ГЕОГРАФИЯ П?НІН О?ЫТУДА СЫН Т?Р?ЫСЫНАН ОЙЛАУ ТЕХНОЛОГИЯСЫН ?ОЛДАНУДЫ? М?МКІНДІКТЕРІ


ГЕОГРАФИЯ ПӘНІН ОҚЫТУДА СЫН ТҰРҒЫСЫНАН ОЙЛАУ ТЕХНОЛОГИЯСЫН ҚОЛДАНУДЫҢ МҮМКІНДІКТЕРІ
Ильяшова Жанагуль Рахымжановна
М.Жұмабаев атындағы №39 гимназия
Қарағанды қаласы
ҚР президенті Н.Ә.Назарбаев айтқандай: «Ғасырлар мақсаты – қоғамның нарықтық қарым - қатынасқа көшу кезінде саяси- экономикалық және рухани дағдарысты жеңіп шыға алатын, ізгіленген ХХІ- ғасырды құрушы іскер, өмірге икемделген, жан-жақты мәдениетті жеке тұлғаны тәрбиелеп қалыптастыру». Елбасының осы алға қойған зор міндеттерін іске асырушылар - әрине, жастар. Олай болса, сол жастарға сапалы білім мен салауатты тәрбие беру қажет. Қазіргі білім беру саласындағы басты мақсат – еліміздің әлеуметтік, экономикалық және саяси өміріне белсене қатысуға дайын, бәсекеге қабілетті жеке тұлға дайындау.
Кез келген пәнді оқытуда сын тұрғысынан ойлау технологиясын қолданғанда мұғалімдердің еске сақтайтын жағдай, басты мақсат стратегияларды үйренуден гөрі, стратегиялардың сабағымызда қойылған мәселені нәтижелі шешу үшін қажеттілігі.
Алдымен белсенді оқытудың базалық ұстанымдарына тоқталайық:
Қойылған мәселелер оқушылар үшін мәнді болуы керек, ол оқушылар қызығушылығынан туған жағдайда ғана мүмкін (Дж.Дьюи, 2000)
Әр бала өз бағдарламасын жеке құрайды. Балалар объектіні немесе оқиғаны өзіне тиесілі схемаға сәйкестендіре алмаған жағдайларда, бар схема не жаңарады, не қайта жаңарған схема қалыптасады (Ж.Пиаже, 1994)
Мағына жеке құрылады, бірақ оқу үрдісі әлеуметте өтеді – мұғалім, сыныптастар, ата-аналар және қоғам. Біз танып білетіндеріміздің көбісін басқалардан аламыз (Л.Выготский, 2000)
Осы ұстанымдар негізінде мұғалім – барлығы үшін маңызы бар мәселені қоюда, жеке ерекшеліктер мен тапсырмалар әртүрлілігінің есебінен ұжымдық ізденіс мүмкіндіктерін жасауға дейін сыныптағы барлық іс-әрекетін құрайды. [4]
География сабағында СТО стратегияларымен тапсырмаларды дайындауда, тапсырмаларды орындауда, қайсыбір мәселелерді талқылауда оқушылардың іс-әрекетін мұғалім Блум таксономиясының барлық деңгейлерінен өтетіндей етіп ойластыруы керек. Сабақты талқылау кезінде туған сұрақтар арқылы мұғалім мен оқушының қаншалықты осы жұмысқа әдеттенгендігін байқауға болады.
СТО технологиясымен құрылған сабақтың ішкі құрылымында ерекшелік бар. Бұл құрылым 3 деңгейден тұратын оқыту мен үйретудің моделі. Білімнің болашақта пайдаға асуы, қажетке жарауын қалыптастырады. Көп ақпаратты талдай, жинақтай отырып, ішінен қажеттісін алуға үйретеді. Енді осы кезеңдердің мақсат-міндеттеріне толығырақ тоқталып өтейік. І Қызығушылықты ояту. Үйрену процесі – бұрынғы білетін және жаңа білімді ұштастырудан тұрады. Үйренуші жаңа ұғымдарды, түсініктерді, өзінің бұрынғы білімін жаңа ақпаратпен толықтырады, кеңейте түседі. Сондықтан да, сабақ қарастырылғалы тұрған мәселе жайлы оқушы не біледі, не айта алатындығын анықтаудан басталады. Осы арқылы ойды қозғату, ояту, ми қыртысына тітіркенгіш арқылы әсер ету жүзеге асады. Осы кезеңге қызмет ететін “Топтау”, “Түртіп алу”, “Ойлану”, “Жұпта талқылау”, “Болжау”, “Әлемді шарлау” т.б. деген аттары бар әдістер (стратегиялар) жинақталған. Қызығушылықты ояту кезеңінің екінші мақсаты – үйренушінің белсенділігін арттыру. . Өйткені, үйрену – енжарлықтан гөрі белсенділікті талап ететін іс-әрекет екені даусыз. Оқушы өз білетінін еске түсіреді, қағазға жазады, көршісімен бөліседі, тобында талқылайды. Яғни айту, бөлісу, ортаға салу арқылы оның ойы ашылады, тазарады. Осылайша шыңдалған ойлауға бірте-бірте қадам жасала бастайды. Оқушы бұл кезеңде жаңа білім жайлы ақпарат жинап, оны байырғы біліммен ұштастырады. Ойлау мен үйренуге бағытталған бұл бағдарламаның екінші кезеңі. .  ІІ Мағынаны тану (түсіне білу). Бұл кезеңде үйренуші жаңа ақпаратпен танысады, тақырып бойынша жұмыс істейді, тапсырмалар орындайды. Оның өз бетімен жұмыс жасап, белсенділік көрсетуіне жағдай жасалады. Оқушылардың тақырып бойынша жұмыс жасауына көмектесетін оқыту стратегиялары бар. Соның бірі INSERT. Ол бойынша оқушыға оқу, тақырыппен танысу барысында V – “білемін”, ― - “мен үшін түсініксіз”, + - “мен үшін жаңа ақпарат”, ? – “мені таң қалдырады” белгілерін қойып отырып оқу тапсырылады. INSERT – оқығанын түсінуге, өз ойына басшылық етуге, ойын білдіруге үйрететін ұтымды құрал. Бір әңгіменің соңына тез жету, оқығанды есте сақтау, мәнін жете түсіну – күрделі жұмыс. Сондықтан да, оқушылар арасында оқуға жеңіл-желпі қарау салдарынан түсіне алмау, өмірмен ұштастыра алмау жиі кездеседі. Мағынаны түсінуді жоғарыдағыдай ұйымдастыру – аталған кемшіліктерді болдырмаудың бірден-бір кепілі. Үйретушілер білетіндерін анықтап, білмейтіндерін белгілеп сұрауға әзірленеді. Бұл әрекет арқылы жаңаны түсіну үшін бұрынғы білім арасында көпірлер құрастыруға, яғни байланыстар құруға дағдыландырады. ІІІ Тақырып туралы ой-толғаныс – бағдарламаның үшінші кезеңі. Күнделікті оқыту процесінде оқушының толғанысын ұйымдастыру, өзіне, басқаға сын көзбен қарап, баға беруге үйретеді. Оқушылар өз ойларын, өздері байқаған ақпараттарды өз сөздерімен айта алады. Бұл сатыда оқушылар бір-бірімен әсерлі түрде ой алмастыру, ой түйістіру, өз үйрену жолын, кестесін жасау мақсатында басқалардың әр түрлі кестесін біліп үйренеді. [5]
Белсенді оқу және сын тұрғысынан ойлауды дамытуға бағыттау бағалауды басқаша түсінуге ықпал етеді. Жалпы оқытудың немесе нақты сабақтардың жоспарлануы мақсаттың, міндеттің, іс-әрекеттің және бағалаудың өзара байланысын талап етеді. Онда бағалау төмендегі схемада көрсетілгендей, тек қана іс-әрекеттермен тікелей және мақсаттармен, күтілетін нәтижелермен жанама түрде байланысады.
Біз мақсаттар мен күтілетін нәтижелерді емес, тек қана іс-әрекеттерді бағалауымыз керек. Бір жағынан іс-әрекеттер мақсаттар мен күтілетін нәтижелерден шығу керек, басқа жағынан алғанда балдармен өлшеуге келетін нысандар да көрсетілуі керек. Тек қана сонда біз, оқушы және мұғалім, оларды жетістіктеріміздің куәсі немесе оқушының ой қозғағышы ретінде пайдаланан аламыз. Оқушы және мұғалім келешекте даму немесе ой қозғағыштарына жауап алу үшін әрі қарай іс-әрекет жоспарын жеке және бірлесіп дайындай алады. Басқаша айтқанда оқушылар мақсаттар мен міндеттерге сәйкес өзіндегі біліктерін және дағдыларды даму үшін, сондай-ақ мұғалім оқушылардың еңбегңн жоғары объективті бағалай алу үшін тапсырмалар әртүрлі болу керек.
Сапалы бағалау критерийлеріне келесі тармақтар кіреді:
«күшті жақтары»
«ойланатын нәрсе»
«дамытуға ұсынылатын нәрсе»
Мұғалім ауызша сипаттауды оқушымен және ата-аналарымен жеке талқылауы мүмкін, онда талқылау – «Оқушыға жетістікке жетуге қалай көмектесуге болады?» деген идеяға қатысты болуы керек. [4]
Қорыта келгенде, біз сыни ойлаудың ерекше, теңдессіз, ХХІ ғасыр талаптарын жақсылап орындап шығуға мүмкіндік беретін және оқып үйренгенімізді тереңірек түсінуге көмектесетін нәрсе екенін білеміз. Ал, сыни тұрғыдан ойлауды қалай анықтауға болады? Ол үшін американдық профессор Дэвид Клустердің айтуынша, бес анықтаманы ұстану керек. Біріншіден, сын тұрғысынан ойлау өзіндік, жеке ойлау болып табылады. Екіншіден, ақпарат сыни тұрғыдан ойлаудың соңғы емес, жіберілетін пункті болып табылады. Үшіншіден, сын тұрғысынан ойлау сұрақтар қойып шешімін табуды қажет ететін мәселені анықтаудан басталады. Төртіншіден, сыни тұрғыдан ойлау көңілге қонымды дәлелге ұмтылады. Бесіншіден, сыни тұрғыдан ойлау әлеуметтік ойлау болып табылады.
Мұғалім ретінде біз үшін осындағы мәселе біреу- сыни тұрғыдан ойлау жөніндегі теорияны күнделікті өмірде қалай іске асыру керек? Қазіргі таңда біз дәстүрлі педагогикадан, «бағдарлама бойынша» білім беруден оқушылар мен қоғамның қажеттіліктерін қанағаттандыратын прогрессивті педагогикаға қарай ұмтылудамыз. Сондықтан біз әрқашанда сабағымызды ұйымдастырудың жаңа тиімді жолдарын іздейміз.
Қолданылған әдебиеттер:
« География және табиғат» журналы №6 (48 ) 2010
« География және табиғат» журналы №2 (20) 2006
3. С. Мирсеитова мен Ә.Іргебаева «Әрекеттегі RWCT философиясы мен әдістері, Алматы 2006, 2009
4. С. Мирсеитова, «Оқыту ізденіс ретінде, Ізденіс оқыту ретінде», Қарағанды 2011