Бастауыш сынып о?ушыларын о?ыту процесінде ?зіндік ж?мысын ?йымдастыру


  Бастауыш сынып оқушыларын оқыту процесінде өзіндік жұмысын ұйымдастыру

                                    “Еліміздің ертеңі бүгінгі жас ұрпақтың қолында, 
                                             ал жас ұрпақтың тағдыры ұстаздардың қолында” 
                                                                               Н.Ә.Назарбаев    «Бүгінгі күні заманымызға сай ұстазымыз қандай, мектебіміз қандай болу керек?» деген сан сұраулар көкейімізде тұрады. Ұстазсыз мектепті, мектепсіз ұстазды көз алдына елестету қиын. Сондықтанда осы сұрақтарға жауап іздеп, еліміздің ертеңі-болашақ жастарға білім мен тәрбие беруде бастауыш сынып мұғалімдерінің  де еңбектері өте зор екенін айта кеткенім артық болмас. 
       Қай салада болмасын ондағы жұмыстың нәтижесі сапасымен өлшенеді. Мектептегі сан-салалы жұмыстың арасында білім сапасы бірінші орында тұратындығы даусыз.    Ендеше оған қол жеткізудің бірден-бір жолы бүгінгі күн талабына сай туындаған жаңа технологиялар негізінде жұмыс жасау болып отыр.
        «Ел болсам десең-бесігіңді түзе» демекші мемлекеттің ертеңі, қауіпсіздігі бүгінгі мектеп парталарында отырған оқушылардың  санасын қалыптастыру мақсатында олардың санасына қандай «дәннің» себілуіне  байланысты. Ал дәл бүгінгі күн үшін «дән дегеніміз-оқулықтар, оны тиімді жолмен, әдіспен пайдалана білу, ұрпақтың ойын, санасын жетілдіру, ол қандай жолмен жетілдіреді,бұл мәселе мұғалімнің қолында. Бұрынғы дәстүрлі оқыту технологияларында қолданылған жалпылама әдіс-тақтамен жұмысты сыныптағы 3-4 оқушы орындайды, қалғандары оны көшіреді, ұқты ма, жоқ па әрі қарай сабақ жалғаса ереді. Бұл әдіс ескірді . Қазір оқу технологияларында пайдаланып жүрген әдістердің бірі өзіндік жұмыс түрлерін ұйымдастыру. Өз бетінше жұмыс –бұл оқушының берілген тапсырманы мұғалімнің көмегінсіз орындауы. Яғни оқу үрдісіндегі өз бетінше жұмыс деп – белгілі уақыт ішінде алға қойған дидактикалық мақсатты орындауға бағытталған білімді іздеу, оны ұғыну, бекіту, білік және дағдыны қалыптастыру және дамыту, білімді жүйелеу және талдап қорытуды айтамыз. Егер оқушы өзі берілген тапсырмаға жан-жақты талдау жасап бере алатын болса, ол оған «кішкентай» жаңалық ашқанмен бірдей әсер етеді. Соған сәйкес мұғалім де оның жігеріне  жігер қосып, дұрыс, өте тамаша дәлелдедің, бұл мәселе жөніндегі білімің жоғарғы деңгейде деп мадақтаса, басқа оқушылар да оны естіп, тыңдап отырған сол оқушы да тиянақты орындап жауап беруге ұмтылады. Себебі, өзіндік жұмыстың негізгі мақсаты - оқушылардың танымдық міндеттерін қалыптастыру, шығармашылық қабілеті мен қызығушылығын арттыру, білімге құштарлығын ояту, олардың тереңде жатқан ойына түрткі  жасап, дамытып, қабілеті әр түрлі баламен істелетін жұмыс түрін айқындау-мұғалімнің міндеті.
 Бала білімді тәжірибе арқылы өздігінен алуы керек. Мұғалмнің қызметі – оқушы қиын жолдан қиналмай өтуі үшін керек білімді кешіктірмей керек кезінде беру, ол үшін өз бетімен істелетін жұмыс оқушының алған, меңгерген біліміне қарай шағын болуы тиіс. Өзіндік жұмысты ұйымдастырудың негізгі шарты мыналар:
-Мұғалім нақты тапсырма беруі тиіс;
(Ол кеспе түрінде, деңгейлік тапсырма түрінде жеке тақырып бойынша, тарау бойынша, өтілген тақырыпқа сәйкес шағын тапсырма түрінде болуы мүмкін)
-Жұмыстың орындаудың уақытын белгілеу   (2минут, 20минут, тіпті 45 минутта тапсырмалар мақсатқа сәйкес орындалады)
-Өзіндік жұмыс міндетті түрде мұғалімнің басқаруымен орындалады, әр оқушының дербестігі және жұмысты өз еркімен істеуі қамтамасыз етіледі
-Міндетті түрде тексеріледі, оның алған бағасы оқушының қызығушылығын арттырып, қанағаттанғандық – сезім тудырады және одан әрі құлшына жұмыс істеуге жетелейді.
      «Жаман мұғалім ақиқатты өзі айтып береді, ал жақсы мұғалім оқушының өзін ізденуге жетелейді»  деп орыстың ұлы ағартушысы К.Д. Ушинский айтқан екен.
      Ағылшын философы Б.Шоу адамды қызған сайын кірпішке салыстырады. Сол сияқты қиындығы бар тапсырмаларды орындау баланың ақыл- ойын арттырып, шығармашылығын шыңдайды
     Ал, оқушылардың өзіндік жұмысын ұйымдастыруда мұғалімдер мынадай шарттарды қолдану керектігін Б.П.Есимов өзінің «Самостоятельные работы учащихся на уроке» атты еңбегінде көрсетеді:
- өзіндік жұмыстың мазмұнын оқушы түсінуі тиіс;
- оның орындалуы туралы оқушыға нұсқау беру керек;
- жұмыстың орындалуын қадағалау керек;
- оқушы жұмысын тексеру, қателерін анықтау;
- оқушы өз жұмысына талдау жасау, байқау керек.
Бұл пікірлерге сүйенсек, ортақ пікір: өзіндік жұмыстың ең басты қажеттілігі оқушыны ойға жетелеуінде, ойланта отырып, өзіндік қадам жасауында болмақ.
Оқушылардың өзіндік қадамы, өзіндік ойының қалыптасуы оны шығармашылық жұмысқа жетелейді.
Бастауыш мектепте өз бетімен жұмысты ұйымдастыруға жол ашатын қолайлы жағдай – бұл оқушының жас ерекшеліктеріне сәйкес өзіндік ерекшеліктері. Өйткені, бұл жастағы балалардың ойлау қабілеті жоғары және қиялдау, елестету, шығармашылық жұмысқа талпынысы басым болады. қытай философы айтқандай «Естігенің ұмытылар, көргенің есіңде қалар, ал өз ақыл-ойыңмен істеген ісіңді түсінесің» деген даналық сөздері осы айтылғандарды дәлелдей түседі.
Өзіндік жұмыс дегеніміз - сабақ үстінде алған білімді мұғалімнің көмегімен және бақылауымен, бірақ оның қатысынсыз орындайтын жоспарлы жұмыс.
Өзіндік жұмыстың тиімділігі:
1. Зерттелетін тақырыптың, қарастырылатын мәселенің төңірегінде білімді тереңдетуге;
2. Өз пікірін айтып, оны дәлелдей алуға; ізденушілік қабілеті ұшталады;
3. Теория мен практиканы ұштастыра қолдануға мүмкіндік жасайды;
Өзіндік жұмыс тапсырмалары сан алуан болып келеді. Атап айтқанда:
1. Мәтін құрастыру, әңгіме жазу; сурет бойынша мәтін құрастыру; рөлдік және іскерлік ойындар
2. Түрлі кестелерді толтыру; сөзжұмбақтар құрастыру
3. Бастауыш сынып оқушылары үшін де өздік жұмыстың маңызы зор. Өзіндік жұмысын ұйымдастырудың тиімді жолы – оқушыға шамасы жетіп, орындауға мүмкіндігі болатындай және танымын арттыратындай, өзіндік көзқарасын білдіріп, шығармашылықпен орындай алатындай тапсырмалар беру. Тапсырма арқылы оқу материалы жан-жақты әрі үлкен қызығушылықпен меңгеріледі
4. Тест тапсырмаларын құрастыру; тірек-сызбалар құрастыру; реферат жазу; слайдтар жасау;презентация жасау; альбом жасап, газет шығару т.б
Аталмыш жұмыс түрлері бастауыш сынып оқушыларының жазбаша және ауызша тіл мәдениетін көтеруге қызмет етеді. Мұндай өзіндік жұмыс түрлері шығармашылықты дамытуды көздейді. Осыған орай берілетін тапсырманың шығармашылық сипатына басты назар аудару қажет. Шығармашылық ойлау қабілетінің дамуына әсер ететін жұмыс түрлері олардың ойлау мүмкіншілігін жан-жақты аша түседі, өз бетімен ізденуіне, талаптануына жол ашады. Жоғарыда келтірілген кей жұмыс түрлеріне тоқтала кетейік. Қазақ тілі немесе әдебиеттік оқу сабақтарында ең жиі қолданылатын тапсырма түрі – шағын әңгіме жазу. Сондай-ақ баланың қызығушылығын арттыратын өзіндік жұмыстар қатарында альбом жасап, газет шығаруды, газетке материал дайындауды атауға болады. Төртінші сынып балаларына интервью жүргізуді үйретіп, осы бағытта тапсырмалар беруге болады. Өзіндік жұмыстың қызықты түрі ретінде рөлдік ойындарды, іскерлік ойындарды назардан тыс қалдыруға болмайды.
Өзіндік жұмыс – оқушының күрделі іс-әрекеттерінің бір түрі немесе оқу жұмыстарының арнайы бір формасы болып табылады. Өзіндік жұмыстардың нәтижелі болуы үшін алдымен «өзіндік жұмыс» деген ұғым нені білдіріп тұрғанын анықтап алу қажеттігі туады: біріншіден, өз бетінше жұмыс балалардың түрлі тапсырмаларды, жаттығуларды ешкімнің көмегінсіз орындаулары, екіншіден, мұндай жұмыстар балаларды ұқыптылыққа, тәртіптілікке, жинақылыққа, бақылай білуге тәрбиелейді.
Өзіндік жұмыс түрлерін ұйымдастыруда мынандай талаптарды орындау керек:
- Өздігінен орындайтын жұмыстың мазмұны бағдарлама талаптарына сай болуы керек;
- Өзіндік жұмыс оқушылардың ойлау қабілетін дамытуға тиіс;
- Өзіндік жұмыстың түрі, мазмұны әртүрлі болуы керек;
- Әрбір орындалған өзіндік жұмыс тексеріліп, бағалануы керек.
Өзіндік жұмысты ұйымдастыру формалары: жеке оқушы, топпен жұмыс, барлық оқушылармен. Өздік жұмыстар әр сабақта міңдетті түрде жүргізіліп отыруы қажет.
Оқушылардың өзіндік жұмыстарын тиімді ұйымдастыру сабақ сапасының артуына септігін тигізеді. Теориялық білімнің терең бекіп, жүйелі қалыптасуына өздік жұмысқа берілетін тапсырмалар дұрыс таңдап алынып, құрастырылуына байланысты болады.
Өз бетінше орындауға берілген тапсырмалар мақсаты: қазақ тілі, әдебиет, математика сабағында оқушылардың өткен тақырыптар бойынша өз бетімен жұмыс жасау іскерліктерін тексеру. Қазақ тілі, әдебиет, математика сабақтарында оқушылардың өздіктерінен орындайтын жұмыстарының түрлері сан алуан. Өз бетімен жұмысты сабақтың барлық кезеңінде іске асыруға болады. Өткен материалды қайталау, бекіту, жаңа материалды түсіндіру барысында, үй тапсырмасын орындауда да оқушы өздігінен жұмыс істеуі қажет. Алайда тапсырма бала шамасына сай болуы керек. Оқушының өздігінен орындайтын жұмысының нәтижелілігі оның өтілген материалды қаншалықты меңгергендігіне, логикалық ойлау қабілетіне байланысты.
Бұдан шығатын қорытынды, оқушылардың өз бетінше жұмысы – олардың өзіндік ізденуіне, дамуына, өз бетімен білім алуына қажет практикалық ойлауын дамытатын жетекші әрекет. Оқушылардың өз бетінше жұмысының педагогикалық тиімділігі мұғалімнің жұмысқа жасаған басшылығының сапасымен тікелей байланысты. Егер мұғалім жұмысты дұрыс ұйымдастырса, оқушының алдына қойылған мақсат айқын болса, онда орындалған өзіндік жұмыстың сапасы да ойдағыдай болады. Ол үшін мұғалім оқушыларда өз бетінше жұмыс істеу дағдыларын қалыптастыру керек.
Тапсырманы орындауда жақсы нәтижеге жету үшін, мұғалім оқушының іскерлік дағдысын, бақылай алу қабілетін, ойлауын байқап көреді. Егер тапсырманы өз бетімен орындауда қателер жіберілсе, онда мұғалім, ол қателерді оқушының өздері жөндеуіне мүмкіндік беріп, оқушының іс-әрекетін дұрыс жолға бағыттағаны жөн. Қазіргі сабақтарда өзіндік жұмыс ерекше маңызға ие болып отыр. Себебі, өз бетінше жұмыс істеу әрекеті үрдісінде ғана оқушы білімді меңгеруде жетістікке қол жеткізеді. Сабақ үстінде оқушылар өз мүмкіндіктерінше өздігінен еңбектенуі қажет, ал мұғалім оқушылардың өз бетінше жұмыс істеу барысын жетекшілікке алып, оны орындауға бағытталған тапсырма беруі қажет.
Оқушыларға жеңіл - желпі  бірыңғай тапсырмалар бере бермей, оның орнына  баланың тапқырлығын, зерделілігін дамытатын танымдық тапсырмалар орындату үлкен нәтиже береді
-Оқушылардың өзіндік жұмысының жоғары түріне олардың өз еркімен жаңа амал – тәсілдер қолданып жасайтын шығармашылық жұмыстары жатады. Оған мәселен 3-4 сыныптарда сөзжұмбақ, ребустар құрастыру, өрнектер, есептер құрастыру. Оқушылардың өзіндік жұмыстарының жеке оқушының, түгел сынып болып немесе топтарға бөлініп әрекеттенуіне қарай дара және фронтальды формалары болады. Осыған орай, оның ұйымдастыру формасын жеке және фронтальды деп топтастыруға болады. 
Оқушылардың дербестігінің даму дәрежесіне қарай, олардың өздігінен істейтін жұмыстары репродуктивтік және шығармашылық болып арнайы екі топқа бөлінеді. Репродуктивтік жұмыстарға оқушылардың дайын үлгіге еліктеу негізінде жасайтын жұмыстары (жай жаттығу, көшіріп жазу, мұғалімнің берген сұрақтарына кітаптан жауап беру, берілген жоспарға сәйкес оқулықтағы мәтінмен жұмыс істеу, сабақта шығарылатын есеп типтес есепті үйде шығару т.б.) жатады.
Шығармашылық жұмысқа оқушылардың өздігінен шығармашылық өлең шығару, кострукциялық жұмыстар жасау т.б. жатады. Әрине, репродуктивтік және шығармашылық жұмыстар өзара байланысты болады, біріншісі екіншісіне ауысып отырады.
Келесі топқа – мұғалімнің тапсыруынсыз міндетті түрде емес, оқушылардың өз еркімен ықыласымен жасайтын жұмыстары жатады. Қосымша кітаптар оқуы, үйірмелер мен ұйымдардың жұмысына араласып, конкурс, олимпиадаларға қатысуы т.б.
Мысалы, Баланың зейінін қалыптастыратын төмендегі жаттығуға зер салайық.
Оқушыларға 1 минут уақыт таныстырылады.Ақ қағазбен қарындаш беріп, дәл осылай суретті қайталап салу тапсырылады.
2. Оқушыларды 4 топқа бөліп, әр топқа 1 суреттен бердім.Сол суретке қарап, математикалық сөз(термин)құрастырауды тапсырдым.
1топ-  Алма - Амал2 топ- Сырға - Ғасыр
3 топ- Тауық – Уақыт
4 топ –Шырша – Шаршы деген сөздер құрап шығарады.
 Қызық есептер:
1. Мына суретте көрсетілген пішінде қанша үшбұрыш бар?
2. Сіріңке талын ғана қозғап, көрсетілген пішіннен бірдей бес шаршы құрастыр.
 3. Мына суреттерде көрсетілген пішінде қанша шаршы бар?
 Аулада 4 қоңыр мысық ұйықтап жатыр, ал гүлдердің арасында 6 қара мысық ойнауда. Айтыңдаршы, қай мысық көп, әрі барлығы қанша?
 Танымдық тапсырмалардың тағы бір түрі-логикалық есептер:
1. Күшік пен балапандарда 44 аяқ, 17 бас бар. Неше күшік, неше балапан бар?
2.егер оқушы 11 дәптер сатып алса, онда 5 теңге қалады, ал 15 дәптер сатып алса, 7 теңге жетпейді. Оқушыда қанша ақша бар?
3. Су ағатын краннан 6 литр суды 5 литр және 7 литр ыдыстар көмегімен қалай құйып алуға болады?
4.Немерелеріне неше ай болса, әжесі сонша жаста, әжесі мен немерелерінің жастарының қосындысы 52.Әжесі нешеде? Немересі нешеде?
1. Бір таңбалы сандарды өсу ретімен жаз?
1) 1, 2, 3, 4, 5, 6, 7, 8, 9.
2) 1, 3, 2, 4, 5, 6, 7, 9, 8.
3) 1, 3, 2, 4, 5, 6, 7, 8, 9.  
Әрине, танымдық тапсырмаларды көптеп келтіруге болады.
Математиканы оқыту оқушыларды тәрбиелеу және жан-жақты дамыту ісімен берік, тығыз байланыста болуы керек. Математика сабақтары балаларға ғылыми көзқарастың негіздерін қалыптастыруға, танымдық белсенділікті дамытуға, оқуға деген адал көзқарасын тәрбиелеуге себін тигізуі тиіс. Математика сабағында оқушылардың танымдық белсенділігін арттыру, сабақта оқушылардың өз бетінше жұмыс істеуіне мүмкіндік жасау, жеке тұлғаны оқу әрекетінің субъектісі ретінде дамытудың басты шарты болып табылады.    Оқушы өз бетінше әрекет жасауы үшін мұғалім өз бетінше жұмыс жасаудың тиімді тәсілін қолданып, оны жетілдіруі  керек. Ал өз бетінше орындатуға бағытталған тапсырмалар жүйесін қарап, оқушының өз бетінше жұмыс  ұйымдастыруда белсенділік мүмкіндіктері бар екенін көреміз.
1. Өз бетінше орындауға тұлғаның танымдық-мотивациялық белсенділігін оятатын қызықты, өзгеше тапсырмаларды жиі ұсыну;
2. Оқушының өз бетімен орындауына қиындық тудыратын тапсырмаларды орындауға көмекші нұсқаулар дайындау;
3. Оқушыларды танымдық мақсатпен жұмыс жасауға үйрету.
Бұдан шығатын қорытынды дидактикалық құбылыс сияқты өз бетінше жұмыс та өз алдына, бір жағынан оқу тапсырмасы, яғни оқушылардың орындауы қажет жұмыс, екіншіден, тиісті әрекет түрі: ес, ойлау, шығармашылық қиялы.
Оқушылардың өз бетінше жұмысының маңызын толығырақ түсіну үшін, оның атқаратын негізгі міндеттерін атап өткен жөн. Олар:
1. Оқушылардың дербестік қасиетін мейлінше арттыру.
2. Олардың алған білімінің саналылығы мен біліктілігін қамтамасыз ету.
3. Оқушыларда оқуға деген біліктер мен дағдыларды қалыптастыру.
4. Оқушылардың таным, ақыл-ой қабілеттерін дамыту.
5. Оқушыларды сыныптан тыс және мектептен тыс дербес білім алуға әзірлеу.
6. Оқушылардың оқуға ынтасын арттырып, үлгермеушілікті болдырмауға әсер ету.
7. Үздіксіз білім алуды қамтамасыз ету.
Өзіндік әрекеттің өте маңызды психологиялық ерекшелігі – ол оқушыларда алда тұрған жұмысқа жағымды мотивтер, қызығулар туғызады.