Шешендік ?нерді? к?рнекті ?кілдері ?аза? ?дебиеті 9-сынып
Шешендік сөздердің тәрбиелік мәні
Нағыз шешен үшін сөзге шебер болу жеткіліксіз.
Халық даналығы.
Жоспар
І. Кіріспе бөлім: Шешендік өнер тарихынан.
ІІ.Негізгі бөлім: Шешендік сөздердің тәрбиелік мәні
а) Шешендік өнер – сөздің дәлдігі, ойдың айқындығы;
ә) Шешендік өнерде қоғамдық ой-сананың көрінісі;б) Іргелі ел болуымызға ісімен де, сөзімен де зор үлес қосқан даналар – Төле, Қазыбек, Әйтеке.
ІІІ.Қорытынды бөлім: Шешендік сөз - халық даналығы, ақыл-ойдың қоймасы.
Шешендікке әлеуметтік қызмет артқан ежелгі Греция мен Рим қоғамынан бастап, көптеген Еуропа халықтары мен шығыс халықтарында шешен сөз дегенді қоғамдық құбылыс екендігіне, яғни оның халық алдында сөйленетін сөз екендігіне көңіл аудырылады. Шешендік өнер ғылым тілінде риторика деп аталады. Зерттеушілердің пікірінше, шешендік өнер, әдетте айтыс-дауларда туып дамыған. Сондықтан елдің, ердің тағдыры сарапқа түсетін, соғыс-бітім секілді маңызды мәселелер сөз болатын, халық көп жиналатын астар мен тойлар, сарабдал шешендер мен саяси қайраткерлер сөз сайысына түсетін, сыннан өтетін және шынығып шыңдалатын орындар болған.
Шешендік өнер халықтың қоғамдық, әлеуметтік өміріне, саяси-экономикалық жағдайларына байланысты дамып, кемелденіп, марқайып отырған. Шешендік өнердің тарихына көз жіберсек, әйгілі шешендердің тайпа көсемдері, ханға кеңесші билер, қол бастаған батырлар болуы тегін емес. Немесе біз білетін шешендердің әрі би, әрі қолбасшы, әрі батыр, әрі жырау-философ болуы осы ұлы мұраттан туындағаны белгілі.
Шешендік өнер ел тарихындағы әлеуметтік мәселелерді шешуде ерекше орын алған. Оның дәлелі - әр дәуірдегі би-шешендердің айтқан шешендік сөздерінің үлгілері. Халықтың тіршілігі мен тұрмысында сөз өнері ауадай қажет болып, оның бүкіл тарихы мен тағдырында шешуші рөл атқарған.
Қазақта «Ердің құнын екі ауыз сөзбен бітіру» деген әріден келе жатқан сөз бар. Екі ауыз ұтымды ұтқыр, қисынды сөз айтылмаған жағдайда, даулы екі рулы елдің атысып, шабысып, тоз-тоз боп кеткен жайлары тарихтан белгілі. Сондықтан да сөз өнерін дамытуға, сөздің күші мен құдіретін, оның қоғамдық әсер, ықпалын арттыруға бүкіл халық болып, арғы замандардан бері ат салысты. Қазақта көне заманның өзінде жетелі сөзге табыну мен бағынудың басым болғаны - соның бір айқын дәлелі. Халық аталы сөзді алты жасар бала айтса да, алпыстағы ақсақал қарт айтса да, айтушысына қарап емес, айтқанына қарап бағалаған, тыңдаған. Кезінде шығыс зерттеушісі В.В.Радлов: «Қазақтар шешен келеді, олар мақамдап сөйлейді, жай сөзінің өзі өлең боп құбылып жатады»,- деп аса жоғары бағалапты.
Шешендік сөз – тауып айтылған тапқыр сөз, ақылға қозғау салып, ой түсіретін даналық сөз. Қиялға әсер етіп, сезіміңді қозғайтын көрікті де әсерлі сөз. Бұра тартпас дәлелімен тамсандырып, таңдай қақтыратын білгір- білімді сөз. Өтіп кеткен не өтіп жатқан оқиғаны жанды суреттей көз алдыңа алып келетін суретті сөз. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін жеткізетін терең мағыналы түйінді сөз. «Адамды екі нәрсе қартайтпайды: бірі – жақсы мінез, екіншісі – жақсы сөз»,- деп Жүсіп Баласағұн айтқандай, шешендердің сөзін тыңдағанда, құлағыңның құрышы қанады. Таза, дәл, ойлы сөздерін сүйсіне тыңдайсың.
Адамзаттың рухани болмысының негізгі арналарының бірі – риторика. Көшпелі қазақ өмірінде шешендік сөздер ерекше өнер мектебі болған. Бұл өнер қоғамдық қажеттіліктен туындаған. Әлеуметтік дамудың өрістеп, жандануына орасан қозғаушы күш ретінде үлес қосқан.
Шешендіктен не пайда,
Артына сөз қалмаса?!
Батырлықтан не пайда,
Халыққа қайран қылмаса?! –деп Әйтеке бабамыз толғаған екен. Даналы сөздің астарына қарап, қазақ шешендік өнерінің даму кезеңдері, сол кезеңдегі тарихи жағдайлар шешен билердің толғауларынан көрініс тауып отырғандығын аңғарамыз. Олар халықтың жоғын жоқтап, мұңын мұңдаушы, кемел ойшылдар, мықты мәмілегер әрі қол бастаған батыр да бола білген.
Ел мүддесін көздеп сөйлеу, халықтың қамын жеу, тереңнен толғап, даналығымен тарихта өшпестей із қалдырған дана билеріміз – Төле, Қазыбек. Әйтеке. Олар іргелі ел болуымызға ісімен де, сөзімен де зор үлес қосқан даналар. Атақты үш бидің – Төле, Қазыбек, Әйтекенің бір ананың тетелес үш ұлындай қатар аталып, қатар қадірленуінің де, ел жадында бірдей қалуының басты сыры да осында.
Кезінде Тәуке хан билерге берген батасында:
Төле би, ер Қазыбек, тілді Әйтеке,
Асқар тау – Қазығұрттай білімді едің.
Бірі – күн, бірі туған айдай болып,
Заманға сәйкесімен келіп еді,- деп, билерді асқар тауға, күнге, айға теңеуі тегін емес.
Ахмет Байтұрсынұлы «шешендіктің екі басты мәселесі: ақылға ақыл қосу, жүректі тербеу» дегеніндей, шешендік сөзден біз сөзге сақ, ақылды сөйлеу керектігін ұғамыз. Аузымыздан шыққан сөз тыңдаушының жүрегіне қонымды, жеңіл болу тиіс. Сондықтан да сөз үйренуден жиренбегеніміз абзал.
Қоғам өмірінде тілдің, тіл мәдениетінде шешендік өнердің алатын орны, атқаратын қызметі ерекше. «Шешендік сөз - халық даналығы, ақыл-ойдың қоймасы, әдеби тілдің бастауы» деп тегін айтпаса керек. Шешендік сөз ақыл-парасатқа негізделіп, өзінің мазмұндылығы сөйлеушінің ақыл-ой дәрежесіне, жан-жақты білімділігіне байланысты. Аристотель айтқан айқындылық пен түсініктілік - шешендік сөздің сапалары. Осы белгілерді сақтаған кез келген сөйлеушінің сөзі шешендік болып табылады. Біз шешендік сөздерді оқып, үйрене жүріп, жан-жақты, терең білім алумен, үздіксіз сөйлеп жаттығумен шешен бола аламыз деп ойлаймын.
Қазір ғылым мен техниканың қарыштап дамыған заманы. Бүгінгі әдеби тіліміз ғылыми терминдерге өте бай. Тіл тазалығына сөзіңді басқа тілдің сөзімен шұбарламай, әдеби тіл нормасын барынша пайдалануымыз қажет. Сондай-ақ халық даналығынан туған «қиыннан қиыстырып», «жауырды жаба тоқып», «әліпті таяқ деп білмей», «халық айтса, қалпы айтпайды» тәрізді толып жатқан тұрақты тіркестерді қалпын бұзбай орнымен жұмсай білсек, қандай тақырыптағы шешендікте болмасын, айтайын деген ойды тап басып, дәл жеткізеріміз сөзсіз.
Елдің тәуелсіздігі өзімен бірге ойлау тәуелсіздігін, санадағы, танымдағы тәуелсіздікті, тіл тәуелсіздігін ала келді. Сөздерге мағыналық өң беріп, бейнелі тіркестер жасауда тіліміздің мүмкіндігі шексіз. Осыны шешен сөйлеуге талпынған әрбір жас ұмытпағаны абзал. Қазіргі таңда жастарды шешендікке қалай баулуға болады деген мәселелер төңірегінде ойлағанда, шешендік сөз өнері адам санасының үш негізіне – ақылға, қиялға, көңілге байланысты екенін жадынан шығармағаны абзал. Өйткені шешендік сөз – тіл мәдениетінің жоғарғы формасы.