?лтты? ойындар ар?ылы баланы дамыту?а негізделген педагогикалы? ж?мыстарды ?йымдастыру»
«Ұлттық ойындар арқылы баланы дамытуға негізделген педагогикалық жұмыстарды ұйымдастыру»
Әрбір халық өздерінің әдет-ғұрыптарын, дәстүрлерін, салт-жораларын ұрпақтан ұрпаққа қалдырып отырады, әрі сақтайды. Олардың ұлттық мәдениетінде, тұрмысында бөлінбейтіндей болып қалыптасады. Ұлттық әдептілік, мәдени құндылық олардың өмір ерекшеліктеріне сәйкес сол ұлттық көпшілік өкілдеріне тиісті болатын қоғамдық дему мен табиғат құбылыстарының қайталану заңдылықтарының нәтижесі.
Менің зерттеуіме қазақтың ұлттық ойындары, жалпы ойын жайлы қазақ ғалымдарының теориялық және тәжірибелік негіздері арқау болды.
Қазақ құндылығының ғасырлар қойнауынан сүрінбей өтіп, өзінің үрдіс дәстүрін сақтаған айрықша саласы балалар ойындары. Рухани мұрамыздың өзге түрлері сияқты оның да даму тарихы, толымды арнасы, әркез қоғамда атқарып келе жатқан қызметі бар.
Ұрпағын ойламайтын халық болмайды. Онсыз өсіп-өну, ілгерілеу жоқ. Қазақ ойындарының өміршең қызметі де оның жеткіншек ұрпақты тәрбиелеу ісімен байланысты болуында. Демек, халықтың этикасы мен эстетикасының, педагогикасы мен психологиясының, әдет-ғұрпы мен наным-сенімдерінің, шаруашылығы мен кәсібінің шоғырланған көрінісі балалардың ойын-сауық түрлерінде жатыр десек асыра айтқандық емес.
Әрбір қоғамның балаларға жасап отырған қамқорлығына, жеткіншек ұрпаққа деген көзқарасына қарап, сол қоғамның болмыс – бағдарын байқауға болады. Түптеп келгенде, ұлттық қасиет пен дәстүрдің қалайша жалғастық табуы да сол қоғамның ұрпаққа деген мәмілісіне байланысты. Сондықтан болар, қазір көптеген дүние жүзі халықтарының педагогика мен психология ғылымында «Халықтық педагогика мен ұлттық психология» деген арнайы ғылыми бағыттар қалыптасты. Олар халықтың дәстүрлі тәрбиелеу салтын, мәдени құндылықтарын балаларға қатысты әдет-ғұрпын, өлең-жырларын, ойын-сауықтарын жан-жақты қарастырады. Мұндай игілікті істердің нәтижесінде әрбір халықтың мәдениетін кеңірек тануға, психологиясын терең түсінуге, этникалық мәдениет, дәстүрін ұрпақтар бойына сіңіру жолдарын нықтылы білуге, балалардың психикалық дамуын тиімді етуге, сөйтіп халықтық педагогиканың тиімді жақтарын бүгінгі күннің қажеттілігіне жаратуға болатындығы анықталып отыр.
Әр халықтың өз ұлт ойындары және әр ұлт ойынының өз ерекшеліктері бар. Ұлт ойындарының қалыптасуы тек балаларға ғана керектігімен дамып қойған жоқ, ересектердің күнделіктегі тіршіліктің қозғалысы мен көңіл көтеріп, демалыс уақытын өткізудегі қолданылған еңбектің бір түрі ретінде дамыды.
Мәселен, әртүрлі қозғалмалы ойындар мен асық ойындары тайпалық одақтарда ересектер арасында дамиды да, кейін келе жасөспірімдерде қалды. Себебі үлкендерден көргенін балаларда да, үй ауласында, далада ермек етеді: түйе құмалағынан қой бағып, қой құмалағынан қозы бағып, бір жерден, екінші бір жерден, екінші бір жерге көшіп-қонумен тағысын тағы сәбилер уақытын өткізеді. Бұдан өзі ертеңгі ортаның азаматы болғанда басынан өткізетін өмірін, болашақтағы еңбегін қазір ермек етіп отырғандығы байқалады.
Адамзаттың дүниеге келген күнінен бастап –ақ ақыл-ой, қабілетінің ортаға, өмірге көзқарасының дұрыс қалыптасуын реттейтін, белгілі бір жүйеге келтіретін осы «балалар мен жас өспірімдер ойындары» сондықтан да «ойын балалар еңбегі, балалардың уақытымен ғана санасады». Мұндай пікірді қостаған орыс ғалымы Е.А.Покровский де,-«ойын кезіндегі балалар жұмысы»-дейді.
Ұлт ойындары адам еңбегінің жемісі, халықтың фантастикалық ой құбылысының көрінісі, дүниені танып, білуге талпынысының нышаны, бар өнердің бастамасы. Қазақ халқының ұлттық ойындары әлеуметтік-экономикалық жағдайларына байланысты туып, дамыды. Олай дейтініміз, қазақ халқының ұлттық ойындары ертеден туып, тұрмыс жағдайларына үйлесімді келеді, яғни көшпелі тұрмысқа лайықталып, материалдық даярлық өте береді және халықтың психологиялық ерекшеліктеріне де байланысты.
Қазақ халқының тарихи көне жырларының, эпостары мен лиро-эпостарының қай-қайсысын алып қарасақ та, олардың өнбойынан халықтың ұлтық ойындарының алуан түрлерін кездестіреміз.
Жырлардың негізгі кейіпкерлері де ойын үстінде көрінеді. Ол негізгі кейіпкерлер: болашақ ел қорғаушы батыр, жауынгер, халық қайраткері т.т.
Ойын арқылы қазақ балалары өзінің бойындағы табиғи дарынын шыңдай түскен. Ойынды қазақ халқы тек ойын-сауық, көңіл көтеретін орын деп қарамаған. Ең бастысы-ел қорғауға қабілетті болашақ қайраткер, өзінің осы қабілетін шаршы топтың алдында, баршаға тең еркін бәсекеде жеңіп алуға тиіс болған.
Ойындар арқылы балалардың тәні де, жан дүниесі де ойдағыдай жетіліп отырған; көпшілік ортасында өзін-өзі ұстаудың, қысылғанда жол табудың қоғамда өз орнын сезінудің алғашқы мектебі де осы ойындар болды десек асыра айтқандық емес.
Қазақ халқының ойын түрлері, балалар психикасын дамуында атқаратын қызметі, шығу тарихы, құндылық жақтары және тақырыптары бойынша жан-жақты зерттеу – болашақтың ісі. Алайда, қазір қазақ ойындарының балалардың қарым-қатынасын зерттеуде тиімді қолдану мүмкіндіктерін анықтау, көрсету тәжірибелік іс қажеттігінен туып отыр.
Ұлт ойындары – ата-бабамыздан бізге жеткен, өткен мен бүгінгіні байланыстыратын баға жетпес байлығымыз, асыл қазынамыз. Сондықтан оны үйренудің, күнделікті тұрмысқа пайдаланудың заманымызға сай ұрпақ тәрбиелеуге пайдасы орасан зор. Ойын балалардың алдынан өмірдің есігін ашып, оның творчестволық қабілетін оятып, бүкіл өміріне ұштаса береді. В.А.Сухомлинскийдің сөзімен айтқанда: «Ойынсыз ақыл-ойдың қалыпты дамуы да. Жоқ және болуы да мүмкін емес. Ойын дүниеге қарай ашылған үлкен жарық терезе іспетті. Ол арқылы балалардың рухани сезімі жасампаз өмірімен ұштасып, өзін қоршаған дүние туралы түсінік алады. Ойын дегеніміз ұшқын, білімге құмарлықпен еліктеудің маздап жанар оты». Міне ойын дегеніміз тынысы кең, алысқа меңзейтін, ойдан-ойға жетелейтін, адам қиялына қанат бітіретін осындай ғажайып нәрсе, ақыл-ой жетекшісі, денсаулық кепілі, өмір тынысы демекпіз. Қазақ халқының арғы тарихына байланысты жеткен жазбаша деректердегі Абай Құнанбаев, Ыбырай Алтынсарин, Шоқан Уәлиханов еңбектеріндегі оқу, білім, адамгершілік, тәлімдік ой- пікірлер және жазықсыз жапа шеккен зиялылар А.Байтұрсынов, М.Дулатов, М.Жұмабаев, Ж.Аймауытовтардың халықтық тәрбиенің ұлттық негіздері жөніндегі пікірлері, олардың мектеп жасына дейінгі балалар өмірінде атқаратын мәні жөніндегі Н.Құлжанованың еңбегі өзінің құнын жоймайтын еңбектер.
Жас ұрпақтың қалыптасып өсіп өнуіне әсер ететін факторлардың бірі,дәстүрлі мәдениетіміздің бір бағыты халыктық ұлттық ойындары болып табылады.
Осы орайда жүзеге асырылып жатқан жұмыстарға бағыт бағдар беретін негізгі құжаттарға Қазақстан Республикасының Конститутциясы білім беру туралы заңы, Қазақ балабақшаларында тәрбиелеу және білім беру мазмұнын жаңарту тұжырымдамасы, «Балбөбек» бағдарламасы, Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2005-2010ж. арналған мемлекеттік бағдарламасы болып табылады.
Мектепке жасына дейінгі балаларды ұлттық ойын арқылы адамгершілікке тәрбиелеу- мектепке дейінгі ұйымның басты міндеттердің бірі, өйткені, біздің қоғам өмірінде адамгершілік бастамалардың ролі барған сайын артып, згілік, имандылық ,мейірімділік сияқты адамгершілік құндылықтардың аясы кеңейіп келеді.