О?у-т?рбие ?дерісінде о?ытуды? интерактивті ?дістерін ?олдану


Темірғалиева Гүлсезім Серікқызы Көпсалалы «Болашақ» колледжінің оқытушысы
Оқу-тәрбие үдерісінде оқытудың интерактивті әдістерін қолдану
ХХІ-ғасыр – бұл ақпараттық қоғам дәуірі, технологиялық мәдениет дәуірі, айналадағы дүниеге, адамның денсаулығына, кәсіби мәдениеттілігіне мұқият қарайтын дәуір. Елде болып жатқан саяси, әлеуметтік, экономикалық және т.б. өзгерістер білім беру жүйесіне әсер етуде. Білім беру саласының барлық жағына жаңаша көзқарас, жаңаша қарым-қатынас, жаңаша ойлау қалыптасуда. Республикамызда білім берудің жаңа жүйесі жасалып, әлемдік білім беру кеңістігіне енуге бағыт алуда.
Қазақстан Республикасының мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартында «Қазіргі кезеңдегі білім беру сапасы оқушылардың түрлі қызметтер саласындағы мәселелерді өз бетінше шешу мүмкіндіктерін қамтамасыз ететін қалыптасқан негізгі құзіреттілік түріндегі білім беру нәтижелерінің жетістіктерімен түсіндіріледі». Қазақстан Республикасының Білім туралы Заңында: «Білім беру жүйесінің басты міндеті – ұлттық және жалпы адамзаттық құндылықтар, ғылым мен практика жетістіктері негізінде жеке адамды қалыптастыруға және кәсіби шыңдауға бағытталған білім алу үшін қажетті жағдайлар жасау, оқытудың жаңа технологияларын енгізу, білім беруді ақпараттандыру, халықаралық ғаламдық коммуникациялық желілерге шығу», - делінген.
Заман көшіне ілесе отырып, жаңашыл бағытта жұмыс жүргізу – барша ұстаз алдында тұрған негізгі міндеттері екенін түсіне отырып, әр мұғалім өз іс-әрекетіне қажетті өзгерістерге сай әртүрлі тәжірибелер жөніндегі мәліметтерде жаңа әдіс-тәсілдерді дер кезінде қабылдап, келесі ұрпаққа қоғам талабына сай тәрбие мен білім беруде мұғалімдердің инновациялық іс-әрекетінің ғылыми-педагогикалық негіздерін меңгеруі маңызды мәселелердің бірі. Қазіргі білім беру саласындағы оқытудың озық технологияларын меңгермейінше сауатты, жан-жақты маман болу мүмкін емес.
Қазіргі кезде білім беру саласын, оқытудың әртүрлі техникалық құралдарын пайдаланусыз елестету мүмкін емес. Сондықтан уақыт талабына сай білім мазмұнын жаңарту бүгінгі күннің басты мақсаты. Қазіргі жағдайда еліміздің білім беру жүйелеріне ХХІ ғасыр жастарына білім беру мен тәрбиелеу бағытында сан алуан жұмыстар жүргізілуде. Ал мүғалімнің негізгі ұстанған мақсаты – білімнің жаңа үлгісін жасап, белгілі бір көлемдегі білім мен білік дағдыларын меңгерту, оқу материалын қаншалықты деңгейде меңгергенін бақылаудың , оқу мен тәрбие үрдісін ұйымдастырудың сан түрлі жаңа әдіс-тәсілдерін іздестіру, жаңа технологияны сабақта тиімді пайдалана білу.
Ұлтты ұлт етіп, оны әлемдік деңгейге көтеретін – дарынды да, талантты ұрпақ. Әрбір ұстаз алдындағы міндет – өзі оқытатын пәнінен көкірегінде сәуле бар, талантты шәкіртті тани біліп, оқушы дарынын ашып, оған бағыт-бағдар беріп, оны дамыта білу. Оларды баулып, қамқорлыққа алып тәрбиелеу – ортақ шара. Оқушы бойындағы дарынын қырағылықпен көре білу – мұғалім үшін аса қажетті қасиет. Ол үшін әр мұғалім өзі ізденіп, ерінбей еңбектеніп, баланың ерекше қабілеттерін байқауда күнделікті сабақта, тәрбие жұмысында, үйірме жұмысында оқушыны үзбей бақылап, бала бойындағы дарындылықты немесе жүйелі білім алуға қабілетті тұлғаны анықтайды. Оқушы тұлғасының дамуына, қабілетінің артуына жаңа технологиялар айтарлықтай ықпал жасайтыны сөзсіз және бұл қазіргі таңдағы білім беру жүйесінің дамуындағы елеулі бағыт. Сол тұлғаның пәнге деген қызығушылығын тудырып танымдық іс-әрекетті қалыптастыру үшін интерактивті оқыту үрдісін пайдалану қажет. Интерактивті оқыту – бұл ең алдымен оқушы мен мұғалімнің қарым-қатынасы тікелей жүзеге асатын сұхбаттасып оқыту болып табылады.
Интерактивті әдіс-тәсілдерді жиі пайдалану, әр сабақта оның мүмкіндіктерін түрлендіріп отыру – педагогтар қауымының басты міндеті. Оқушы білімді дайын күйінде мұғалім түсіндірмесінен алмай, өзінің өмір тәжірибесіне сүйену арқылы танымдық «жаңалық» ашуы, шығармашылық тапсырмаларды орындау негізінде әртүрлі өнімдер жасауы тиіс. Нәтижесінде оқушының дүниетанымы кеңейіп, өзіндік пікірі мен қөзқарасы қалыптасуы керек. Ол білім беру іс-әрекетінде оқушылардың белсенділігіне, өз бетінше жұмыс істеуіне пайдалы. Яғни білім берудің белсенді әдістерінің қатарына интерактивті оқыту технологиясын жатқызуға болады. Бұл әдістерді қолдану өте жеңіл көрінгенімен өзіндік ерекшеліктері мен қиындықтары да бар.
Интерактивті оқыту әдістерін тиімді пайдаланып, алға қойған мақсатқа жету үшін, белсенді оқытудың өзіндік талаптарын есепке алып, алғышарттарын қанағаттандыру керек. Интерактивті оқыту әдісі тұлғаның танымдық қабілеттерін және танымдық үрдістерді яғни, жадының алуан түрлерін – есту, көру, қимыл және т.б. ойлауды, ынтаны, қабылдау қабілетін арнайы жасалған оқу және танымдық жағдайлар арқылы дамытуға, сондай-ақ тұлғаның қауіпсіздігін, өзін-өзі өзектілендіру, өзін-өзі бекіту, қарым-қатынас, ойын, танымдық және шығармашылық қажеттіліктерін қанағаттандыруға, белсенді сөздік қорын дамытуға бағытталуы. Интерактивті оқытудың басты мақсаты – білім алушыларды өз бетінше ой қорытып, жауап таба білуге үйрету. Еліміз дамудың демократиялық жолын таңдап алған қазіргі заманда жастарды өз бетінше шешім таба білуге үйрету заңды құбылыс. Бұл күнделікті аудиториядағы жұмыстарға да қатысты: бала сабақ кезінде мейлінше белсенділік танытуы тиіс. Осындай, білім алушылардың белсенділігін арттыруға мүмкіндік жасайтын әдістемелік амалды интерактивті деп атайды. Интерактивті әдіс кезінде:
Сабақ үстінде білім алушылар мен мұғалімдер арасында тығыз қарым-қатынас орнайды;
Ондай қарым қатынас білім алушылар әлдебір мәселені талқылап, соның шешімін табуға тырысқан кезде қалыптасады;
Онда білім алушылардың жауабынан гөрі мәселенің шешімін табуға талпынғаны маңызды болады;
Себебі интерактивті оқытудың басты мақсатының өзі сол – білім алушыларды өз бетінше ой қорытып, жауап табуға үйрету. Интерактивті әдістеме өзара қарым-қатынастың мол ауқымын қамтиды. Мұнда балалардың бұған дейін алған өмірлік тәжірибелері білім берудің негізгі көзі болып табылады. Бұл әдісте білім алушы мыналармен қарым-қатынасқа түседі:
Мұғаліммен (сұраққа жауап берген кезде);
Өзге балалармен (қосақталып жұмыс істеген кезде);
Шағын топтармен (топпен жұмыс істеген кезде);
Белгілі бір топпен, аудиториямен (сауалнама алғанда)
Кейбір техника түрлерімен (компьютермен интернетке шыққанда) т.б.
Интерактивті әдістің ерекшелігі – бала өзгелермен араласу барысында ашыла түседі, көбірек оқып, тәжірибе жинай білуі керек. Тәжірибе интеллектуальдық тәуелсіздіктің негізі болып табылады және барлық өркениетті азаматтың қажетті құралы десек те болады. Интерактивті әдістеме білім алушылардың мынадай мақсаттарға жетуіне мүмкіндік береді.
Олар мол мағлұмат алып, өздері айтқан пікірге логикалық түсініктеме беруге жол ашады
Өз пікірлерін терең ойланып айта алатын болады
Мәселені талқылаған кезде бұған дейін алған, тәжірибеде жинақтаған білім қорын пайдалана алады
Бір-бірінен жаңа мағлұматтар ала отырып, білімін толықтыра алады
Шындыққа көз жеткізуі үшін дәлел іздеп, ойын анықтап көрсете алады.
Интерактивті әдісте таным қабілеттерінің мынадай түрлері қолданылады:
Фактілерді есепке алу;
Ойлану;
Алған білімін жаңа жағдайға пайдалану;
Талдап, синтездеп үйрену (бір ортақ шешімге жету үшін, барлық идеяларды біріктіру);
Баға беру (сапасын анықтау)
Бұл әдіс осылай жастарды жеке тұлғалық қасиеттерінің қалыптасуына жол ашады.Олардың оқу әрекеттерін ынталандыруда барлығының көзқарастарына көңіл бөлу керек, пікірлеріне шынайы қызығушылық танытып, келісім беру қажет. Оларды белгілі бір шешім қабылдауға мәжбүрлемеу, пікірлерін сынауға, жоққа шығаруға, кемсітуге жол бермеу керек.
Интерактивті әдістер кезінде мыналар ескерілуі керек:
тұлғаның еркіндігі мен құқықтары сақталуы керек;
тұлғаның өзін көрсете алуына жағдай жасау керек;
оған өзіндік даралығын көрсетуге мүмкіндік жасау керек;
педагогикалық қолдау көрсету керек.
Бұл мақсатқа жетудің тиімді жолының бірі – сабақта оқытудың интерактивті әдісін қолдану болып табылады.
Оқытудың интерактивті әдістерінің артықшылығы:
* тұлғаның қызығушылығын тудырады;
* әрқайсысының оқу процесіне қатысу белсенділігін кеңейтеді;
* әрбір тұлғаның сезіміне назар аударады;
* оқу материалдарын тиімді меңгеруге бейімдейді;
* тұлғаға көпжоспарлы әрекет етуге әсер етеді;
* тұлғаның пікірлері мен қарым-қатынастарын қалыптастырады;
* мінез-құлықтың өзгеруіне көмектеседі.
Яғни, интерактивті әдіс әр адамды білім алудың барлық кезеңдерінде белсенді жағдайға қояды, білім алу үрдісін мәнді етеді.
Қорыта айтқанда, әр технологияны қолдану арқылы белгілі бір жетістіктерге жете аламыз. Қазіргі заман мұғалімінен тек өз пәнінің терең білгірі болуы емес, тарихи танымдық, педагогикалық – психологиялық сауаттылық, саяси экономикалық білімділік және ақпараттық сауаттылық талап етілуде. Оқу процесінде, оның ішінде практикалық сабақтарда интерактивті құралдарды қолдану мұғалімнің жеке тәжірибесіне, шығармашылық ізденісіне байланысты. Интерактивті әдістер оқыту формасын ұйымдастыруды түрлендіруге, дәстүрлі оқыту әдістеріне жаңа элементтер енгізуге мүмкіншіліктер жасайды. Бұл оқушылардың пәнге деген қызығушылығы мен белсенділігін арттырады. Болашақ ұрпақтың жеке тұлға болып қалыптасуында білім беру жүйесін ізгілендіру, инновациялық үрдісте тиімді қолдану қазіргі заман талабы.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
А.Әлімов. Интербелсенді әдістерді жоғары оқу орындарында қолдану. Алматы, 2009 жыл
Ж.А.Қараев. Педагогикалық технологияларды оқыту. – Алматы, 1999ж
ҚР Білім туралы заңы «Педагог» журналы, №4 2012 жыл
«Педагог» журналы, №2 2012 жыл