Материалы на казохском языке по хими
Қара сабынның хикаясы
( Химиялық ертегі )
Баяғы өткен заманда, қырдың қызыл құмында бір кедей өмір сүріпті.Оның әйелі жеті құрсақ көтеріпті. Бірақ белгісіз бір аурудан балалары шетіней беріпті. Соңғы туған баласын ырымдап Аманжан деп атайды. Бір жылы жұт болып талғажу етіп отырған малының бәрі қырылып, бастарына қиын күн туады. Аштықтан азып-тозып, әбден әлсірейді. Жалғыз ұлы Аманжанды аштықтан алып қалу үшін әкесінің аң аулап, құсқа тұзақ құрсам деп кеткеніне екі күн болған. Үйлерінде өзек жалғар ештеңе қалмаған.Айналада сусыған құм, шіріген сексеуіл және арам өлген малдың өлексесінен басқа көзге түсер ештеңе жоқ. Амалы таусылған әйел қыр астында арам өлген баспақтың іш майын әкеліп қазанға салып қайнатады. Өзі әбден қалжырап киіз үйдің босағасына сүйенген қалпы ұйықтап кетеді. Төрт жасар Аманжан ошаққа жақын барып ойын ойнамақ болады. Қолына кішкене қалақша алып , ошақ маңындағы сексеуілдің күлін қазанға салып жібереді де, қалақпен былғай бастайды. Бұл ойыны өзіне ұнайды. Біраз ойнаған соң аш құрсақ бала қалжырап келіп ол да анасының тізесіне басын қойып,қалғи бастайды.
Бір кезде анасы оянып кетіп, ошаққа барады. Баласына талғажу етерлік май сорпасын бермек. Алайда қазандағы күл аралас сорпаны көріп, соңғы үміті үзілгендей болды тізерлеп отыра кетіп екі қолын көкке жайып:
-Е, жаратушы құдай не жаздым сонша, жеті ұлымды бірдей алғаның аз болды ма? Енді өзіңнен тілеп алған жалғызымды аштан өлтірмекпісің? –деп зар еңіреп жылай берді.
Бұл кезде қарны ашқан Аманжан қыңқылдап жылай бастайды. Амалы құрыған ана қазандағы күл аралас сорпадан баласына ұрттатады. Баланың аузы көпіре бастайды. Бет аузын басқан жараның үстімен көбік төмен сырғиды. Аузы көпірген Аманжан ұрттаған сорпасының бәрін құсып тастайды. Бір ғажабы, көбік ағып өткен жердің бәрі тазарып кірі кетеді. Мұнда бір қасиет бар екенін сезген әйел қазандағы қоймалжың затпен баласының бет-аузын жуады, кірге малынған жаулығының шетін де жуып көреді. Жаулық тап-таза күйге енеді, ал баласының бет-аузындағы жаралары қабыршықтанып, жазыла бастайды.Осы кезде қанжығасы майланған әкесі талғажу етерлік қақпанға түскен көжекті алып келеді.Әйелі қуанғаннан орнынан атып тұрып қазандағы күл араласқан қоймалжың сорпаны сыртқа төгіп, ас дайындауға кіріседі. Сорпа беріп баласын тойдырған әйел күйеуіне сексеуілдің күлі мен майдың қоспасының ерекше қасиетінің бар екенін айтады. Күйеуі бұл жағдайдың мәнісін түсіну үшін сыртқа төгіп тастаған қоспаны тексеріп көре бастайды. Ерлі-зайыптылар көршілеріміз не істеп жатқанымызды біліп қоймасын деп киіз үйдің есігін, түндігін жауып қойып тоң май мен сексеуілдің күлін араластырып қайната бастайды. Күн ұзаққа әлек болып әр түрлі қоспалар дайындайды.Сол қоспаларды кір жууға пайдаланып, жаралардың бетін жуып көрді. Қаншалықты пайдалы екендігін анықтап, салыстырып, ішіндегі жақсы дегенін таңдап алады. Екеуі ақылдаса отырып осы сабынды ашаршылықтан аман қалу үшін көп етіп жасап, тамаққа айырбастау керек деп шешеді. Сонымен олар сабын қайнатуға кіріседі. Сексеуілдің күлін қара қазанға салып үстіне су құйып,күлдің нілі суға әбден шыққанша қайнатады. Нілді суды басқа ыдысқа
сүзіп, тұнбасын төгіп тастайды. Содан соң қазанды жақсылап майлап, сүзілген нілді суды қазанға құйып, әбден суалғанша қайнатады. Су қоймалжыңдана бастаған кезде оны қалақпен қозғай отырып араластырады. Су мүлде суалған кезде қазанның түбінде сұр ұнтақ (сақар) пайда болады. Мұндай ұнтақтың бір кесесіне бір табақ (бір литр) арам өлген малдың майын қосып араластыра отырып былғайды. Біраздан соң көпіршіп қайнаған сұйықтық көтерілі бастайды. Сол кезде қазанды оттан түсіріп суытады. Суыған сабынды кенеп қаптың бетіне құйып домалақтап кептіреді. Сабын үгітіліп кетпеу үшін арасына қыл қосады.
Күйеуі осылай дайындаған сабындарын үлкен керуен жолымен өтетін саудагерлерге тамаққа айырбастауды кәсіп етеді.Ал әйелі баласын жетектеп ауыл-ауылды аралап сабынымен қотырларды,жарақаттарды емдеумен, суық тиген , уланған адамдарға ем-дом жасаумен айналыса бастайды. Ауруына ем таба алмай жүрген адамдар бұл әйелді өздері іздеп келіп, қара сабынды сатып ала бастайды. Сөйтіп қара сабынның қасиеті елден елге аңыз болып таралып кетіпті.
Қара сабынның қасиетінің арқасында кедей Жаратушыдан тілеп жалған жалғыз баласын Аманжанды ажалдың тырнағынан осылай аман-есен қалып, мақсат -мұратына жетіпті.
Қызылорда облысы
Жаңақорған ауданы
Қандөз ауылы
№240 Ғани Мұратбаев орта мектебінің
10 сынып оқушысы Срайылқызы Тоғжан
Химия пәнінің мұғалімі Сарсенбаева Ақжарқын