Методический материал. ?зін-?зі тану саба?тарында синектика ?дісін ?олдану
«ӨЗІН-ӨЗІ ТАНУ» САБАҚТАРЫН ҰЙЫМДАСТЫРУДА СИНЕКТИКА ӘДІСІН ҚОЛДАНУ
Архыматаева Н. Ж.
Семейдің М. О. Әуезов атындағы педагогикалық колледжінің өзін-өзі тану пәнінің оқытушысы
Түйіндеме
«Өзін-өзі тану» пәні сабақтарын ұйымдастыруда оқушылардың креативті- шығармашылық ойлауы мен іс-әрекетін дамыту бағытында қолданылатын синектика әдісінің негізгі мәні, мақсаты, ұйымдастыру шарттары мен оқу жұмысын ұйымдастыру талаптары, жүйесі жазылған.
Резюме
Развитие креативно-творческого мышления и активной деятельности учащихся через метод синектики на уроке "Самопознание". Рассматривается цель, требование и основы системы организаций метода синектики в учебной деятельности.
Summary
Development of creative-creative thinking and activity of students through the method of synectics ' the lesson of "Self-knowledge". Discusses the target, the requirement and the foundations of the system organizations method synectics ' in training activities.Қазіргі таңда «Өзін-өзі тану» пәні оқушылардың рухани-адамгершілік білімі мен шығармашылығын, рухани танымын дамытудың бірден бір құралы ретінде танылып отыр.
Өзін-өзі тану пәні сабақтарын ұйымдастыруда оқушылардың креативті- шығармашлық ойлауы мен іс-әрекетін дамыту арқылы оқушылардың жасампаздық құндылық бағдарын қалыптастыруға жағдай жасалады. Осы бағытта синектика әдісін ұйымдастырудың маңызын ерекше атауға болады. Синектика (ағылшынша Synectics – тегі әр түрлі элементтерді біріктіру) —ұжымдық интеллектуальдық іс-әрекеттің әлеуметтік-психологиялық мотивациясы негізінде құрылған зерттеу әдістемесі және ұжымдық-шығармашылық іс әрекет әдісі, оқушылардың интуитивті-бейнелі ойлауына негізделген оқу зерттеуі. Бұл әдіс қиын шығармашылық, оқу-танымдық мәселелерді шешуге бағытталады. Біріккен топ оқушыларының батыл іс әрекеті, мәселені шешуді интуицияға жүгіну, болжау, небір идеяларды қолдану, шығаруға бағытталады
Синектика – даулы мәселелерді шешу техникасы, ойлау процесстерін жетілдіру, оған ықпал ету арқылы күтпеген, кездейсоқ нәтижеге бағытталу, шығармашылық ойлауға келу, сәйкес келмейтін заттарды, обьектілерді сәйкестендіру, аралас қарастыру. Синектиканың негізін салушылар: Вильям Гордон және Джордж Принц.
Синектиканың негізгі мақсаты: «керемет нәрсені жай нәрсеге, жай нәрсені керемет нәрсеге айналдыру». Ол қарастырылатын мәселеге түбегейлі талдау жасай отырып, жаңа, таң қалдыратын шешімдерге келуге ықпал етеді.
Синектика- «Миға шабуыл» әдісінін дамыту және жетілдіру нәтижесі. Синектиканың «Миға шабуыл» әдісінен айырмашылығы: жинақылық, жауапкершілік пен қатал талап қоюда.
Синектика әдісін ұйымдастыру шарттары:
жұмыс топтары құрылады, бұл шабуылды нақты қалыптасқан бір топ жүргізеді.
олар шығармашылық, зерттеушілік тапсырмаларды бірігіп орындауы тиіс
олардың мүшелері бірігіп істейтін жұмысқа біртіндеп үйренеді
абстрактылы ойлауға ықпал етеді.
ескі мәселелерді жаңа қырынан көретін болады.
жаңа идеялардың тууына басшылық етеді.
синектика-тапсырманы қоюда жоғары талап қояды.
тапсырмаларды орындау барысы көп уақыт пен күшті талап етеді.
өзара сын болу керек, сын- айтылған идеяларды дамытуға, түбірінен өзгертуге ықпал етеді, оқушылар сыннан қорықпайтын болады
басқалар олардың ұсыныстарынан бас тартқанда, оларға ренжімейді
Синектика әдісі арқылы оқу жұмысын ұйымдастыру талаптары:
Алдымен мәселені қою, ол теориялық жағынан қиын болуы керек.
Ақпаратты хабарлау және мәселеге талдау жасау. Оны сарапшы орындайды немесе осы сала бойынша мамандар хабарлауына да болады. Бұл кезеңде мәселені шешуге қажетті ақпараттардың негізі қаланады.
Мәселені шешудің мүмкіндіктерін түсіндіру. Топ оқушылары мәселені шешуде өз шешімдерін ортаға салады. Ал мұғалім немесе сарапшы оның дұрыс, бұрыстығына талдау жасайды.
Әр оқушы мәселені қайта өзінше құрады, өз жағдайына келтіреді, өз сөзімен, өз ұғымымен мәселені шешуді айтады, өз өміріндегі алатын орнымен де байланыстырады.
Қайта қойылған мәселелердің ішінен біреуі іріктеліп алынады.
Мәселені шешуде аналогия әдістерін қолданылады.
Шығармашылық жұмыстың қорытындысы шығарылады. Алдыңғы қойылған мәселе шешімін тапты ма, жоқ па сол мұғалім, сарапшы талдаулары арқылы айтылып, оқушылармен біріге отырып, ортақ қорытынды жасайды.
Синектиканың негізгі құралдары - аналогия және метафора.
Сиектикалық шабуыл әдісінде аналогияның мынадай түрлері қолданылады:
Тура аналогия – қарастырылатын обьект өзіне ұқсайтын, аналогиялық обьектпен салыстырылады. Мысалы, адам жанын тазартуды, жиһазды, заттарды, табиғатты тазартумен салыстырады.
Символикалық аналогия – айтылатын фразаны парадоксальды формада яғни бір-екі сөзбен негізгі мәнін айту. Мысалы, «кітап-оқу кілті»
Фантастикалық аналогия – тапсырма талабына сай фантастикалық (қиялдағы) құралдарды немесе бейнелерді ұсыну керек. Мысалы, адам жанын тазартудың арнайы құралы болса...
Жеке аналогия /эмпатия/- тапсырмада айтылатын заттың өзі болып немесе сол заттың бір элементі болып көрсету. Мысалы: «Сен өзің ластанған өзен орнында болсаң не істер едің?»
Бұл әдіс тапсырманы жаңа қырынан қарауға мүмкіндік береді. Сонымен, синектика- шығармашылық тәсілі, жанның жағдайы. Синектика әдісінің тиімділігі:оқушылар мәселені көре білуге үйренеді, ұжымдық шығармашылық жұмыстарға төселеді және ізденіс, зерттеушілік дағдылары қалыптасуына жағдай жасалады.
Қолданылған әдебиеттер:
Кудрявцев А.В. Методы интуитивного поиска технических решений (методы анализа проблем и поиска решений в технике). — М.: Речной транспорт, 1991. — 112 с.
Меерович М.И., Шрагин Л.И. Теории решения творческих задач – Минск: Харвест, 2008. – 428 с.
Семейдің М. О. Әуезов атындағы
педагогикалық колледжінің
оқытушысы Н. Ж.Архыматаеваның
мақаласына
Пікір
«Өзін-өзі тану сабақтарын ұйымдастыруда синектика әдісін қолдану» атты мақалада «Өзін-өзі тану» пәні сабақтарын ұйымдастыруда оқушылардың креативті- шығармашылық ойлауы мен іс-әрекетін дамыту бағытында қолданылатын синектика әдісінің негізгі мәні, мазмұны, қолдану негіздері жазылған. Шығармашылық, оқу-танымдық мәселелерді шешуге бағытталған синектика әдісінің мәні, мақсаты, ұйымдастыру шарттары мен синектика әдісі арқылы оқу жұмысын ұйымдастыру талаптары, синектиканың негізгі құралдары - аналогия мен метафора, соның ішінде аналогия түрлеріне сипаттама берілген. Осы әдіс арқылы оқушылар мәселені көре білуге үйренетіндігі, ұжымдық шығармашылық жұмыстарға төселіп, ізденіс, зерттеушілік дағдылары қалыптасуына жағдай жасалатыны қарастырылған.
Синектика ұжымдық-шығармашылық іс әрекет әдісі ретінде оқушылардың интуитивті-бейнелі ойлауына негізделген оқу зерттеуі ретінде өзіндік орны бар. Сол арқылы оқушылар сындарлы ойлау мен теориялық алған білімдерін іс тәжірибеде шыңдауына, өмірлік жағдаяттарда шешім қабылдай білуге үйренеді. Осы тұрғыдан алғанда мақала әдістемелік тұрғыдан маңызды деп санауға болады.