Абайды? ?ара с?здері ашы? саба? жоспары


Талас ауданы әкімдігі білім бөлімінің
«М.Жұмабаев атындағы орта мектебі»
коммуналдық мемлекеттік мекемесі
Ашық сабақ
Тақырыбы: «Абайдың 25 және 29 қара сөздері»
Орындаған: Қынат А.О.
Көктал ауылы
2015-2016 оқу жылы
Сабақтың тақырыбы: Абайдың 25 және 29 қара сөздері
Сабақтың мақсаты:
Білімділік: Абай қара сөздеріне шолу жасай отырып, 25 және 29 қара сөзінің идеясын анықтап, мән-мағынасын ашу. Оқушылардың білімін кеңейту.
Дамытушылық: шығарманы талдату арқылы оқушылардың сөйлеу, ойлау, білім, білік дағдыларын дамыту.
Тәрбиелік: қазақ халқының әдебиеті мен мәдениетін қастерлеуге, қадірлеуге үйрету.
Түрі: аралас сабақ
Әдіс-тәсілдері: СТО әдістері, сұрақ-жауап, мәнерлеп оқу
Көрнекілігі: Абай «Қара сөздері» кітабы, ақын шығармалары, слайд
Сабақтың барысы:
І. Ұйымдастыру кезеңі
Оқушылармен амандасу;
Оқушылардың сабаққа қатысуын және дайындығын тексеру;
Зейіндерін сабаққа аудару.
ІІ. Үй тапсырмасын тексеру
Үй тапсырмасы «Даналық ағашы» оқыта үйрету ойыны бойынша сұралады. Ойын шарты: сыныпта бір жүргізуші сайланады. Жүргізушінің қолында қорап немесе сандықша болуы керек. Оқушылар үйге берілген тапсырма бойынша күрделі сұрақтар құрастырып, жүргізушіге береді. Сұрақтар құрастырылып біткен соң, оқушылар кез-келген сұрақты алып, дауыстап оқиды. Толық жауап беруге тырысады. Қойылған сұрақ пен берілген жауап бағаланады.
ІІІ. Жаңа сабақ
Мұғалімнің кіріспе сөзі:
Халқымыздың үлкен мұрасы Абайдың қара сөздері (Ғақлия) ұлы ақынның сөз өнеріндегі көркемдік қуатын, даналық дүниетанымын даралап көрсететін шығарма.Негізінен сұрақ-жауап не өзімен-өзі кеңесу болып келеді.Абайдың қара сөздері мен өлеңдеріндегі идеялар бір-біріне қабысып отырады.Бұл еңбектерінің көпшілігінде бұрын қозғалмаған тың соны пікірлерді қозғайды. Абай қара сөздерінде адал еңбек ету ,егін салу, саудамен айналысу,өнер үйрену, ғылымды игеру,адамгершілік,имандылық секілді бірталай көкейкесті әлеуметтік мәселелерді кеңінен толғайды. Бүгін біз осы тақырыпты ары қарай жалғастырып, ұлы Абайдың келесі 25 және 29 қара сөздеріне тоқталмақпыз.
Сабақты бастамас бұрын оқушылар 4не 3 адамнан тұратын 2 топқа бөлінеді. 1,2-ге санау арқылы 1 және 2- топтар өз алдына бөлек жұмыс тобын құрайды.
«Джиксо» әдісі арқылы мәтінді оқыту.
1-топқа Абайдың 25-қара сөзі, 2-топқа 29-қара сөзі беріледі. Оқуға ұсынылатын материалдың тақырыбы талқыланған соң осы мәтінді түсіну қажет екендігі ескертіледі. 2 логикалық бөлікке бөлінген мәтіннің 1-бөлігін 1-лер, 2-бөлігін 2 санын алған оқушыларға оқуға тапсырылады.
Мәтінмен жұмысты «Дана үкілер» техникасы арқылы өткізу. Слайд арқылы аталған техниканың шарттары көрсетіледі:
а) Мәтінмен жұмыс істеудің негіздері.
Мәтіннен негізгі, жаңа ұғымдарды тауып оларды алфавиттік ретте жазыңдар. Мәтіннен сендер күтпеген, сендердің бұрынғы ұғымдарыңа қарсы тұрған ақпаратты табыңдар. Сендерге жаңалық болған мәліметті жазыңдар.
ә) Маңызды өмірлік даналық:
Мәтіннің негізгі ойын бір сөйлеммен білдіріңдер.
б) Иллюстрациялық бейнелеу:
Мәтіннің негізгі ойын сурет, сызба, кесте арқылы бейнелеп көрсетіңдер.
в) Үлгі боларлық қорытынды:
Оқыған мәтіннен келешекте қажет болатын маңызды қорытынды шығаруға бола ма?
г) талқылауға арналған маңызды тақырыптар:
Талқылауға тұрарлықтай, ерекше көңіл бөлуге болатын ойларды, пікірлерді табыңдар.
ІҮ. Сабақты бекіту
Сабақты бекіту мақсатында «Екі түрлі түсініктеме күнделігі» жүргізіледі. Оқушылардан дәптердің бетін (не таратылып берген парақты) ортасынан вертикаль сызықпен бөлу сұралады.Бөліктің оң жағына : мәтіндегі қатты әсер еткен тұстарды, үзінділерді жазады. Сол жағына: сол әсер еткен үзінділер жайлы пікір жазады (нені еске түсіреді, себеп-салдары қандай, қандай сұрақ бар т.б.)
Ү. Сабақты қорытындылау.
«Еркін жазу» әдісі. Топтарға ақ парақ ұсынылады. Олар сабақ бойына қарастырылған жаңа ақпарат жайлы, одан алған әсерін, не үйренгенін, нені әлі де біле түсу керек екенін т.б. жайлы өз пікірін қағаз бетіне түсіруі тиіс. Жазуға уақыт беріледі. Уақыт аяқталған кезде оқушылар өз жазғандарымен сыныпты таныстырады.
ҮІ. Үй тапсырмасы.
қара сөздерді жаттау;
тірек сызба арқылы баяндап беру.
ҮІІ. Бағалау.