Макала «Табылды Досымов» (11 класс)
ӘУЕЗДЕТІП КЕЛІП, ӨЛЕҢ БОЛЫП КЕТКЕН ТАБЫЛДЫ
Амалова Ақжүніс Оспанқызы
Ақшұқыр мектеп-лицейі
Қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі
Ғасыр ананың жатырынан не бір тұлғалар мен ұлылар дүниеге келді. Олардың өзіне тән талабы мен таланты қатар жүрді. Талантты дегендерің талапсыз болып, талапты дегендері таланттың орнын басып жатты. Бұл ендігі тұрақты ұғым емес. Дегенмен, бойындағы талантына талапты еңбектің терін төккен бір бард ақын, сазгер, әнші бар. Қазақтың маңдайына біткен Батыс өңірінің тумасы Табылды Досымов, біз үшін өмірзая секілді ғайыптан туып, ғайыпқа кеткен жан секілді болды.
Ұнатады шыңға көңіл шырқауды,
Таулары жоқ төбемізден бұлт ауды.
Толағай боп туылмадым, әттең-ай,
Атырауға әкетер ме ем бір тауды...[1.26]
Иә, бұл Табылдың биіктігі. Бізге тәуелсіздік жылдарынан кейін ғана есімі елеулі бола бастаған бард ақынның адуыны неде? Біз халық болып бірден қалай танып кеттік?
Алдымен Табылдының поэзиясына үңілсек. Кейінгі уақытқа дейін оның тек біз әуезді әндерімен сусындап жүрдік. Оның қазақ әдебиетіндегі орын алар поэзиясы жайында сөз қозғалған жоқ.
Поэзия дегеніміз – көркем әдебиеттің ертеден қалыптасқан үлкен бір саласы, өлең, жыр түрінде шығарылған әдеби шығармалар. Поэзия деген ұғым қазіргі кезде өлеңмен жазылған шығармаларды көркем прозадан, қара сөзбен жазылған әдеби шығармалардан ажырату үшін қолданылады. Бұған қарағанда поэзия мен прозаның шегі, айырмасы тек сырт белгісіне қарап анықталатын секілді көрінеді. Ал асылында поэзия мен көркем прозаның сапасында, ішкі сипатында өзіндік ерекшелік бар екені ешбір талассыз. Тұтас алып қарағанда поэзиялық шығармаға сезім-әсер байлығы ерекше тән болады да, ал прозалық шығармаларда баяндау, бейнелеу жағы басымырақ келеді. Оның үстінде поэзияның көркемдік формасындағы ерекшеліктер де жай ғана ұсақ сыртқы белгілер емес. Поэзияның көркемдік сипатында, бейнелеу құралдарын қолдану тәсілдерінде, сөздің, тілдің ырғақтық, интонациялық байлығын пайдалануда көптеген елеулі өзгешеліктері бар. поэзиялық шығармаларға, өлең-жырларға, дастан-поэмаларға айрықша тән қасиет – өмір құбылыстарын терең эмоционалдық, сезімталдықпен қабылдап, соған сәйкес әсерлі, тартымды көркем етіп бейнелеу. Алайда поэзияда адамның ой- сезімі әдейі сырттай көркемделіп, сұлулап айтылады деу ағаттық болар еді. Көркемділік, бейнелілік әдебиеттегі, өнердің басқа салаларындағы ойлау жүйесіне, сезім дүниесіне тән өзгешелік. Көркемдік ойлау дегеніміз осы. [2.273].
Бұл поэзияға берілген баға. Ал осы бағалардың бабын тапқан Табылдының поэзиясынан бір мысал:
Білмеймін,
Білмеймін, жанарыңнан сыр ұқтым ба,
Әлде сені сол сәтте ұмыттым ба?
Өзің болдың, әйтеуір, бұл күнгі әнім,
Көтеріп ап кетіп ең, бұлқынбадым,
Аймалауыңа, аймалауыңа құнықтым ба?!
Білмеймін,
Білмеймін, құшағыңда дір еттім бе,
Алып ұшып барады жүрек мүлде.
Ойлағым да келмеді ештеңені,
Ерте ме әлде білмедім кеште ме еді,
Тек ұққаным: жан бірге, тілек бірге.
Сезімімнің,
Сезімімнің қақпасын дара қақтың,
Шуағыңды бойыма аралаттым.
Бақыт болып мәңгіге келіп бірге,
Ағыл-тегіл сезіммен еріттің де,
Өзің маған өзім боп бара жаттың.
Сізге керек лирикалық шегініс. Бізге керек поэзияның бір көрінісі тұр мұнда. Дәл осы сарынды өлеңдердің бірінен-бірі өткен тізбегі жатыр ақында. Ақынның өлеңдерін талдай отырып, оның сазгерлігі мен ән салу стиліне қарап, оған бард ақын дейтін баға бердік. Ал, осы бард дегеніміз не?
«Бард» сөзін біріміз түсініп, біріміз түсінбей солай болу керек шығар деген пікірдің жетегінде ойысып айтып жатамыз. Ендеше, «бард» сөзінің негізгі ұғымы , берер мағынасы мынадай:
Есте жоқ ескі ескі заманда Британия аралында дүниеге келген осы атауды иеленгендер жөнінде өнер зерттеушілері әртүрлі пікір айтады. Өз корольдерінің мәртебесін көтеріп жауынгерлерді рухтандыратын әнші-жыраулар туралы аңызда сан қилы. Алыс күндерде Британия мен Дания ормандарын мекен еткен болмысы бөлек өнер иелеріне жергілікті тұрғындар «друидтер» (санкритте «дру» орман деген мағынаны білдіреді) деп ат қойып, кейде оларды данышпандар, тіпті сиқыршылар деп те атаған. Друидтердің жағырапия, астраномия, медицина,астрология саласындағы бай дүниетанымды қазіргі зеттеушілерді таңғалдырумен келеді. «Бард» сөзінің түпкі тегінің өте көне өркениеттің өкілдері боп саналатын осы Дуридтерден таралуы де таңғажайып жайт. Сол кезеңдерде нағыз бард ақын атануы үшін тамаша музыкант болумен қатар қасиетті Друидтер поэзиясынан 20 мың өлеңді жатқа білу сынды қатаң талап қойылған екен. Көне заманда табиғат пен өмір заңдылықтарын терең меңгерген,ақиқат пен үйлесімнің белгісіндей аспан көк түсті киім киген бард ақындар гитара пайда болғанша әртүрлі аспаптарда ойнаған екен. Олар британдық не ирландық арфаны еске түсіретін шекті аспапта жыр төккен. Ал ол аспаптарға адам қабырғасының санына сәйкес кәдімгі адам шашынан шек орнатылады екен. Қалай айтқанда да өздерін өзге өнер иелерінен ерекше ұстайтын бард ақындар рух пен ерліктің жыршысы болғаны анық. Сонымен, бард – (кельттер bard – өнер) әуенін де, сөзін де өзі жазып, әнін өзі орындайтын автор (гитар аспабымен). [3.673].
Т. Досымовтың өлеңдеріне қарап отырып, оның орыстың белгілі бард ақыны В.Высоцкиймен тікелей рухани байланыс бар екенін аңғаруға болады. Қос ақынның өлеңдеріндегі тазалық пен эстетикалық тұнықтық оқыған кезде қалқып жыр бетіне өзі шыға келеді. Осы күнгі адамдардың ішіне эстетикаға селқос қарап, оны ғылым деп санамайтындар аз емес. Олардың ойынша, эстетика ешбір мақсатқа жеткізбейтін, керегі жоқ нәрсе. Оның идеясын ашуға бөгет болатын көбінесе оның өз қиындықтары деп ойлайды. Бұл айтқан адамдардың ішінен әлі күнге біреу шығып, Лагарпе туралы: «Бұл шын данышпан ғалым, әдебиет тарихын зерттеші еді, өз заманының жазушыларын дұрыс бағалау туралы кедергі ашық пікір болмады» деген – бір ауыз те күйінетін, не сүйінетін сөз әлі күнге естілмеді. Не болмаса Мерзлаков туралы: «Бұл нәзік сезімді асқан сыншының бірі еді, бірақ, бақытсыздыққа қарай ол тек орыстың ғана Лагарпресі болып, орыс әдебиетін сынауда пайдасынан зияны асты» деген бір ауыз күйінетін не сүйінетін сөз айтылмады.
Эстетика деген не нәрсе, бұл искусство поэзия негіздерінің ( принциптері) системы емес пе? Эстетика бір кезде қатты шығынға ұшырап, әдебиет тарихының бір кезде мүлде ұмытылғанын біз жақсы білмейміз бе. Ол кездегі сыншының түрі, шығарма бе табақ қағазға жазылған: «Өте жақсы», «орташа», «жаман», деп айтылатын, тек мақтау өлеңдердің негізі туралы берілген құрғақ сыншы емес пе еді, не сол «өте жақсы», « орташа» деп анықтаған негіздердің жүйесінде: «Күшті жазылған», «дұрыс әліптелмеген» сияқты тоғысар сындар емес пе еді. Бұл кез қай кез еді. [4.15]. Бұл еңбек арқылы эстетиканың ерекшелгіне үңіле отырып, Табылды ақынның бойынан да эстетикалық талғам іздедік. Іздеу кезінде ол дүниенің барына да көз жеткізідік.
Кездерде кейде қара бұлт айды бүктеген,
Үйіме үнсіз түнеріп, қайғырып келем.
Талықсып жатып содан соң, кетемін ұйықтап,
Ұйықтап кетсем, түсімде сәйгүлік көрем.
Мінем де шабам, алдымнан аңғарлар қаптап,
Таулардан орғып өтемін, заңғарларды аттап.
Жарықтың жылдамдығын да жолда қалдырам,
Мен болсам арман, тұлпарым арманнан да аппақ.
Талғам мен таразыға салып оқысаңыз, бойынан керек дүниенің бәрін табарыңыз анық. Бір өкінішті жағдай бар. Ол Табылды поэзиясының қазақ әдебиетіндегі өзіндік орнын тауып, бір жерде қонақтап отыра алмауы. Оған зерттеу керек. Зерттеу аз. Өйткені, оның ақындығымен халық бірдей таныс емес. Алдағы он жыл ақынның ендігі мәңгілік тағдыр мәселесін шешетін болады.
Табылды поэзиясын оқып отырған адам оның досқа адал, досы үшін жанын беруге бар жан екенін байқамауы мүмкін емес. Өмірден өткен достарын өз поэзиясына сыйғызып, керемет, айшықты шумақтармен әрлей білген. Досы Бауыржан Үсенов қазасын естігенде өлеңге мұңын шағады. Тірілер мен өлілердің аражігін ашып, тірілердің өлілерді танымайтынын қиыннан қиыстырып, пәлсапалық оймен жеткізеді:
Мәңгі бақи мекенімді,
Табу үшін Дендерден,
Мен де бір күн кетер ме екем,
Бақұлдасып сендермен.
Махаббаттың жыршысымен,
Қалу үшін қоштасып,
Қабіріме келер мүмкін қос ғашық
Достар, сонда қабіріме келмеңдер!
Тірілерді танымайды өлгендер!
Иә, ақынның философиялық ойлары да жоқ емес. Өлеңдерінің денін қарап отырсаңыз, әр шумақтың бойында тамырға біткен қан секілді, шапшып тұратын бір пәлсапалық ойлар бар. Бұл да болса ақынның ерекшелігі. Кезіндегі Мұқағали секілді, өмірдің ағы мен қарасын білген, оның не жақсы не жамандығын ажырата алған суреткерлігі Табылдының қайталанбас тұлғалығын бізге анықтап береді.
«Әдебиет – ардың ісі» деп, Зейнол Қабдолов айтпақшы, осы бір қасиетті ұғымның бойына сіңіп, қан секілді тарап жату үшін үлкен еңбек пен талап керек. [5.241].
Иә, әдебиеттің қай саласына болмасын тазалықпен, армен келу керек. Бұл рухани құндылықтың талабы. Біз айтқан талапты Табылды Досымов әуел бастан ұстана білді, әрі солай келді. Әуезді әннің әуенімен әуелетіп, Атыраудың аспанында асқақтаған ақын, өлеңнің өміршіл өлкесіне түсіп, халықтың ықыласына бөленіп кетті. Мұның өзі оның ендігі жердегі өлмес аты мен хатының шынайылығын көрсетеді.
Пайдаланған әдебиеттер:
Досымов Т. Жанарымның жарқылы – Алматы: «Зерде», 2000.-104б.
Әдебиеттану. Терминдер сөздігі – Алматы, «Ана тілі», 1998
Қазақ әдеби тілінің сөздігі. Он бес томдық Құраст. Ғ.Қалиев, С.Бизақов, О.Нақысбеков және т.б. - Алматы: «Арыс» баспасы, 2006.
Чернышевский Н. «Поэзия туралы Аристотел шығармасы» латын тілінде. «Әдебиет және исскуство» №10, 1939
Қабдолов З. «Сөз-өнері » – Алматы, «Қазақ университеті», 1992