Статья:Жастарды патриотизмге т?рбиелеуді? негізі -этнопедагогикалы? т?рбие


Жастарды патриотизмге тәрбиелеудің негізі -этнопедагогикалық  тәрбие
 
 
Елбасы Н.Ә.Назарбаев өзінің халыққа Жолдауында: «Біз Қазақстанның барлық азаматтарының отаншылдық сезімі мен өз еліне деген сүйіспеншілігін дамытуға тиіспіз» деп атап өткен болатын.  
Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың Мемлекеттік бағдарламасының негізгі міндеттерінің бірі қазақстандық патриотизмге, төзушілікке, биік мәдениетке, адам құқықтары мен бостандықтарын құрметтеуге тәрбиелеу болып табылады. Бұл жастарға этнопедагогикалық негізде білім беріп, патриоттыққа тәрбиелеу ісіне нұсқау әрі оның қажеттілігін айқындайтын бағдарлама деуге болады.
Сол сияқты тәрбие тұжырымдамасында тәрбие үдерісін ұйымдастырудың қағидаларында этникалық қағида этникалық мәдениет негізінде жалпы ұлттық мәдениеттің гүлденуіне ықпал жасайтын мәдниет жасаушы ортаны қалыптастыруды, азаматтық келісім жөнінде атап көрсеткен.
Біз тәрбиенің қойған мақсатынан және одан туындайтын міндеттерге сүйене отырып тәрбие жұмысының бағыттарының ішінде мынадай бағыт айқындалғанын білеміз:
● Азаматтық-патриоттық, құқықтық және полимәдениеттік тәрбие гуманизмге, қазақ халқының тарихы мен салтын, тілін сүю және құрметтеуге, оның таңдаулы дәстүрлерін сақтауға және оны дамытуға, азаматтық ұстанымды және патриоттық сананы,  қалыптасқан ұлттық өзіндік сананы, ұлт аралық мәдени қарым-қатынасты қалыптастыруы тиіс. Балалар мен жастардың азаматтық патриоттық білім беру ұйымдарында азаматтық құқықтық, патриоттық тәрбие беруде мазмұны мен әдіс тәсілдер мен оқу тәрбие құрылымының өзара іс әрекеттестік негізінде деңгейін көтеру белгіленген.
Ондай әрекеттестікті  біздің ұлы ойшылдарымыз ертеден -ақ ескеріп, өз ойларын қосқан. Осындай адамның еркін әрекеттесетін мінез-құлқын тәрбиелеуде Әл-Фараби:
«Әдеттенудің арқасында бізді жақсы мінез - құлыққа жеткізетін әрекеттер жақсы әрекеттер болып табылады. Ол адамның жетілуі оның мінез-құлқының жетілуіне сайма-сай келеді» деген  ойы арқылы қазіргі кезде тұлғаның жеке   қасиетін, мінез-құлқын қалыптастыруда жақсы әрекеттер қалыптастыру керектігі туралы ой айтады.
Бүгінгі күндегі Еліміздің  егемендікке жетуі  халықтардың ұлттық дүние танымының өсуіне жағдай жасады.
Қазіргі кезде жоғары оқу орындарында тәрбие беру мәселесіне жаңаша көқарас тұрғысынан қарауды және студенттердің патриоттық сана-сезімін, сапаларын, мінез-құлқын қалыптастыруды көздейтін тәрбиенің формалары мен әдістерін жетілдіруді талап етеді. Бұл бүгінде байсалдылық, табандылық, батылдылық, батырлық, қайсарлық туралы білім ғана емес, өнегелік, тәрбиелік көрсету қажет болып отырған уақытта аса маңызды.
Бұл Қазақстанның жоғарғы оқу орындарында студенттерге қазақ халқының этностық ерекшеліктерін, тарихы мен мәдениетін, сондай-ақ халықтың батыр ұл-қыздарының ерлік істерін дәріптеу жастарға патриоттық тәрбие берудің және оны қазіргі жағдайда зерттеудің қажеттілігін арттыра түседі
Жалпы Қазақстанда тұратын халықтардың қазақ халқының ұлттық тарихына деген қызығушылығын дамыту,  ұлттық сана-сезімді қалыптастыру оның патриоттық сезімін тәрбиелеуде  негізгі  бағдар болады.
Ал қазақстандық патриотизм Қазақстан азаматының өзін осы елдің төл баласы, нағыз азаматы ретінде сезінгенде, Қазақстанды өзінің туған елі, Отаны деп есептеген жағдайда ғана қалыптасады. Қазақстанның патриоты дегеніміз:
1.   Қазақстанда тұратын барлық ұлт өкілдері Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздеріне ерекше құрметпен қарап, шын ниетімен қадірлеуі. 
2.   Қазақстанда тұратын барлық халықтардың ұлтына қарамай, Отанды қорғауға дайын болуы. 
3.   Қазақстан Республикасының қарулы күштерінің әскер қатарында болатынына ұлттық патриоттық мақтаныш сезімінің болуы. 
4.   Қазақ халқының тарихы мен салтын, тілін сүю және құрметтеуге, оның таңдаулы дәстүрлерін сақтауға және оны дамытуға ынталы болуы т.т.
Өз тарихын білу - ұлттық сана-сезімнің ажырамас бөлігі, ол этникалық тұтастықтың сақталуы мен оның келесі буындарда жалғасын табуда маңызды.  Қазіргі ұрпақтың  өз халқымен бірлігін сезінушілігі және өзін оның күллі тарихи жетістіктерінің тікелей мирасқоры мен нақты сақтаушысы әрі жалғастырушысы  ретінде сезінуінің мәні зор болмақ.
«Патриотизм» сөзі (грек тілінде – patrіots – отандас, paths - отан, атамекен) Отанға деген сүйіспеншілікті, оған адалдықты, өз іс-әрекеттерімен оның мүдделеріне қызмет етуге ұмтылысты, сондай-ақ, туған жеріне, тұрақтаған мекеніне бауыр басушылықты білдіреді .Оның қазақшасы-жерлес, отандас дегенді білдіреді, яғни Отанын, ұлтын сүю, оны жаудан қорғау.
Осылайша, Отанға деген сүйіспеншілік, патриотизм қашанда ұлттық сипатқа ие, өйткені, патриоттық сезім мен көзқарастар  қашанда белгілі бір ұлтқа, ұлысқа жатады.
Қазақ халқы ежелден басқа халықтардай Отанын, ұлтын сүйген. Батырларымыз бастаған қазақ халқы Отанын, жерін, ұлтын жаудан қорғаған.
Оны Қазыбек би өз сөзінде былай келтіреді: «Біз  қазақ деген мал баққан елміз, бірақ ешкімге соқтықпай, жай жатқан елміз.Елімізден құт береке қашпасын деп, жеріміздің шетін жау баспасын деп, найзаға үкі таққан елміз;ешбір дұшпан басынбаған елміз, басымыздан сөзді асырмаған елміз. Досымызды сақтай білген елміз, дәмі-тұзын ақтай білген елміз; асқақтаған хан болса, хан ордасын таптай білген елміз.Атадан ұл туса, құл боламын деп тумайды, анадан қыз туса, күң боламын деп тумайды» дей отырып, қазақ халқының өз елін, жерін қорғаудағы қажырлығын, жанын аямайтын патриоттығын, такаппарлығын көрсетеді. Олай болса,  біз жастарға осындай ұлағатты сөздерді санасына сіңіру арқылы, оның өз ата-тегін, ұлтын, халқын силауға, Отанын сүюге, өз еліне деген мақтаныш сезімін оятуға бағыт береміз.
Қазақ халқының өз елін шапқыншылықтан қорғауда ерлігі аңыз болып өлең-жырға қосылған Қобыланды, Алпамыс, Ер Тарғын, Қабанбай т.б. батырлар жастайынан халық тәрбиесінің бесігінде тербеліп өскен, елін, жерін сүйген батырлар.  Мұндай батырларға арналған батырлар жыры да қазақтың елін, жерін, Отанын сүюуінің негізі болып табылады.
Қазақтың ұлтжандылығы, отансүйгіштігі  ертеден  қалыптасқан. Оған қазақтың мақал- мәтелдері де дәлел. Мәселен, туған жер-отан туралы мақалдар-мәтелдерде:          “Туған жердей жер болмас,
   Туған елдей ел болмас” т.б. болып кете береді.
    Мұндай мақал-мәтелдердің өзі қазақтың елін, жерін, Отанын сүюуіне негізделіп, өз елін, туған жерін құрметтеуге табиғатын сүюге жастарды тәрбиелеу көне заманнан өзімен бірге дамып келе жатқанын есімізде ұстағанымыз жөн..
Бүгінгі күндегі патриоттық сана-сезімнің әлсіреуі, адамдардың өз елі мен оның жетістіктері үшін ұлттық мақтаныш сезімінің өзгеруі – бұл қоғамның өнегесізденуінің, халықтың тұрақсыздануы мен ыдыраушылығының ажырамас сипаты. Қазірде Қазақстанда Отанға деген сүйіспеншілік қоғамдық қатынастарды демократияландыру және гуманизмдендіру негізінде патриотизмге тәрбиелеу қажет. Бұндай жаңарған қазақстандық патриотизм мазмұнын    қазіргі озық мәдениет құндылықтары ғана емес, сондай-ақ, қазақ мәдениетінің дәстүрлі құндылықтары, оның айрықша руханилық, азаматтық пен өнегелілікке ұдайы ұмтылушылық құндылықтары да құрайды. Өткеннің үздік дәстүрлерін сақтай отырып, қазіргі заманғы өркениеттің мейлінше озық бағыттарын игере отырып, қазақстандықтар өз елін ең алдыңғы қатарлы шепке қайта шығара алады. Бұған халқымыздың жоғалмаған, қайта, жаңа әлеуметтік өмір жағдайында жаңарған патриотизмі қайта кепіл бола алады. 
Патриоттық тәрбие тұлға қалыптасуының құрамдас бөлігі болып табылады, ол жастардың алған білімдерінің негізінде азаматтық борыш ұстанымымен, жекебастық мүдделері қоғамдық ұстанымдармен астасып жататын тіршілік әрекеті үлгісіне даярлығын қамтамасыз етуі тиіс.Қазірде қазақ халқының дәстүрлері негізінде жүзеге асырылатын патриоттық тәрбие әлеуметтендіру процесін тұлғаға дәл осы Отанға, Атамекенге қызмет ету арқылы, өз тарихы үшін, өз Отанының әлеуметтік дүниенің ғылымына, мәдениетіне, рухани құндылықтарына қосатын үлесі үшін мақтаныш сезімі арқылы өз қабілеттерін мейлінше терең ашуға мүмкіндік беретін деңгейге жеткізеді.
Әрбір халықтың тарихи өмірінде қол жеткізген ең құнды дүниелері - рухани және адами қасиеттері, құлықтылық (моральдық нормалар) үлгілері бар. Сондықтан да әрбір жаңа ұрпақ үшін мәнді тәрбие - ұлттық тұрғыдағы тәрбие үлгісі болып табылады. Өйткені, мұнда тәрбиенің негізін замандар бойы қалыптасып келген асыл рухани құндылықтар және биік ізеттілік пен құлықтылық тұрғысындағы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып жататын, адамның адамдық қасиетін нығайтып, әрі асылдандыра түсетін, халықтың даналық өмір-салтынан туындап отыратын бұлжымас ережелер мен қағидалар құрайды.
Ұлттық тәрбие - адам өмірінің алтын арқауы. Ұлттық тәрбие жалпыадамзаттық рухани құндылықтарды жоққа шығармайды, қайта солармен үндесіп жатады. Бұлар бір-бірін байытып, құнарландырып отырады. Ұлттық тәрбиеден тереңдеп нәр алған адам - рухани бай адам. Ондай адам жалпыадамзаттық тұрғыдан мәдени және рухани құндылықтарды бойына тезірек сіңіреді, сөйтіп, толық әрі кәміл Адам дәрежесіне тезірек жетеді. Ұлттық менталитет - тұнып тұрған рухани қазына. Халықтың тілі мен мәдениеті болсын, салт-дәстүрі мен наным-сенімі болсын – мұның бәрі де әрбір халық үшін асыл да қымбатты рухани дүниелер. Этнопедагогика – ұлттық тәрбие негізі деп білеміз. Ал ұлттық тәрбие ғаламдағы құндылықтарды бойына сіңіріп, өз құндылықтарын арттыра береді. Ұлттық патриотизмді қалыптастыруда ата-бабаларымыздың ұлағатты ойлары мен  тәлімдік тәрбиесінің атқаратын орны ерекше. Ұлттық патриотизм дегеніміз – ең алдымен, белгілі бір ұлттың өкіліне сүйіспеншілікпен қарау, оның ұрпақтан- ұрпаққа үзілмей жалғасып келе жатқан құндылықтарын бойына сіңіру.   
Мағжан Жұмабаев: «Тәрбиелеудегі мақсат - баланы тәрбиешінің дәл өзіндей қылып шығару емес, келешек өз заманына лайық қылып шығару....Тәрбиешінің қолданатын жолы - ұлт тәрбиесі. Ұлт тәрбиесі баяғыдан бері сыналып, көп буын қолданып келе жатқан тақтай жол болғандықтан әрбір тәрбиеші, сөз жоқ, ұлт тәрбиесімен таныс болуға тиіс. Және әрбір ұлттың баласы өз ұлтының арасында, өз ұлты үшін қызмет қылатын болғандықтан , тәрбиеші баланы сол ұлт тәрбиесімен тәрбие қылуға міндетті» дей отырып, жастарды тәрбиелегенде ұлт тәрбиесінің негізінде тәрбиелеу арқылы, ұлттық құндылықты бойына сіңіре білгенде ғана, ол рухани бай,   сол заманға лайық,  елі, Отаны үшін қызмет етуге дайын болып шығатынын көрсетеді.  Бұл- келешек ұрпақтың патриот болып шығуы үшін, тәрбиелеуді ұлттық тәрбиеден бастауымыз керектігін көрсетеді. 
Тек тұлға ғана өзінің Отанға деген қатынасын ішкі, қастерлі сезім ретінде пайымдауға қабілетті. Сол себепті, патриотизм де тұлғаның биік даму деңгейін сипаттайтын аса маңызды рухани игілік ретінде түсініледі.
Жас ұрпақты патриотизмге тәрбиелеу – бұл тұлғаның, елдің, оның мәдениетінің бірегейлігі, әлеуметтің, халықтың әлеуметтік психологиясының ерекшеліктері толымды көрініс табатын қоғамдық өмірді ұйымдастырудың мәні мен мақсаттарын пайымдау арқылы жүйелі дамуы. Патриотизм міндетті түрде тұлғаның жоғары әлеуметтік белсенділігін  көрсетеді, өйткені, оның өзі еңбекте табыстарға жету үшін, қоғамға, ел жұртқа, халыққа қызмет ету үшін биік серпін болып табылады.
Сонымен жалпы ойымызды жинақтай келіп, қорытындыны Мағжан Жұмабаевтың мынандай ойымен аяқтағымыз келеді. «...Бала аурулы, зағип болса, баладан емес, тәрбиешіден; бала тар ойлы, ақымақ болса, бала кінәлі емес, тәрбиеші кінәлі. Бала сұлулықтан ләззат ала білмейтін мылқау жанды болса, бала айыпты емес, тәрбиеші жазалы. Бала істеген жауыздықтың жазасын тәрбиеші көтерсін» деген иран елінің мәтелі-шын, дұрыс.
 
Қолданылған әдебиеттер
1.Назарбаев Н. Қазақстан – 2030. Ел Президентінің Қазақстан халқына жолдауы. - Алматы: 2012.
2.   Новый энциклопедический словарь. - М., 2002. – .888бет
3.Қазақтың тәлімдік ой-пікір антологиясы. -Алматы «Рауан» 1994ж.