Тіл — досты? кепілі та?ырыбында ?деби-музыкалы? кеш


Тақырыбы:
«22 қыркүйек – Қазақстан халықтары тілдерінің күніне» арналған «Тіл – достық кепілі» атты әдеби-музыкалық кеш
Кештің мақсаты: 
Жас ұрпаққа ана тілінің қадір-қасиетін түсіндіру,тіл мерейін көтеру.
Тілдің қоғамдық-әлеуметтік қызметімен таныстыру,оқушыларды өлең оқып, тіл, Отан,бірлік,достық туралы ән айтуға баулу, тіл туралы мағлұматтармен бөлісу.
Жас ұрпақтың патриоттық сезімін оята отырып,елін,жерін,сүюге,құрметтеуге тәрбиелеу.
Көрнекілік құралдар: Танымал ғалымдардың тіл туралы айтқан ойлары жазылған плакаттар, Қазақстан туралы бейнероликтер. 
Жоспары:
1.Әдеби-музыкалық кештің ашылуы,
2.Мектеп директорының құттықтау сөзі.
3.Әдеби монтаж.
4.Концерттік нөмірлері.
5.Қорытынды сөз
Өтетін орны: мәжіліс залы
Уақыты: 14.00
Мерзімі: 22.09.2015.
Қатысушылар: оқушылар, мұғалімдер,ата-аналар
1-жүргізуші: 
Армысыздар, ардақты халқым менің,
Бөлісейік бұл күннің алтын кенін.
Тілді сүйер қауымға басымды иіп,
Сәлемдесіп жүздесу – салтым менің.
Ұшырмай көкіректен жыр кептерін,
Өлеңсіз аша алам ба сыр беттерін?!
Жаңа күш, жаңа қуат тілеуменен
Өзіңе басымды ием, көрерменім.
2-жүргізуші: 
Қош келіпсіз ,ақ жанарлы құрбылар,
Жүздеріңнен мейірім мен нұр тамар.
Алдарыңда жауқазындай құлпырған,
Біз алаңсыз балғын шақты балалар.
Бар өнерді енді ортаға салайық,
Бұл кештен үлкен сабақ алайық.
Оқушылардан қабыл алғай сәлемді,
Мерекесі тіліміздің құтты болсын халайық!
Бүгін 22 қыркүйек – Қазақстан Республикасының халықтарының тілдер мерекесі күніне орай өздеріңізбен қауышып отырмыз. Олай болса, мерекелік кешімізді бастайық!
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимні орындалады.
«Тіл мерекесіне» құттықтау сөз мектеп директоры Жайлыбай Мақсат Рамазанұлына беріледі.
Бақатай Жанельдің орындауында «Туған жер» әнін қабыл алыңыздар.
1-жүргізуші: Тіл – қандай ұлтта, елде болмасын әрқашан қастерлі де құдіретті. Ол әрбір адамға ана сүтімен бірге еніп, қалыптасады. Тіл - әрбір елдің жаны.
2-жүргізуші: 
1989 жылы 22 қыркүйек күні "Тіл туралы" заң қабылданған болатын. Бұл заңда Қазақ ССР-нің мемлекеттік тілі қазақ тілі, ал орыс тілі — ұлтаралық тіл деп бекітілген еді.
7-сынып оқушыларының орындауында «Рух пен тіл» әнін қабыл алыңыздар.
1-жүргізуші:  
Тіл деген – алып мұхит түбі терең,
Піспегі толқын шашқан күбі ерен.
Қадірін тілдің сұра сақаулардан,
Көзіне жас алып бір күбірлеген.
Тіл деген – жарық жұлдыз аспандағы,
Арманның қиял жетпес баспалдағы.
Қадірін тілдің сұра мылқаулардан,
Көлінен ұшпай қалған қасқалдағы.
Тіл деген – адастырмас темірқазық,
Өрісі магнитінің өмірге азық.
Қадірін тілдің сұра кереңдерден,
Сөйлеуді арман еткен көңіл жазып.
2-жүргізуші: 
Кешіміздің тізгінін көсемсөз шеберлеріне берейік!
Талғат:
Жүрегісің анамның.
Ана тілім,
Жүрек-ана,
Мен өзіңнен жаралдым.
Сағат сайын саулығыңды тілеймін,
Сенсіз мынау керегі не ғаламның!
Сенің әрбір тынысыңмен күн кешем,
Сен арқылы тіршілікпен тілдесем. 
Жанель: 
Күш кеміді, айбынды ту құлады;
Кеше батыр – бүгін қорқақ, бұғады.
Ерікке ұмтылған ұшқыр жаны кісенде,
Қан суынған, жүрек солғын соғады. 
Қыран құстың қос қанаты қырқылды,
Күндей күшті, күркіреген ел тынды.
Асқар Алтай – алтын ана есте жоқ,
Батыр, хандар – асқан жандар ұмытылды!
Ерлік, елдік, бірлік, қайрат, бақ, ардың,
Жауыз тағдыр жойды бәрін не бардың …
Алтын Күннен бағасыз бір белгі боп,
Нұрлы жұлдыз, бабам тілі, сен қалдың!
Жарық көрмей жатсаң да ұзақ, кен – тілім,
Таза, терең, өткір, күшті, кең тілім.
Тарап кеткен балаларыңды бауырыңаАқ қолыңмен тарта аларсың сен, тілім!
Тимуджин: 
Қазақпын мен, қазақтың бөлшегімін,
Қажеті не басқаның өлшемінің?
Қазақ деген жалғыз ұлт мен боламын,
Енді міне жетеді көпке үнім.Тоқтасын Айнурдың орындауында «Қазақстаным» әнін қабыл алыңыздар.
Думан:
Ана! - десем ана тілі ойға оралар. Баладай қуанарсың тойға барар. Тыңдасаң көне аңыздан көркем нақыл Олжам да қанжығама байлап алар. Тере білсек бір -бір ауыз қара өлең, Неше миллион інжу-маржан шамамен?! 
Дильназ:Ерке тіл, еркелеткіш тілім кенім: Еркежан, айналайын, күнім менің, Ақ ботам, қоңыр қозым, алтын айым, Қанша рет жүрек толқып, сүйінгенің! 
Гүлназ:
Ана тілім ырысты ма, кұнды ма? Деп сұрамас, тегін білген сұңғыла. Туған тілде ас қайырған сайын да, Оқығандай серпіліп қал бір дұға. 
Гүлназ:
Жұпарлы қырда алуан гүлдер таптым, Өміршең өзіміздің тілден таптым. Тіл екен жемістісі, жұпарлысы, Аялап халық баққан гүл мен бақтың.
Жания:
Ана тілім, дана тілім бақытым
Қазақ тілін білу менің парызым.
Тілім менің ұмытылмас тірлігім,
Кім біледі тіліміздің тағдырын.

 Арайлым:
Қазақ тілін сүйемін мен жаныммен.
Қазақ болып қалу үшін түбінде.
Қазақ тілім бас иемін мен саған
Тілге деген болу керек кең талғам.
 
1- жүргізуші:
 Тілім барда қазағым бар, халқым бар,
Дәстүрім бар,
Ата жолым салтым бар,
Кең даладай жиналмаған жан – жағыАңқау ашық мінезім бар аңқылдар.
Хайрулла: 
Өз тіліңсіз көрсең де өз күніңді,
Өз тіліңсіз болсаң да асқан білімді.
Өз халқыңа бола алмайсың азамат,
Білмей тұрып туған ана тіліңді.
Әлде қалай жоғалтса ана баласын,
Бала іздеп таппай ма өз анасын.
Өгей шеше секілді өзге тіл де өгей,
Өз тіліңмен ертерек тап жарасым.
Әділет:  
Өзге тілді белгенге,
Білімді боп билейсің.
Кергенменен құр кеуде,
Өз тіліңді білмейсің.
Төс қаққанмен күнде сен,
Демес халқың «құлыным».
Өз тіліңді білмесең,
Неге керек білімің?!
2-жүргізуші: «Біз Отанның ұланымыз» әнін қабыл алыңыздар!
1-жүргізуші:  Қазір дүниеде 2796 түрлі тіл қолданылады. Қолданатын жан саны 50 миллионнан асатын тіл – 13. Егер бұл тілдерді қолданатын жан санының аз-көптігіне қарай тізсек, реті мынандай болады: қытай тілі, һинді-ордо тілі, ағылшын тілі, испан тілі, итальян тілі. Бұл тілдер 65 мемлекетте мемлекеттік тіл ретінде қолданылады.
Дүниежүзінде ресми тіл саны алтау: қытай тілі, ағылшын тілі, орыс тілі, испан тілі, француз тілі, араб тілі.
2-жүргізуші:  Жалпы 6 мыңға жуық тілдің 200-і ғана мемлекеттік деген статусқа ие болған. 1989 жылы «Тіл туралы» Заң  қабылданғаннан бері қазақ тілі де осы мемлекеттердің  қатарына кіргеніне қуаныштымыз.
1-жүргізуші: Көрермен қауымға тіл туралы қызықты деректерімізді бөлісе кеткеніміз жөн сияқты.
2-жүргізуші: Ендеше, адамзат тарихындағы көп тілді меңгерген полиглот ғалымдар мен басқа да тіл туралы қызықты фактілерімізді естеріңізге сала жүріңіздер
Думан: Шығыс ғұламасы Әл-Фараби  70-ке жуық тілді меңгерген.
Ұлы Абай орыс-қазақ тілдерімен қатар парсы, араб тілдерін меңгерген. Орыс тілін орта жастан асып барып, кеш меңгерген.
Жания: А.С.Пушкин француз, ағылшын, неміс, итальян, испан, латын, грек, славян тілдерін білген. Көне еврей тілін зерттеген.
Луначарский испан тілін 57 жасында үйренген екен.
Мади: Профессор Құдайберген Жұбанов көп тіл білген кісі. Тіпті ана тілімізді салыстырмалы жүйемен үйренуге де, зерттеуге де себі бар деп жапон тілін де игерген.
Кибернетика “атасы” деп есептелетін Норберт Винер 13 тілді зерттеген.
2-жүргізуші: Люксембург халқының түгелге жуығы төрт тілде еркін сөйлей алады, әсіресе, жастары. Ең бастысы, Люксембург балалары мектепке дейін төрт жастан бастап тегін ана тілінде, екінші сыныптан бастап француз тілінде оқиды. Ағылшын тілі алтыншы сыныптан басталады.
1-жүргізуші: Олай болса, құрметті оқушылар, тілді үйрену ешқашан кеш емес. Ол үшін тек ниет пен еңбектену ғана қажет.
2-жүргізуші: Бүгінгі кеш көңілдеріңізді біраз серпілтіп, тың мағлұматтар берді деген үміттеміз.
1-жүргізуші: Уақыт бөліп, көңіл қойып тыңдағандарыңыз үшін көп рақмет!
Кеш «Егеменді Қазақстан» әнімен салтанатты түрде жабылады.