Т?рбие са?аты: Мемлекеттік р?міздер- ?лтты? ма?таныш.
Сабақтың тақырыбы: Мемлекеттік рәміздер- ұлттық мақтаныш.
Сабақтың мақсаты: Оқушылардың туған жеріне деген сүйіспеншілігін арттыра түсу, мемлекеттік рәміздерді құрметтеуге, сүюге тәрбиелеу.
Қазақстан Туымен тұғырлы, Елтаңбасымен еңселі, Әнұранымен айбарлы.
І. Ұйымдастыру кезеңі.
ІІ. Жаңа сабақ.
Ұлағатты сөздер.
Дүниеде Тәуелсіз қазақ елі бар,
Әлемде Егемен Қазақстан бар.
Оның көп ұлтты, тату, ынтымақшыл халқы бар
Қуатты экономикалы, сенімді саяси жүйесі бар
Ең басты – бүгіннен нұрлы, бүгіннен кемел болашағы бар.
Әнұран орындалады.
Мұғалім сөзі: Мемелекеттік рәміздер – еліміздің егемендігі мен тәуелсіздігін паш ететін нышандар. Мемлекеттік рәміздер халқымыздың рухын, ұлттық салт-дәстүрін, болашаққа үмітін, арман-тілегін жеткізетін ерекше құнды белгілер.
Егеменді ел болу үшін Қазақстан Республикасының ұлттық белгілері болу керек.
Ұлттық белгілер:
1.Елтаңба
2.Әнұран
3.Ту
4. Мемлекеттік шекара
5.Әскер
6.Мемлекеттік тіл
7. Мемлекеттік заңы
8.Теңге
1991 жылы 1 желтоқсанда Қазақстан тарихында тұңғыш рет Президент сайланды.
Тәуелсіздік! Қандай киелі сөз. Осы бір құдіретті сөздің тереңіне көз жіберіп, ой елегінен өткізсек, ата-бабаларымыздың ғасырлар бойы асыл арманы, азаттық жолында құрбан болған талай боздақтардың ұрпақтарына қалдырған аманаты екені сөзсіз. «Өткенсіз болашақ жоқ» дейді дана халқымыз. Тәуелсіздіктің ең басты жемісі – еркіндік. Кешегі бабалар қаны тамған дала төсінде бүгін Астанадай алып шаһарымыз бой көтеріп, әлемдік аренадан көріне білді. Еліміздің бірлігін, ұлан ғайыр даламыздың тұтастығын қорғайтын құжаттар мен шарттарға қол қойылды. Еліміздің мамыражай бейбіт тірлігі, төріміздегі Ата заң, көгіміздегі азаттықтың көк байрағы, ұлттық теңгеміз, республикалық «Ұланның» құрылуы қуантарлық жайт.
Мемлекеттік тәуелсіздігімізді жария еткен алғашқы сәттен бастап бүгінгі күнге дейінгі көрген жақсылығымыз бен жетістігіміз, дербес Қазақстан мемлекетінің қуаттануы мен абаттануы ең алдымен Елбасының еңбегімен көрегендігінің арқасы, Нұрсұлтан Назарбаев жаһанның жаңа кезеңінде қазақ елінің жаңа дәуірін, ұлт рухының шарықтап, қайта өркендеп өркениетке ұмтылуын кемеңгерлікпен ұйымдастыра білді. Елбасы қазақ елінің әлемдік бәсеке дәрежесіндегі даму жарысына батыл араласып, қиын да күрделі, ауыр да абыройлы жолын ғасырлар тоғысында бастады және мың салалы мемлекеттік істі адастырмай дұрыс жолға қоя білді.
Бұл қазақ халқының маңдайына біткен бақыты мен мақтанышы, елдің бүгінгі жарқын өмір сүруіне жасалып отырған нақты кепілі. Елбасымыздың мына бір жалынды сөздері осының айғағы іспеттес.
«Мен өз халқымның жолында басымды бәйгеге тіккен адаммын. Маған ары үшін жанын садаға ететін осындай халыққа, мені ұлым деп, перзентім деп төбесіне көтерген халыққа, арғы-бергідегі қазақ баласының бірде-бірінің пешенесіне бұйырмаған бақыты- толыққанды, тәуелсіз мемлекет құрудың қасында болу бақытын бұйыртқан халыққа қызмет етуден артық ештеңенің керегі жоқ, осы жолда мен бойымдағы қайрат –қабілетімді, білім-білігімді аямай жұмсаймын, қандай да тәуекелге барамын.»
1992 жылы 4 маусымда мемлекетіміздің Туы, Әнұраны, Елтаңбасы туралы заң қабылданды. Сол күні Жоғары Кеңес Тәуелсіз Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы мен Елтаңбасын бекітті.
1992 жылы 5 маусымда еліміздің Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев тізесін бүгіп, ұлттық Туымызды сүйіп, тағзым етті. Ту құтты орнына қондырылды.
Нығайтамын еліміздің рәміздерін
Берік ұстап, тәуелсіз тізгінін.
Мәңгілік баянды бол, тәуелсіздік,
Намысы еліміздің берік болсын.
Қазақстан Республикасының Елтаңбасы 1992 жылы 4 маусымда ресми түрде бекітілді.
І. Мемлекеттік Елтаңбаның авторлары:
1) Жандарбек Мәлібеков пен Шота Уалиханов.
Елтаңбадағы негізгі нышан белгі-шаңырақ. Шаңырақты айнала күн сәулесіндей тарап уықтар шаншылған. Елтаңбадағы бейнеленген қанатты пырақ- еркіндікті сездіреді. Ол шексіз даму, яғни еліміздің шексіз гүлденуі, дамуы. Мемлекеттік Елтаңба Мемлекеттік Тумен қатар жүреді.
Бейнелеген сан ғасырды
Елтаңбасы елінің,
Нұр төгеді Елтаңба
Ақ Орданың төрінде.
ІІ.Мемлекеттік Ту 1992 жылы маусымда бекітілді. Авторы: суретші Шәкен Ниязбеков. Қазақстан Республикасының туы көк түспен боялған. Көк түс тыныштықты білдіреді. Ал күн-байлық пен берекенің белгісі. Сары түс-өмір, жандану, байлық символы. Қыран-құс патшасы, еркіндіктің белгісі. Ағаш сабына бекітілген ұлттық өрнекті жолақ. Онда қошқар мүйіз деп аталатын халқымыздың ұлттық оюы өрнектелген.
ІІІ. Әнұран – мемлекеттің салтанатты әні. Тәуелсіз Қазақстанның бірінші әнұраны 1992 жылы желтоқсан айында қабылданды. Әнұранды түрегеп тұрып айтады, тыңдайды. Бұл өз мемлекетіңе деген құрметті білдіреді. Біздің әнұранымыз – «Менің Қазақстаным» әні. Әнді көрнекті композиторымыз Шәмші Қалдаяқов пен талантты ақынымыз Жұмекен Нәжімеденов жазған. Алғаш рет Қазақстан Республикасының әнұраны «Менің Қазақстаным» әні 2006 жылы 2 қаңтарда Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевты ұлықтау рәсімінде орындады. Әнұран салтанатты жиналыстарды ашу және жабу кездерінде мемлекеттік туды көтерген кезде орындалады.
Ән: «Көктудың желбірегені» Елгезеков
ІV. Қазақстан Республикасы мемлекеттігінің басты белгілерінің бірі – Конституция. Конституция – мемлекетіміздің негізгі заңы. Ата заңға құрмет ретінде біз Конституция сөзін бас әріппен жазамыз. Еліміздің тұңғыш Конституциясы 1993 жылы 28 қаңтарда, ал жаңа Конституциясы 1995 жылы 30 тамызда қабылданды.
Біз – Тәуелсіз қазақ елінің жас ұландарымыз.Сондықтан мемлекеттік рәміздерді құрметтеп, қастерлеп, тұғырын биік ұстауға ат салысуымыз керек.
Елімізді символы – мемлекеттік рәміздерді құрметтеу, бәріміздің парызымыз болып саналады.
Туымыз биік, мәртебеміз жоғары болсын.
Елімізде Қысқы олимпиада ойындары дүркіреп өтті. Жерлестеріміздің қанжығасы майланып, командалық есепте көш бастады. Еліміздің Әнұраны 32 рет ойналып, көк байрағымыз 32 рет көтерілді. Қоржынымызға жалпы есебі 70 медаль түсті. Оның 32- і алтын, 21-і күміс, 17-і қола болды. Осылайша жетінші Қысқы Азия ойындары Қазақ елін шежіре беттеріне жазып қалдырды.
Өздеріңізге белгілі, Ислам конференциясы ұйымына да төрағалық еттік. Бұл Қазақ елін бүкіл әлемге жаңа қырынан танытты. Тұңғыш рет қазақ баласы Біріккен Ұлттар Ұйымы Төрағасының орынбасары болып тағайындалды.
Қазіргі заманғы адамзаттың ақыл-ойы ойлап тапқан жарыстардың ішіндегі ең қасиеттісі де тазасы, әлбетте, олимпия ойындары болып табылады. Бұл ойындар спорттың адам баласына беретін жақсы қасиеттерінің бәрін өз бойына жинаған. Олимпиада тек ептілік пен күштіліктің, шеберлік пен шыңдалудың, жігерлілік пен намысқойлықтың сынға түсетін дүбірлі додасы ғана емес. Бүгінгі таңдағы дүниетанымдық тұжырым негізінде «олимпизм» деген ұғымға ие болған бұл қозғалыстың мәні мен маңызы жай жарыс тұрғысынан әлдеқайда биік жатыр. Бұл бәйге ең алдымен елдің елдігін танытатын сындарлы сайыс.
ХХХ Лондон жазғы олимпиадасының жеңімпаздары жеті алтын, бір күміс және бес қола медальдарымен оралды. Олар: Александр Винокуров –вело жүргізуші, Зульфия Чинчанло –ауыр атлет, Майя Манеза-ауыр атлет, Светлана Подобедова-ауыр атлет, Илья Ильин-ауыр атлет, Ольга Рыпакова-жеңіл атлет, Серік Сапиев-бокс алтын медаль иегерлері; Әділбек Ниязымбетов – бокс күміс медаль иегері; Даниал Гаджиев-грек рим, Марина Вольнова-бокс, Гүзел Манюрова-күрес, Иван Дычко-бокс, Акжүрек Таңатаров-еркін күрес қола медаль иегерлері;
Ең соңғы мәліметтер бойынша, Лондон Олимпиадалық ойындарында жақандық деңгейде барлығы 95 рекорд тіркеліпті. Олардың 36-ы әлемдік, 59-олимпиялық мәртебелерге ие.
Қазақстан спортшылары жасалған рекордтардың саны негізінде түзілген әлем елдерінің рейтингісінде аса құрметті 4-ші орында тұр. Біздің отандастарымыз Ұлыбритания жерінде 11 рекордтың жасалуына себепші болды. Бұлардың 4-і әлемдік болса, 7-і олимпиялық көрсеткіштер болып табылады. Ал алғашқы үштікті 16 рекордпен АҚШ, 15 рекордпен Қытай, 12 рекордпен Ресей құрамалары алып отыр.
Мемлекет басшысынан бата алып, жолға шыққан спортшыларымыз шынында да онда сеніммен аттанып, жеңіс туын желбіретіп оралды. Осы арқылы Қазақстан атты іргелі елдің беделін халықаралық қоғамдастық алдында тағы бір мәрте көтеріп тастады. Олардың бәрі де Қазақстанның аспан түстес көк туы астында елінің намысы мен ары, даңқы мен беделі жолында бір кісідей аянбай тер төкті, күш жұмсады. Барлығы, айналып келгенде, Қазақстан атты ортақ Отанымызға қызмет етті.
Еңселі еліміз үшін, еліміздің ертеңі үшін әкелген осынау жемісті жеңістеріңіз әмсе құтты болсын, олимпиадашылар! Алдағы күндер тағы да осындай орасан зор табыстарға бастай бергей.