруға бағытталатын жұмыстарды үйлестіре жүргізудің де мәні соншалық үлкен.
«Тегінде, адам баласы адам баласынан ақыл, білім, ар, мінез деген қасиеттермен озады » деген ұлы ақын Абай сөзі барлық уақытта өз мәнін жойған емес. Озық ойлы білімдар адамдар заманның, қоғамның дамуына, өзгеруіне өз үлесін қосады. Осындай қоғамдық, әлеуметтік, мәдени өзгерістер, дамулар мектептің оқыту процесіне әсер етеді. Жан-жақты терең білім беру мақсатында көптеген технологиялар ұсынылуда. Кез- келген оқыту белгілі мөлшерде адамды дамытады.
Жаңа технологияның басты мақсаттарының бірі – баланы оқыта отырып, оның еркіндігін, белсенділігін қалыптастыру, өз бетінше шешім қабылдауға үйрету. Жұмыс жасау барысында мен өзім «Сын тұрғысынан ойлау» технологиясы бойынша жұмыс жасаймын. Бұл жүйеде қойылатын сұрақтар проблемалы, ойлануды қажет ететіндей беріледі. Бұл технологиямен жұмыс жасау барысында оқушы өз ойын, өз пікірін білдіре алады. Жаңа материалды талдауға үйренеді.
Бұл технологиямен жұмыс жасаудың мақсаты – барлық оқушыларға кез келген мазмұнға сыни тұрғыдан қарап, өзіндік пікір айтуға, саналы шешім қабылдауға үйрету. Сын тұрғысынан ойлау - сынау емес, шыңдалған ойлау. Сын тұрғысынан ойлау тек жоғарғы сынып оқушыларына ғана тән емес. Орта буын және кіші сыныптарға ұйымдастырған кезде даму деңгейіне сәйкес тапсырмалар беріледі. Бағдарлама үш деңгейден тұратын оқыту мен үйретудің тәсілінен тұрады.
Олар: 1. Қызығушылықты ояту 2. Мағынаны тану 3/ Мағынаны ашу.Қызығушылықты ояту - жаңа сабақты түсіндіру кезеңіндегі үйрену процесі. Мағынаны тану – жаңа сабақты бекіту сабағы.
Яғни оқушы не үйренгенін саралап, салмақтап, оны қандай жағдайда,қалай қолдану керектігін үйренеді. «Оқу мен жазу арқылы сын тұрғысынан ойлау» бағдарламасымен жұмыс жасағанда оқушының танымдық белсенділігі артады, өз бетінше білім алады, шығармашылығы артады.
Атқарған әрбір жұмыс нәтижесіз қалмайды. Бұл жаңа технологияның нәтижесі де бар. Яғни, оқушы ой-пікірлерін ашық, еркін айтады. Сабақ- білім естерінде сақталады. Сабақ барысында әр оқушы өзі талдайды, бір – біріне талап, өтініш, тілектерін білдіреді.
Білім - ұлттың ақыл- ойы мен ерік - жігерін қалыптастырушы тірек. Ендеше ол мемлекеттік саясаттың әр адамның сол мемлекет мүддесін дұрыс түсінуінің , оны сақтауға, орындауға деген шын сенімнің де негізі болуы тиіс. Білім берудің ұлттық жүйесін қалыптастыру - ұлттық дәстүрлерді сыртқы кері күштерден қорғаныс ретінде біліммен сабақтастыра пайдалану деген сөз. Тәрбиелік қуаты берік білім халықтың болашақ даму бағытын өзі айқындауына жол ашады. Ал бұл ана тілінің оқытылу сапасы мен оның ұйымдастырылуының түпкі нәтижеге сәйкестік деңгейіне тікелей қатысты. Оның үстіне білім - таным құралы, тіл арқылы адам дүниені танып біледі, барлық білімді сол арқылы игереді. Ендеше тілдік ортаны қорғау- «халықтың, ұлттың мәңгілігінің мәңгілік мәселесі»/Ғ. Мүсірепов/.
Елбасы Н.Ә.Назарбаев өз сөзінде: «Болашақта еңбек етіп, өмір сүретіндер – бүгінгі мектеп оқушылары, мұғалім оларды қалай тәрбиелесе Қазақстан сол деңгейде болады. Сондықтан да ұстазға жүктелетін міндет өте ауыр» деген. Біз, барлық мұғалімдер жұмыла кірісіп, әрқайсымыз осындай жаңа технология негізінде оқушы санасына білім құя білсек, біздің еліміз нашар болуы мүмкін емес. Ендеше өз ісіне берілген, жаңалықты жатсынбай қабылдайтын, ұлттық қасиеттеріміздің асылдарын асқақта отырып, шәкіртінің жанына нұр құятын фасилитатор ұстаз болуға ұмтылыс жасайық.
Сөз соңында өз ойымды белгілі педагог К.Ушинскийдің «Мұғалім – өзінің білімін үздіксіз көтеріп отырғанда ғана мұғалім.Оқуды, ізденуді тоқтатысымен оның мұғалімділігі де жойылады» деген сөзімен аяқтағым келеді.