Ш?к?рім шы?армаларында?ы рухани-адамгершілік ??ндылы?тар (ма?ала)
Шәкәрім шығармаларындағы рухани-адамгершілік құндылықтар
Қазақ әдебиеттану ғылымының ұзақ жылдар бойындағы тынымсыз талпыныстарының нәтижесінде «коммунистік идеология» атты «қара теңіздің» қыспақты құрсауынан босап, әділеттіктің ақ айдынына шыққан, ақиқатын айғақтаған асыл қазыналардың бірі он тоғызыншы ғасырдың соңғы ширегі мен жиырмасыншы ғасырдың басында қалам тербеген талант иесі, суреткер жазушы, көрнекті ақын - Шәкәрім Құдайбердіұлы.
Шәкәрім өзінің көркемдік ой танымын арғы-бергідегі әдеби дәстүрлермен сабақтастырып, кешегіні бүгінгімен және ертеңгімен жалғастырып өткен талантты перзент.
Шәкәрім талантының түп негізінде сан алуан сарқылмас қайнар бастаулар жатыр.Ойшыл суреткер сол бастаулардың кәусардай таза, кіршіксіз мөлдір шырынын тауып, талғаммен талғай отырып табиғатына дарытты, асылдың шипасын ақындық жүрегіне сіңірді.
Шығыстың классикалық поэзиясының жауһарлары, одан беріректегі халық поэзиясы, жыраулар жырлары, ұлы Абайдың әдеби дәстүрі, өзі өмір сүрген дәуірдегі түрлі үрдістер, бәрі-бәрі Шәкәрім үшін өнегесі өлшеусіз тағылымды мектеп болды.
Халқының мұңын жырлап, адам бойындағы игі қасиеттерді қастерлеп, өлеңдерінің өзегі ету- Шәкәрім шығармашылығының басты мұраты. Ақын айналасындағы барлық нәрсеге терең бойлап, жамандығынан жирене біліп, жақсылыққа ұмтыла білді.
Туған халқының мәдениеті, азат ел болып, еркін еңбек етіп, бейбіт өмір сүруін армандады. Сол үшін жан сала күресті, сол мақсаттан жазушылық арнасын тапты. Шәкәрім терең ойға құрылған, күмістей жарқын жырлар жазуды мақсат тұтқан. Өлең сөздері мыс араласпаған таза күмістей, тереңнен толғап, жүрек сырын шертерліктей болуын, ұйқасы жатық болуын көздейді. Кейде ол Абай шығарған өлең өлшемдерін, шумақ түрін, ұйқастарын қолданып жырлады. Қырық жасқа дейін Шәкәрім ел жұмысымен айналысып дала, қара жайларын өз көзімен көріп, ондағы әр түрлі тартыстар, қайшылықтар сырына үңіледі. Бөтен жұрт өмірін, мәдениетін білуге, ғылым жетістіктерін тануға талап қылады. Білім мен мәдениет, өнер салаларының жетістіктеріне назар аударады. Қазақ қоғамындағы үстемдер өктемдігіне, надандық кесапаттарына, қулық – сұмдықтарға қарсы шығады. Әділдік, адамгершілік, мәдениет, оқу – білім ұрандарын жырлайды. Айтып, уағыздап қана қоймай шамасы келгенінше, өзінің ізгі ойларын іске асырып та жүреді, Халықты жақсылыққа үндеп, ар – ұят сақтауға, жоқ – жітікке қарасып, қайырымдылық жасауға тырысады.
Шәкәрімнің шығармашылық мұрасының өне бойынан айрықша бір табиғи тұтастық аңғарылады.Шәкәрім әрбір қырының өзі халқына мәңгілік мұра болып қалуға жарайтын алуан қырлы, жан-жақты таланттың тізгінін берік ұстаған суреткер.
Әдеби туындының көркемдік әлемі қаламгердің ой-қиялы және дүниетанымы мен сөз саптасына келіп тіреледі десек, қазақ өлеңінің кеңістігінде Абайдан соңғы ойлы өлеңнің өрнегін салған суреткер – Шәкәрім шығармашылығының поэтикалық жүйесіндегі өзіне тән ерекшеліктерді былайша сипаттауға болады:
Біріншіден, ақын өлеңге өнер ретінде қарап, оны өрелі ой айтудың құралына айналдырған. Сондықтан да өлең жолдарында философиялық таным мен поэзиялық көркемдіктің тұтастықта жарасым тауып, нәтижесінде қазақ поэзиясында жаңа мазмұндағы өлеңдік өрнектер мен келісті суреттеулер, тың түр мен мазмұн пайда болып ұлттың рухани әлемін жаңа бір сатыға көтерген.
Екіншіден, Шәкәрімнің лирикалық кейіпкерлерді сомдаудағы өзіндік қолтаңбасы шағын лирикалық өлеңдері мен көлемді туындыларында да сабақтастық тауып, ой мен сөздің мән мағынасын, әсерін арттыра түсетін: «шын нұр», «шын асық», «таза ой», «от жүрек», «тәтті тіл», «таза жан» т.б. көптеген эпитеттік қолданыстарды түрлендіре қолдануы ұлттық поэзиямыздағы көркемдік құралдарды тыңнан түлетіп қана қоймай, ақынның қаламгерлік қолтаңбасын айқындайтын айрықша белгіге айналған. Тек бейнелілік қана емес оның терең мазмұнымен өрілген өзгеше бітімі руханиятымыздағы жаңа бір көркемдік дүниені қалыптастырды.
Үшіншіден, ақын поэзиясындағы адам мәселесі өзгеше өрнекпен, бөлекше талап – тілекпен сомдалып, алдымен адам жан дүниесінің сапалы жақтарын дамыту баса көрсетіліп, адам табиғи жаратылыстың күрделі нәтижесі ғана емес рухани жан әлемі ерекше қасиетке ие. Дәстүрлі адам мен табиғат бірлігін психологиялық тұрғыдан сипаттаудың тың үлгісін танытқан сөз шебері шынайы болмыс суретінен асып, адам мен тылсым арасындағы нәзік қарым-қатынастың сипатын танытудың жаңа жолын қалыптастырады.
Төртіншіден, ақын поэтикасы қазақ поэзиясында бұрын соңды қолданылмаған фразеологиялық оралымдармен бейнелі суретті сөздермен дараланады. Мысалы, «сұм жүректің оянбауы», «жебір ұлық қылған іс», «өлі жүрек», «көңілдің қабағы салбырады», «залым ғалым», «сұм ақын», «тозған ой», «азат ақыл», «күңшіл мұңдар» сияқты алуан сипатты адам психологиясының суреттерін ашатын сөз образдарымен халқымыздың өлең өрісінде ерекше стиль, мәнер және өлең құрау машығын алып келді. Осындай психологиялық оралымдар ақын кейіпкерінің көңіл күйімен қоса оның рухани ой- дүниесінің терең қалтарыстарын тануға да мүмкіндік береді. Мұндай тың талаптарға өлең ұйқасындағы жаңа түр мен ырғақ та сәйкес келеді.
Бесіншіден, ойшыл ақынның шығармашылық поэтикасындағы Алла, жар, жаратушыны жырлау үлгілері дәстүрден ерекше сипатта көрінеді. Алланы дәріптеу, оны әділет пен тазалықтың қайнар көзі ретінде таныту үрдісі арқылы Шәкәрім жалпы адамзатқа ортақ қоғамдық мәні күшті мәселелерді көтереді. Дүниенің құпия сырларын танып білудің жолын жар, жаратушымен байланыста қарастыру арқылы «түзу адам» қалыптастырудың жаңа жолдарын ұсынады. Бұл тарапта да жаңа ұғымдар қалыптастырады. Мысалы, тек қана «нұр» сөзінің мағыналық өрісін кеңейту арқылы өлеңнің көркемдік сапасын биіктетіп қоймай жаратушыдан келген негіздің мәнін бүкіл ғаламға таратады.
Алтыншыдан, Шәкәрім шығармашылығының поэтикасы жанрлық, мазмұндық, стильдік күрделілігіне қарамастан қазақ халқының ұғымына сай, қазақи ойлау жүйесіне ұғынықты сипатта жазылады. Мұның өзі аса талантты тұлғаның жалпы адамзаттық құндылықтарды творчестволықпен игере отырып, оны өз жұртының игілігіне айналдыра білген ғұламалығын танытады.
Шәкәрімнің қаламынан сазы мен сыры нәзік әсем лирика, әлеуметтік астары терең көркем дастандар, даралық сипаты мол тамаша тәржімалар, ойлы да орнықты прозалар туады.Қай жанрда да Шәкәрім өзінің шынайы талант екенін танытады.Ойшыл табиғатын, суреткерлік парасатын жария етеді.
Шәкәрімнің ақындық, жазушылық, аудармашылық тағы да басқа қырлары да, ішкі ойы мен түпкі тұжырымдары жағынан сабақтасып жатады.
Абай ағасының тұсында алғашқы өлеңін жазып, ұлы ұстазынан бата алған балапан қанат бала Шәкәрім ұлттық әдебиет шежіресіндегі тұғырлы тұлғаға айналған ойшыл суреткер.
Шәкәрiм – ақыл-ой, сезiм деңгейi ерекшеленiп, дербестiк дәрежеге жеткен, дараланған тұлғалық бейнесiмен, исламдық дiни пәлсапа мен қоса ғылыми тұжырымдар, абстракциялық ойлау мен логикалық жүйенi бiрiктiрген, рухани таза жан.
Адамгершілік, гуманистік, ағартушылық, демократиялық және діни философиялық мәселелердің Шәкәрім шығармаларында көрініс табуы – қазақ поэзиясына енгізілген тың жаңалық. Өлеңдері мен дастандарында әлеуметтік шындыққа және сол кезеңдегі тарихи дәуірге саяси өзгерістерге сәйкес келетін терең психологизм де бар. Шығармаларының негізгі кейіпкерлері – сол тұстағы қоғамдық ортадан алынған шынайы образдар. Олардың сезімі, жандүниесі, өмір құбылыстарын түсінуі, адами күйзелісі өмірде болып жатқан шындықтармен қабаттасып жатады.
Кез-келген қоғамның даму барысын, оның әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси және мәдени жақтарының мүмкіндіктері арқылы қараумен қатар, қоғамдық өмірдің объектісі де және субъектісі де болатын адамның, яғни сол қоғамның мүшесінің адам ретіндегі сапалық деңгейімен де салмақтау қажет.
Осы тұрғыдан қарағанда жан-жақты дамыған, үлкен мәдениеті, кең дүниетанымдық көзқарасы бар қоғам мүшесін қалыптастыру кешегі күні де қандай өзекті болса, бүгіндері тіпті де маңызды бола түсетіні анық. Өйткені қазіргі өмірдің жақсылы-жаманды әсері қалай болғанда да бүгінгі адамның рухани дүниесін қалыптастыруда бірінші орынға шыққаны рас. Сондықтан да болар, бүгінгі жаһандану үрдісіне меңзей отыра, ғалым Манаш Қозыбаев «Біз мынау цивилизацияның дүрмегіне орай, урбанизация деген ағымға еріп, адамгершілік тәрбиені төмендетіп алдық. Сондықтан жас ұрпаққа сапалы білім берумен қатар олардың адамгершілік қасиетін жоғалтпауға көңіл бөлуіміз керек сияқты» деп тұжырым жасайды.
Шындығында, адамның бойына ізгіліктің қасиеттерін талмай сіңіре беру қажеттілік. Яғни, философтың сөзімен айтсақ «ұрпақтар алдындағы жауапкершілік, сірә, бостандықтың нағыз бағасын түсіну шығар».[175]
Дүниеге еркін ойы бар, іскер, өмірге бейім, сонымен бірге тұла бойына үлкен адамгершілік қасиетті сіңірген адам ертеңгі күннің негізі болады. Адам бойындағы ең ізгі қасиет − адамгершілікті өз шығармаларының туы жасаған, оны ең өзекті сұрақ, мәселе етіп қояды.
Шәкәрім Құдайбердіұлының кез-келген өлеңдерін, дастандарын, прозалық шығармалары мен қара сөздерінде, оның мағынасында үлкен тәлімдік мәні бар адамгершілік мәселелерінің жатқанын көрінеді.
Шәкәрім поэзиясының тағы бір ерекшелігі – кез-келген адам санасы қабылдай бермейтін терең болмысты құбылыстарды таңдауға баруы. Бұл ретте ақын поэзиясы Абайдың философиялық поэзиясымен сабақтасып жатыр.
Ақын бейнелеген лирикалық кейіпкерінің басты міндеті – рухани жан дүниесін байыту, ізгі істерді қолдау, ар-ұжданы жоғары болу. Яғни мінез-құлқы, болмыс-бітімі жағынан әділет пен арды ту еткен, елі мен жерін сүйген, жаратушысына жақын жандар. Шәкәрімнің ақындық жеке қолтаңбасы әсіресе лирикалық кейіпкер бейнесін сомдағанда дараланады. «Шын нұр», «шын асық», «таза ой», «таза жан», «тәтті тіл», «от жүрек» т.б. сөз тіркестерін қолдану арқылы кейіпкер психологиясын, оның адамгершілік сапасын айқындап көрсетіп отырады. Ақынның танымында адам өте күрделі, ол тек қана табиғи жаратылыс қана емес, сонымен қоса оның рухани жан әлемі күрделі құбылыс. Қазақтың дәстүрлі поэзиясындағы адам мен табиғат тұтастығын, жаңаша сипатта тереңдете отырып небір бейнелі сөздер мен метафораларды түрлендіріп қолданады. [31]
Абай талап, шыдам, қайрат, жүрек, ақыл сияқты адами сапалардың қатар болуын, адам бойынан бiрдей көрiнуiн қаласа, Шәкәрiмде, бұлармен қатар мейiрiм, ынсап, әдiлет, ақ ниет сияқты сапалық қасиеттердi уағыздау басым. Адами қасиеттердiң түп қазығын ол адалдық пен ақ ниетке келiп тiрейдi.
Адамның жан тазалығы, руханилығы оның болмыс кейпiнiң тартымдылығына әкелетiндiгiн дәлелдейдi.
«Ақ жүрек» ұғымы да Шәкәрiм өлеңдерiнде терең ойларды, идеяларды синтездеген ұғым. Бұл ұғым ақынның шығармаларында кездеседi. Ақ жүректi адам тек әдiлет пен шындықты қалайтын адам. Ақ жүректi адам ешкiмдi алдамайды, өтiрiк айтпайды, сатқындық жасамайды. Әдiлеттiң ақ жолынан ауытқымайды. Адамзатты жақсылық пен өркениетке тек ақ жүректi адамдар ғана жетелейдi деп есептейдi ақын.
Адам бойындағы имандылық қасиеттердің туындауын адамгершілік ақыл-ой, білім, еңбек бәрі де ізгілікке ден қойған жастар бойынан табылса деген пайымдау да – Абай үлгісі. Екі ақын да адам бойындағы жағымсыз мінездерді жоюдың жолы ретінде білімді, ақылды, еңбекті бірінші кезекке қояды. Көрсеқызарлық, арамдық, залымдық, өтірік, өсек, надандық – адамның ізгі қасиетін тежейтін залалды іс. Бұл тек қана жекенің іс-әрекеті ғана емес, халық бойынан аулақ, сылып тастайтын зиянкес екендігін баса айтады. Ендеше, осылардан арылтатын құралдың бірі – Абайдың рухани дүниесі, Абайдың ізгілік жолымен жүріп, тағлымын тану дейді Шәкәрім. Ақыл, жүрек, ақжүрек, ой ұғымдарының дәріптелуі – Абай көркемдеп, келістіре жырлаған үрдістің заңды жалғасы. [71]Шәкәрім шығармаларындағы философиялық көзқарас, дүниетаным мәселесінде Алла, жан, өлім, өмір, адамгершілік туралы ойлары да Абай дәстүрінің ықпалы екеніне дау жоқ. Абай көркемдеген «толық адам» бейнесi – алланы сүйген, адамзатты сүйген, әдiлеттi ту еткен махаббат иесі ретінде сомдалған. Алайда «толық, түзу адам» дәрежесiне әулие, хакiмдер, пайғамбарлар ғана жеткен десек те адам баласына Аллаға құлшылық ету, iшкi дүниесін жетілдіру, қанағат, рахым, мейiрiм, ынсап қасиеттерін ұстану – адами қағидалардың негізі. Сондықтан да ақын «Ақыл, қайрат, жүректi бiрдей ұста, Сонда толық боласың елден бөлек» – деп тұжырымдайды.
«Арлы ақыл» – жақсылық пен әдiлет жолына қызмет ететiн ақыл. Шын ақыл жаманшылықтан аулақ болады. Арлы ақылы бар азамат өмiрiнiң мәнiн елiне, жерiне қызмет ету деп бiледi. Арлы ақыл бiлiмдi, iскерлiктi, өнердi жасампаздық пен игiлiк жолына бағыттайды. Арлы ақыл иесi халқының бүгiнi мен келешегi үшiн қызмет етушi азамат деп бiледi.
Адал еңбек, ақ жүрек, арлы ақыл бар жерде адам нәпсiсiне ие болады, әдiлетсiздiкке, арамдыққа, өтiрiкке, алдауға тосқауыл қояды. Осы үш құндылық арқылы адам түзу жолға түседi. Адам жөнделсе - қоғам мен өмiр жөнделедi, жаратушыны шын сүю басталады деп тұжырымдайды. Мына бiр өлеңiнде ақын:
Ескiден қалған сөз терiп,
Өз ойымнан өң берiп,
Үйретудi жөн көрiп,
Түзетпек едiм адамды
деп өзiнiң iзгiлiктi мақсатын ашып айтады.
Айла күш – айуандықтың ең жаманы,
Боқты боқпен жуғанмен ел түзелмес
Ар түзейтiн бiр ғылым табылмаса,
Зұлымдықты жалғанда әдiл жеңбес
Мұнда ақын адамның бойында әдiлет, мейiрiм, ынсап, ақ жүрек, таза ақыл болмайынша, зұлымдық, әдiлетсiздiктер, соғыстар, зиянды қару-жарақтар, мейiрімсiздiктер, озбырлықтың жойылмайтынын дәлелдеп көрсетедi.
Шәкәрім шығармашылығында адамгершілік, ізгілік мәселелері халқымыздың ғасырлар бойы келе жатқан ұлттық құндылықтарымызбен тамырластықта алынып, көркемдік-эстетикалық мәні мен өлең өрнегіндегі өзіндік үні айқын айшықталады. Ұрпақ бойындағы ізгілікті, адамгершілікті жаңғыртуды көксеген ақын «ар-ұждан» мәселесін ең алдыңғы кезекке шығара отырып:
Еңбекпенен,
өрнекпенен,
Өнер ойға тоқылса,
Жайнар көңіл,
қайнар өмір,
Ар білімі оқылса - деп тұжырымдайды.
Ақын осы өлеңінде қазақ поэзиясына Абай алып келген түр жаңалығын жалғастыра отырып, оны түрлендіре пайдаланған.
Табиғаттың күйін, тынысын адам тіршілігіне ұқсату арқылы образды суреттер жасайды. Ақын поэзиясындағы образдылықты «сұм жүректің оянбауы», «жебір ұлық қылдай іс», «өлі жүрек», «көңілдің қабағы салбырады», «әділетсіз залым», «азат ақыл», «күншіл мұндар» сынды сөз тіркестерінен де көруге болады. «Қабағынан қар жауған қараңғы бұлт, «Жаралы біздің көңілге бір тамбады сіркіреп», т.б. сияқты бейнелі тіркестер арқылы қазақ поэзиясына жаңа бір психологиялық оралымдар енгізген. Адам ішкі дүниесіне терең бойлап, мінез-құлықтың әсерін аша көрсету арқылы жүрегінде жақсылыққа орын жоқ, өз мінін көрмейтін, өтірікпен күн өткізген адамдардың образын да шебер сомдайды.
Енді бір өлеңдерінде «күншіл мұңдар», «өлі жүрек» метафорасын қолданып адамның кері кеткен кейпін берсе, «алжасқан ми», «тозған ой», «жалқау тартқан ой» сияқты теңеулер арқылы кейіпкерлер жандүниесіне тереңдей енеді. Ақын осы секілді қазақ поэзиясында бұрын қолдана қоймаған сөз тіркестерін жиі қолданады. «Өлі жүрек» тіркесі жөнінде М.Базарбаев: «Тас бауыр», «тас жүрек» деудің орнына «өлі жүрек» деуі поэзияда ауыспалы мағынасында бұрын кездесе бермейтін жаңалық» ,– деген болатын. Ақын жаңа сөз тіркестерін, метафора, теңдеулерді қолданғанда образдарды сомдай түсіп, ойдың, ұғымдардың мәнісін тереңдетіп, «ақыл» ұғымын түрлендіріп, сөз тіркестерін жаңаша өрнекпен әрлеп отырады. «Аз ақыл», «сұм ақыл», «саяз ақыл», немесе «таза ақыл», «шын ақыл» т.б. Ақын «Ақыл» ұғымының өзін екі сападан көрсетеді. Ең негізгісі адам болмасындағы «таза ақыл» категориясы деп түйеді ол. Оның мәнін «Таза ақыл ақты барлайды, Дәлелсіз сөзді алмайды», – деп аша түседі.
Шәкәрім өлеңдері сапалы қасиеттерге басымдық беріп жағымсыз қылықты қалай жоюдың жолдарын көрсетеді. Ақын үшін руханилық сапаны арттырудың бірден бір жолы – өзін-өзі тануы. Ізгілікке кедергі болатын ішкі дүниедегі нашар белгілерді жоюдың жолдарын да ақын поэтикалық өрнекпен көркемдеген. Ол адамның салдыр-салақтығы, жалқаулық, ашу сияқты психологиялық күйлердің адами қасиеттерді тұмшалайтын жағымсыздығын ашады.
Еріншектіктен – салақтық,
Салақтықтан – надандық...
Бірінен-бірі туады,
Жоғалар сүйтіп адамдық
Адамның өзін-өзі жеңіп тәннің емес, жанның тілегін орындауын көксеген ақын осындай баяндаулар арқылы поэтикалық айшықты да әсерлі образдарын туындатады.
Шәкәрім руханиятымыздың өзгеше сипатты поэтикалық көркемдік болмысын қалыптастырып, аясын кеңейтеді. Әдебиеттің ежелден бергі обьектісі адам болмысы, адамды тәрбиелеу, жетілдіру болса Шәкәрім бұл тарапта қазақ қоғамының азаматын тәрбиелеудің өркениетті үлгісін әлдеқашан-ақ сомдаған, жеке адамды түзету арқылы қоғамды түзету, адам баласының өмір сүру барысындағы үздіксіз іздену, өзін-өзі жетілдіру мәселесіне ден қойғанда ғана тіршілікте үйлесім болатындығын ақындық шеберлікпен көркем бейнелеген.
Адам болмысы, адамның жан дүниесіндегі түрлі сапалық өзгерістерді поэзия тілімен өрнектеудің өзгеше әдіс-тәсілін тапқан ақын қазақтың төл әдебиетімен ғана шектелмей түбі бір түркі руханиятының мазмұнды туындыларынан сусындап, әрі әлемдік ақыл-ой жетістіктерінен үйренген. Шәкәрім мұрасының құндылығы – оның рухани бастау көздерінің күрделілігінде. Ең алдымен ол өзі өсіп өнген қазақ жұртының халықтық мұрасын терең меңгеріп, асылын бойына жинақтаған. Сондықтан да рухани жетілу жолындағы алған өзге әсер ықпалдарының ізгі үрдісін халқының қажетіне жарата алған. Шәкәрім адамның ізгі қасиеттерін дамыту жолдарын айқындап, бұл тұрғыда адамзаттық игі дәстүрлерге сүйенеді.