Сыр?а толы Тор?ай даласы
Сырға толы Торғай даласы...
Қыркүйек айының жанға жайлы, тіршілік атаулыға шүлен шұғыласын төккен тағы бір таңы арайлап атты. Күннің қабағын түйіп қатуланбай тұруы біздің бұл күнгі экспедицияға шығыуымыздың тамаша бір орайы болып табылды.
Арқалық қалалық « Жас ұлан » балалар орталығының ұйымдастыруымен 20 қыркүйек Қайыңды ауылына ат басын бұрған жайымыз бар. Басты мақсатымыз қатпар – қатпар тарих қойнауынан біздің заманымызға жеткен құпия да сырлы тарих қалдықтарын барлау, келешекте жас жеткіншектердің өткен тарихты білуі мен ұғынуына жол сілтеу.
Арқалық қаласынан шыққан автобус баяу тербеліп жүріп кетті. Бізді ең алдымен қаламыздың абыройын асқақтатып келген боксит қарсы алса одан әрі халқымыздың пейіліндей кең дарқан дала құшағына басты. Қоңыр күздің майда желі тербеген жол жиегіндегі сарғыш тартқан шөптер желбірей түсіп бұл сапарымызға үн қосқандай.
Күн бойы тынымсыз ерсілі – қарсылы жүгірген авто көліктердің дөңгелегінен қажып, жауыр болған ойлы – шұңқыр жолда теңселе басып түс мезгілінде Қайыңды ауылына да жеттік. Қайыңды орта мектебінде әжім басқан ажарынан кешегінің сырлы тарихын сездіріп тұратын Төлепперген атай қатарымызға қосылып, біздің келген жайымыздан хабардар болған соң жол бастап кетті.
Бірінші болып бағытымызды сырға толы « Бақсы моласына» бұрдық. Бұл жерге қазақтың ұлы тарихшы ғалымы Әлікей Марғұлан ең алғаш келіп зерттеу жұмысын жүргізген болсада өкінішке орай нақтылы кімнің моласы? қай ғасырдың туындысы? Деген сұрақтарға күні бүгінге дейін жауап табылмаған. Тағы бір айта кететін және алаңдатарлық жағдай бұл моланың ешқандай мемлекеттік археологияға енбеуі болып отыр. Айналасына қоршай қойылған қабірлердің құлып тастарында белгілі таңбалардың ойып салынғанына қарап Төлепперген атамыз: « бұл таңбалар біріңғай емес, әрқайсы әр рудың таңбасы, яғни, арғын, қыпшақ, найман руларының таңбаларын кездестіруге болады. Бұған қарап қазақ халқының қабірлері болуы әбден мүмкін»,-деген өз болжамын жеткізе тұрып « құлып тастар бұл күндері қолды болып жатыр, уақыт өте келе мұндағы тарихтың қалдықтары құрып кетер ме екен» деген алаңдаушылығын білдірді.
Түбіне жете алмасақ та сан ойдың арпалысында отырып екінші тарихи ескерткіш ел арасына аңыз болып таралған «Құлымбет әулие» (1840-1913 жылдар аралығында өмір сүрген) кесенесіне келіп жеттік. Онда құран бағыштап аттандық.
Институт студенттері, гимназия, мектеп оқушыларынан құралып сапарға барған осы топтағы әрбір жастың жүрегіне ата –бабаларымыздың өткені мен бүгіні туралы толғаныстардың тумай қалуы мүмкін емес. Сырға толы Торғай даласы ұзақ уақыт зерттеу мен зерделеуді қажет етері хақ.
Тынысбек Рысхан.
АрқМПИ. ІІІ курс студенті