?зін — ?зі тану п?ніні? бала т?рбиесіндегі алар орны


HYPERLINK "http://45minut.kz/?p=76571" \o "Ссылка на запись Баланы тәрбиелеудегі \«Өзін – өзі тану\» бағдарламасының алар орны" «Өзін – өзі тану» пәнінің бала
тәрбиесіндегі алар орны
Қызылорда облысы,Жаңақорған ауданы,
Төменарық ауылы.
Сарсенбаева Гүлжан Үсенқызы
.№223 орта мектебініңӨзін – өзі тану пәнінің мұғалімі
«Өзін-өзі тану-рухани өркендеудің түп тамыры және адамгершілік құндылықтардың негізі»С.А.Назарбаева.
Жаңа ғасыр басында адамның қоршаған ортамен қарым – қатынасы шиеленісе түсті. Бір жағынан барша саланың ғаламдануы, екінші жағынан рухани азғындану үдеді. Бүгінгі таңда нашақорлық, маскүнемдік, жұмыссыздық және тағы да басқа қоғамға теріс қылықтар тәрбие үдерісінің күрделенгендігін және аса қажеттілігін байқатты. Яғни, ұрпақ тәрбиесіндегі басты мәселе, тұлғаны рухани адамгершілік тұрғысынан дамыту, өзін – өзі тануға және іске асыруға адамгершілік қасиеттерімізді жетілдіре отырып үйрету. Туғаннан ізгілікке, инабаттылыққа тәрбиелеу. Жалпы адамзаттық құндылықтар болып саналатын адамгершілік мұраларды, рухани қасиеттерді бүгінгі ұрпақтың меншігіне айналдыру, ата – бабаларымыздың дәстүрлері мен тәжірибелерін үйрету. Сондай – ақ ұлтымыздың болашақ азаматтарын рухы биік, адамгершілігі мол, саналы, иманды, тәрбиелі тұлға ретінде қалыптастыру. Бұл мәселелерді шешу, ең алдымен отбасына, балабақша тәрбиешілеріне, мектеп мұғалімдеріне және қоғамға жүктеліп отыр.
Қазақстан үшін жаңа мыңжылдықтың сұраныстары мен критерийлеріне /өлшемдеріне/ сай келетін тұлғалық универсумды қалыптастыру мәселесі ерекше өзектілікке ие болуда, өйткені ел Шығыс пен Батыстың, Еуропа мен Азияның мәдениетін сіңіруде, көптеген халықтардың тарихи тағдырларының торабында жатыр. Қазақстан жаңа мыңжылдықтағы білім беру міндеттерін шеше отырып, бір уақытта қазақстан халқының діліне және уақыттың рухына сай келер ұлттық білім беру үлгілерін іздестіруде. Шет елдік білім беру бағдарламалары мен жаңа технологиялар, білім берудің ұлттық үлгісі, өзіне әлемдік тәжірибені сіңіріп, әлемдік стандарттар мен нормативтерге жауап бере отырып, қазақ халқының ұлттық мінезін, оның сан ғасырлы еуразиялық бауырластығынан туған мәдени – тарихи ерекшелігін таныта отырып меңгерілу қарастырылған.
Адам… Адам болу – қасиетті ұғым. Адам атың болған соң, сен – ата – атаңның, еліңнің, Отаныңның перзентісің. Отан алдындағы қарызың мен парызың – ең ұлы жауапкершілігің.
Адам болу үшін Абай атамыз айтқандай:
Ғылым таппай мақтанба,
Орын таппай баптанба,
Құмарланып шаттанба,
Ойнап босқа күлуге,
Бес нәрседен қашық бол.
Бес нәрсеге асық бол.
Адам болам десеңіз,
Өтірік, өсек, мақтаншақ.
Еріншек, бекер, мал шашпақ.
Бес дұшпанды білсеңіз,
Талап, еңбек, терең ой.
Қанағат, рақым ойлап қой,
Бес асыл іс көнсеңіз.
Жақсы мен жаман, адалдық пен арамдық халық аузында былай салыстырыла сипатталады:
Айтқан сөзге түсінбес, Жаман емей немене.
Сұрағанды бермеген, Сараң емей немене.
Кісі ақысын көп жеген, Арам емей немене.
Сыртыңдағы қулығың, Амал емей немене…
Адамға қойылатын басты талап – асыл да ізгі адамгершілік қасиеттерді бойына сіңірген, ұлағатты адам болып шығу. Өйткені адам – өзінің адамгершілігімен, қайырымдылығымен, адалдығымен және әділеттігімен ардақты. Адамгершілік – адамның рухани арқауы. Адамгершіліктің асқар шыңы – әдептілік жағынан кіршіксіз таза болу. Бойында адамгершілігі бар азамат өзгелердің қайғы – қуанышына ортақтасып, оларға қысылғанда қол ұшын береді.
Рухани – адамгершілік тәрбие беру ол – оқушыларды имандылыққа және әдептілікке тәрбиелеу, үлкенді сыйлау, кішіге өнеге көрсету, ата – ананы қадірлеу, шариғат жолында дұрыс істерді таңдап, таза жүру, өзін және ата – анасын сыйлау, өзгеге қиянат жасамау, үлкендерге жәрдем беріп, қолғанат болу. Елін, жерін құрметтеу, сүю, табиғатты аялау, ұлттық салт – дәстүрді сақтау.
Әл – Фараби «Адам өз өмірінің қожасы, сондықтан өз бағытын өзі жасауы керек. Ол не нәрсеге де ұқыптылықпен қарап, жиған – тергенін орынсыз шашпай, кез – келген адамға сырын ашпай, өзінің мақсат мүдделері жөнінде достарымен ғана бөлісіп отыруы керек. Осылайша өмір сүрген адамның ғана ар – ожданы таза болады» деген.
Міне, осы тұрғыдан келгенде «Өзін – өзі тану» бағдарламасының алар орны ерекше. Бұл бағдарламаның мақсаты мен міндеттері қазақ халқының моральдық және рухани құндылықтарын одан әрі дамыта беру қажеттілігіне баса назар аударады. Қазақстан егемендігі нығайып, ертеңіне сеніммен қадам басқан шағында, мемлекетімізде заманына сай адам тәрбиелеу басты міндет.
Осы өрелі жолда ұрпақ өнегесі, олардың адамдық болмысы жайлы ой толғап, рухани – адамгершілік білім беруді басты идея етіп ұстанатын республикалық «Бөбек» қорының президенті С.А.Назарбаеваның «Өзін – өзі тану» авторлық бағдарламасының алға қойған мақсаты ерекше.
Себебі өзін – өзі тану адамды өзінің қадірін өзі білуге, өзін сыйлауға, өзін – өзі жетілдіруге, рухани өмірде және қоршаған өмір жағдайларында өзінің бағыт – бағдарының болуына, өз бетінше шешім қабылдай алуына және өз сөзімен әрекеттері үшін жауапкершілікті сезіне білуге тәрбиелейді.
Өзін – өзі тануы арқылы адамның адами қасиеттері дамиды және шығармашылық қабілеттері шыңдалады, өзінің ішкі әлеміне үңілу арқылы өзін жақсы да жағымды жағынан қабылдап, өмірдегі мұратын танып – біледі. Сондай – ақ жаңашыл болады, ұлттық және жалпыадамзаттық мәдени құндылықтарды өмірінің бағдарына айналдырып, ту етіп ұстайды, материалдық игіліктерге ғана емес, сонымен қатар рухани байлыққа ұмтылатын болады. Өзін – өзі танып білмейінше, адамгершілік – руханилық, салауатты денсаулық, бақытты болашақ болмас еді. Демек, өзіндік таным адамгершілік мінез – құлқын қалыптастыру деген сөз.
Өзін – өзі тану. Адамның сенімі, демократиялық көзқарасы, өмірлік позициясы арқылы тұлғаның толық қалыптасуы нақты тәрбиеде жобаланады. Тәрбие мазмұнындағы маңызды элемент – адамның өмірлік өзін – өзі тану мәдениеті. Өмірлік өзіндік таным – бұл кәсіптік, азаматтық түсініктерді қамтымайтын өте кең ұғым. Өмірлік өзін – өзі анықтау мәдениеті адамды өз бақытының және өз өмірінің субъектісі ретінде сипатталады. Адамның өзіне – өзі үйлесімді болуы арқылы оның кәсіптік, азаматтық және адамгершілік өзіндік танымы қалыптасады.
Тәрбиеленушінің өз еркі болмай, тәрбие жұмыстарын дамыту, бірлесе жұмыс істеу идеяларын іске асыру мүмкін емес. Ал, егер тәрбие процесі еріксіз ұйымдастырылса, ол балаға да, мұғалімге де кері әсерін тигізеді.
«Өзін – өзі тану» еуразиялық нығайтушы, жалпыұлттық қазақстандық идеясына бағытталады. Қазақстан геосаяси мағынада бірегей ерекше ел, территориясы Шығыс пен Батыстың, Солтүстік пен Оңтүстіктің, Европа мен Азияның қиылысқан жерінде орналасқан. Бұл жерде мыңдаған жылдар бойы тарихи тағдырлары, экономикасы да, мәдени де, антропологиялық та, өзара байланысты болған халықтар өмір сүру нәтижесінде бірлескен мәдени – тарихи аймақ Евразия құрылды. Евразия идеясының интегративті күшін, перспективті евразиялық бастаманы көтерген Қазақстан Республикасының президенті Нұрсұлтан Назарбаев баса айтты. «Өзін – өзі тану» саясиэтикалық, саясимәдени конфессияаралық Қазақстанда өзін нығайтатын евразиялық қағидаға сүйенеді, рухани келісушілік, өзара түсіністік, консолидация және саяси тұрақтылық, мультимәдениет қағидасы саясат деңгейінде жүзеге асырылатын басым құндылықтар және приоритет болып табылады.
К.Д.Ушинский «Педагогикалық антропология» атты еңбегінде «Егер педагогика адамды әр тараптан тәрбиелегісі келсе, онда ол ең алдымен сол адамды жан – жақты танып алуы тиіс» деген.
«Өзін – өзі тану» пәнін жүргізуші педагогтар әр сабақты жүзеге асыру барысында оның сапасына талдау жұмысын жүргізеді; яғни баланың жалпы сабақты қабылдауы, сабаққа берілген адамгершілік – рухани қасиет туралы негізгі ұғымның балаларға түсінікті болуы, сабақ барысында балаларға қиындық туғызатын сәттердің кездесуі, орындалатын тапсырмалардың балалардың психо – физиологиялық ерекшеліктеріне сәйкес келуі, сабақ мазмұнына педагог тарапынан енгізілген өзгерістер.
Сабақтың барысындағы шаттық шеңбері балалардың бір – біріне деген жылы сезімін туғызып, көңілдерін көтереді. Халқымыздың дана қағидалары арқылы ізгілікке, жақсылыққа тәрбиелейді.
Сабақтың негізгі мазмұнында балалардың танымдық қызығушылықтарын қалыптастыру мен қанағаттандыруға, әлеуметтік дағдыларын қалыптастыруға арналған алуан түрлі сабақ, ойын – жаттығу, сергіту ойындары, дидактикалық мақсаттағы ойындар, сөздік ойындар, логикалық ойын есептер және ұлттық ойындар мен жаттығулар қолданылады. Әңгіме өрбітуде көркем шығармалар, өмірдегі жағдаяттар, балалардың күнделікті өмірдегі әрекет – қылықтары арқау болады.
«Жүректен жүрекке» шеңберінің маңыздылығы, мұнда балалар шеңбер құра отырып, өз ой-пікірлерін бөліседі, бәрінің ойын, сөзін бірі жалғастыруға жаттығады, еркін пікір алмаса білуге, дербес әрекет етуге дағдыланады, бет – әлпеті, қимыл – қозғалысы арқылы көңіл – күйін байытуға үйренеді, айналадағы қоршаған әлем құбылыстарының байланысын, себеп – салдарын анықтай білуге көмектеседі. Әрбір сабақта балалардың өзіне деген сенімділігі нығайып, олардың бойына имандылық қасиеттері дарытылып, жағымды ойларға бейімделеді.
«Өзін – өзі тану» сабағына оқушылар ынта – ықыласымен қызыға келетіні байқалады. Егер бала үшін сабақ қызықсыз болатын болса, ондай сабақ тек пайдасыз ғана емес, сонымен қатар сезімтал балалар үшін ол өте зиянды болмақ.
Пән мұғалімдері «Өзін – өзі тану» сабақтарында ойын, тренинг, ой – толғау, рефлексия әдістерін кеңінен қолданады. Бұл әдістер баланың өзіне деген сенімін оятып, өз ісіне баға беруге дағдыландырады. Психологиялық жаттығулар оқушылардың бір – біріне деген көзқарастарының дұрыс қалыптасуына жағдай жасайды. Ал жұмыс дәптерлері олардың логикалық ойлау қабілеттері мен шығармашылық ізденістерін дамытуға, ата – анамен баланың қарым – қатынасын орнықтыруға бағытталған.
Сабақ барысында оқушылардың бір – біріне деген алақан жылуын беру арқылы бір – біріне ақ жүрекпен айтқан тілектері, бойындағы күш-қуатын жақсылыққа бағыттау, өзін тұлға ретінде сенуі, өзін – өзі танудағы игі нәтижелер екені анық.
Тәжірибе барысы көрсеткендей, балалар рухани жағынан жетіліп, өнегелі болады. Мектеп жасына дейін олардың жалпыадамзаттық құндылықтары туралы алғашқы ұғымы қалыптасады, өзін – өзі танудың алғашқы баспалдағынан өтеді. Сонымен бірге, жақындарының арасында және қоршаған ортада өзін – өзі ұстау нормаларымен танысады.
«Өзін – өзі тану» пәні мұғалімнің басты мақсаты – рухани адамгершілік құндылықтарды бала бойына сіңіре білу, оның жүрек түкпіріне жасырын жатқан қазынасын жарыққа шығару, әрбір баланы жеке тұлға ретінде жетілдіру. Ең алдымен, ұстаз жалпыазаматтық құндылықтарды балалардың бойына дарыту үшін халық педагогикасын, ғасырлар бойы қалыптасқан салт – дәстүрлерді, әдет – ғұрыптарды, халық ауыз әдебиетінің мұраларын жан – жақты жақсы білуі керек.
Адалдық пен мейірімділік, жауапкершілік пен адамгершілік, қайырымдылық пен еңбексүйгіштік сияқты қасиеттер ең алғаш бала жүрегінде, отбасында қалыптасады. Олар баланың әдепті, иманды, мейірімді болып өсуіне тікелей әсер етеді. «Тәрбиенің басы – әдептілік» деп білген ата – ана әуелі баласына өздерін сыйлауды, үлкендерді құрметтеуді, кішілерге қамқор болуды үйретуі қажет.
«Өзін – өзі тану» пәні болашақ ұрпақтың бойында рухани – адамгершілік қайнарын сіңіріп, мінез – құлқын тәрбиелеуге, жалпыазаматтық құндылықтарды, адамгершілік принциптері мен мұраттарды өмір бойы басшылыққа алатын тұлға қалыптастыруға негізделген.
Арнайы бағытта жүргізіліп отырған «Өзін – өзі тану» сабақтары баланың дамуына өз әсерін тигізгені сөзсіз. Оқу жылының басындағы бала дамуының көрсеткіштері мен оқу жылының соңындағы алынған көрсеткіштерінің арасында біршама айырмашылықты көруге болады.
Рухани – адамгершілік құндылықтарды игеруге байланысты өткен сабақтар мен жүргізілген тәрбие жұмыстарынан кейін оқушылардың мінез – құлықтарында өзгерістер байқалып, олардың отбасы мүшелерімен, достарымен қарым – қатынастары жақсарды.
Қорыта айтқанда, «Өзін – өзі тану» пәні жеке тұлғаның рухани – адамгершілік құнды қасиетерінің мәнін ұғынуына, өзін – өзі тануға деген қызығушылыққа, жақсылық жасауға, ықыластыққа, ізгілік қарым – қатынас орнатуға тәрбиелейді. Бүгінде жеке тұлғаның бойында имандылық нұрын ұялатуға «Өзін – өзі тану» бағдарламасы үлкен ықпал етеді деп толық сеніммен айтуға болады. Ұлттық тарихымызбен үйлесім тапқан «Өзін – өзі тану» бағдарламасы жеке тұлғаның бойына имандылық нұрын ұялатуға үлкен әсерін тигізеді, оны болашақ бағдарламасы деп айтуға болады. Өзін – өзі тану бұл – тек өзі туралы біліп қана қою емес, қоғамдық қатынастар жүйесіндегі, адамдар арасындағы өз орнын таба білу, өзін тұлға ретінде сезіну болып табылады.
Біз педагогтар бүгінгі күні болашақ тәрбиесімен айналыса отырып, оларды жүрек қайраттылығына, ақылдың сәулелігіне тәрбиелеп үйретуіміз керек. Біздерде бүгінгі таңда болашақ ұрпақ өкілдерін өмірге дайындау сияқты ұлы іс жүктеліп отыр. Бұл іс үлкен жауапкершілікті, ерекше шеберлікті қажет етеді. Себебі, бала өзінің болмысында өте нәзік және иілгіш. Оның иілгіштігін назарға ала отырып өмірге икемдеу, адамгершілік тұлғасы биік адам ету біздердің қолымызда. Болашақта адамның биіктігі, асқақтығы, өзгелерден артықшылығы оның материалдық жағдайымен емес, керісінше рухани байлығымен, даналығымен, бейімділігімен, мәдениеттілігімен өлшенеді. Әрине, осындай ізгі қасиеттерді бойына сіңірген болашағы бар елдің тасы өрге домалап, өркениетті мемлекет болатыны сөзсіз.
Пайдаланылған әдебиеттер:
«Адам әлемі және әлемдегі адам»: өзін – өзі тану пәнін оқыту әдістемесі, мұғалімдерге арналған әдістемелік құрал.
«Білім туралы» Қазақстан Республикасының Заңы. – Астана – 2004 ж.
Жоғары оқу орындарында «Өзін – өзі тану» пәнін оқыту әдістемесі. Мұғалімдерге арналған оқу – әдістемелік құрал. Алматы – 2007 ж.
«Өзін – өзі тану» пәнінің Қазақстан Республикасы жалпы орта білім беру мемлекеттік жалпыға міндетті стандарты, Алматы – 2006 ж.
Бастауыш сыныптарда жеке тұлғаның рухани адамгершілігін дамыта оқыту әдістемесі. Б.Қ.Игенбаева Алматы – 2005 ж.