Т?рбие са?аты Наурыз келді ала?ай


Алақай, күн жарқын алдағы!Қатынасушылар: Жүргізуші, Жаңа жыл, Қызыр ата, Мыстан кемпір, Алдар көсе, Лақ, Қозы, Қоян, Қарға, Оқушылар
Наурыз тойы. Сахнада – ақ отау. Алтыбақан құрулы. Бір бұрышта қара қазан.Қазақы киім киген жүргізуші ортаға шығады.
Жүргізуші: 
Наурыз тойы құтты болсын!
Дендерің сау, мықты болсын!
Аман – есен болайық,
Баршаңызға тілегім, осы, халайық!
Жиналғандар:
Айтқаның келсін!
Пәле-жала жерге енсін.
Барлық бала бақты болсын!
Төрт – түлік ақты болсын!
Жүргізуші:
Еліміздің несібесі мол болсын. Сиыр желіні толатұғын сүт болсын.
Жауын жауып, жер бетіне көк толсын, Даламызға бұл жаңа жыл құт болсын!
   Хор:
Құт болып азат күн – Наурызы, Шырқалсын қазақтың ән – жыры.
Жасына жас қосып баланың, Алақай, келеді Жаңа жыл.
Әдемі би билеп, ән шырқап, Кел, достар, бастайық жаңа жыр.
Жүргізуші: 
Ескі жыл, атағың жаңғырған,
Өтіп сен келіпсің бар қырдан.
Жасырмай айтшы тек, балалар
Болды ма көңіліңді қалдырған?  
Ескі жыл:
Жауапты берейін не деп мен, Олардың көбіне жоқ өкпем.
Үш жүз алпыс бес күнімді. Өткізгем жоқ босқа, демек, мен.
 Бірнеше бала кіреді.
1- бала:
Тоз – тоз болып кітап көп, Күнделігім жыртылған.
Бірақ онда шаруам жоқ, Күліп жүрмін мұртымнан.
2- бала: 
«Әліппені ашсам да, Көрмей тұрмын әріпті,
Есінеймін еріксіз, Ұйқым қанбай қалыпты.
3- бала:
Оңай сабақ болғанда, Тақтаға тез шығамын.
 Қиын сабақ болғанда,  Партаға мен бұғамын.
4- бала:
Ойын болса, сапырып, Қызық дәурен кешемін.
Көшіремін қатырып, Шықпай қалса есебім.
Ескі жыл:       
Жыл бойы көп көріп келем мен,Мұндайлар болды ғой дегенмен
Оларда қатесін түсінер, Санатқа қосылар, сенем мен.
   Хор:
Аңсаған арманды табамыз,
Жақсы оқып төрт пен бес аламыз
Өшпейді қалдырған іздерің,
Ескі жыл, ризамыз саған біз.
Бір бұрыштан жанына қара қарғаны ертіп Мыстан кемпір кіреді.
Қарға:  
Көктем жылдам жетіпті, Қар да еріп кетіпті.
Мыстан шеше, кел мұнда, Қарқ, қарқ, қарқ, қарқ!
Жаңа жылды болдырма, Сағат тілін тарт!
Мыстан:   
Күшімді сынайын, Бір кешке шыдайын.
Сендерге бұл жылды. Келместей қылайын.
Мыстан балалардың көзін ала бере сағат тілін кері бұрап қояды. Екінші бұрыштан Қозы, Лақ, Қоян кіреді. Қоян Мыстанның әрекетін байқап қалады.
Қозы:
Құтты болсын мереке! Болсын думан, береке.
Лақ:
Қалдық десек кешігіп, Әлі уақыт көп екен.
Билеу үшін есіліп, Жүр, келейік, шешініп.
Қоян: 
Тыңдашы, Лақ, Қу мыстан
Бүгін тағы бүлдірген.
Сағат тілін сол тұстан,
Кері бұрап үлгерген.
Лақ:  Енді қайттік, не істейміз? 
Қозы: Шақыртайық аңдарды!
Лақ:  Жоқ, достарым, одан да, Алдырайық Алдарды.
Көп кешікпей Алдар келеді.
Қоян:  Алдар аға, армысың?
Қозы: Алдар аға, бармысың?
Лақ:  Сіз қайтарар деп едік, Мыстан кемпір қарғысын.
Алдар:
Не боп қалды, достарым?
Басты қазір қосқаның.
Айтсаңдаршы анықтап,
Не бүлдірді қастарың?
Қоян: 
Ал мен білсем, достарым,
Мыстан ойлап бас қамын.
Бұзбақ болып келіпті,
Наурыз тойдың жоспарын.
Алдар:
Олай болса, жүріңдер, Тамашаны көріңдер.
Не десем де, тек қана, Үнсіз құптай беріңдер.
Алдап – сулап мыстанды, Бір жығайық дұшпанды.
Олар мыстан кемпір күзтіп тұрған үлкен сағаттың қасына келеді.
Алдар: Амансыз ба, шешетай?!
Мыстан: Қайдан көрдім сені мен, Келдің кімнің елінен?
Алдар:
Арып – ашып алыстан,
Өзіңді іздеп келіп ем.
Құр қалмассың табыстан,
Бірге жүрсең менімен.
Мыстан:Не дейді?! Неге, қайда, Емес пе мұның айла?
Алдар: Ойбай, шеше, Кеттік, әйда! Маған олжа, Сізге пайда!
Алдар әндетеді.
Ат басындай алтыным бар, Құдыққа оны көміп ем.
Бүгін ғана жолым түсіп, Алмақ болып келіп ем.
Алуға аршып, жетпей күшім, Сізден көмек болса деп ем.
Төмен түссем, арқан ұшын, Ұстап біреу тұрса деп ем.
Қайтем оны жерге тығып, Ал, шешетай, келісейік,
Бар алтынды алып шығып, Тепе-тең ғып бөлісейік.
Мыстан: Жүр, ендеше, сауабыңды алайын, Арқан ұшын мен-ақ ұстап тұрайын.
Екеуі құдықтың қасына келеді. Мыстан өзіне өзі күбірлейді.
Мыстан:
Ат басындай алтын дейді...
Оның бәрі менікі,
Құдық түбі салқын дейді,
Сол жер ғана сенікі.
Алдар ішін қос қолымен басады.
Алдар:
Ойбай, шеше! Ішім бүріп барады,
Денем күйіп – жанады.Қалай табам іш емін?
Қапелімде не болды, Ауырмаған кісі едім. Сазға қалай түсемін?
Мыстан: Ауруға дауа жоқ, Сенің шамаң келмесе, Мен түсейін ендеше.
Қарға:
Қарқ, қарқ, қарқ, қарқ!
Сенбе оның сөзіне.
Арқаныңды тарт, тарт,
Құм толтырар көзіңе.
Мыстан:  
Ақымақ қарға, оттама,
Досты бекер даттама.
Өзім түсіп шығамын,
Алтынды алам тек қана.
Арқанды алып, төмен түсіп кетеді. Алдар құдықтың қақпағын жылдам жауып жібереді, сағат тілін Қоян орнына келтіреді.
Жүргізуші:
Наурыз айы туғанда, Жыл келеді бұл маңға.
Не жетеді, достарым, Ойын – сауық құрғанға.
Би билетіп, ән салған, Ақшақарға тамсанған,
Жаңа жылды көп елде, Бізден бұрын қарсы алған.
Наурыз бізге болып сын. Кержалқаулар толықсын.
Талапты мен іскерге. Қызыр келіп жолықсын!
Оқушылар: Қызыр ата, Қызыр ата келеді, Қызыр ата бізге бақыт береді!
Есіктен Қызыр ата кіреді.
Қызыр ата: Армысыңдар, балалар!
Балалар: Қош келдіңіз, Қызыр ата!
Алдар: Төрлетіңіз, Қызыр ата!
Қызыр ата:
Балалар, күн жарқын алдағы, Еліме еркіндік орнады.
Ал енді, қысылмай айтыңдар, Кімдердің бар қандай арманы?!
1- бала:
Арманы жоқ бар ма адам?!
Көктің жүзін шарлаған.
Ұшқыш болсам деймін мен,
Қыран құстай самғаған...
2- бала: 
Біздің Асыл апайды,
Біздің Абзал ағайды,
Жұрттың бәрі адамның
Ардақтысы санайды.
Айтқан сөзді ұғамын,
Ертең өсіп шығамын.
Ізгілікті себетін
Болсам деймін мұғалім.
Қызыр ата:
Айналайын, қарағым,
Бәрекелді, жарадың!
Енді маған еліңнің
Айтып берші бір әнін.
Бала әдемі ән бастап, оған жиналғандар тегіс қосылады.
Қызыр ата:
Көп рақмет, алтыным,
Енді біраз ал тыным.
Өнеріңе байғазы,
Міне, саған тартуым.
Өнерлі балаға сыйлық ұсынады.
Қызыр ата:
Біздің халық өнерпазға бай, тегі,
Әнші деп те, күйші деп те айт оны,
Талаптарың таудай екен, ал енді,
Жақсылап бір билесеңдер қайтеді?
Көңілді әуен ойналып, би басталады.
    Хор:
Кіршіксіз көгілдір көгіміз, Гүлдері құлпырған жеріміз,
Армысың, Наурыз, аңсаған, Қуанып қарсы алдық сені біз.
Адамдар ақ сүттей ар үшін, Жігерін намысқа жанысын.
Наурызда абырой биіктеп, Қыдыр кеп халқыма дарысын!
Жүргізуші:
Тамаша күйлерің, жыр - әнің,
Бізге де барлығың ұнадың.
Ал қазір сендерге қоятын.
Бар менің бірнеше сұрағым.
Балалар:
Айтыңыз, ойланып көрейік, Жауабын берейік!
Қызық та қиын сауалдарға жауап қайтарған балаларға сыйлықтар үлестіріледі.
Жүргізуші:
Жауаптарың әдемі,
Зейін қойып тыңдадым!
Қызыр ата:
Жарайсыңдар, ұлдарым!
Жарайсыңдар, қыздарым!
Өздеріңе қоятын
Менің де бар жұмбағым.
Балалар:
Айтыңызшы, шешейік,
«Жұмбақ шештік» десейік.
Жүргізуші:
Шеше алмаса балалар, Бізде көмектесейік.
Қызыр ата:
Бір кісінің он екі баласы бар,
Ішінде ақ, сарысы, қарасы бар,
Әр баласы сапарға шыққан сайын,
Отыз шақты нөкерін ала шығар.
Кім біледі бұлардың кім екенін,
Кәне, қайсың шешуін табасыңдар?
1- бала: Қиын екен жұмбағы.
2- бала: Терең екен сырлары.
3- бала: Ойлап – ойдап таппадым, 
Шеше алмадым мен дағы.
Жүргізуші:
Балалар, кісі деген жыл емес пе,
Он екі ай оның қыз бен ұлы емес пе?!
Отыз нөкер отыз күн бір айдағы,
Осылайша шешкенім жөн емес пе?!
Дауыстар: Дұрыс, дұрыс!!!
Тағы да жұмбақтар, жаңылтпаштар айтылады.
Алдар:
Ей, балалар, балалар,
Енді маған қараңдар!
Наурызды тойлайық,
Қызық ойын ойнайық.
Түрлі ойындар ойналады.
    Хор:
Бақытты бал дәурен күніміз, Шарықтап барады үніміз.
Тәуелсіз, ерікті ел болдық, Сүйікті Отанның гүліміз.
Алтын Күн төгеді шапағын, Шырқаймыз өмірдің шат әнін.
Мың алғыс өзіңе, туған ел, Мың алғыс өзіңе, Отаным!
Қызыр ата:   Жасай берсін жаңа күн!
Жаңа жыл:   Туа берсін жаңа жыр!
Жүргізуші:     Дүр сілкінсін дала бір. Құтты болсын Жаңа жыл!!!
   Хор:
Құтты болсын Наурыз – той, Құтты болсын Жаңа жыл!!!