Кино?ндіріс жастар?а ?з ?серін тигізеді деп ойлайсыз ба? (эссе)
Киноөндіріс жастарға өз әсерін тигізеді деп ойлайсыз ба? (эссе)
Кино – көркем өнер. Ол әр түрлі шытырман оқиғаға, тартысқа құрылады. Көгілдір экраннан көрсететін фильмдерді бірден миллиондаған адамдар тамашалайды. Кино миллиондаған адамдарға ой салып, тәрбиелейді, өмір мəселелерін талдатады, одан қорытынды жасатады. (30 сөз)
Киноөндіріс жастарға өз әсерін тигізеді ме? Әрине тигізеді деп ойлаймын. Кино арқылы әрбір ұлттың имиджі қалыптасады. Мысалы, түсірген фильмдеріне қарап-ақ, үнділердің махаббатқа адалдығын, көршілес өзбек еліннің туындыларын көріп,олардың еңбекқорлығын, корейліктердің ізетшіл, қытайлықтардың төбелеске епті екенін танимыз. Сөйтіп, бүтін ұлт сондай деген ұғым жұрт санасында қалыптасады. Меніңше, ұлтымызды танытатын қазақ кинолары баршылық. Мәселен, «Қыз Жібек» фильмі тек махаббат қана емес, қазақ елінің ұлттық өнерін, өнегелі өмірін, салт-дəстүрін көрсететін тарихи фильм. Бұл фильм арқылы халықты əлемге танытуға болады. «Қыз Жібек» фильмін Парижде тамашалаған француздардың алған əсері соншалық – кино аяқталса да, орындарынан тұрмай, жарты сағат үнсіз отырып қалған екен. Осыдан-ақ кино өнерінің адам санасына қаншалықты күшті әсер ететінін байқауға болады. Біздің халықта мұндай тағылымы мол рухани бай киноларымыз жетерлік. Алайда бүгінгі таңда бұл фильмдерді көретін жастар жоқтың қасы. Қаптаған үнді, түрік, корей серияларын көрсетпейтін арна жоқ. Қай арнаны қоссаңыз, тәрбие мен мәні жоқ сериялдар жастарымыздың санасын улап, кері тәрбие беруде. Мәселен, корейліктердің «Жігіттің сабаздары - F4» киносын көріп қазақ жігіттері шаш өсіріп, боянудан жан салмай, киім кию мәнерлерінде қыздарға айналып бара жатырғандығын өздері де байқамай қалды емес пе? Соның нәтижесі - «Ninety one» тобының әншілері. Тіпті қазақ жігіттері деп айтуға да ұят. Мұндай фильмдерді өз елімізде де түсіріп жатырмыз. "Келинка Сабинка" фильмі бұған дәлел. «Комедия», «қызықты фильм» деп шегіміз қатқанша күлеміз. Әсіресе, балалар қайта-қайта көріп риза. Бұл киноны көре отырып тереңнен ой салсаңыз, «әттең-ай», «өкінішті-ақ» деген сөздер ішкі түйсікті шулатар еді. Ал менің, шындығында, жылағым келеді. Себебі,бұл фильмде өз Ана тілімізді лайлап, тіл экологиясын ластаудың құрбаны боламыз. Осындай орыс тілінің жарқын жарнамасы іспеттес киноларымыз баршылық. Олар: «Ағайындылар», «Күләш», «Тракторшының махаббаты», «Алып қашу операциясы». Менің ойымша, ұлттық киномызды дамытуымыз үшін, патриоттық бағыттағы «Қазақи жүз кино» деген мемлекеттік бағдарлама қабылдауымыз керек шығар? Сіз қалай ойлайсыз?.. (280 сөз) Ойсыздың да санасына қатты әсер ететін кино атты асыл өнерді бағалауымыз қажет. Біздің елімізде қазақи ұлттық қалыпқа еш сай келмейтін тәртіппен түсіріліп жатқан кинолардың көбеюі жаныма қатты батады. Ең бастысы, киноның тәрбие құралы екенін ұмытпайық! (35 сөз)