ХХ ?асырды? 50-90 жылдарында?ы Жарма ауданыны? ?нерк?сіп ж?не к?лік ?атынасыны? даму тарихы
ХХ ғасырдың 50-90 жылдарындағы Жарма ауданының өнеркәсіп және көлік қатынасының даму тарихы
«Бақыршық орта мектебі» КММ-нің
тарих пәнінің мұғалімі
Шынар Мұхтарханқызы Темирханова
Шығыс Қазақстан өңіріндегі ірі әкімшілік аймақтың бірі – Жарма ауданы 1928 жылы құрылды. Бұл өңірді географиялық және геологиялық сипаттамасына қарай қазыналы Қалба деп атайды. Қалба жотасында алтынның бай кен орындары бар.
Шығыс Қазақстанның Нарым және Қалба жоталарының кен орындарынан ғана адамдар 1100 тонна түсті металл қазып алған. Ескі қорымдардан табылған заттар, тіпті кен орындарының өзі мұнда ертеден-ақ алтын өндіргенін дәлелдейді. Қола дәуірі кезінде бұл аймақ бүкіл Орталық Азия мен Шығыс Еуропадағы ежелгі металлургия орталығы болды.
Қалбаның қазба байлықтарын зерттеуде академик В.А.Обручев құнды деректер қалдырды. Қазақтың ұсақ шоқысы оның ішінде Қалба жотасының геологиялық құрылымын сипаттай келе академик В.А.Обручев былай деп жазады: «Это бывшая геосинклинальная область, сильно пронизанная интрузиями, обладает богатым оруденением почти всех типов, от магматического до гидротермального средней глубины: золоторудное и россыпное, вольфрам, медь, серебро-цинк, свинец в виде жильных месторождений, контактно-метаморфические железные руды, вкрапленные медные руды различного типа, залежи корунда, а также пласты угля каменноугольного и юрского возростов, самосадочная соль, гипс, алюминиевые руды выветривания»
Осындай қазба байлыққа қызыққан шетел мемлекеттері ХХ ғасырдың бас кезінде барлау жұмыстарын жүргізе бастады. Аудан өнеркәсібінің негізін 1920 жылдары Ақжал мен Бөке кеніштерін игеру жұмыстарын бастаған ағылшындар қалаған.
1930 жылдары Жарма өңірінде КСРО түсті металлургия министрлігіне қарасты алғашқы Ақжал, Бөке кеніштерін құрған алтын өндіретін «Алтайалтын» тресті құрылады. 1933 жылы маусым айында бұрынғы КСРО өнеркәсіп наркомы Серго Орджоникидзенің бұйрығымен кен байыту комбинатын құру туралы қаулы қабылданды. Содан бері Семей өңірінде алтын кеніштері ашылды. Алғашқы кезде жер қойнауының 25-30 метрлік тереңдігінен, кейін 100 метрлік тереңдігінен алтын алынды.
Бұл комбинаттың қызмет ету көлемі тек қана Жарма ауданымен шектелмей, бүкіл Шығыс Қазақстан облысына тарады. 50-ші жылдары Еспе, Бақыршық кеніштері ашылса, 70-80-ші жылдары Құсмұрын мен Семейтаудан және Абыралы, Шұбартау, Жаңа Семей аудандарынан алтын өндіріле бастады.
1952 жылға дейін «Алтайалтын» тресттерінде қазылған бүкіл руданың
90 % жергілікті байыту фабрикаларында өндірілді, тек оның құрамында көп мөлшерде алтын мен кремнезем болатын бөлігін флюс ретінде экспортқа жіберіп отырды.
Бақыршықтағы барлау жұмыстарының көбеюі мен жаңа типтегі ашылып жатқан рудалардың шығуы Казақ КСР түсті металлургия министрлігі және «Алтайалтын» трестінің жетекшілігімен жан-жақты ғылыми – зерттеу жұмыстары жүргізілді. Бұған Иргиредмет, КазМУ, Қазақ политехникалық институты, Гипроцветмет, ҚазКСР тау – кен институты, Плеханов атындағы Ленинград тау институты, т.б. ат салысты. Соның ішінде Қазақстанның танымал ғалымдары Б.Н.Лебедев, С.М.Анисимов, И.С.Скобеев, И.С.Стахеев, Л.И.Чечулина, Н.А.Коменников, С.Н.Россовский, Б.Н.Ласкорин, И.А.Жучков, Р.А.Исакова, т.б. өз үлесін қосты.
Осы Бақыршықтағы табылған рудаларды байыту технологиясын зерттеу нәтижесінде салынып жатқан байыту кешені Бақыршық тау-металлургия комбинатын жобасын жүзеге асыруға мүмкіндік пайда болды.
1960 – 70 жылдары бүкіл КСРО көлемінде рационализациялау, яғни кеніштердегі техникаларды жетілдіру, уақытты үнемдеу және шығынды аз келтіретін жаңа приборларды ойлап табу жұмыстары жүргізілді. Осының арқасында кеніштерде қолданысқа жаңа техникалар енді. Нәтижесінде 8 – ші бесжылдықта «Алтайалтын» трестінің кеніштері үлкен жетістіктерге қол жеткізді. Мысалы, 1970 жылғы мәліметтер бойынша Жарма ауданында Бақыршық, Октябрьск, Ақжал ірі рудниктерінде жаңа техникаларды пайдалану арқылы 1966-1971 ж.ж. «Алтайалтын» комбинаты бесжылдық жоспарын 102 пайыз, өнім өткеру жоспарын 107 пайызға орындады. Жоспардан тыс 2 млн. 57 мың сомның өнімін шығарды. Еңбек өнімділігі 9,2 % артып, өнімнің өзіндік құны жоспардан 3,2 % кеміді. Өнеркәсіп орындары бойынша жарты жылдық жоспар жалпы өнім өндіруден 108%, өнім өткеруден – 114% орындалды, қосымша 321 сомның өнімі өткерілді. Кеніште 2000 - нан астам жұмысшы қызмет етсе, олардың ішінде 27 адам «Құрметті шахтер» және «Еңбегі сіңген шахтер» деген абыройлы атаққа ие болды.
Сегізінші және тоғызыншы бесжылдықтарда трестте белсенділік танытқан үшін 27 горняк медаль және орденьдермен марапатталды. Ленин Орденімен – «Бөке» руднигінің №4 шахта забойщигі Идай Шишенбаев, Қазан революциясы орденімен А.Сулейменов; ал Бақыршық руднигінің бастығы К.Кисамбаев, «Октябрьск» руднигінің забойщигі Н.Жұмақанов және «Архарлы» руднигынан Д.Светочев Еңбек Қызыл Жұлдызымен марапатталды. Қорытындылай келе, сегізінші және тоғызыншы бесжылдықтардағы алтын өндіру көлемінің өсуі негізінен ғылыми – техникалық үдірістің жеделдетуі және еңбектегі өнім өндірудің жоғарылауынан болды деп айтуға болады.
1950 жылмен 1970 жылдарды салыстырғанда комбинаттағы руданы өңдеу 3,5 есеге өссе, ал ашу жұмыстары 5 есе өсті.
Ендігі кезекте «Алтайалтын» комбинатының құрамында болған Ақжал, Еспе, Бақыршық, Бөке сияқты кеніштеріне жекеше тоқталып өтсем.
Қазақстандағы байырғы алтын өндіру орындарының бірі – Ақжал. Георгиевкадан оңтүстік батысқа қарай 20 шақырым жақын темір жол стансасы Жаңғызтөбеден 18 шақырым жерде үш жағы аласа бұйраттармен қоршалып, солтүстігі жазыққа ұласатын алқапта орналасқан шағын ауыл. 1928 жылы Семей округіне қарасты төрт (Ақжал, Сынтас, Құлынжын, Алтай) алтын өндіру тобының ішіндегі қоры жағынан маңыздысы болып осы Ақжал тобы құрылды. Оған Ақжал, Даубай, Бөке, Балажал, Алайғыр, Қазаншұңқыр, Жантас, Қанай және Ұлан кеніштері кірді.
Ақжал кенішінде мемлекеттік тапсырыспен ірі ғылыми орталықтардың ғалымдары жұмыс істеп, товарлы руда қорының теориялық негіздерін жасайды. 1930 жылы Ақжалда комбинат құрылып, 1933 жылы ол треске айналады. Кеніш бойынша 303 адам жылдық жоспарды сегіз-он ай аралығында орындап шықты. 1948 жылы Ақжал кеніші Бүкілодақтық жарыста үшінші, 1949 жылы трест бойынша бірінші, 1954 жылы республикалық жарыста екінші орынға шықты.
Келесі кеніштердің бірі – Ақжал селолық округіне қарасты Бөке кеніші. Кенішке алтынды кварц өзегі мен алтынды кен аймағынан тұратын Бөке және Васильевск кен орындары кірді. Алтын өндіруді 1903 жылы «Ақдіңгек» кварц желісі ашылғанда кәсіпкер Хатынский бастады. Кеніштің ашылу тарихы ресми түрде осы жылдан басталады. Одан кейінгі жылдары (1909-1935ж.ж.) «Магистральная», «Ауыл», «Колорадо», «Александровская», «Гористая» т.б. желілері ашылды. Қазан төңкерісіне дейін кен барлау және алтын қазу жұмыстарын бұл жерде «Аурум» акционерлік қоғамы жүргізеді.
Кеніш 40 жылдың аяғына дейін старательдік жолмен игерілді.
1960-1965 жылдар Бөке кенішінің дәуірлеу кезеңі болды. Мемлекеттік жоспарды орындау жолында жарыс қыза түсті. Бесжылдықтарды мерзімінен бұрын орындағаны және жоғары техникалық-экономикалық көрсеткіштерге жеткені үшін 1965, 1967, 1970, 1982 ж.ж. кеніш КСРО және Қазақ ССР-і Түсті металлургия министрлігінің ауыспалы туын жеңіп алды. Кеншілер Идай Шишембаев – Ленин, Әрін Сүлейменов – Октябрь революциясы, П.В.Велин, Қ.Ибраев, Ф.Тергемесов – Еңбек Қызыл Ту, Ж.Сарғызов, К.Аканов, Т.Даянов, А.Игнашин – Құрмет белгісі, Т.Сейтгариев, С.Атантаев, З.Сүйекбаев, Л.Фомичев, Е.Байдакпаев – 3 дәрежелі Шахтер даңқы ордендерімен марапатталып, алтын өндірісінде қаһармандары атанды.
Сондай-ақ Кеңес өкіметі тұсында «Октябрьск», кейіннен Еспе деп аталған кен орнын 1944 жылы геолог Г.С.Катковский басқарған геологиялық – барлау партиясы іздеп тапқан. Ол Шар стансасынан солтүстік-шығысқа қарай 45 км жерде, Қызылсу өзеніне құятын Еспе бұлағының он жақ жағалауында, Солтүстік Қалба таулы қыратындағы аңғарда орналасқан.
Еспе кен орны 1947 жылы «Алтай алтын» тресінің қарамағына беріліп, олар оны өндірістік жолға қоюға даярлық жұмыстарын жүргізді.
1947 жылы Қазан төңкерісінің 30жылдық мерекесі құрметіне кеншілер мекені – «Октябрьск» деген атқа ие болды.
Кеніштің ең алғаш тұрғындары 1947 жылдан бастап 30-35 жыл шахтада проходшы болып еңбек еткен Нұртаза Жұмақанов, Слан Дүйсенбаев, Мәткәрім Түсіпбеков, Талғатбек Айтбаев, т.б. алтын қазаған ардагерлер еді.
Кеніште бір кезде таза алтын беретін Қазақстандағы бірден – бірі кен байыту фабрикасы жұмыс істеді.
60 – жылдардың басында кен орнына қуатты дизель қондырғылар мен бірінші класты тау-кен техникалары келе бастады. Мәскеу, Ленинград сияқты ірі қалалардан арнулы мамандар келді. Шахта тереңдетіліп, ондағы су тартатын жүйе мен желдеткіш толық автоматтандырылды. Шахтаға өте ұзын, көлемді заттармен құрал-жабдықтарды түсіруді тездету үшін арнулы контейнер орнатылды.
«Октябрьск» кен орны трест, комбинат көлемінде алдыңғы қатарлы кәсіпорындардың қатарында саналды. Кейіннен осы жерде «Миялы» (1956ж.), «Большевик» (1930ж.), «Арқарлы» (1964ж.), «Құсмұрын» (1964 ж.), «Жұмбақ» (1968ж.), «Қостөбе» (1969ж.), «Қызылсу» (1970ж.), «Шығыс Большевик» (1972ж.) орындары ашылды.
60-жылдардың аяғында 70-жылдардың басында комбинатта жаңа техникалық және ұжымдық негізде старательдік әдіспен байыту жолдары қайта жаңғырды. Бұл әдістің өзінің ерекшеліктері бар: біріншіден, көп жұмысшыларды қажет етпейді, екіншіден, өндірілетін металлдардың өзіндік құны төмен. Старательдік артельдер – ерекше құқықтық статусы бар алтын өндіру өнеркәсіптеріне қарасты дербес кооперативтік ұжым. Мысалы, «Алтайалтын» комбинатына қарасты бірнеше ірі старательдік артельдері ұйымдастырылған. Келісім бойынша бастапқыда комбинат қажетті таулы техникалармен, көлікпен, әр түрлі материалдармен жабдықтайды.
Осындай ұйымдастырылған артельдердің бірі - «Горняк» артелі. Ол 1966 жылы «Алтайалтын» комбинатына қарасты Бөке кентінде құрылды.
1968 жылы Жарма аудандық атқару комитетінде ресми тіркелді. Артельдің төрағасы болып Тупик Анатолий Леонтьевич тағайындалды.
Ең алғаш кішігірім алтын шығаратын мекемелер жұмыс істеді. Артельдің базасы Ақжал ауылында орналасты. Бірнеше жерден учаскілер ашылады: Беріктас, Тасқора, Балажал, Ақжал, Мальва т.б. Өндірілген алтын бір тоннаға жеткен жоқ болатын. 1976 жылы Мальва участігінде 9 млн. 500 мыңға бағаланатын алтын өндірілді, ҚазКСР-і түсті металлургия министрлігінің тапсырысы бойынша, 10 мың сом сыйақы және 2 жеңіл автокөлік алды. 1990 жылы қыркүйек айында сайлау арқылы артельдің төрағасы Сүлейменов Болатхан Еркешұлы тағайындалды Сол кезде артельде 30 шақты жұмысшы болатын. Артель руданы өндірумен айналысты. Артельде жалғыз ғана участок – Мезек болатын. Ақжал учаскесі құрамында алтыны бар руда алатын үш аймағы болған: фунт ІІ, фунт ІІІ және байланыс аймағы. Ағыны қатты Былқылдақ, Дайбай, Ақтасты үлескілері ашылды. Жуылып, кәсіптік құралдармен таза алтын өндірілді. Мезек үлескісі кеңейтілді. Таза алтыннан – 300 кг алтын шығарылды. Мезек пен Ақжал үлескілерінен – 6 тонна, Мезектің құрамында алтыны бар руда – 5теміржол станциясына автокөліктасылады. Ақжал фабрикасынан Жаңа Семей, Қарағайлы (Қарағанды облысы), Аягөз, Жалғызтөбе теміржол станциясына тасылады. Олар станциядан руда «Балқаш мыс» комбинатына жіберіліп отырады. Майқайың комбинатының «Төртқұдық» фабрикасына, Зырян қорғасын зауытына жіберіледі. Алтынды өндіріп артельге қайтарылып отырылды. Ақжал учаскесінің рудасы, Ақжал учаскесі жабылмасын деп, Мезек учаскесінің рудасымен араластырылып Ақжал кен – байыту фабрикасына жіберіліп, байытып, концентратын Балхаш мыс комбинатына жіберіліп отырады. Артельдің жұмыскерлері 350-ге жуық адамға көбейді.
«Алтайалтыннан» 1985 жылы Бақыршық кен металлургия комбинаты бөлініп шықты.
Бақыршық алтыны туралы алғаш мәлімет геолог Г.С.Катковскийдің 1944 жылғы есебінде келтіріледі. 1953 жылы Қазаншұңқыр барлау партиясы Бақыршық кен орнында геологиялық іздестіру жұмысын одан әрі жүргізді. Ал 1955 жылы «Алтайалтын» тресі Ақжал кен басқармасының барлау-пайдалану учаскесі бұл арадан кен ала бастады.
Басқарма алдында кеннің физика-механикалық қасиеттерін тану және алтын алудың тиімді технологиясын пайдалану міндеттері тұрды. Алдын-ала жүргізген жұмыстары негізінен шұңқыр қазу, тік қазу (10 және 20 метрден) және 50×50 метр жүйе бойынша бұрғылау жұмыстары өрістетілді. Осындай мұқият тексерістен кейін Қызылсу аймағында қуатты өте жоғары ірі техникалық кең жыныстарының бар екендігі анықталды. Аталған аймақтың ұзындығы 20-25 шақырымға созылып жатты. Зерттеулер осының алдындағы болжамды, яғни алтынның ұсақ шашыранды күйде екендігі толық дәлелеп берді.
1950 жылдардың басында «Алтайалтын» тресінен шикізат базасы болып табылатын Балажал, Алқабек, Жұмба, Қазаншұңқыр Алаайғыр кен орындары біртіндеп жабылуға айнала бастады.
Осыдан бастап Бақыршықтағы өндірістік жағынан игерудің екінші кезеңі басталды.
1955 жылы мамырда құрамында 20 адамнана тұратын бригада үлкен үміт үстінде Бақыршық қажы иелік еткен жерге келіп жұмысқа кірісті. Бұлар тәжірибелі таукен мастерлері, геологтар және кен жұмысшылары еді. Олардың қатарында И.С.Большинский, В.Г.Диденко, Н.П.Бичевин, Н.Я.Михайлов, Қ.Жашатаев, Н.Норницкий, Н.Норницкая, И.Мейрамбаев, К.Сүлейменов, Б.Қызыкенов, т.б. болды.
Бақыршық кені гидротермалдық алтын-пирит-арсенопирит формациясына жатады. Оның кен қабаттарының ені 150-200 метр. Бұлар Қызыл деп аталатын жаншылу зонасы мен Батыс Қалбаның терең жарылысынан түйісер жеріне таяу орналасқан. Мұндағы алтынның шоғырлану мөлшері пирит және көміртекті заттарға байланысты. Кен құрамында алтын мен күмістен басқа мышьяк, галий, сурьма, сынап бар.
1965 жылы Бақыршық сынақ кендерін жер асты әдісі бойынша өндіру басталды. Мұның негізгі мақсаты – кенді жер астында барлаудың неғұрлым тиімді жүйесін іздестіру және комбинат үшін жобада белгіленген кен алу тәсілдерін тексеру болатын.
Кен қазу жұмыстары көлемінің артуы 1968 жылы Бақыршықтың екінші дәрежелі кен кәсіпорындары қатарына жатқызуға мүмкіндік берді. Сөйтіп, ол еліміздің алтын өндіретін аса ірі кәсіпорындардың біріне айналды.
1968 жылы кен орнында «Бақыршықалтын» комбинаты құрылды. «Бақыршықалтын» Шығыс Қазақстан шахта құрылысы басқармасынан бөлініп, өз бетіне шахта-проходка бөлімі болып қайта құрылды.
Комбинаттың кен өндірісінің ең озық технологиясы және осы заманға жаңа, жетілдірілген техника қолданылу көзделді. Жер асты кенінде жоғарғы өнімді машиналар: бұрғылау кореткалар, тиеу-жеткізу машиналары, виброконвейерлер, кен таситын дизеловоздар және сыйымдылығы 4 текше метр вагонеткалар жұмыс істейді. Сонымен бірге кен тереңдігі 570 метр шахта стволынан сыйымдылығы 9,5 текше метр астауымен көтеріліп, байыту фабриксының кен тұратын орнына конвейерлері лентамен тасымалданады. Алынған кен қоспалары одан әрі өңдеуден өту үшін конвейнерлерге механикалық жолмен орналастырылып, жіберіліп тұрады.
Бақыршық – бүкілі КСРО көлеміндегі ең ірі, ал республикадағы үлкен алтын орны деп танылды.
1974 жылы ақпанында КПСС Орталық комитеті мен КСРО Министрлер Кеңесінің кен байыту комбинатының құрылысын одан әрі жалғастыру, оның қуаттылығын алғашқы белгілеген, 8 есе арттыру жөнінде арнаулы қаулы қабылданды. Салынып жатқан кен байыту комбинатының директоры ретінде Р.Ф.Смағұлов бекітілді.
Бұл Бақыршықта алтынның өмірге келуінің үшінші кезеңі еді.
Сондай-ақ, 1983 жылы кен инженері, «Алтайалтын» комбинатында мархшейдер көмекшісі болып істейтін Тұрсынтай Нүркенұлы Нұғыманов «Труд» артелін ұйымдастырды. Ол жер қойнауынан алтынды ашық әдіспен өндіруге кірісті. Еңбек етушілер саны 70-ке жуық адам.
Аудан бойынша 45 кәсіпорындар мен ұйымдар жұмыс Өнеркәсіп орындары жылына 8,5 сомның жалпы өнімін өндіреді. 2000-нан астам еңбекшілердің екпінділері жұмыс істейді.
Экономиканың өрістеуінің бірден-бір көрсеткіші – көлік қатынастарының дамуы. Жарма ауданының экономикалық дамуына Түркістан-Сібір темір жолының салынуы өз әсерін тигізді.
Қазақстанда индустрияландырудың тұңғыш – Түркістан – Сібір магистралін салу жөніндегі үкімет шешімі 1926 жылы желтоқсанның 3-і күні қабылданды. Алғашқыда жолдың Семей – Сергиополь почта жолымен өтуі белгіленді. Бірақ, бұл вариант бойынша бірінішіден елді мекендер, екіншіден, болашақта салынбақшы Карповка-Өскемен, Жалғызтөбе-Көкпекті-Зайсан теміржол тармақтары тым қашықтықта қалып қоятын болды. Сол себептен 1928 жылы 2 наурызда коллегия жолдың Семей-Аягөз аралығы Шар-Гурбан, Жарма өзендері бойымен өтетін шығыс жақ бағытын, яғни қазіргі жобаны бекітті.
1927 жылы Солтүстік және Оңтүстік деп аталатын екі құрылыс басқармасы құрылды. Солтүстік басқарма Семейде, Оңтүстік басқарма Алматыда орналасты. Бұл екі басқармаға жалпы басшылықты КСРО қатынас жолдары халық комиссариаты жанындағы басқарма бастығы, білгір инженер В.С.Шатов жасады, РКФСР үкімет жанынан Түрксіб құрылысына жәрдемдесу комитеті құрылып, оны Халық Комиссарлары Кеңесі төрағасының орынбасары Т.Рысқұлов, кейіннен М.Тынышбаев басқарды.
Әр құрылыс басқармасы өз кезегінде участоктерге, прорабтық пунктегілерге, рельс төсейтін поездарға т.б. өндірістік буындарға бөлінді.
Жол төсеу солтүстік бағытта 1927 жылы 15 шілдеде Семейден, оңтүстік бағытта – Луговой стансасынан 2 қарашада басталып, 1931 жылы 1 қаңтарда тұрақты пайдалануға берілді.
1931 жылы 1 мамырда ең соңғы күміс шеге қағылып, мемлекеттік комиссия құрылысшылардан теміржолды қабылдап алды. Құрылысы аяқталғаннан кейін жол бойында үш пайдалану ауданы құрылды, соның бірі орталығы Аякөзде болған Семей – Үштөбе аралығы болды.
Ал, Семейден солтүстікке Ресей шекарасына дейінгі жол тармағы Алтай теміржол басқармасына қарады. Ол 1934 жылы Томск теміржолының бесінші бөлімшесіне берілді.
1934 жылы Түркістан – Сібір теміржолының құрамында Рубцовка қозғалыс бөлімшесі ұйымдастырылып, оның Аякөз бөлімшесімен аралығы Жарма стансасы болды. 1948 жылы солтүстік Түрксібте Аякөз жэәне Рубцовка жол бөлімшелері құрылды. 1958 жылы Қазақ теміржолы ұйымдастырылғанда Аякөз бөлімшесі құрылып, оның құрамына Рубцовка бөлімшесінің Жарма – Семей – Локоть учаскесі берілді. 1961 жылы бөлімше орталығы Семейге көшіріліп Семей жол бөлімшесі болып аталды.
Осы Түрксіб темір жолы бойында бой көтерген қала үлгісіндегі теміржолшылар поселкелері – Суықбұлақ, Шар, Жалғызтөбе, Жарма, Үшбиік.
1958 жылы депода 6283 ауыр салмақты поезд жүргізіліп, жоспардан тыс 2265603 жүк тасылды, 4460 кг отын үнемделді.
1961 жылы депоға алғаш тепловоздар келді. Жаңа техника іске жаңаша қарауды қажет етті, талап күшейді. Паровоздағылар терловоздың оқуын оқуға отырды.
Қазақ жастарынан тепловозды бірінші болып жүргізгендер арасында Х.Кәкімжанов, Х.Рақымбаев, Е.Оспанов, М.Ошақбаев, К.Мұрынбаев, Ж.Камалов, т.б. бар еді.
1965-1985 ж.ж. кезең ұжым үшін айрықша жылдар болды. Депо бірнеше дүркін республикалық және облыстық жарыста жеңімпазы атанды. Бүкілодақтық жарыста жеңіп шығып, КСРО қатынас жолдары министрлігі мен теміржол транспорты қызметкерлері кәсіподағы Орталық Комитетінің сыйлығына ие болды.
1970 – 80 – ші жылдары еліміздің үздік машинистерінің сұйық отын үнемдеу жолындағы үндеуі шарлықтар арасында да қызу қолдау тапты. Өндіріс озаттары А.Смайылов, А.Қонқасов, Ж.Әкімжанов, А.Майшекенов, М.Қасымов, Қ.Түкеев, М.Аяшев т.б. әр он бес поездың бірін үнемделген дизель отыны есебінен жүргізіп отырды. Бұл тамаша қозғалыстың көш басында болған жоғарғы класты машинистер Г.Егоренко, И.Майстренко, Х.Бөкенов жылына төрт тоннадан астам сұйық отын үнемдеді. Олардың межеден арттыра тасыған жүктері кемінде екі-екіден жаңа маршрут құрастыруға болатын еді.
1965 – 1985 ж.ж. кезең ұжым үшін айрықша жылдар болды. Депо бірнеше дүркін республикалық және облыстық жарыста жеңімпаз атанды. Бүкілодақтық жарыста жеңіп шығып, КСРО Қатынас жолдары министрлігі мен теміржол транспорты қызметкерлері кәсіподағы Орталық Комитетінің сыйлығына ие болды.
1975 жылдан бері ұжымда үш жылда бір «Өз мамандығының таңдаулысы» атты құрметті атақ беріліп келеді. Мұндай атақты алғаш рет А.Мұсаханов, А.Гридасов, М.Керейбаев, Е.Есенгелдинов, Г.Садыков, Б.Хасенов, Х.Сембаев, Ж.Сұлтанбеков, А.Мұздыбаев, А.Өгізбаев, К.Тұрсынғожинов, т.б. берілді.
1983 жылдан кәсіпорын «айналмалы» деподан «негізгі» депо санатына жатқызылды. Депоға 45 тепловоз бекітіліп берілді. Ұжымның бұл жетістігінде машинистер М.Қорғанбаев, З.Бейсенбаев, А.Акушев, Е.Қазыбеков, С.Аблаев, Р.Бижиков сияқты өндіріс озаттарының үлкен еңбек үлесі болды.
Сонымен, ХХ ғасырдың басында шетел мемлекеттерінің Жарма өлкесіндегі кен қазба байлықтарын зерттеу жұмыстары нәтижесінде елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайы түбегейлі өзгерді. 1933 жылы КСРО көлемінде алтын өндіретін ірі комбинаттардың бірі - «Алтайалтын» трестінің құрылуымен жер асты байлықтары игеріле басталып, жаңа кеніштер ашылды, ал Жарма ауданын солтүстіктен оңтүстікке қарай 600 км бойы қиып өтетін Түрксіб теміржол магистралінің салынуы жол бойында Суықбұлақ, Шар, Жалғызтөбе, Жарма, Үштөбе сияқты станциялардың бой көтеруіне әсер етті .
Осының барлығы Жарма ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуына үлкен үлес қосты.