Разработка внеклассного урока ?н салса?, ?сеттей сал….
1-жүргізуші:Ассаламағалайкүм,Әсеттің әсем әндерінен нәр алған, ағайын!
2-жүргізуші:Қайырлы кеш ,қазақ әнін қастерлеген өнер сүйер қауым!
1-жүргізуші:Бүгін махаббатқа толы шуақты әндер мен әуені санамызға сіңіп қалған қуатты әндер шырқалатын кеш.
2-жүргізуші:Бүгін ұлы жүректің жан әлемін толқытқан,жігеріңді қайрайтын рухты әндер орындалатын кеш.
1-жүргізуші:Бүгін қар түбінде қалып қойған қазынадай ,бұрын-соңды шырқалмаған асыл әндер орындалатын кеш.
2-жүргізуші:Қазақтың мақтанышы ұлы ақын-сазгер Әсет Найманбайұлының мерейтойына арналған «Ән салсаң,Әсеттей сал, әуелетіп ...» атты кешіне қош келдіңіздер!
1-жүргізуші:Халқымыздың өнер аспанында жарқыраған шоқ жұлдыздарының бірі-Әсет Найманбайұлының туғанына биыл 150 жыл.Қазақтың қанындағы ұрпақтан ұрпаққа ұласқан үш бірдей ұлы қасиет Әсетке дарыған.Тәңір берген талантының шырқау шыңына түпсіз терең сырына көз жетпейтін осынау ғажап адам,халқымыздың маңдайына біткен рухани шоқ жұлдыздарының бірі.
2-жүргізуші: Әсет бір ғана атаға,бір ғана аймаққа тән ақын емес,ол-бүкіл қазақ халқына тән ұлттық ұлы ақын.Әсеттің бір ерекшелігі өзінің бойындағы ақындық,сазгерлік,
орындаушылық қасиеттерді жіпке тізіп,өзіне-өзі баға бере алуында. «Інжу-маржан» немесе «Әсет әні» бұған дәлел. Атақты музыкатанушы Ахмет Жұбанов, Әсеттің сөзіне музыкасы сай келетінін айта келе: «Орындауы келіссе Әсет -сахна сәнінің бірі. Әсіресе қайырмасында ән құйқылжып, төгіліп, шын мәнісінде ойнақтап, делебеңді қоздырып кетеді»,- деген.
Бұлбұл үнімен тыңдаушысын ғашық еткен,әжелер ансамбльнің мүшесі Күміс апамызды «Інжу-маржан» әнімен қабыл алыңыздар.
1-жүргізуші:Асқақ ақын,әйгілі әнші,дарынды сазгер Әсет Найманбайұлының тұрған жері,өмір сүрген ортасы ,өнер шашқан ордасы сөз болғанда біздерді,Мақаншы өңірін мақтаныш сезімі билейді,өйткені біздің өлке-есімі алты алашқа белгілі,аққуға үнін қосқан Әсеттің ғажайып сұлу өнерін туғызған қасиетті өлке.
2-жүргізуші:Әсет Найманбайұлы 1867 жылы қазіргі Қарағанды облысы ,
Ақтоғай ауданы, «Қызыл-арай» ауылында туған.
1-жүргізуші:Әкесі Найманбай кедей шаруа болыпты.Ауыр тұрмыстың айдауымен 1875 жылдары Найманбай Семей қаласына көшіп келіпті.Найманбай Семей қаласында да тұрақтай алмай Бақтыдағы апа-жездесін сағалап сол жерге көшіп келеді.Бақтыға келген соң, 7-8 жасар Әсетті сондағы медресеге оқуға береді. Медресе имамы Зейнолладан бастауыш білім алады.Мұнда араб тілі мен шығыс поэзиясын меңгеруге ден қояды.Медреседе оқып жүрген кезінде-ақ ,оның табиғи ақындық таланты таныла бастайды.
2-жүргізуші.Жасы ұлғайған шағында бір өлеңінде ,ақындық өнер он үш жасында басталғанын айтады.
Елуден жасым менің белең асқан,
Өлеңге он үшімнен араласқам,
Қызыл тіл қимылдаса қызуымен,
Текпінді терең сөзден жаза баспан,-дейді ақын.
1-жүргізуші: Әсеттің алғашқы ақындық қаламындағы айтатын, жазатын өлеңдерінің тақырыбы көбінесе жастық, махаббат туралы және суырып салма айтыс өлеңдері болды. Ол ақындық өнерді өзгеше жоғары бағалап, табиғаттың тартқан ерекше қасиетті сыйы деп біліп ардақтаған. Ақындық өнерін халқына арнаған, оны туған елі қадірлеп, құрметтеген.2-жүргізуші:Әсет Найманбайұлының ақындығы ең алдымен айтыс өнерінде танылады. «Айтыс – майдан, айтысқан ақындар майданының жекпе-жектегі батыры» деп М.Әуезов айтқандай Әсет ақын да осы жекпе-жектен жеңіп шыққандардың бірі. Әсеттің сынға алғашқы түскен ең үлкен айтысы – Ырысжан қызбен айтысы.
Әйгілі ақын-қыз Ырысжанмен айтысқанда Әсет он сегізде ғана екен, соған қарамастан қыздың айтқан небір қиын жұмбақтарын қиналмай, қолма-қол шешіп береді. Бұдан ақынның білімді, зерделі екендігі айқын аңғарылады. Сөйтіп, Әсет пен Ырысжанның айтысы–көркемдігі, сөз қолдану шеберлігі жөнінен Біржан мен Сара айтысынан кейінгі озық туынды болып табылады.
«Әсет пен Ырысжан айтысын» тамашалаңыздар.
1-жүргізуші:14-15 жасында сазгер әрі әнші ретінде өз шығармашылық жолын бастайды.
Ақын Әсет асыл жырын домбыраға қосып, асқақтата ән шырқайтын болған. «...Ән салсаң Әсеттей сал әсемдетіп, қоздырып делебеңді әсерлі етіп, шырқатып, шығандатып, шалықтатып, нөсерлетіп...» дейді.
2-жүргізуші: Ән салсаң Әсеттей сал деген еді,
Қоздырып,құйқылжытып делебеңді,
Сайраған бұлбұл құстай таң алдында,
Әуезің құлағыма келе берді-дей келе, өнер десе ішкен асын жерге қоятын,зор дауыс иесі Әмірғали ағамызды «Қоңыр қаз» әнімен ортаға шақырамыз.
1-жүргізуші: Әсеттің әдемі әндерінің бірі – «Қысмет». «Қысмет» - түрік сөзі мағынасында дінге байланысты: жеке адам тағдырындағы, дүние жүзіндегі барлық оқиғалар толық алланың алдын ала беріп қойған әмірімен болады деген ұғымды білдіреді. Қазақша «алланың жазуы», «жазмыш».
2-жүргізуші: Әсет әндерінің ішінде шырқата созылып айтылатын кең тынысты әндерінің бірі – «Қысмет».Әсет :«Бұл ән дауысқа ауыр.Өзім де қысылып айтамын.Елді сағынып ,қысылып жүргенде шыққан ән еді.Содан «Қысмет» деп ат қойдым»,- деген екен.
Көрермендер көзайымына айналған ,күміс көмей әнші,»Жауқазын» фестивалінің лауреаты Надырбекова Анияны «Қысмет» әнін қабыл алыңыздар.
1-жүргізуші:Қазақ ішінде кең таралған туындыларының бірі- «Әсет пен Кемпірбайдың қоштасуы».Кемпірбай ақын ауырып жатқанда Әсет ақын көңілін сұрай келсе,теріс қарап жатыр екен.Кемпірбай терлеп,мазасы кетіп,әлсін-әлсін жөтеліп дегбірсіздене беріпті.Мұны көрген Әсет көзіне жас алып,іштей қатты толқыпты.Қасына жақын келіп,қолынан ұстап: «Қалайсың? Сырқатың қалай?»деп сөзбен сұрапты.Кемпірбай естімегендей болып үн-түнсіз жата беріпті.Сонда Әсет не істерін білмей әбіржи бастапты.
«Соншама алыс жерден ат терлетіпкелгенімде бақұлдаса алмай қалатын болдым-ау»,-деп армандапты.Біраздан кейін: «Ә,мен өлеңмен толғамаған соң үндемей жатқан шығар.
Ақынның көңілін жырмен сұрайын,-депті.Кемпірбайдың бас жағында сүйеулі тұрған үкілі сырлы домбыраны қолына алып,ащы айғайға басып,өлеңмен хал-жайын сұрапты.Сонда Кемпірбай: «Әттең дүние-ай,Әсет келіп қалған екен.Менің бүйтіп өкпелеген баладай теріс қарап жатқаным жарамас»,-деп Әсеттен домбырасын алып,оған жауап қайтарыпты.
2-жүргізуші:Бұл өлең бір қарағанда қоштасу сөзі сияқты болып көрінуі мүмкін,ал үңіле қарасаңыз ,сонда бізге терең қатпарда жатқан өнер құпиясы ақырын-ақырын ашылары сөзсіз.Осы туындыдан қазақтың екі бұлбұлының өздеріне дейінгі ақындардың мүң-шерін,арман-мұратын шерткен жан-сырын байқасақ,болашақ біздерге қалдырған баға жетпес өсиет сөзін де толқи отырып қабылдаймыз.
Домбыраның құлағында ойнайтын,қазақ өнерінің жанашыры,жезтаңдай әнші Отан ағамызды «Әсет пен Кемпірбайдың қоштасуы» толғауымен ортаға шақырамыз.
1-жүргізуші: «Әпитөк»-ғашықтық әні.Әсет Шерубай-Тананың аулына барады.Сол ауылда Әпитөк деген бір сұлу қыз болса керек.Қызға тілдесуге әуелгіде мүмкіндік таба алмайды да,дәл қайтатын күні «Әпитөк» әнін шығарған екен.
2-жүргізуші: Естіген әнге еліккен,
Маздаса кеуде көрікті ем.
Әсем саз ән боп құйылып,
Жүректе тасты еріткен.
Талай қыздардың арманы болған,ауылымыздың сері жігіттері Надырбеков Дарын мен Адал Маратты «Әпитөк» әнімен қарсы алайық.
1-жүргізуші:1916 жылы ұлт-азаттық көтеріліс кезінде жазалаушы отрядтардан дүрліге қашқан елмен бірге Әсет Қытайға өтіп кетеді.Октябрь революциясы жөніндегі хабарды ол қуана қарсы алады,жат жерде жүріп Отанын аңсайды.
2-жүргізуші:1923 жылы шаршы топтың алдында ән салып отырып,әдеті бойынша мүсәтір деп қателесіп тамағына алмас салып жіберіп,қапалыста уланып қалады.Сөйтіп,атақты ақын,әйгілі әнші Әсет Құлжа қаласында қайтыс болады. Бүгінгі күнде Әсеттің сүйегі арғы бетте Қытай жерінде жатса да,оның ұрпақтары біздің елімізде.Әсеттің әйелі Тәтежан,қызы Сәмегөй,ұлы Қожеке Бақты ауылында қайтыс болып,сонда жерленген.
1-жүргізуші:1910 жылы Құрбанғали Халиди Әсет Найманбайұлынан бірнеше салт өлеңдерін жазып алып,жариялаған.1925 жылы Әсет Найманбайұлының өлеңін алғаш рет С.Сейфуллин бастырған.
2-жүргізуші:1936 жылы Бүркіт Ысқақовтың ақынның өмірі мен шығармашылығы туралы арнайы мақаласы тұңғыш рет жарияланды.Әсет Найманбайұлының шығармаларының тұңғыш жинағы 1968 жылы Балтабай Адамбаевтың құрастыруымен басылды.Бұл жинаққа ақынның 34 өлеңі (әнін қоса),4 айтыс-қағысы,4 дастан-қиссасы жарияланды.1988 жылы Бексұлтан Нұржекеевтің құрастырған «Әсет» атты жинағына 29 ән мәтіні,71 өлеңі,10 айтыс-қағысы,8 қисса-дастаны енгізілген.
1-жүргізуші:Бүгінде Мақаншы ауылының қақ ортасында қарқарадай болып, «Әсет» мұражайы тұрса,үлкен бір көше,бір мектеп Әсет атымен аталады.
2-жүргізуші:Шын дарын білем өшпес туған анық,
Биіктер жылдар өтсе тұлғаланып.
Қалдым деп бір қиырда қамықпа,ақын!
Біз жүрміз арманыңды нұрға малып.
Тірісің мәңгілікке асыл ағам,
Өлмейді халқы барда асыл адам,-деп Оразалы Бөлекбаев жырлағандай бүгінгі Әсет Найманбайұлының туғанына 150 жыл толуына орай өткізіліп отырған «Ән салсаң,Әсеттей сал ,әуелетіп...»атты кешімізді аяқтаймыз.Назар салып тыңдағандарыңыз үшін алғысымызды білдіреміз.
Әсет:
Ассаламағалайкүм,нар Кемпірбай,
Науқасқа шипа берсін патша құдай
Аспанда айнала ұшқан ақ сұңқарым,
Кез келіп жайған торға бопсың мұндай.
Науқасың меңдеу тартты дегеннен соң,
Жыладым бәйіт айтып үш күн ұдай.
Дауысымды танимысың,атым-Әсет,
Мен келдім әдейі іздеп көңіл сұрай.
Шынымен жауап қатпай кеткенің бе,
Алашқа атың шыққан қыраным-ай.
Кемпірбай:
Көңілді-ой Әсет келді көтергелі-оу
Бұзады кеуде,шіркін-ау ,жөтелгелі.
Артыма бір-екі ауыз сөз тастайын,
Басымды жастықпенен көтер бері.
Өлсем де көк кептерге бір соғайын,
Екі ішекті қу тақтайды әпер бері,
Аузыма өлерімде сөз салмасаң,
Қонғаның,өлең шіркін,бекер ме еді!...
Ал енді,шіркін,көмей былпылдасын,
Сөзімді мен өлген соң кім тыңдасын.
Ішінде арғын-найман салдым айғай
Қалайша,шіркін,көмей жыртылмасын.
Мойынға Ғазірейіл салса құрық,
Білемін ғазиз жанның құтылмасын.
Кемпірбай бұл дүниеден көшіп кетсе,
Мендей боп көз жете ме ұл тумасын?!
Суырған қынабынан наркескендей,
Әр жерден қызыл тілім ылпылдасын.
Көңілді Әсет сұрай келгенінде,
Шаба алмай кәрі тарлан сылпылдасын.
Басымда отыр өксіп қимай тоқтап,
Кете алмай бөтен жаққа айнал соқтап.
Серігім қош аман бол Кемпірбай-, деп
Жылады бұрынғы өткен күнді жоқтап.
Келдің бе,ажал шіркін,алайын деп,
Құрықты сала құлаш салайын деп,
Азырақ аялдашы ажал батыр
Жатырмын өзім-дағы барайын деп.
Сәлем айт Арқадағы хан,қараға,
Хан Ертіс,Қарқаралы жандаралға,
Атығай,Қарауыл мен өрдегі үйсін,
Қараөткел таныс едім екі араға.
Семейде топырағым болар білем
Дұға қыл Кемпірбайдай бейшараға!-деп дүниеден көшкен екен.