?аза? тілін орыс сыныптарда о?ытуды? ?зіндік ерекшеліктері
ҚАЗАҚ ТІЛІ САБАҒЫНДА ОҚУ ӘРЕКЕТІН ҰЙЫМДАСТЫРУДЫҢ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ
Мурзабекова Келбет Бирмаганбетовна
«Әулиекөл ауданы әкімдігінің білім бөлімінің Чернышевский орта мектебі» ММ
Қостанай облысы, Әулиекөл ауданы, Первомай селосы
Қазақ тілі – мектептегі негізгі де маңызды пән. Қазақ тілін орыс сыныптарда оқытудың өзіндік ерекшеліктері бар. Бұл дегеніміз емле, тыныс белгілері, тіл дамыту мәселелеріне көбірек көңіл бөлу.
Пәнді оқытудың мақсаты – оқу және жазу дағдыларын қалыптасқан, алғашқы тілдік мағлұматтарды, сөйлеу әрекетінің барлық түрлерін меңгерген, алған тілдік білімдерін өмір жағдайларында қолдана білетін жеке тұлғаның қалыптасуы мен дамуына мүмкіндік жасау, оқушыларды лингвистикалық білім негіздерімен таныстыру, олардың қатесіз, сауатты жазу дағдыларын қалыптастыру және ауызша да, жазбаша да дұрыс сөйлеулерін жетілдіру.
Қазақ тілі пәнінің міндеттері:
- дұрыс түсініп және мәнерлеп оқу, жазу дағдыларын қалыптастыру;
- сөйлеу әрекетінің түрлерін (оқылым, тыңдалым, жазылым, айтылым) меңгерту және сөйлеу жанрларын әр түрлі жағдайларда қолдана білуге үйрету;
- алғашқы тілдік фактілерді танымдық нысан ретінде меңгерту, оларды талдау, салыстыру, топтау және жинақтау дағдыларын қалыптастыру;
- оқушылардың сауатты, көркем жазу дағдыларын жетілдіру;
- диалогтық және монологтық сөйлеу дағдыларын жетілдіру;
- өздігінен мәтін құру, өз ойларын ауызша және жазбаша еркін жеткізе білу дағдыларын жетілдіру;
- оқушылардың бойында адами құндылықтарды: қайырымдылықты, сүйіспеншілікті, елжандылықты, имандылықты дамыту;
Қазақ тілін орыс тілді аудиторияда оқыту мен үйрету оның әдістемесін жақсарту әрі жаңарту, тілді оқытудың төлтума бағдарламалары мен жаңа технологияларын әзірлеу – бүгінгі күннің өзекті мәселелерінің бірі. Негізінен, қазақ тілін орыс тілді аудиторияда оқытудағы басты мақсат – коммуникативтік дағдыны қалыптастыру болып табылады. Ал коммуникативтік дағдыны қалыптастыру үшін төмендегідей жұмыс жүргізіледі:
1. Жаңа сөзді меңгерту (әр оқушының сөздік дәптерлері, сөздік кітапшалары болуы керек). Тақырыпқа қатысты жаңа сөздерді аудару, түсіндіру. Мәселен: «Суреттің нөмірін тап», «Допты ал, жауап бер», «Иә-жоқ», «Сөз қоржыны» сияқты ойындар арқылы оқушыларды қызықтыра отырып, сөздерді жаттап алуға машықтандыру. Оқушыларға әрдайым кітап оқыту керек, оқыған кітаптарын қадағалап отыру керек және кітап оқу ісін оқушылар арасында жарысқа айналдыру керек.
2. Жаттығумен жұмыс жасау. Сөйлемдерді қысқа, жалаң түрде беріп, кейіннен сұрақ қою арқылы сөйлемнің аясы кеңейтіледі. Бұл тіл үйренушілердің сөйлей білу дағдыларын қалыптастырады, әрі сөздік қорын байытады. Жаттығуға байланысты тізбекті тапсырмаларды орындайды.
3. Мәтінді талдау. Мәтінді оқу, жаңа сөздерді табу, мазмұнын түсіндіру, мәтінге қатысты әр түрлі сұрақтарға жауап беру әрекеттері жасалады («Не қосуға болады?», «Тоқта да сұра», «Аралас мәтін» әдіс-тәсілдерін қолдану)
4. Әңгімелеу. Мұғалім мәтінге қатысты материалдарды іріктейді, жоспар құрады, ыңғайына қарай материалды негізгі тақырыптың айналасына топтайды. Содан соң оқушыдан мәтіннің мазмұнын әңгімелеуді талап етеді.
5. Бейнефильм көрсету және үнтаспа тыңдату. Бұл әрекет оқушылардың пәнге деген қызығушылықтарын арттырады. Дыбыс пен көріністі пайдалана отырып, оқушылардың көру және есту қабілетін жаттығады.
6. Шығармашылық жұмыс істеу. Мұғалім ойландыратын мақсатты сұрақтар мен тапсырмалар беру арқылы оқушының өз бетінше ізденуіне жол ашады, бағыт-бағдар береді, яғни «Хат жазу», «Қызықты мақала», «Интервью» т.б. әдістерді қолдану тиімді.
7. Демонстрациялау. Бұл тәсіл бойынша жаңа тақырыпты сурет, бейнефильм, схема, экрандық құралдар арқылы тез әрі сапалы түсіндіреді.
8. Бақылау және тексеру. Оқушылардың өткен тақырыпты түсінгендіктерін тексеру үшін сұрақ түрлерін қолдану – білім деңгейін көтерудің ең негізгі жолдарының бірі. Әр тақырыптан кейін немесе күрделі тақырыпты өткен соң, оқушылардан сынақ алып, оның нәтижесін шығарып, талдау жүргізудің көп пайдасы бар.
Орыс мектептерінде қазақ тілін оқытуда тағы ескере кететін жайт эстетикалық талғамға сай безендірілген кабинет, оқытудың әртүрлі құралдары, кестелері, оқулықтар, техникалық құрал-жабдықтары, ақпараттық құралдар болуы қажет.
Мұғалім сабақ түсіндірген кезде оқушыға аса күш түсірмей жеңілден ауырға қарай, жалықтырмай, оқушының тиянақты білім алуына мүмкіндіктер туғызуы қажет.
Сондықтан да әрбір ұстаз үнемі шығармашылық ізденісте болуы керек.
Алғашқы сабақтарда мұғалім сұрақ-жауап әдісін қолдана отырып, оқушылардың көз алдындағы заттардың атын, оқу-құралдарының атын жатқа айтқызуды көздейді. Осы сәттен бастап мұғалім екі немесе үш сөзден тұратын диалог сөздер қолдану арқылы оқушының тілін, ойын дамытады. Сөздік жұмысы қазақ тілі сабақтарында, ең басты мәселелердің бірі. Сөздер біртіндеп сөйлем құрамына айнала береді. Сөйтіп мәтіндермен жұмыс басталады. Осы қызықты мәтіндер арқылы грамматикалық тақырыптар оқылып отырады.
Біріншіден: оқушылардың бір-бірімен қазақша сөйлесулерін талап ету, яғни қазақша сөйлесу арқылы тілі сынады, ойлары да дұрыс қалыптасады.
Екіншіден: өзіне тапсырылған қоғамдық, ұжымдық жұмыстарды (газет шығару, мақала жазу т.б.) орындайды.
Үшіншіден: мемлекеттік тілдін қолданылу аясын кеңейтуге үлес қосып, мемлекеттік тілді меңгерудің аса қажеттілігін сезінеді.
Тілді үйрену, білу деген ұғымның мағынасы кең, мысалы: өз ойын өзгеге айта алу, өз ойын монолог ретінде жеткізу немесе екі адам бір-бірімен сөйлесу, сол сияқты біреудің айтқан сөзін радио, магнитофоннан тыңдап, оны түсіну, кітап, газет оқи алу, оны түсіну, ойын ауызша ғана емес, жазбаша түрде де жеткізе білу сияқты компоненттердің бәрі тілді үйрену ұғымына кіреді. Сондықтан тілді үйреткенде осы жағдайдың бәрі ескерілу керек. Сонымен бірге әр сөздің дұрыс айтылуы – орфоэпиясы да үйретіледі.