Эссе Ізгілік педагогикасыны? классигі Абай ?зін-?зі тану
Эссе
Ізгілік педагогикасының классигі Абай
Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста
Ізгілік педагогикасында еңбек еткен ұлы ғұламаларымыз көп. Соның бірі, өзінің еңбектерін, өз ісін құндылықтарды тануға бағыттаған, біздің ғұламамыздың бірі Абай Құнанбайұлы. Ойы,сөзі және ісі бір жерден шыққан жалпыадамзаттық құндылықтар бойына дарытқан азаматымыздың бірі. Ол бірде өмірдің күлкісіндей қуанышты бейнелесе, бірде жылаған, қайғы жұтқан қазақтың ішкі сезімін көрсетеді. Ол өз өлеңдерінде өзіне де сын көзбен қарап, өзінің жан дүниесімен сырласа, өз істеріне жауап іздеген.Абайдың әр шығармасынан құндылық тәрбиесіне бағыттауға болады. Ол өзгені тану үшін өзін тануға мол іс жасаған.
«Абайды таныту арқылы біз Қазақстанды әлемге танытамыз, қазақ
халқын танытамыз. Абай әрқашан біздің ұлттық ұранымыз болуы тиіс» ,
− деген елбасының айтқан әдемі сөзін басшылыққа ала отырып жас ұрпақ тәрбиесінде Абай Құнанбаевтың қара сөздерін пайдалана отырып білім үдерісінде жүйелі түрде қолданып іске асыру.
Менің ойымша келешектегі әр жас ұрпақ - керемет рухани бір күш иесі. Олар барлық нәрсені, істі көзбен көріп танып-білуге құштарланады. Балаларды рухани адамгершілікке тәрбиелеу – біріншіден адамды қадірлеу мен сыйлай білуге баулу. Мәдениеттіліктің басты белгісі- әр баланың бойындағы адамилық, яғни үлкенді сыйлау, кішіге ізет көрсету, рақымшылдық, мейірімділік, жанашырлық қасиеттері бала бойындағы әсемдік екіндігін жеткізу.
Мен «Өзін-өзі тану» курсына келгелі ұлы ойшыл ғұламалардың адам өмірі, адами рухани құндылықтары туралы жазған философиялық ойлары менің жандүниеме өзгеріс еңгізіп, өзімнің осы дүниеде кетігін тауып, бір кірпіш болып қалануыма күш-жигер бергендей.
Ұлы ғұламалардың руханилыққа, адамгершілікке айтқан өсиеттері мен нақыл сөздері өте көп. Соның бірі, қазақтың ұлы ақыны, ағартушы, қазақ әдеби тілінің негізін қалаушы, философ, композитор, аудармашы Абай Құнанбаевтың қара сөздері тақырып ауқымдылығымен, дүниетанымдық тереңдігімен құнды. Қара сөздерде айтылған даналық ойларды жыл сайын қайта-қайта оқысақ та өзімізге ой түйіп шынданамыз.
Абай атамыздың адамгершілікке, тәлім тәрбиеге ой салар 45 қара сөзі бар. Маған қатты әсер еткен «он жетінші қара сөзі». Осы қара сөзде қайрат, ақыл, жүрек, ғылымға арналады деп жазған. Қайрат, ақыл, жүрек үшеуі адам үшін өздерінің атқаратын жұмыстарын айта келіп, әр қайсысы өзін бірінші орынға қойып таласады да, ғылымға төрелікке жүгінеді. Ғылым үшеуінің де жақсылы, жаманды қасиеттерін дәл сипаттап, әділ сынайды. Жеке – жеке үшеуінде де кемшілік бар. «...Осы үшеуің басынды қос, оның ішінде жүрекке билет», - деп үкім шығарады. «Егер үшеуің ала болсаң, мен жүректі жақтаймын», - дейді оларға ғылым. Яғни Абайдың айтуы бойынша жан жүректе орын тепкен. «Мен адамның денесінің патшасымын, қан менен тарайды, жан менде мекен қылады, менсіз тірлік жоқ...» Жан адамның тыныс-тіршілігін, іс - әрекетін жүрек арқылы басқарады. Егер жан жетілмеген болса, онда адамның іс - әрекетінде де кемшілік болады. Ішкі дүниесі тазарып, жетілген адам ғана қателікке ұрынбай, өмірде аяғын шалыс баспай, дұрыс өмір сүре алады. Осы жерлерде адамның бақытты болуы, оның жүрегіның тазалығында, «Үлкеннен ұят сақтап, кішіге рақым қылдыратұғын - мен, бірақ мені таза сақтай алмайды, ақырында қор болады. Мен таза болсам, адам баласын алаламаймын: жақсылыққа елжіреп еритұғын - мен, жаманшылықтан жиреніп тулап кететұғын - мен, әділет, нысап, ұят, рақым, мейірбаншылық дейтұғын нәрселердің бәрі менен шығады...» деп, адамдарды ішкі жан дүниесі мен жүрегін таза ұстауға үйретеді.
Абай адам – адамды сүю, адам үшін қызмет етуді бірінші орынға қояды. Бірақ ғылым бойынша да, Абайдың ойынша да ең идеал нәрсе – осы үшеуінің бірлігі. Адам жан-жақты, асыл қасиетті болу үшін оның бойындағы қайрат, ақыл, жүрек үшеуі бірдей болып, тең табыссын деген талап қояды.
«Осы үшеуі ( ақыл, қайрат, жүрек ) бір кісіде менің айтқанымдай табылса, табанының топырағын көзге сүртерлік қасиетті адам сол», - дейді Абай. Адамның тәні мен жаны табиғаттан жаралған, тек қана жаннан шығатын-өзіңді түсінуге ұмтылыс, жауыздықтан қашып,қайырымдылық іс жасауға талпыну- адамды адам етеді деген.
Абай еңбектері арқылы адамгершілік, имандылық, адалдыққа баулу, ғылым - білімді меңгерген азамат болуға баулиды.
Абай қазақтың жарқыраған жарық жұлдызы, ең қасиетті қазынасы деп білеміз. Ұлы атамыз Абай Құнанбайұлының қарасөздерін оқыту арқылы адамдарға ақыл, қайрат, жүрек, ғылымының адам өмірінде алатын орнын , адамның ішкі жан дүниесін түсінуде, өз бойларында осы қасиеттері болуы үшін күресе білуге, адамгершілікке баулыған, тәрбиеге негізделген қара сөздері арқылы рухани азық алдық, адамдық сипатта бой түзеуге тырыстық. Абай атамыздың нақыл өсиетін «Өзін – өзі тану» пәнінде тиімді пайдалнсақ, біз тәрбиелеген ұрпақ бойында адами құндылықтарының толық қалыптасуына ешкім күмән келтірмейді. Өз ойымды қорыта келе, Абай атамыздың рухани өсиеттерінен үйренгенімді, білгенімді «Өзін – өзі тану» пәнінде кәсіби шеберлікпен қолдануды ұстаздық борышым деп санаймын.Ойы, сөзі, ісі жарасқан болашақ ұрпақты тәрбиелеу, яғни мәігілік жалпыадамзаттық құндылықтарды бойына сіңірген тұлғаны қалыптастыру біздің міндетіміз.