Бала т?рбиесіндегі ата-ананы? ролі


БАЛА ТӘРБИЕСІНДЕГІ АТА – АНАНЫҢ РОЛІ
Жоспар:
Жарқын болашақ кепілі – жас  ұрпақ.
Өмір мектебінде отбасының ролі ерекше.
Тәрбие барысындағы ана ролі.
Қазақстан Республикасының Заңдарында бала құқығының қорғалуы.
Баланың жан –жақты дамуы үшін отбасы мен қоғамның байланысы.
Әрбір ата-ана өз перзентінің әдепті, саналы, иманды да ибалы, Отанының сүйікті және кішіпейіл азаматы болып жетілуін қалайды. Ата-ана перзентінің жақсы азамат болып жетілуі үшін өз отбасында балаларын тәрбиелеудің нәзік жақтарының зандылықтарын білуі шарт. Сыйластық, түсіністік, үлкен жауапкершілік сезімдері бар отбасы – бақытты отбасы. Бақытты отбасында ғана ата-ана және олардың өзара қатынасы мазмұнды, берілген тәрбие сенімді және негізді.
Бала тәрбиесінің алғашқы алтын қазығы – туған ұясы, өз отының басындағы тәрбиесі, тілі. Қазақтың: «Баланың бас ұстазы – ата-ана», «Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» — дегендей, есі кіріп, тілі шыға бастасымен-ақ баланы байсалды, ұғымпаз, тілалғыш етіп баулыған жөн.
Қай халық болмасын үмітін ең алдымен ұрпағымен байланыстырады. Міне, сондықтан да:
«Ана – үйдің берекесі,
Бала үйдің – мерекесі.
Бұтағымен ағаш сымбатты,
Ұрпағымен адам қымбатты.
ала болсаң балғындай бол.
Айналаңа қорғандай бол» —
деген қағиданы берік ұстаған ата-бабаларымыз өз ұрпағын адам – деген атаққа лайық етіп өсіруді мақсат еткен. Ата-ана тәрбие беруде ата-бабамыздың салт-санасы, әдет-ғұрпында жүргізілген үлгі-өнегесінің мәнісі зор. Отбасы тәрбиесінде әкенің де, ананың да орны бөлек. Әке мен ана – баланың алғашқы ұстазы. Адамзат баласы ананың мейірлі мейіріне қанып, әке өсиеттерін тыңдап өссе ғана тәрбиелі отбасынан шыққаны көпке танытады.
Ана – бала тәрбиесіндегі ерекше тұлға. Дана Абай бабамыз қазақ әйелінің, ананың отбасындағы орнын ерекше жырлайды. Жалпы, «Адам бойындағы барлық қасиеттер ананың ақ сүтімен жаралған» — деген ғұламалық ойды тарата келе, осы қасиеттің міндетті түрде тәрбиеленуі туралы айтады.
Тәрбиенің негізі «ананың әлдиінен» басталады емес пе? Ана тәрбиесі ұлылық дәнін себеді. Тәрбиелі анадан – тәрбиелі бала өсіп шығады. Сонғы жылдары отбасында, қоғамда ер адамдардың, әкелердің рөлі төмендегендей. Бұған кейде заманды да кінәләп жатамыз. Әрине, бала тәрбиесіндегі әкенің орны бөлек, әсірессе, ер бала тәрбиесінде. Әкенің қатаң талабын, тәрбиесін көрген бала ертең қоғамда да өз отбасында да шешуші тұлға бола алады. Кавказ халықтарында: «Нағыз жайлы орын: қылышқа – қынабы, отқа – шырағы, ер жігітке – өз үйі» — деген тамаша нақыл сөз бар.
Қазақстан Республикасының Ата Заңыңда «Балаларына қамқорлық жасау және оларды тәрбиелеу – ата-ананың табиғи құқығы, әрі парызы» -делінсе, «Қазақстан – 2030» бағдарламасында: «Әкелер мен аналардың, аталар мен әжелердің өз балалары мен немерелеріне сонау алыс болашақта, олар біздің жасымызға жеткен кезде қандай күйде көргіміз келеді…» — делініп, ұрпақ тағдыры айтылады. Бала – ата-анасының игі істерінің жалғастырушысы, болашағы. Бала тәрбиесі – ата-ана үшін күрделі де, жауапты міндет. Жас шыбық иілгіш болса, жас адам да сондай жақсыға да жаманға да бірдей бейім болатыны баршымызға мәлім. Ата-ананың үйіндегі әрекеті балаларының көз алдында өтеді, сондықтан жақсы, жаман әдетіміздің бала тәрбиесіне ықпалы зор. Әрбір ата-ана – өзінің баласын Отанға пайдалы, өзіне мейірімді, еңбекқор, адамгершілігі мол адам етіп тәрбиелеуге халық алдында да, мемлекет алдында да жауапты. Бірде-бір ата-ананың бала тәрбиесіне немқұрайды қарауға еркі жоқ. Егерде ол, бала өсіруде қате жіберсе, осалдық байқатса, қартайғанда опық жейтіні, өкінішке ұрынатынына ешбір дәлелдеп жатуды қажет етпейтін ақиқат. Бала тәрбиесі туралы сөз болғанда: «Баланы жастан» — деген халық даналығын ұмытуға ешкімнің хақысы жоқ.
Сондықтан, «Бала жас, әлі ешнәрсені білмейді, өсе келер бәрі түсінеді» — деп қарау – барып тұрған қателік. Бала тәрбиесі – әр сағат, әр күн сайын тынымсыз жүргізіле беретін аса жауапты, күрделі процесс. Тәрбие отбасынан басталады, оны қоғамдық тәрбиенің қандай саласы болса да алмастыра алмайды. Атақты қазақ ақыны Қасым Аманжолов өзінің жарына арнаған бір өлеңінде:
«Отбасы –шағын мемлекет,
Мен – президент, сен – премьер» — дегені бар.
Отбасы – ең үлкен, мықты тәрбие ошағы, шағын мемлекет. Отбасының негізі баланы өмірге келтіру ғана емес, оны мәдени- әлеуметтік ортаның құндылығын қабылдату, ұрпақтың, ата-бабалардың, ұлылардың ақыл-кеңес тәжірібиесін бойына сіңіру, қоршаған орта, адамзатқа, өз қоғамына пайдалы етіп тәрбиелеу. Үлкен ұрпақтың тәжірібиесі, өмірдегі беделі, ақыл-кеңестері, ата-ананың өз борышын мүлтіксіз орындауы, бір-бірін құрметтеуі – үлкен тәрбие мектебі. Бала дүниеге келгеннен бастап ата-ананың ықпалында болып, бағыт беруші тәрбие мектебінен нәр алады. Өз отбасында бала ата-ананың қамқорлығына, шексіз сүйіспеншілігіне бөленіп, әке мен ананың жақсылығы мен дәулетінің қызығын көріп қана қоймай, адамгершілік, әдеп-инабат тағылымдарын алуы, оларды меңгеріп іс- жүзінде қолдануы ынта мен ықылас, қайрат пен қажыр ететін жолынан өтуге тиіс.
«Қатты тәртіп көрсе бала күнінде,
Өнермен қуантады түбінде.
Бала нені білсе жастан, ұядан –
Өле-өлгенше соны таныр қиядан.
Өнер – білім берем десең басынан,
Бер оқуға балаларды жасынан,
 Жақсы-жаман болса, бала — соларда» — деп ХІ ғасырда Жүсіп Баласағұн айтқандай, ата-аналар балаларының жеке ерекшеліктерін жас күнінен танып, соған қарай бағыт-бағдар тәрбие берудің маңызы ерекше.
 Жас ұрпақты тәрбиелеуде отбасы маңызды орын алады. Отбасы – адамзат бесігін тербеткен ұя болса, «Баланың бас ұстазы – ата - ана». Бұлар балаға отбасылық өмірдің алуан түрлі қыры мен сырын, тылсым дүние жұмбақтарын танытып, тағылым – тағылымға, әдептілікке баулиды. Себебі отбасы – таным белгісі, отбасы – өркениет ошағы, отбасы – үлгі өнеге бастауы. Ата – ана күнделікті өмір тіршілігінде еңбегі, адамдық бейнелері, жақсы мінез – құлқы, дұрыс қарым – қатынасы, арқылы балаға үлгі. «Балапан ұядан не көрсе, ұшқанда соны іледі», «Әкеден ақыл, анадан мейір» алады. Отбасында «Әке асқар тау, ана бауырындағы бұлақ, бала – жағасындағы құрақ» - болып есептеледі, ата – анаға баладан жақсы ешкім жоқ. Сондықтан баласының әдепті, арлы азамат болып қалыптасуын армандайды. «Атадан жақсы ұл туса, елінің қамын жейді», «Әдепті бала - арлы бала, әдепсіз бала – сорлы бала» - деп қиналады, күйзеледі, күйінеді, сол жолда еңбек етеді.Ата – ана отбасының жылылығы мен ынтымағын, бірлігі мен тыныштығын, қамқорлыққа, мейірімділікке, сүйіспеншілікке негіздеп құрып, сақтап, жанұя мүшелерінің көтеріңкі көңіл – күйде болуын қамтамассыз етіп отыруы керек. Ата – ана отбасында өздерінің күнделікті жұмысы, тындырған ісі туралы бала – шағасының алдында айтып, әңгіме дүкен құрады. Әкесінің жетістігіне балалары да бірге қуанысады. Бұл мақтаныш сезімін тудырады.Бірте – бірте ұл қыздары да өз жаңалықтарын ортаға салып, айта бастайды. Осылайша, жанұя мүшелелерінің бір – біріне деген сенімі, сүйіспеншілігі, достық қатынастары нығая түседі. «Жанұяға қарап бала өседі, қарағайға қарап тал өседі» - деп тегін айтылмаған.     Халық педагогикасында «Бесіксіз үйде береке жоқ», «Үйінде ұл – қызы бардың көгінде сөнбес жұлдызы бар», - деп бала тәрбиесіне әуел бастан жіті қараған, өмірдегі қыз бала мен ұл баланың орнын дәл анықтаған.«Ұл туғанға – күн туады, қыз туғанға ай туады», «Қыз өріс», «Ұл өссе ұрпақ», «Дәулетіңнің қадірін ұлың өскенде білесің, абыройыңның қадірін қызын өскенде білесің» сияқты аталы сөздер қыз бен ұл тәрбиесінің қаншалықты жауапты екенін байқатады. Болашақтағы бақыттың баянды болу үшін әке мен шешенің жеке тұлғасы баланың жетуге талпынатын мұратына айналуы керек. Себебі: «Ақ жүрек әке - күншуақ, ақ жүрек ана – ақ бұлақ», «Әке – ер, ана – жігер, бір үйде екі кемеңгер», - деп бағалаған халық.Отбасында баланы ежелден–ақ халықтың әдеп – салты, дәстүрі, жөн – жоралғысы рухында тәрбиелеген. Атап айтсақ, адамдар арасындағы дұрыс қарым – қатынас, екі жақсы сыйластық, үлкенге құрмет, кішіге ізет, дарқан қонақжайлылық, көл – көсір меймандостық, жомарттылық, кеңпейілдік, адамдарға ілтифат, ізет көрсету, сөз өнерін құрметтеу, табиғатты қастарлеуге баулыған.       Сонымен, отбасындағы тәрбие мен қоғамдық тәрбие өзара тығыз бірлікте, халықтық педагогикадан бастау алып ғылымда дәлелденген нәтижелерге сүйеніп, тәрбие құралдарымен әдістері дұрыс таңдалып жүргізілсе, ізгілікті тәрбиенің көзі қаланбақ.