Саба? жоспар ?аза?ша Жауынгер а?ын — жыраулардан ?ткенді ?айталау (5-сынып)


Сабақтың тақырыбы: Жауынгер ақын – жыраулардан өткенді қайталау
Сабақтың мақсаты:
Білімділік: Жыраулар термесін тыңдату арқылы, орындалу ерекшелігін ажырату.
Дамытушылық: Тыңдаушылық, орындаушылық қабілетін, ойлау қабілетін дамыту.
Тәрбиелік: Қазақ музыкасын құрметтейтін, халқымыздың асыл мұраларын ұрпақтан-ұрпаққа жеткізетін білімді азамат тәрбиелеу.
Сабақтың түрі: дәстүрлі
Сабақтың типі: Өткен сабақтан алған білімдерін бекіту.
Сабақтың әдісі: Баяндау, сұрақ-жауап.
Пәнаралық байланысы: Әдебиет, тарих.
Көрнекілігі: Слайдтар,
Жабдығы: Мультимедия, ноутбук.
Жүрісі: 1. Ұйымдастыру кезеңі.
Сабақтың барысы:
- Балалар, бүгінгі ашық сабағымыз «Жауынгер ақын – жыраулардан өткенді қайталау» тақырыбында өтеді. Бұған дейінгі өткен сабақтарымызды еске түсірелік.
А) – Терме дегеніміз не?
(Терме дегеніміз ақылы мен нақылы бар тақпақ сазды әуен)
Ә) – Терме неше буынды жыр үлгісінде болады?
(Терме 7, 8 буынды жыр үлгісінде болады)
Б) – Термені орындайтын адамды кім деп атаймыз?
(Термені орындайтын адамды термеші деп атайды)
В) – Бабаларымыз өз жыр – термелерінде нені жырлап, өсиет етеді?
(Термеші адамгершілік пен зұлымдықты, әділеттілік пен әділетсізділікті, жаман мен жақсы мінезді салыстырып жырлайды)
Г) – Терменің әуенін қалай атаймыз?
(Әннің әуені болса, терменің де өзіне тән мақамы бар)
Д) – Терме қалай орындалады?
(Ол белгілі бір ырғақпен орындалады)
Ж) – Термені орындаушы термені қандай аспаппен орындайды?
(Терме айтушы термені көбіне домбыраға қосылып орындайды)
З) – Халықтың «Он үш жаман» термесінде қандай жаман қасиеттерден аулақ болуға шақырады?
(Ұрлық пен өтірік айтудан аулақ болуға)
Он үш жаман
Халық термесі
Біріншіден, не жаман?
Ұрлап жиған мал жаман.
Екіншіден, не жаман?
Еркелеп өскен қыз жаман.
Үшіншіден, не жаман?
Үлгісіз пішкен тон жаман.
Бәрін айт та бірін айт,
Бәрінен де, ей, жоқ жаман, жоқ жаман.
Семантикалық картамен жұмыс:

Терминдер
Түсінік Жырау
Жыр
Толғау
Жыршы
Толғау
Сарыны
Оқиғасы ел, халық өмірінен алынған, ұзақ өлең, терме түрінде баяндалатын әңгімелер.
Ақын, ол өлең, жыр шығарып айтады, оның суырып салма шешендік қасиеті бар.
Ақын емес, себебі өз жанынан өлең, жыр шығармайды. Ол негізінен дайын өлеңді шығарушы.
Әлеуметтік ірі мәселелерді қамти алатын, жыраудың ішкі ойын, сезімін, өмірге, табиғат құбылыстарына көзқарасын білдіретін үгіт – насихатқа толы өлеңдер.
Жырдың әуені
«Толғану» дегенді білдіреді.
Ия, балалар, жырау жыршы емес. Өйткені жыршының бәрі бірдей ақын бола бермейді. Жырау – әрі ақын, әрі шешен. Ең алдымен, ырғағы бар, ұйқасы бар белгілі өлшемге жататын өлеңдерді жыраулардың өздері шығару шарт. Екіншіден, жыраудың сөздері терең мағыналы, сырты сұлу шешен сөздер, нақыл сөздермен келуі керек. Үшіншіден, әлеуметтік өмірде кейінгілерге үлгі боларлықтай терең ойлы пікір айтуы қажет. Сонда ғана ол шын мәніндегі жырау атағына ие.
Нұртуған жыраудың «Қанекей, тілім, сөйлеші» термесін Санжар, Жұмахан, Ринаттың орындауында тыңдап көрейік.
Қанекей тілім сөйлеші
Көрсетіп көпке өнерді
Қызыл тілім жел сөзге
Туғаннан анам шеберді
Кім тыңдайды сөзіңді
Болмаса әсем мәнерлі
а-а-а-а-а-а
Басы пұлды болады
Болса жігіт өнерлі
Дүниедегі жандының
Бірі артық бірі төменді
Алма мойын наз бедеу
Құмар жігіт мінеді
а-а-а-а-а-а
Нәсілсді арге мал бітсе
Шығарар іштен шеменді
Нәсілсіз ерге мал бітсе
Біткенде сайын төменді
Қанекей сөйле қызыл тіл
Көрсетші енді өнерді
а-а-а-а-а-а
Ару ана шал құйрық
Бірденде бірге кенелді
Балдағы алтын ақ үйрек
Ерден де ерге көнерді
Қара жал құлан ақ шұбар
Су тұнығын біледі

«Жұмбақ ноталар» ойыны арқылы бұған дейінгі жауынгер ақын жыраулардан өткенімізді пысықтап, қайталайық.
До. Жыраулар хан – сұлтандардың алдында қандай қызымет атқарған?
Жыраулар хан-сұлтандардың оң жағынан орын алып, оларға өсиет айтқан ақылгөй кеңесші болған. Халықтың мұңын, елдің ауыр халін шынайы жеткізіп отырған. XV ғасырда хандық құрған Әз – Жәнібекке ашуланған Асан қайғы оған бар шындықты айтып:
Ей, хан ием, хан ием,
Мен айтпасам білмейсің,
Айтқаныма көнбейсің,
Шабылып жақтан халқың бар,
Аймағын көздеп көрмейсің.
Қымыз ішіп, қызарып,
Мастанып, қызып терлейсің,
Өзіңнен басқа хан жоқтай
Елеуреп неге сөйлейсің?!
Қорған салдың бейнет қып,
Қызметшің жатыр ішіп-жеп
Оны неге білмейсің?!
Хош, аман бол, Жәнібек,
Енді мені көрмейсің!-
деп хан ордасынан шығып кетеді.
Ре. Ақтанберді қандай жыр жырлады және оны кімдерге арнады?
Жырау – соғыс кезінде қолына найза алып, жауға аттанып, жырларымен жауынгерлерге рух берген қолбасшы. Сондай жыраулардың бірі – XVII ғасырда өмір сүрген Ақтамберді жырау. Ақтамберді 10-11 жасынан бастап өлең шығарып, 17 жасында соғысқа араласқан. Қазақтар жоңғарлады ойсырата жеңген шағында Ақтамберді де сол майданның ортасында болады. Ақтамберді жырау соғысқа аттанып бара жатып толғаған жырын Тілеген орындап берсін:
Құлаты тауға қол салып,
Садақтың оғын мол салып,
Бетпақтың ен бір шөлінен.
Төтелеп жүліп жол салып.
Қолды бір бастар ма екенбіз?!
Майданда дабыл қақтырып,
Ерлердің жолын аштырып,
Атасы басқа қалмақты,
Жұртынан шауып бостырып,
Түйедегі наршасын,
Әлпештеген ханшасын
Ат артына мінгізіп
Олжа бір қылар ма екенбіз?! –

Ақтамберді жыраудың «Күмбір, күмбір кісінетіп» термесін Бекболат Тілеухановтың орындауында тыңдайық.

1723 жылы жоңғарлар тұтқиылдан шауып, қазақтарды қырғынға ұшыратады. Қазақ халқы туған жерін, атақонысын тастап, босып кетеді. Табаны тоз-тоз болып елінен айырылған халық бұл заманды «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» деп атайды. Атақты «Елім-ай» атты жоқтау ән осы кезеңде дүниеге келген. Көп ұзамай-ақ ес жинаған қазақтар бірігіп жоңғарларды ойсырата жеңеді. Жоңғарларға қарсы күресте Ақтамберді жырау мен қатар Тәтіқара, Үмбетей, Шал, Бұқар жырауларда қолына найза алып, жауға бірге аттанып,жалынды жырларымен жауынгерлерге рух берген.
Ми. Бұқар жырау хандар тұсында қандай қызымет атқарған?
Бұқар жырау XVIII ғасырда Тәуке ханның тұсында өмір сүрген. Әкесі Қалқаман ерлігімен елге аты шыққан батыр болған. Бұқар жырау – мемлекет ісіне тығыз араласқан атақты би. Жырау бір ғасырдан астам жас жасаған. Бұқар жырау Абылай хан тұсында да ел билігіне араласқан. Өз заманында өткен хан-сұлтандардың кемшілігі болса, бетіне басып, ал жақсы істері болса, мадақтап жырға қосып отырған арқалы жырау. Сонымен бірге Бұқар – халыққа арнап терең ойға толы толғауларды да шығарған ақылгөй-дана. Бұқар жыраудың «Биік тауға жарасар» атты өсиет сөзін Ринат оқып береді:
Би-ік тау-ға жа-ра-сар
Ы-ғы-нан ти-ген па-на-сы,
Терең сайға жарасар
Тобылғылы саласы.
Ер жігітке жарасар
Қолына алған найзасы,
Би жігітке жарасар
Халқына тиген пайдасы
Ақсақалға жарасар
Тілеуқорлық айласы,
Келіншекке жарасар
Қолындағы баласы,
Бұл жалғанда бір жаман –
Ағайынның аласы.
Бұқар жыраудың «Биік тауға жарасар» атты өсиеті 7-8 буынды өлең өлшеміне құралған.
Енді Бұқар жыраудың ізімен біз де өлең құрап көрелік.
Ер жігітке жарасар
Еліне қамқор ағасы
Ата-анаға жарасар
Қолына алған баласы
Қара жерге жарасар
Гүл жайқалған даласы
Ақ көйлекке жарасар
Қайырып тіккен жағасы
Фа. Сыр бойында ақын-жырауларға ұстаздық еткен жырау кім?
Базар жырау
Ол қандай ақын жырауларға ұстаздық еткен?
Шораяқтың Омары, Кете Жүсіп, Тұрмағамбет, Оңғар.
Базар жырау қай ғасырда өмір сүрген?
XIX ғасырда
Оған ақындық қалай қонған?
Базар бір күні қозы бағып жүріп, далада ұйықтап қалса керек. Түсіне ақ киімді, ақ таяқты, ақ сақалды бір кісі келіп: «Балам, маңдайыңа берейін бе, таңдайыңа берейін бе?» - дейді. Қарны ашып әрі шөлдеп жатқан бала: «Ата, таңдайыма бер», - дейді. Сонда бала Базар орнынан өлең айтып ояныпты.
Енді Ақылбектің орындауында Базар жыраудың «Әр нәрсенің парқы бар» термесін тыңдап көрейік.
Әр нәрсенің парқы бар
Жақсы менен жаманның
Арасы жер мен аспандай.
Байқарсың бір күн басыңа
Іс түскен кезде, сасқанда-ай
Мырза менен сараңды-
Өлшестіріп қарасаң,
Ылди мен зәулім асқардай.
Ғалым менен наданды –
Салыстырсаң білерсің,
Дария шіреп тасқандай.
Әр нәрсенің осындай,
Алғандарға парқы бар,
Қадірін білсең, мысалы,
Кәрілік пен жас қандай?
Базар жырау халық арасында не себепті «Балқы Базар» деп аталған.
Өйткені Базар Шөмекей руының Балқы деп аталатын атасынан тараған екен. Сол себепті «Балқы Базар» деп атаған.
Базар жыраудың «Сөйле десең, сөйлейін» термесін тыңдап көрейік.
Соль. Айтулы сыншы Абдолланың баласы кім еді?
Ақтан жырау қай ғасырда өмір сүрген?
XIX ғасырда
Ақтан жырау кімдерден үлгі өнеге алған, кімдермен үзеңгілес болған?
Абыл мен Нұрымнан үлгі алып, Қашаған Нүрпейіс жыраулармен үзеңгілес болған.
Ақтан жыраудың «Не жаман» термесінде қандай өсиет айтылады?
Білімсіз болған, ана тілін алмаған, төресін әділ бермеген жаман екендігі туралы жазған.
Ақтан жыраудың «Не жаман» термесін өзіміз бөліп айты көрейік.
-Біріншіден, не жаман?

Білімсіз болған ұл жаман.
Екіншіден, не жаман?-
Ананың тілін алмаған
Қасарысқан қыз жаман.
Үшіншіден, не жаман?-
Үш жерінен буғызып,
Көрге бір салған сол жаман.
Төртіншіден, не жаман?-
Төресін әділ бермеген
Парақор болған би жаман.
Бесіншіден, не жаман?-
Берерің болмай қонаққа
Берекең кетсе, сол жаман.
«Не жаман» термесін тыңдау.
Ля.
Ал енді, балалар, бес жаманның ізімен өз ойларымызды өлеңмен өрбітіп көрейік!
Біріншіден, не жаман?-
Келемін деп сөз беріп,
.................сол жаман.
Екіншіден, не жаман?-
Ұйқысынан тұра алмай,
................сол жаман.
Үшіншіден, не жаман?-
Үлкендердің алдынан,
.................сол жаман.
Төртіншіден не жаман?-
Өз үйіңді сыйламай
...............сол жаман.
Бесіншіден не жаман?-
Ұстаздарды сыйламай,
.....................сол жаман.
Си.
Ауыздан ауызға тарап, ғасырлар бойы тот шалмас алтындай жыраулық дәстүр не күйде?
Жыраулық жыршылық мектептерді жалғастырушылар бар. Бірақ көп емес.Солардың бірі Бекболат Тілеуханов.
Ой шабуылы:
Балалар, сендер батыр болып кетсеңдер не істер едіңдер?
Елді, отанымызды жаудан қорғар едік.
Олай болса, Кеңес Дүйсекеевтің «Солдат болам мен ертең» әнін орындап жіберейік.
Гүлдей жайнап,Күндей жайнап
Мен ер жетіп толамын.
Әжем айтқан, Дәу жігіт боп,
Ағалардай боламын
Қайырмасы:
Бір, екі, үш!
Бойға жинап күш,
Шынығамын таңертең,
Ағалардай Отанға
Солдат болам мен ертең
Мөлдір таңым, мөлдір жаным,
Мен ер жетіп толамын.
Атам айтқан, Дәу жігіт боп,
Ағалардай боламын.
Қайырмасы:
Ситуациялық сұрақ:
Ақын-жыраулармен кездессеңдер не туралы әңгімелесер едіңіздер?
Сіздер бізге ірі эпостық жырларды жеткіздіңіздер. Тәуелсіздік пен ел бірлігін сақтап қалуға айрықша күш салдыңыздар. Сіздердің осы еңбектеріңздің арқасынба біз қазір бақыттымыз. Сіздердің өсиеттеріңізден үлгі алып келеміз. Қазір төл теңгеміз бар, бірақ осы төл теңгемізге қауіп төніп тұрған сияқты. Алайда біздің ел оны сақтап қалуға бар күшін салады.
Ән үйрену:
Доспанбет жыраудың «Күн қайда» толғауын үйренейік.
Айналайын Ақ Жайық,
Ат салмай өтер күн қайда,
Еңсесі биік боз орда
Еңкейіп кірер күн қайда,
Күдеріден бау тағып,
Кіреуке киер күн қайда,
Күмбірле, күмбір кісінеген
Күреңді мінер күн қайда,
Қайырмасы:
Еділдің бойын ел жайлап,
Шалғынына бие біз байлап,
Бозбаламен күліп, ойнап,
Қымыз ішер күн қайда!
Толғамалы ай балта
Толғанып ұстар күн қайда,
Алты құлаш ақ найза
Ұсынып шаншар күн қайда,
Қайырмасы:
Мен сіздерге осы толғауды Бекболат Тілеуханов ағамыздың орындауында тыңдатайын.
Байқадыңыздар ма, балалар,Нұрлан Албан мен Бекболат Тілеухановтың орындауында көп айырмашылық бар. Бұл термені Нұрлан Албан ағамыз ансамбльде орындаған , ал Бекболат Тілеуханов ағамыз осы толғауды ұзақ 7 минут қыл қобыздың жетегімен орындайды.дауыс сарындарында да көп айырмашылық бар.
Венн диаграммасы
ДоспамбетҚолына найза алып, Ақтамберді
1495-1523 әскери жорыққа қатысқан 1675-1768
28 жас жауынгер жыраулар жас
Азау қаласы
Күдеріден бау тағып,
Кіреуке киер күн қайда,
Күмбір ,күмбір кісінетіп
Күреңді мінер күн қайда?

Қорытындылау :
Сонымен, балалар, жорық жыраулары кім екен?
Ақтамберді, Тәтіқара, Үмбетей, Шал, Бұқар жыраулар
Балалар, біз бүгінгі сабақта не білдік, не үйрендік?
Терме, ұзақ толғаулар тыңдадық, орындалу ерекшелігін ажыраттық, өзіміздің не білетінімізді ортаға салдық, жыршылық мектепті жалғастырушыларді білдік.
Бағалау:
Үйге тапсырма: Доспамбеттің «Күн қайда» толғауының сөзін жаттап, әуенімен айту. Доспамбет туралы материалдар жинақтау.