Ашы? т?рбие са?аты Абай — ?лтты?, ой-сананы? ас?ар биігі 6-сынып
Абай - ұлттың, ой-сананың асқар биігі.
Абай - ұлттың, ой-сананың асқар биігі.
Өнеге сағаты
Амренова М.С.
Өскемен.
Абай – ұлттың, ой-сананың асқар биігі.
Мақсаты: 1. Абай атамыздың өмірі мен шығармашылығы туралы оқушылардың білімдерін кеңейту.
2. Қара сөздерін талдау.
Түрі: Сұрақ-жауап арқылы өз ойларын жеткізе білу.
Кіріспе:
Мынау тұрған Абайдың суреті ме?
Ұқсаған өлең сөздің құдіретіне.
Ақыл – қайрат, білімді тең ұстаған,
Өр Абайдың төтеген кім бетіне? – деп, жыр алыбы Жамбыл жырлағандай, ұлы ақын Абайдың туған халқының рухани мәдениетіне сіңірген еңбегі ұшан теңіз. Ол өзінің озық ойлы шығармаларымен сол кездегі қазақ халқының өмірін асқан шеберлікпен суреттеді. Өз халқының жарқын болашағы үшін күресті. (Сұрақтар қойылады).
Абай Құнанбаев кім?
Ақын қай жылы, қай жерде дүниеге келді?
Зере әжесінің Абай тәрбиесіндегі рөлі қандай?
Қандай шығармаларын білесіңдер?
Орыс достары кімдер?
Қара сөздерінің қайсысын талдап айтып бере аласыңдар?
Абай өңі қараторы, екі көзі тостағандай әрі өткір, кең маңдайлы, дембелше бойлы бала болыпты. Мінез жағынан ширақ, өткір, аңқаулығы мен тектілігі де аралас болса керек. Әсіресе ол аса ұғымтал, бір көргені мен естігенін ұмытпайтын зерделілігімен көзге түседі. Кемеңгер Абай адамның ең жақсы қасиетіне санаған «білмекке құмарлық» өзінің туа бітке құмарлығы десе де болады. Оның бала кезін білетіндердің сөзіне қарағанда, Абай ертегі-аңыздар, ел ішінің өткен өмірінен қалған алуан түрлі әңгімелер, өлең-жырлар десе, ішкен асын жерге қояды екен. Мұндайда көп мазалайтыны сондай әңгіме-хикаяларды, әсіресе ертегілерді көп білетін әрі нақышына келтіріп жалықпай айтатын өзінің әжесі еді.
Кең-байтақ қазақ жерінің шығысындағы бір құтты қоныс, қасиетті аймақ бір кезде Семей облысы аталатын. Соның төскей төрінде көне тарихтың үнсіз куәсі – Шыңғыс тауы жатыр. Сол таудың көп бұлақ, көк өзенді жал-жоталары ақбоз үйлер мен төрт түлік малға толы кез-тін. Міне, сол ауылдың, 1845 жылдың тамыз айында нәресте дүниеге келді. Нәрестенің дүниеге келуі оның үстіне ұл болуы сол заманның қазағыүшін тіптен ерекше қуаныш еді. Ел молдасы азан шақырып, баланың құлағына үш рет айқайлап, атын қойды. Қалың қазақтың қарапайым тілімен Ыбырайым демей, нәресте туған үйдің өзгешелігіне бейімдеп – арабшасына жақындата Ибраһим деп атады. Шынында да бұл баланың ата-бабалары өте атақты болатын. Арғы түбін айтпағанның өзінде, жас Ибраһимнің туған атасы әйгілі Өскенбай би еді. Бұл кезде ол кісі бұ дүниеден қайтқан. Шыр етіп түскен сәбиді етегіне орап, көтеріп алған мейірбан жүзді қарт әйел, сол қадірлі бидің бәйбішесі сәбидің әжесі Зере болатын.
Әкесі – Өскенбай бидің өжет баласы, жасында жау түсіргіш қарулы жігіт болған, бүгінде ел «қарадан хан болған» деп марапаттайтын аға сұлтан Құнанбай. Ал шешесі мінезге бай, ауылға жайлы, сонысымен аса сыйлы Ұлжан бәйбіше еді. Бұл кісі де текті жерден шыққан. Әсіресе өткір сықақ-мысқылға жүйіріктігімен аты шыққан елдің қызы. Абайдың біреудің мінін ащы тілмен, ажуа-мысқылмен мінегіштігі шешесінің төркіндерінен – нағашы жұртынан жұққан деседі жұрт.
(Оқушылар өздері білетін шығармалары мен өлеңдерін оқиды). Оқушылардың назарына экраннан «Дүние де өзі, мал да өзі» деген сөзге көңілдерін аударамыз.
Сұрақ: -«Адам болу» дегенді қалай түсінесіңдер?
- Абай қандай адамгершілік қасиеттерді дәріптейді?
- Келешек ұрпаққа қандай өсиет айтады? Оқушылар қол көтеріп жауап береді.
- Орыс әдебиеті мен ғылымын, білімін насихаттай отырып, азаматтық санасы өскен халықтың үлкен қайраткері дәрежесінде көрінеді. Өлеңдерінен халық мүддесін қорғаған адамзаттың үні естіледі. Өзі үстем тап ортасынан шықса да, еңбекші шаруаға шындап бет бұрады. Оларды «елім», «жұртым», «халқым» деп дос тұта сөйледі. Заманымен өзі өмір сүрген ортаның кемшілік-қайшылықтарын өткір және әділ сынады. Бұл Абайдың қай өлеңінде байқалады? («Қалың елім, қазағым, қайран жұртым» өлеңі. Осы өлеңі оқылады).
Қалың елім, қазағым, қайран жұртым,
Ұстарасыз аузыңа түсті мұртың.
Жақсы менен жаманды айырмадың,
Бірі қан, бірі май боп енді екі ұртың.
Бет бергенде шырайың сондай жақсы,
Қайдан ғана бұзылды сартша сыртың?
Ұқпайсың өз сөзіңнен басқа сөзді,
Аузымен орақ орған өңкей қыртың:
Өзімдікі дей алмай өз малыңды,
Күндіз күлкің бұзылды, түнде ұйқың.
Көрсе қызар келеді байлауы жоқ,
Бір күн тыртың етеді, бір күн – бұртың.
Бас-басына би болған өңкей қиқым,
Мінекей бұзған жоқ па елдің сиқын?
Өздеріңді түзелер дей алмаймын,
Өз қолыңнан кетпесе, енді өз ырқың.
Ағайын жоқ нәрседен етер бұртың,
Оның да алған жоқ па құдай құлқын?
Бірлік жоқ, береке жоқ, шын пейіл жоқ,
Сыпырылды байлығың, баққан жылқың.
Баста ми, қолда малға талас қылған
Күш сынасқан күндестік бұзды-ау шырқың.
Оңалмай бойда жүрсе осы қыртың,
Әр жерден-ақ жазылмай ма, жаным, тырқың?
Қай жеріңнен көңілге қуат қылдық,
Қыр артылмас болған соң, мінсе қырқың?
Тиянақсыз, байлаусыз байғұс қылпың,
Не түсер құр күлкіден жыртың-жыртың,
Ұғындырар кісіге кез келгенде
Пыш-пыш демей қала ма ол да астыртын?
1886 ж.
Сұрақтар қойылады: 1. Халық басындағы трагедияны, ел басқарған қиқымдарды масқаралауы өлеңнің қай шумағында айтылады?
2. Халық бойындағы ерсі қылықтар деп нені көрсетті?
3. Ақын қазақтың ұлттық мінез-құлқындағы, әдеп-ғұрпындағы орын алып отырған кемшіліктерді жоюда қандай қорытындыға келді?
- Абай туған халқын қаншалықты жақсы көрсе, сол халықтың бойындағы ерсі мінез, кесір қылықты, еріншектік пен намыссыздықты соншалықты жек көрді. Осылайша сынай отырып, өз халқымен жақындаса түседі, оның шын қамқоршысы дәрежесіне көтеріледі. Данышпан Абай өлеңдері үлгі-өнеге, ғибратқа толы.
Жасы 30-дан асқан соң, бұрынғы азды-көпті білімін есіне түсіріп, орыстың мықтап оқиды. Қалада жатып едәуір тіл білген соң, енді кітап оқуға кіріседі.
Осымен 35-36 жастардың шамасында кітап қарастырудың жолында жүріп, Абай 1880 жылдарда Петербурдан айдалып келген төңкерісшіл халықшыл Михаэлис деген кісімен таныс болады. Михаэлис ол кезде жас. Петербург университетінің студенті болып жүрген күнінде айдалған екен, атақты Чернышевскийдің жақын танысының бірі болса керек.
Басында кітапханада кездесіп жүріп, артынан жақын таныс, тату адамдардың қалына жетеді.
Осы бетпен орыстың белгілі ақын жазушыларынан Пушкин, Лермонтов, Некрасов, Толстой, Тургенев, Салтыков-Щедрин, Писарев, Европа ақындарынан – Гете, Байрон, т.б. оқыған.
(Қара сөздеріне тоқталамыз)
Қазақтың классикалық поэзиясының асқар шыңы болып саналатын – Абайдың мұрасы мол. Соның ішінде моральдық-философиялық, қоғамдық-саяси және кейіптік-сатиралық ой толғаулары болып табылатын «Қара сөздер» маңызды орын алады. Бұл ақынның көп жылғы ой-толғанысының, мазасыз көңіл-күй кешуінің және азаматтық жанайқайының жемісі.
Абай өзінің «Қара сөздерінде» адамдық ар-ожданға кір келтіретін кемшіліктерден арылып, ең алдымен рухани өркениетке ұмтылуға, білім арттыр жолына түсуге және өз халқының ғана емес, басқа халықтардың да өнері мен кәсібін үйренуге шақыра отырып, мұның бәрі тәуелсіздікке жетудің бірден-бір дұрыс жолы екенін атап көрсетті.
Қорытынды: Балалар, бүгін сендермен бірге Абай атамыздың өміріне, шығармашылығымен таныстық. Абайды оқыған ұрпақ қалың елінің қамын жейтін нағыз патриот азамат, Абайды оқымаған қазақ қазақ емес. Абай өлеңдерінің, шығармаларының өз өмірлеріңе үлгі алатын тәрбиелік мәні жоғары, құнды туындылар.
Абайдың дүниеден кеткеніне қанша уақыт болса да, оның айтып кеткен ойлары әлі күнге дейін маңызын жоғалтқан жоқ, қазіргі уақыт талабымен, талғамымен үндес.
Сабақты Қасым Аманжоловтың мынадай өлеңімен аяқтайық:
Бұл күнге ылайық алыпсың,
Ол күнге қалай сыйғансың.
Бір өзің бүкіл халықсың,
Қалдырмай бәрін жиғансың.
Атаның ұлы емессің,
Кешіре жатар Кеңгірбай.
Халықтың ұлы боп өстің,
Ибраһим демей деді Абай.
Абай десе, Абайсың,
Абайладың жан-жақты.
Риза еттің жарайсың
Қалың елің қазақты,- .
Өскемен.